Қазақстан • 12 Шілде, 2017

Астанада Қазақстан-Қытай аграрлық инвестициялық форумы өтті

234 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Астанада Қазақстан-Қытай аграрлық инвестициялық форумы өтті.

Астанада Қазақстан-Қытай аграрлық инвестициялық форумы өтті

Еліміздің Ауыл ша­руа­шы­лығы ми­ни­стр­лі­гінің ша­қы­р­туымен Ас­танаға Қытай Халық Рес­пуб­ли­касының Ауыл ша­руа­шы­лы­ғы министрі ресми жұ­мыс сапарымен келді. Ол аграрлық саладағы іс­кер­л­ер тобын бастап келді. Сапар барысында Қазақстан Рес­публикасы Премьер-Мини­стрі­нің орынбасары – Ауыл ша­руашылығы министрі Асқар Мыр­­захметов пен Қытай Халық Рес­публикасы Ауыл ша­руа­шы­лығы министрі Хань Чанфудың екіжақты кездесуі және қазақ-қытай аграрлық инвестициялық форумы болып өтті. 
Екіжақты кездесу барысында Қазақстан мен Қытайдың ауыл ша­руашылығы саласы бойынша әріп­тестігі, әсіресе, ветеринария және органикалық өнімдер жө­нін­де­гі өзекті мәселелер, бір­лес­кен ин­вестициялық жобаларды ұйым­дас­тыру және жүзеге асыру жайы тал­қыланды. 
Инвестициялық форумды екі елдің ауыл шаруашылығы мини­стрл­ері ашты. Аталған форум­ның жұ­мысына екі жақтан 100-ден аса бизнес, білім және ғылым өкілдері қатысты. 
А.Мырзахметов форумдағы сөзінде Қытай Халық Респуб­ли­касы Қазақстанның жалпы эко­номикалық, оның ішінде аг­ро­­өнеркәсіптік сала бойынша ма­ңызды стратегиялық әріптесі екен­дігін атап көрсетті. Бұл сала­да екіжақты қатынас жыл өт­кен сайын өріс ала түсуде. Осы жолы бірнеше құжатқа қол қой­ылмақ. Олар екі ел арасындағы са­­лалық ынтымақтастықты жаңа деңгейге шығарады деп кү­ті­лу­де. Соның ішінде Қытай та­­­ра­пының Қазақстаннан осы ел­ге шы­ғарылатын тау­ар­лар­ға қой­ы­латын бірқатар фи­то­с­а­­ни­тар­лық шектеулерді алып тас­­тауға ни­ет танытып отыр­ған­дығын айтуға болады.
Қытай Халық Республикасы Ауыл шаруашылығы министрі Хань Чанфу өз сөзінде Қытай мен Қазақстан арасындағы эконо­ми­калық ынтымақтастықтың кө­не­ден келе жатқан тарихи сипаты бар­лығын, соның куәсі ретінде Қы­тайдан басталып, Қазақстан аумағын басып өтетін көне керуен жолының бірнеше ғасырлар бойы жұмыс істеп, шәй мен жібек маталар, кілемдер, басқа да өнімдерді жеткізіп тұрғандығын алға тарты. Енді Қытайдың «Бір белдеу – бір жол», Қазақстанның «Нұрлы жол» бағ­дарламалары қосыла келіп, көне Жібек жолының бойына қайтадан жан бітіріп отыр. Бұл жағдай екі елдің экономикалық ын­тымақтастығын, соның ішінде агроөнеркәсіп саласын­да­ғы қа­рым-қатынасын жаңа сапалық дең­гейде дамытуға жол ашады.
Осыған орай еске ала кететін бір жағдай, ағымдағы жыл­дың маусым айында Астана қала­сын­­да өт­кен екі мемлекеттің бас­шы­лары­ Нұрсұлтан Назарбаев пен Си Цзинь­­пиннің кездесуі ке­зінде де Қазақстан мен Қытай ара­сында ау­ыл шаруашылығы тау­арла­рын өң­деу және инвес­тиция тартудың ма­ңыз­дылығы бір­неше рет айрықша аталып өт­кен болатын. 
Осы жылдың ақпан айын­да қабылданған еліміздің Агро­өнер­кәсіптік кешенін дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мем­лекеттік бағдарламасын жү­­зе­ге асыру барысында ауыл ша­­руа­шы­лығы тауарларын өң­деу бойынша екіжақты ын­ты­мақ­тастық жұмыстарын жүр­гі­зу жалғасын табуда. 
Форум өз жемісін берді деп айтуға болады. Оның барысында еліміздің агроөнеркәсіп саласына 160 млн доллар көлемінде инвес-
тиция тарту және сауда бойынша ынтымақтастық жөніндегі 7 құжатқа қол қойылды. ҚР Ауыл ша­руашылығы министрлігі мен ҚХР Ауыл шаруашылығы ми­ни­стр­лігі аграрлық ынты­мақ­тас­тық ая­сында «Үлгілік аймақ» құ­ру бойынша өзара түсіністік тура­лы меморандум жасасты. 
«Аграрлық ынтымақтастық бойынша «Үлгілік аймақ» кәс­іп­орын­дарға ауыл шаруа­шы­лығы са­ласында жаңа инновацияны енгізетін болады. Аталған жоба «Ұлттық аграрлық ғылыми білім беру орталығы» коммерциялық емес акционерлік қоғамы база­сын­­да жүзеге асырылады», – деп атап өтті А.Мырзахметов.
Сондай-ақ, форум аясында Қытай еліне қазақстандық ауыл шаруашылығы өнімдерін жет­кізу бойынша «Азық түлік корпо­рациясы» АҚ ұлттық ком­пания­сы қытай компанияларымен бірнеше келісімдерге қол қойылды. Олардың қатарында «Xi’an Aijugrain & Oil Industry Group Co Ltd компаниясымен дәнді дақылдар мен майлы дақылдар саудасы бойынша өзара ынтымақтастық» туралы келісім, «Zhongxinjian LLC ком­­паниясымен сауда-саттық бой­­ынша» меморандумы және «Xinjiang Zhaofenghe Bio-technology Co компаниясымен дәнді дақылдар саудасы бойынша өзара ынтымақтастық туралы» келісім бар. Бұл келісімдер Қы­тайға 200 мың тонна дәнді-дақыл және 100 мың тонна майлы дақылдарды экспорттауға сонымен қоса, аталған дәнді-дақыл түр­­лерін шекаралық аймақта сақ­тай­­тын терминал құруға мүм­кін­дік береді.
Форумда тағы бір қол қой­ыл­ған ме­морандум «Жаннұр-Астана Групп» ЖШС мен Қытайдың Хэнань провинциясындағы «Тинь­ян Иньхай» тұқым өндіру ком­па­ния­сы арасында ауыл шаруа­шы­­лығы са­ласында ынты­мақ­тас­тық жө­нін­­де болды. Аталған ке­лісім Қазақстан ау­­ма­ғында дәнді-дақылдарды өң­­­де­у­дің, оның ішінде тұ­­қым ша­руа­­шылығында техноло­гия­ны тран­­сферттеудің толық циклын жа­­сайды. 
«Қазіргі таңда бұрын қол қой­ыл­ған келісімдер бойынша рапс майын, сүт, ет, қызанақ және бас­қа да ауыл шаруашылығы өнім­дерін өңдеу бойынша біріккен ин­вес­тициялық жобалар жүзеге асырылуда. Бұдан бөлек, Citic Group компаниясымен жүргізген ын­тымақтастық барысында бидай және бидайдың сабанын өңдеу бойынша екі үлкен жоба іске асырылу үстінде», – деді фо­рум жұ­мысын жүргізген Ауыл ша­­руа­шы­лығы вице-министрі Гүлмира Исаева.
Сонымен қатар, С.Сейфуллин атындағы қазақ аграрлық-тех­никалық университеті Қытайдың XISEN компаниясымен елімізде картоп өсіретін тәжірибелік де­монстративті стационар құру жө­нін­дегі келісім және Қытай­дың Солтүстік-батыс ауыл және орман шаруашылығы уни­вер­ситетімен бірлескен агротехно­парк құру жөнінде келісім жасасты.

Сұңғат ӘЛІПБАЙ,
«Егемен Қазақстан»