Медицина • 12 Шілде, 2017

Медициналық сақтандыру дербес жауапкершілікті күшейтеді

166 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Қазақстанда 1 шілдеден бас­тап енгізілген, міндетті әлеу­меттік медициналық сақ­­тандыру жүйесінің ма­ңы­зы зор. Еліміздің барлық ай­мақ­та­рында бағ­дар­ламаның не­гіз­гі қағидаларын ақ­па­рат­тық түсіндіру жұ­мыс­та­­ры жүргізілді. Осы ретте Денсаулық сақтау мини­стр­лігі жанынан құрылған жұ­­мыс тобының мүшесі, «Сыз­ғанов атындағы Ұлт­тық хи­рургия орталығы» АҚ бас­қар­ма төрағасы, ме­ди­­ци­на ғылымдарының докто­ры, профессор Болатбек БАЙМАХАНОВТЫ әңгі­ме­ге тартқан едік.

Медициналық сақтандыру дербес жауапкершілікті күшейтеді

– Болатбек Бимендеұлы, елі­мізде МӘМС жүйесін енгі­зу­дегі басты мақсат пен оның не­гізгі себептерін қысқаша тү­сіндіріп өтсеңіз... 


– Негізгі мақсат – мемлекет пен жұмыс беруші және жұ­мысшы арасындағы өзара жау­апкершілікті, ықпалдастықты қа­лыптастыру. Бұл әлемдегі оз­ық елдердің тәжірибесінде бар. Қа­зіргі таңда дүние жүзінде ден­­саулық сақтау саласын қар­жы­­ландырудың үш жүйесі бар де­сек, оның бірі мемлекеттік жү­йе. Мәселен, Қазақстандағы әлеу­меттік саланың, оның ішін­де денсаулық сақтау саласына қатысты мәселенің барлық ауыр­т-
палығын мемлекет мойны­на алып, қаржыландыру тек бюджет есебінен шешіліп келді. Ауыр­ған жағдайда тегін ме­ди­ци­налық көмекке жүгінеді. Де­мек, халық тарапынан да, жұ­мыс беруші тарапынан да еш­қан­дай жауапкершілік болған жоқ. Екінші жүйе – сақтандыру ком­паниясы. Сақтандырудың же­ке түріндегі жүйесі Америкада қол­данылады. Қазіргі таңда Ам­е­рикада 30 млн-ға жуық ха­л­ықтың тегін көмек алу мә­селесі күрделі жағдайда. Өйт­кені, сақтандыру полисін сатып алуға мүмкіндігі жоқ. Осы қиындықтарды ескере отырып, көп­теген елдер мемлекеттік сақ­тандыру жүйесін енгізіп, оған мем­лекетті де, сақтандыру компанияларын да қатыстырған. Елімізде 2018 жылдан енгізілгелі отырған жүйе – осы. 


– Бұл жүйе халыққа не бе­реді, қажеттілігі қанша?


– Біріншіден, денсаулық сақ­тау саласындағы қаржылай тұ­рақтандыруды қамтамасыз етеді. Сол арқылы халыққа ме­ди­циналық көмектің барлық тү­рінің қолжетімділігі артады және түрлі тетіктерді пайдалана отырып, медициналық қызметтің сапасы көтеріледі. Осылайша, болашақта денсаулық сақтау саласының тиімділігі, нәтижелілігі артады. Екіншіден, әр адам қалтасынан өз денсаулығына төлем төлейтін болса, денсаулығына деген жауапкершілігі, мәдениеті жо­ға­рылайды. Сондай-ақ жарна тө­леуші емдеу орнынан сапалы қыз­мет көрсетуді талап етуге құ­қылы. Құқы болғаннан кейін медицина қызметкерлерінің де, медицина ұйымдарының да жауапкершілігі күшейеді әрі емдеу мекемелері арасында бәсекелестік пайда болады. Үшін­шіден, қазір медици­на бір орнында тұрған жоқ, жа­ңа инновация жолға қойылып, өте көп өзгерістер болып жатыр. Есе­сіне ондай жоғары ма­ман­дан­дырылған кардиохирургия, трансплантация, травматология са­лалары қомақты қаражатты қа­жет етеді. Әсіресе, зерттеу, ди­аг­ноз қою аппараттары, дәрі-дәр­мек, құралдар өте қымбат. Жаңа заманға сай ғимараттар керек. Мәселен, біздің орталық ғимаратының 65 пайызының тозығы жеткен. Оның бәрін салуға мемлекеттің жағдайы жоқ. Сондықтан осы жүйе арқылы бұл салаға қосымша қаражат тартып, материалдық-техникалық жағдайды жақсартуға мүмкіндік туады. 


– Жүйенің әлеуметтік сақ­тан­дыру атануы қандай да бір өзгеріс әкеледі ме?


– Әрине, бұл жерде әлеуметтік әділ­дікті қамтамасыз ету деген мәселе жатыр. Мәселен, бұл жолды әлемнің қаншама елі таңдап отыр. Себебі, олар әлеу­еті жо­ға­ры адамдар есебінен әлеу­мет­тік әділ­дікті шешуді көздейді. Ол біздің қоғамда да бар. Бізде де өте төменгі мөлшерде жалақы алатындар баршылық. Демек, әлеуеті жоғары азаматтардың жар­насы есебінен әлеуеті төмен­дер­ді, сау адам ауру адамды емде­уге мүмкіндік бермек. 


– Қандай жағдайда бұл жүйе­нің жүзеге аспауына қауіп тууы ықтимал?


– Негізінен төлемдер уақы­тын­да түспей жатқан жағдайда. Бес жылдың ішінде үкімет өз мой­нына алып отырған қазіргі он миллион адамның көлемі азая­ды. Тегін көрсетілетін кепіл­ден­дірілген көмектің көлемі де кеми бастайды. Өйткені, уа­қыт өтіп, жүйе қалыпты жұмыс іс­те­ген сайын әлеуметтік ма­ңы­зы бар науқастар МӘМС жүйе­сіне өте бастайды. Бұл жер­де бақылау тетіктері жақсы ұйым­дас­тырылуы қажет. Ол үшін қорда халықты емдеуге тиісті қаражат болуы тиіс. Өйтпеген жағдайда халықтың дер кезінде ме­дициналық көмек алуға мүм­кін­дігі болмай, сенімсіздік туады. 
Әрине, 90-шы жылдардағы экономикалық ахуалды қазіргі жағ­даймен салыстыруға кел­мей­ді. Онда жалпы ел экономикасы да, медицина саласы да жаңашыл реформаны жүзеге асыруға то­лық дайын емес еді. Ең бастысы, төлемдер түспеді. Көптеген кәсіпорындар күрделі қаржылық қи­ыншылыққа, басым бөлігі бан­крот­қа ұшырады. Оған да жиырма жылдай уақыт өтті. Бүгінгі жағ­дайымыз мүлдем басқаша. Бү­гінде жүйенің тұрақты қызмет ету­іне қатысты алғышарттар қа­­лыптасқан. Барлық меди­ци­налық мекемелердің мәр­тебесі бел­гіленді. Ақылы кө­мек көр­сететін, басқа да ком­мер­циялық мәртебелер ай­қын­­дал­ды. Әр аурудың өз тарифі, бағасы да белгіленіп, дәрі-дәрмекпен қам­та­масыз ету мәселесі шешілді. Компьютерлік жүйеміз бар, халықты емдеу мәселесі – кімге үкімет төлейді, кімге жоспарлы кепілдендірілген тегін көмек шеңберінде медициналық көмек көр­сетіледі, кімге жұмыс беруші тө­лейді, барлығы жүйеленді. Бұл көмекті бақылайтын Ден­сау­лық сақтау министрлігінің Ме­ди­циналық қызметтің сапасын бақылау және Медициналық қыз­мет ақысын төлеу комитеттері жұ­мысқа кірісуге дайын. 


– Жеке меншік емдеу орында­рын қатыстыру мә­се­лесі де қарастырылып отыр. Бұл қалай жүзеге асады? 


–Соңғы кезде елімізде жеке тұл­ғаларға медициналық ме­ке­мелерді жекешелендіру мә­селесіне қатты көңіл бөлінуде. Өйт­кені, үкіметтің соншама ме­кемені ұстап тұруы қиын. Қа­зіргі медицина мекемелерінің тозу деңгейі 75, құрал жаб­дық­тармен жарақтануы 45 пай­ызға тең. Оның бәрін жақ­сар­туға үкіметтен 1 триллионға жу­­ық теңге қажет. Әзірге, бұл мүм­кін емес жағдай. Сон­дық­тан жекешелендіруге бе­рі­ле­тін, берілмейтін нысандарды белгілеуде мұқияттылық қажет. Оның өз талаптары болады. Мәселен, жеке тұлғаға бе­рілген жағдайда жалпы бел­гі­ленген профилді сақтауға мін­детті. Өйткені, халық ертең одан жапа шекпеуі тиіс. Әр аурудың өз коэффициенті бар, со­­ған қарай ақша төленеді. Ер­тең кәсіпкер «маған мына ау­ру­ды емдеу тиімсіз. Беріп жат­қан қаражаттарың шығынды өте­мейді, болмаса тиісті тарифті кө­бейтіңдер» деуі мүмкін. Сон­да ол ауру қайда барады? Осын­дай жағдайлар алдымыздан шық­пас үшін жекешелендіруге ба­қы­лау­ды күшейту керек. 


– Көпшілікті ауруханаға жа­тып емделудің тәртібі қы­зық­тырады. Порталдық жүйе сақ­тала ма? 


– Иә, порталдық жүйе қала­ды. Бұл дүние жүзінде бар тә­жі­рибе. Қай мемлекетте де жос­парлы көмек алуда кезек бо­ла­ды. Өйткені, порталсыз нау­қас­тарды реттеп жатқызу мүмкін емес. Бір ұтымдысы, адам өз кезегін тізімнен көріп, келеңсіз фак­тілер кездессе арызданып, тек­серте алады. Мәселен, біздің ор­талықтың мүмкіндігі жылына 3,5 мың адам. Ал қажеттілік 5-7 мыңға жетсе ше? Мұндай жағ­дайда кезек күтуге тура ке­леді. Болмаса басқа емдеу ме­ке­мелеріндегі стационарлық көмектің деңгейін көтеруге, сондай-ақ облыс орталықтарында жоғары мамандандырылған кө­мек көрсетуге жағдай жасау ке­рек. Ал негізгісі әрі бастысы, емханалық-амбулаториялық жағ­дайда медициналық қызмет көр­сетуді жолға қою керек. Қазір ем­ха­наларға үлкен көңіл бөлінуде, бі­рақ ондағы қызмет түрі өз дең­гейінде болмағандықтан, ха­лықтың сенімділігі төмендеу. Өйт­кені, емхана жағдайында дәрігерлер жетіспеушілігі орын алған. Бар дәрігерлерге жүктеме көп. Мәселен, шетелде жалпы тәжірибелік дәрігерге бір жарым пациенттен келсе, бізде үш мыңнан асады. Сондықтан ауруды дер кезінде анықтауға мүм­кіндік төмен. Содан да шы­ғар, халық бірден стационар­да жа­тып емделуге өте ықыласты. Ен­ді келесі жылдан енгізілетін МӘМС жағдайында осы жүйе­ні жүй­елі жолға қою – емханаларға ма­мандар тарту, соны­мен қа­тар емханалық көмекті мүм­кін­дігінше науқастарға жа­қын­дату, стационарлық кө­мек­ті үй жағ­д­айында алуды ұй­ым­дас­ты­ру мәселесіне басты көңіл бө­ліну көзделген. Егер осының бә­­р­і ескеріліп, емханалық-ам­бу­латориялық қызмет өз дең­ге­йінде қалыпты жұмыс істейтін болса, онда халықтың 50 пайызға жуығына стационарға бармай-ақ емделуге мүмкіндік тумақ. 

Әңгімелескен  Гүлзейнеп СӘДІРҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан»

АЛМАТЫ