Аймақтар • 12 Шілде, 2017

Хат қоржын

314 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Оқырман

Хат қоржын

Жаңа орталық ашылды
Маңғыстау ауданының орталығы Шетпе кентінде облыстық денсаулық сақтау басқармасының қолдауымен, облыстық саламатты өмір салтын қалыптастыру орталығының әлеуметтік мемлекеттік тапсырысы аясында «Шаңырақ» қоғамдық қорының ұсынысымен ата-анаға арналған ерте жастағы балаларды дамыту және тамақтандыру ресурстық орталығының салтанатты түрде ашылуы өткізілді. 
Аталмыш шараға облыс әкімінің орынбасары Бану Нұрғазиева мен Маңғыстаудағы ЮНИСЕФ өкілі Айдана Сариева және басқарма басшылары  қатысты. Жас ата-ана мен бала үшін барлық жағдай жасалған орталыққа көңілі толған көпшілік ұйымдастырушыларға өз алғыстарын да білдіріп жатты. 
«Бес жасқа дейінгі балаларды дұрыс тамақтандырмаумен байланысты жағдайларды жақсарту үшін Біріккен Ұлттар Ұйымы Балалар қорының (ЮНИСЕФ) қолдауымен осындай  орталықтар 2015 жылы Мұнайлы ауданы мен Жаңаөзен қаласында ашылған болатын. Мұнда баланың үйлесімді дамуы және ата-аналардың сәбиінің жетістіктеріне қуануы үшін аналар мен әжелерге баланың дамуы мен оған дұрыс күтім жасалуын бақылау бойынша түсінікті әрі практикалық нысанда ақпарат берілетін болады», деді Маңғыстау облыстық саламатты өмір салтын қалыптастыру орталығы директорының орынбасары Бану Ұзақбаева.
Аллаберген ҚОНАРБАЕВ
Маңғыстау облысы,
Маңғыстау ауданы


Аянбай еңбек ете білейік
Жаңарудың, өміршеңдіктің негізі – жастарда. Бұл үшін азаматтар тәлім-тәрбие мен ғылымға баса мән беріп, біліммен мықтап қарулануы қажет. Қазіргі кезде жаhандану үдерісі, қолжетімді ақпараттар легі жастардың бойында ақпараттарды електен өткізе білу, теріс пығылды идеологияларға қарсы тұра білетін иммунитетті қалыптастыруды қажет етеді. Өйткені, қазіргі таңда жат пиғылды ағымдардың ықпалына еріп, экстремистік әрекеттердің қатарын толықтырушылар осы жастар болып отырғаны белгілі. Жастардың мұндай әрекетке баруының басты себебі ретінде олардың білім, сауаттылық деңгейінің төмендігін айтуға болады. Бұған қарсы тұра білудің жолы жастардың діни сауа-
тын арттыру, оларды адамгершілікке, сүйіспеншілікке тәрбиелеу, ұлттық салт-дәстүрімізді бойларына сіңіріп, дәріптеу, оларды еліне, жеріне, дәстүріне, дініне жанашыр азамат етіп тәрбиелеу болып табылады. 
Қазақ елінің бірлігінің қалыптасуы мен өркендеуі дәстүрлі ұлттық тәрбие мен рухани құндылықтармен сабақтасқан түрде жүзеге асады. Сол себептен де жастардың бойына қазақи құндылықтарды сіңіріп, қазіргі жаһандық даму жағдайында оларды батыс мәдениетінің негізінен алыстатып, өзіміздің рухани бай мұратымыздың құндылықтары тұрғысынан тәрбиелеу – алда тұрған басты міндеттердің бірі. «Мәңгілік Ел» идеясын жүзеге асырып, одан әрі дамытатын жастар болғандықтан, олар ең алдымен білімді, ұлттық құндылықтар мен заманауи игіліктерді өз бойына біріктіріп, ұштастыра білген, өз елінің нағыз жанашыр азаматтары ретінде қалыптасуға талпынуы керек. 
Нұрбина КӨПТІЛЕУОВА,
Қызылорда облысы, 
Жалағаш ауданы, 
Ақсу ауылы


Қашанға дейін «Прудхоз» атала бермек?!.
Арғы ғасырларда өмір сүрген Қондыбай есімді атамыз мұраптық кәсіпті жетік меңгеріпті. Кезінде Шудың екі қабағындағы орыс-қазақтың ішінде Қондыбайды білмейтін адам некен-саяқ еді деп еске алып отыратын көнекөз қариялар.  Ел-жұрт тоған тартқан кезде Қондыбайды кезек-кезек шақыртып, ақыл-кеңестері мен тәжірибелеріне сүйеніп отырған. Бүкіл Шу бойына аты шыққан Қондыбайды басқа жақтың егіншілері де шақыртып, тыным таптырмайтын. Тіптен Қондыбай Күлебаевты қазіргі Байзақ ауданы орналасқан жер мен сонау Қызылорда облысына тоған қаздырту жұмыстарына да пайдаланыпты. 
 Ал ата жолын қуған Азамат пен Ескелді Қондыбайұлдары 1940 жылдан табан аудармастан ұзақ жылдар ауыл шаруашылығын суландыру саласында жоғары білімді жетекші маман ретінде жемісті еңбек етіп, Шу, Мойынқұм аудандарына кеңінен танылған. Қондыбай тегін иеленген ұрпақтары да су шаруашылығынан жоғары мамандық алып, ата-бабаларының қандарына сіңген мамандықтарымен ел-жұртына елеулі пайдаларын тигізе алды. 
Айтайын дегеніміз, осы елді мекенді байырғы тұрғындар Қондыбай ауылы десе, тарихтан бейхабар кейбір жастар жағы болса «Прудхоз» деп атайды. Бір ғана Қондыбай әулетінің су шаруашылығында табан аудармастан ғасырдан-ғасырға жалғаса еңбектеніп келе жатқанының өзі көпшілікке үлгі-өнеге емес пе! Шағын ғана ауылдың тарихи атауын қалпына келтіріп, көршілес ағайындардан ұялмайтындай – «Қондыбай ауылы» деп атасақ  орынды болар еді.
Ауыл тұрғындары атынан 
Мәкен УАҚТЕГІ
Жамбыл облысы 

Күршімдегі ән фестивалі
Шығыс Қазақстан облысының Күршім ауданының орталығында осы жердің тумасы, марқұм композитор Оралхан Көшеровке арналған ән кеші өтті.
Фестиваль фәни дүниеден 42 жасында өтіп кетсе де, артына өшпес ән мұрасын қалдырып кеткен өнерпаз ұлдарының асқақ рухымен ел-жұрты қайта қауышып, Күршім өңірі Оралхан сазына бөленді. Оның туындыларын астаналық, алматылық және Ресей мен Моңғолиядан келген танымал әншілер шырқап, күршімдіктерді тебіреніс пен толғанысқа бөледі. Фестивальға сазгер шығармашылығын орындаушылардан басқа, республиканың әр аймағынан шақырылған қонақтар: өнер, мәдениет, әдебиет, баспасөз саласының өкілдері, соғыс және еңбек ардагерлері, сазгердің көзі тірісінде қоян-қолтық араласқан өнердегі достары, тілеулестері мен елден жырақта тұратын туыстары арнайы шақырылған. 
 Игі шараның басы-қасында болған облыстық Мәдениет, мұрағат және құжаттама басқармасының басшысы Азамат Мұхамедчиновке, аудан әкімі Сейсенғазы Чукаевқа, облыстың мәдениет, өнер саласы қызметкерлеріне, Күршім аудандық мәдениет бөлімінің бастығы Бақытхан Өлмесековке, мәдени шараның өтуіне атсалысқан «Оралханның көктемі» атты ән байқауына 2003 жылдан бастап демеушілік көрсетіп келе жатқан Жанарбек Білімбаевқа және барлық ел азаматтарына Көшеровтер әулеті атынан алғыс айтқым келеді.


Гуляра КӨШЕРОВА
Шығыс Қазақстан облысы