Аймақтар • 12 Шілде, 2017

Қарқаралы – қараусыз, Егіндібұлақ – елеусіз...

669 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Ғаламтор бетін «қолсыз салынған картиналар жолсыз жатқан елді мекен үшін аукционға шығарылыпты» деген жаңалық шарлап кетті. Әуелде, мұндағы қолсыз талант кім, жолсыз ауыл қайсы, көзсіз ерлік қан­дай дедік? Сөйтсек, өзіміздің өңірдің өлмес хәлі екен... Пікірлер екі­ұдай. Бір жағы, «Туған жер­ге туыңды тік!» бағ­дар­­ламасына таптыр­майтын еңбек десе, екін­ші та­рап «қысылған­нан қыз болдының кері» дей­ді... Біз бейтарап пі­кір­­де ғана қалып қой­май, ойды оймен қозғай келе, өзіміздің уәжді ал­ға тартпақшымыз. Сонымен...

Қарқаралы – қараусыз,  Егіндібұлақ – елеусіз...

Семей полигонының зардабын шегіп, салдарынан мүг­едек болып туылған жандар Қарқаралы – Семей жағында өте көп. Соның бірі – суретші Кәріпбек Күйіков. Белгілі су­ретші Егіндібұлақ өңірінде дү­ниеге келген. Егіндібұлақ де­се, ертедегі тарих еске түсіп, бағ­зыдағы бабалар күңіренеді. Кәріпбек Күйіков туған жерін­дегі жолдарды жөндету үшін өз картиналарын аукционға шығарыпты. Не деуге болады? Алда Қаздауысты Қазыбек ба­ба­ның тойы келе жатыр. Көлік ин­фрақұрылымын жақсартуға өз үлесін қосуды осылай шешкен болар. Кімді кінәлаймыз? 
«Мен Қарағанды облысы, Қар­қаралы ауданы, Егіндібұлақ ауылының тумасымын. 18 тамыз күні Қазақстан Қазыбек бидің 350 жылдығын атап өтеді. Салтанатты шаралар туған өлкем – Егіндібұлақ ауданынан басталады. Бірақ проблемалар бастан асып жатыр» – депті суретші. Қарқаралы ауданының әкімдігі арнайы шот ашып, жиналған қаражатты жолдарды жөндеуге жұмсауды көздеп отыр. «Мен де бұл акцияға қатысатынымды хабарладым. Туған ауылымның өркендеуі үшін картиналарды сатудан түскен ақшаны осы мақ­сат­тарға беремін», деп атап өтіпті Кәріпбек Күйіков. Нағыз ерлік. Туған жер шынымен де өссең де, өнсең де, өлсең де керек қой. 
Айтайық дегеніміз, Кәріп­бек суретшінің бүгінгі кө­те­­ріп отырған мәселесі – Егін­ді­бұ­лақ­қа жеткен­ге дейінгі ахуал. Ал, Егіндібұлақтың ішін­де­гі жағдай одан да ауыр. Бұл жайтты Кәріпбек ағамыз ел Президенті Нұрсұлтан Назар­ба­ев­тың бастамасымен құ­рыл­ған АТОМ халықаралық жо­басының құрметті елшісі, «Не­вада-Семей» антиядролық қоз­ғалысының белсенді мүше­сі ретінде бізден де жақсы бі­леді. Қазақта «Той атынан тон тігіледі» деген сөз бар. Ол қа­лай?
«Абыралыда айтылмаған ақиқат бар» деп еді Медеу Сәрсеке «Семей синдромы» кі­табында. Біз айтамыз, «Бал­қан­тауда баяндалмаған базына бар» деп. Қарқаралы – қараусыз, Егіндібұлақ – елеусіз, қазір...Бұл елді мекендер 1998 жылдары апаты сейілген 4-ші аймаққа кіріп тұр еді. 55 жас-
та ер адамы, 50 жаста әйелдер зей­неткерлікке шығып, жа­ла­­қы­сына бір жарым есе үс­те­ме а­қы қосылып тұрған.
Сол жеңілдіктің Үкімет «Қазақстанның төтенше әлеу­мет­тік-экономикалық жағ­дай­ға, дағдарысқа ұшырауына бай­ланысты, апат аймағында тұ­ратын адамдарға әлеуметтік жәр­демақыны төлеуді тоқтата тұрамыз» деген шешімімен су аяғы құрдымға жіберді. 
Бұл туралы белгілі журналист Мақсым Омарбекұлы ғұмыры жеткенше жазды... Осы кезде есімізге белгілі жазушы Сапарғали Бегалиннің естелігі түседі. Абыралыға барып, Дегелеңді іздепті. Көркем шындық – көкірегімізді қарсы айырды. Тау жоқ. Орнында жасанды жасыл көл жатыр екен...
Апатты аймақ – Курчатов қаласынан біз айтып отырған Егіндібұлақтың Абай, Қаратау, Айрық, Арқалық, Едірей, Мыржық сияқты ауылдары, кезінде Талды ауданына қара­ған Бақты, Томар, Темірші ау­ыл­дарының қашықтығы 80-90-ақ шақырым, кейбірі тіпті одан да аз. 
Тақсіретті толық тартқан тұр­ғын есебінде Медеу Сәр­се­ке сынақтың қалай жүретіні жөнінде бір естелік келтіреді. Эпикіндіктен бес шақырымда байлаулы тұрған үй жануарлары, ірі қара малдан бастап бәрінің терісі жидіп түскенін, сеспей қатқанын баяндайды. Тек, жарықтық түйе малы ғана, терісі жидіп, қызылшақа болып қалса да, тірі қалыпты... Бес шақырымдағы түйенің жағ­дайы анау, қырық шақы­рым­дағы Едірейдің жағдайы қандай сонда? 
Қазыбек бабаның тойы қар­саңында Кәріпбек сынды жанашыр топ жоғары­да­ғы­ларға сол қатып жатқан сең­ді қозғалтса екен дейміз. Эпи­кіндікке ең жа­­қын ор­на­лас­­қан Егіндібұлақ сын­ды ел­ді мекендер апаты сей­ілген емес, апатты не бі­рін­­ші, не екінші ай­маққа жат­қы­зылып, тұр­ғы­лықты халық әлеу­меттік кө­мектерге қол жет­кізуі керек еке­нін айтпай, аттап кетуге болмас, сірә...
Ал, Кәріпбек суретшінің бүгінгі игі ісі – қолсыз жасалған көзсіз ерлік қой!

Мирас АСАН,
«Егемен Қазақстан»

Қарағанды облысы,
Егіндібұлақ ауылы