Қазақстан • 12 Шілде, 2017

Жақау Дәуренбеков. Зиялы

758 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Зиялы деген зипа сөз. Жиі айтылмайды, шыны керек, айтайын десең адамы табылмайды. Тіпті, танымай жүруіміз де мүмкін-ау. Жастау кезімізде зиялы адам әдемі киінген, институт бітірген, докторлық қорғаған, үлкен кабинетте істейтін адам болып көрінетін. Жүре келе зиялы болып жүргендер мүлдем басқа кейіптегі міскіндер болып шыққанда әуелі таңырқадық, бірақ кейін оған бойымыз да, ойымыз да үйреніп кетті. Түйсігімізге ден қойсақ, зиялыны өмірдің өзі екшеп, өзі танытады екен. Оның өзі оңайлықпен өрілер кәсіби тәлім, нәсіби сый емес, тектіліктен тарайтын қасиет екен. Мәдениет пен білім сәулесі ондай жанның сөзіне сабыр, жүзіне нұр беріп тұрар болар, сірә. Мұндай мінездің ақиқаты сол: өзегінен тартып өмірден сіңген нұрлы құйылыс адамдық болмысқа айналады. Болмыс бояуынан да, саналық ояуынан да айнымайды.

Жақау Дәуренбеков. Зиялы

Сексеннің сеңгіріне елпілдемей ерек мінезбен еркін жеткен Зәкір Асабаев ағамыз да осындай зиялы жан. Өмірді өз өре түйсігімен түсінетін, оның қайшылықтары мен қызықтарын парасаттылықпен пайымдайтын, барлық пен жоқтықты сабырмен таразылайтын, айналасындағының бәріне адамшылықпен қарайтын, кемелдік пен кенендікті кісілікпен қабылдайтын жанның – Зекеңнің шынайы баяндары елді елең еткізер ерекше болып келеді. Онысы қайырылмай кеткен күндердің құпиясын жазу, өткеннің өзегінде кетіп, айтылмай сыр сандықта қалған сырларын паш ету. Осы арқылы сырдың шындығы ашылып, ұмытқаны көп ұлтының ұмытылмас асыл азаматтарының дала дидарлы дара портреттерін жасайды. Олары – өзіміз білеміз дегенмен біз білмейтін қырларымен таныстырып табыстырған Жамал Омарова, Орал Таңсықбаев, Саттар Имашев, Нұрымбек Жанділдин, Нұртас Оңдасынов, Шәмші Қалдаяқов, Төлеген Айбергенов, Қосжан Мүсірепов, Жұмекен Нәжімеденов, Герольд Бельгер, Натан Кенесарин. Бұларды оқып отырып тұлғаларға да араша керек екен ғой деген пайымға келесің. Бұл тұрғыда Зекеңнің журналистік ізденгіштігі, есте сақтау қабілетінің ұшқырлығы, ой қорыту өресінің тереңдігі, таппай тынбайтын табандылығы, әңгіменің әлімсағы куәгерлерді алға тарта сөйлете алуы, жазғанына кінәмшіл, кірпияз оқырманын иландыра білуі сенімді шеберліктің жемісі. Бұл жағына келгенде Зекеңнің өзіне тән стилі желісінен жаңылмайды. Қара сөздің қадірін біледі, қасиетін де түсірмейді. Қарапайым сөздің қанатының еркін қағысы баяндаудың байыбында еркін сезіледі. Қызыл сөзбен сырлай түсейін демейді, қара сөзбен шыңдай түсейін дейді. Демікпей-ақ дегеніне жетеді. Кәнігі журналиске керегі де осы, оқырманның да ойынан шықсаң айың оңыңнан туғаны.
Осы ретте Зекеңнің «Маэстро» кітабы туралы айта кету артық болмас. Зекеңмен таныстығымыз жетпісінші жылдардан басталады. Журналистердің тоғыз қабатты әйнекті үйінің есігінен бірге кіріп, бірге шығамыз. «Мәдениет және тұрмыс» журналының бас редакторының орынбасары. Кейінгі жылдары баспа жағына кеткенімізбен журналды үзбей оқып тұратын едік. Өйткені, нөмір сайын Зекеңнің халқының ең сүйікті әншісі, әлемді өзінің ғажайып баритонымен тамсантқан, табындыра да білген Ермек Серкебаев туралы сыр-сұхбаты үздіксіз беріліп тұрады. Жыл бойы жарияланды. Баспагерміз, мақсатымыз – жақсы оқы­лымды кітап шығару. Өтімділігі жағы тағы қызықтырады. Бір күні Зекеңмен жолығысып осы ойымды айттым. Зекең өте сыпайылықпен қабылдап келісімін берді. «Кітапқа жақсы атау керек», – дедім. Зекең: «Ойланып көрейік», – деді. «Әнші – күйші – жайлы жазылса болды жаттандыға басамыз. «Әйгілі әнші», «Әнғұмыр», «Ән-тағдыр» дегендерден аулақ болсақ. Солардан бөлектеу бір тосындау тақырып болса», – деп ойлана түстік. Іле: «Осы өнердің кереметтерін өркениет маэстро деп асқақтатып жатады ғой. «Маэстро» деп атасақ қалай болады?» – дедім. Зекеңе бірден ұнады. Құп десіп кірісіп кеткен едік. Кітап тез шықты, оқырман ықыласы да орасан болды. Осы кітабы арқылы Зекеңнің екінші тынысы ашылғандай болды. Бұл кітап арқылы қазақ Ермек Серкебаевтың тұңғыш рет әншілігіне қоса адами болмысын таныды. Автор аса талғампаз, аса аскет, тасына бермейтін, ашыла да бермейтін Ермек Серкебаевтың қырлы құпиясын, сырлы шындығын сабақтай отырып бүгіп келген бар сырын ақтарып айтқыза білді. 
«Көп жерлерде менен осы кітапты сұрайды. Мен сатып ал демеймін, біреуге оқыдың ба деп те сұрамаймын. Біреуге салмақ салу әдетімде жоқ. Біреуге жалыну, міндет қылу ұят нәрсе. Қазіргі оқырман таңдағанын табады, ұнатқанын тауып оқиды», – дейтін Зекеңнің қарапайым қанағат сөзінен өмірге деген ішкі үйлесімі мен мінәйі позициясын көресің.
Оның «Ана тілі» баспасынан шыққан «Жылдар сыры» кітабындағы тұлғалар жайлы жазғандары көп ізденістің тағы бір тағылымы мол игі ізденісі деуге болады. Тұлғалар тағдыры, қилы күндердің құпиялары, сол заманның дауылы мен жауыны, қайғысы мен қуанышы, дәл берілген диалогтар, сөз саптаулар, тұрмыс портреттері, өмір өрнектері, адамдардың асқақтығы мен адалдығы бәрі-бәрі көз алдыңнан әдемі өріліп өтіп жатады. Сол суреттердің қабатында журналист Зекеңнің де өмірі өтіп жатқанын көңілің сезеді.
Осының бәрінің төркінін алдымен сезініп, жазбаларын өз қолынан өткізген, журналистиканың дарабозы, «Алматы ақшамының» бас редакторы Қали Сәрсенбайдың: «Текті ортадан қайнап шыққан оның бүгінде сол тұлғалар туралы толғанысын «Ақшамның» оқырмандары таласып оқып жатыр. Неге? Мәселе жазып қана қоюда емес, мәселе сол кейіпкерінің, тұлғаның табиғатын ашу, тіпті, өміріндегі жұрт көңілінде әлі күнге дейін түйін болып жүретін кейбір жағдайын тарқатып, терең түсініп айту бір басқа», – деуінің жөні бар. Жазудың жолын ашуда алдына жан салмайтын бас редактор Қали інім Зекеңнің қадір-қасиетін құрмет тұтса, қалам қарымын да жақсы біліп алған. Өзі жазып отырғандай бірге қуанып, бірге шабады. Оқырман ықыласына да бірге бөленеді. Бұған кәміл сенеміз сенуге тиіспіз деп те қоялық.
Зекеңнің журналистикасының сонар жолы сонау жылдары сықақ пен сатирадан басталғанын айта кету ләзім. Өмірден алған оқиғалар мен кейіпкерлерді тиек еткен фельетондар, скетчтер, сатиралық әңгімелері газет-журнал беттерінде, кейін «Жалғыз көзді балық», «Шаңсорғыш аю емес» деген атпен жинақ болып шыққаны бар. Сатириктердің сапында Зекеңнің ешкімге ұқсамайтын уытты да усойқы дүниелеріне қарап сатириктер қатарында қала берер деп те ойлағанымыз бар. Бірақ Зекең көркем публицистиканың ауылына тұрақтап, толымды тақырыптарды тереңдей қаузауға ден қойды. Өзінің оң жамбасына келетін жанрын тауып, бейілі мен бейімін соған арнауы шығармашылығының шырағын жаққандай болды. Таңдаған жолы мен өмірлік түйсігіне адалдығы асуына алып шықты. Бұған соңғы жылдардағы еңбегі, оқырмандарының ықыласы куә. Соның бірі, замандасы-сырласы, Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі, елге танымал айтулы азамат, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Әбдісағит Тәтіғұлов: «Уақыт өзгергенмен, өмірге көзқарасы өзгермейтін, жақсыны жақсы, жаманды жаман деп тұлғаны тани білетін азаматтар болады. Журналисти­каға кім келіп, кім кетпей жатыр, бірақ оқырмандары шығармаларын асыға күтетін авторлар көп емес», – деп адалынан қайырып, әдемі айтыпты...
Өмір дегеннің сыйы көп. Оны сыбағаң осы деп бере салмайды екен. Төрелігі сол, бәрін барымен безбенге салады. Төгілген тердің, атқар­ған істің, танытқан табандылықтың, жасаған адамгершіліктің, адами адалдықтың өтеуі ретінде бағалай­ды, құрметіне бөлейді, сөзінің төріне шығарады.
Уақыт қандай көркем, қандай әділ. Сырбаз Зекең сыйлы Зекеңе айналыпты. Зекең талай белесті артқа тастап, төңірегі­не шола толғанып, көңілі тола ойланып қарайды. 
Иә, біз кейде зиялы жандарды іздейтініміз бар. Ондай жандар бұ заманда жоғалып кеткендей көрінері де бар. Бұл да өмір сыйы, шүкір, ондай жандардан қазақ кенде емес екен. Тек көре білейік, біле жүрейік.

Жақау ДӘУРЕНБЕКОВ,
жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері

Суретті түсірген
Нұрманбет ҚИЗАТҰЛЫ