Қазақстан • 13 Шілде, 2017

Дәстүр сабағы

284 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін

Еліміздің Президенті Н.Ә.Назарбаев биылғы жылдың басында жарияланған Жолдауында Қазақстанның Үшінші жаңғыруы туралы хабарлап, республиканы қайта түлетудің жолдары жайлы ойларымен бөліскен еді. Сонда әлемдегі ең дамыған 30 елдің қатарына кіру үшін халықты рухани жаңғыртудың да ерекше маңызы барын атап айтты. Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты еңбегі осы мәселеге арнайы жазылған, ғылыми-теориялық және практикалық мәні зор жаңа туынды болып табылады. Еңбектің негізгі өзегі өзі қуатты, әрі жауапкершілігі биік Біртұтас ұлт болудың жолдарын ашуға құрылады. Солардың ішінде ұлттық сананы жаңғырту, бәсекеге қабілеттілікті арттыру, прагматизм, ұлттық бірегейлікті сақтау, білімнің салтанат құруы, Қазақстанның революциялық емес, эволюциялық дамуы сияқты маңызды мәселелер бар. Сонымен бірге, Елбасы таяу жылдарда атқарылуға тиіс міндеттерге тоқталады. Бұл – саяси және экономикалық жаңғыруларды толықтыру мен орнықтырудың, жоспарлы мәселелерді жүзеге асырудың нақты жолдарын нұсқайды. «Күн санап өзгеріп жатқан дүбірлі дүниеде сана-сезіміміз бен дүниетанымымызға әбден сіңіп қалған таптаурын қағидалардан арылмасақ, көш басындағы елдермен тереземізді теңеп, иық түйістіру мүмкін емес. Өзгеру үшін өзімізді мықтап қолға алып, заман ағымына икемделу арқылы жаңа дәуірдің жағымды жақтарын бойға сіңіруіміз керек», деді.

Дәстүр сабағы

Бұл – Қазақстан көлемінде басталып, әлі де жалғасып келе жатқан реформаларды толық жүзеге асыруға қажет шаралардың бір бөлігі және маңыздысы. Қашан да жаңалықты жаңа адам ғана жасай алады. Бірақ, өкінішке қарай, реформашыл жаңа адам сырттан келмейді, өз адамдарымыздың сана-сезімін, түсінігін, ұғымын жаңартып, оны заман өзгерісіне лайықты бейнеде қалыптастыру қажет. Бұл үдерісте ұлттық дәстүрге сүйену, қазақ тарихы мен ұлттық салттардың озық үлгілерін өркендеудің берік діңіне айналдыру, сол негізде болашаққа қарай нық қадаммен ілгерілеу – Президент қалауы екені түсінікті. 
Дәстүр дегеніміз – адамдардың өмір сүру ережелерін іске асырып, қалыптасқан халықтық тәрбие мен тәртіп. Оның өзі әрқилы. Жаңа ойға негіз болып, әрі қарай дамуға лайықтылары мен күні өткен, қазақтың ескі ұғым-түсінігінен туған өмір үзіктері де аз емес. Елбасы бізге жаңаға негіз болатын дәстүрлер мен оны жаңғыртудың жолын көрсетіп отыр. Біздің тәуелсіздік алған кездерімізде ғана ашылып (бұрынғы билік ескірген деп шығарып тастаған), мәдени мұра қатарына кірген құндылықтар да осы ойларға, жаңғыртуға негіз болары анық. Сол арқылы Елбасы қазақтың талантты ел екенін, ол жасап, бекерге оған жала боп жабылған тарихтағы қайғылы кезеңдерді ақтап, еске алған. «Жаңа тұрпатты жаңғырудың ең басты шарты – ұлттық кодымызды сақтай білу» дегенді де ол тегін айтпайды. Жаңа мемлекет, жаңа адам бүгінгі адамды сапалық жағынан өзгерте отырып, сол адамның қолымен жасалатын реформаны іске асыруы керек. Ұлттық код – сол қазақтың жақсы мағынадағы бейнесі, халықтың жаңаға бейімділігі, жаңашылдықты бойына сіңірген өмірі, ұғым-түсінігі, шығармашылығы, яғни бүкіл осы күйде қалыптасқан ұлттық тұтастығы. «Ұлттық код, ұлттық мәдениет сақталмаса, ешқандай жаңғыру болмайды», – дейді Елбасы. Ұлт адамының бойына ХХІ ғасырға лайық қасиеттерді дарыту, жаңалықтың жаршысы етіп шығару біздің ұлттық кодымызды толықтырады, жетілдіреді. Ол ізденіс үстінде үйрене жүріп, жаңарады. «Нағыз қазақ – домбыра» (Қадыр ақын) дегендей, нағыз қазақтар сондай ұлттық кодқа ие болып шығады. 
Осындай тұлғаның нағыз үлгісі – Елбасының өзі. Ол – жаңашыл, күрескер адам. Қоғамды жаңарту, адамның сол жағдайға орай жаңғыруы, тәуелсіз елдің белсенділікпен ілгері басуының негізгі бағдарын анықтап, ұйымдастырып отырған, жас мемлекетті алдыңғы қатарлы 50 елдің қатарына қосқан, енді осындай 30 елдің бірі етуге ұмтылып жүрген қайраткер. Біз іске асырып жатқан тынымсыз реформалар – сол кісінің ой-өрісінің жемісі. Осы типтегі жаңашыл адам ғана ел келешегіне белсенді қызмет ете алмақ. 
Ұлттық кодты анықтайтын, соны жаңғыртуға көмектесетін сала есебінде Елбасы білім мен ғылымды атайды. Қазіргі заманда білімге құштар халық қана жаңара алады. Ол дүниеден өз орнын тауып, әлеуметтік, техникалық өзгерістерге қатысады. Бұл саладағы жаңа міндеттер қатарында Елбасы үздік жүз оқулықты шет тілдерінен сауаттылықпен аудару, техника тілі есебінде ағылшын тілін үйрену, әлемдік мәдениетке жол ашқан орыс тілін жетік білу, қазақ тілін жақсы меңгеру, латын әліпбиіне көшу, т.б. шараларды жүзеге асырудың маңызын атап көрсетеді. 
Рухани жаңғыруда қоғамдық сананы жаңғыртудың орнын Елбасы ерекше бағалайды. Қоғамның рухани тіршілігі, халықтың ақыл-ойы, көзқарасы, идея мен теориялық байыбының байлығы, көңіл-күйі, сезімі сол қоғамдық сананы құрайтыны белгілі. Жеке адам бойындағы саналылықтың көріністерін негізге ала отырып, ол толығып, жетіліп алып, жеке адамның өзін тәрбиелеуге ықпал жасайды. Қоғамдық сана жеке адамның санасы арқылы байып дамиды. Жеке адам мәдениеті халықтың, қоғамның мәдениетін құрайды. Оны жаңғыртуда халықтың сана-сезімі ерекше рөл атқарады. Бұл мәселені түсінудің жолы жан-жақты. Отаншыл болу, туған елің мен жеріңді сүю, қоғамды құрметтеу және сыйлау, солар арқылы адам бойында туатын патриоттық сезімдер, т.б. – бәрі де санаңды ашады, жетілдіреді, адамды ескі ұғым-түсініктен тазартады. Осылар тұтаса келіп, Ұлы Дала елінің рухани кейпін қалыптастырады. Оны түсінуге, құрметтеуге негіз болады. 
Прагматизм, өзің өмір сүріп отырған ошағыңды таза ұстау, құрметтеу, оны лас­­тамай, үнемді пайдалану, тап­қан табысыңды да ысырап етпей, қанағат­шы­лықпен өмір сүру – барлығы да жаңа адамның ішкі мәдениетін көтеруге қызмет етеді. Еңбек ету, еңбекшілдікті бағалау, еңбекпен тапқан табысыңды құрметтеу де мәдениеттіліктің белгісі. Қысқасы, Президент айтқандай, «Алға басу үшін ұлттың дамуына кедергі болатын өткеннің кертартпа тұстарынан бас тарту керек». 
Президент бір нәрсені ерекше ес­кер­­теді. Ол – қазақтың ішкі мәселесі ғана емес, оның әлеммен байланысын реттеуге көмектесетін, халықаралық қарым-қатынастағы қазақтың орнын анықтайтын мәселе. Бүгінде революциялар өңін өзгертіп, ұлттық, діни, мәдени, сепаратистік перде жамылды. Бірақ бәрі де, түптеп келгенде, қантөгіспен, экономикалық күйреумен аяқталатынын көріп отырмыз. Сондықтан, әлемдегі оқиғаларды ой елегінен өткізіп, қоры­тынды жасау – қоғамның да, сая­си партиялар мен қозғалыстардың да, білім беру жүйесінің де ауқымды дүние­та­нымдық, рухани жұмысының бір бөлігі», – дейді ол. 
Біз – бірқатар өмір көрген адамдармыз. Сондықтан осы сөздің шындығын да жанымызбен түсінеміз. Революциялар қолда барды қиратумен аяқталып, жаңаны қайта жасау үлкен, ауыр іс болатынын талай көрдік. Әлем де мұны басынан аз кешкен жоқ, түсінетін де уақыт болды. Соған қарамастан, дамудың революциялық жолын жақтаушылар әлі де бар. Президент бейбітшілік тұсын­да жасалған дүниені, адал еңбектің нәтижесін сақтауды қалайды. Оның ескер­туі біз үшін ғана емес, бүкіл адал ниет­ті, бейбітшіліксүйгіш халық үшін аса маңызды. Әрқилы жасырын ұйымдарға қатысып, шетелдік мұсылмандар қатарына қосылуға ұмтылатын жастар мұны түсінуі керек. Тек эволюциялық даму ғана ұлттың өр­кен­деуіне мүмкіндік береді. 
Таяу жылдардағы міндеттерге Елбасы қазақ тілін біртіндеп латын әліпбиіне көшіруді, гуманитарлық білімнің бар­лық бағыттарын дамытуды, «Туған жерге туыңды тік» бағдарламасын, Қазақ­стан­дағы қасиетті орындар, киелі жерлер ұғымын әркімнің бойына сіңіруді, мәдениеттің де бәсекелік қабілетін арттыруды, ұлт мақтанышы деген ұғымды тек өткендегі батыр, данагөй бабаларымызбен шектемей, бүгінгі заманның тарихына көңіл аударуды қосады. Мұның әрқайсысы жеке-жеке әңгіменің тақырыбы болуға лайық. Мұның барлығы әркезде-ақ қозғалған, бірақ бір айтылумен бітпейтін нәрсе. Ол – үнемі өзгеріп, дамып отыратын, заман ағымына саналы түрде бейімделуге тиіс ұғым. Қоғамды жаңа, тәуелсіз мемлекеттің рөлінде жаңғыртуға жол ашылып отырған жағдайда болашаққа қарай ұмтылу, іздену біздің өміріміздің негізгі қағидасы болуы керек. Біз сүйенетін, жаңартылатын ұлттық дәстүр қазақта аса мол. Ендеше, олардан алатын үлгі де, тәрбие де аз болмақ емес. Дәстүр сабағы жастар үшін, әсіресе, керек. Кешегі елімен бірігіп, ұлттық бір мүддені күйттеген ел басшылары, Отаны үшін басын бәске тіккен батырлар, данагөй қариялар – елдің жас патриоттары үшін қашан да үлгі, өнеге. Жастар Отан сүюшілікті сөзбен емес, іспен дәлелдеуі керек. Олардың тәрбиесімен жүйелі түрде шұғылдану қажет. Арғы жағын санамалап жатпай-ақ, біз қатар өмір сүрген ұрпақтың ішінен Н.Назарбаев, Ж.Тәшенов сияқты ержүрек басшыларды, С.Нұрмағамбетов, Р.Қошқарбаев, Б.Момышұлы, Қ.Қайсенов тәрізді соғыс батырларын, бабалар сөз­дерін құрғақ жаттамай, өмірмен, бүгінгі шындықпен байланыстыра сөйлейтін, ақылды шешендік, көсемдік сөз үлгісін ұстаған М.Жолдасбеков пен Ө.Байгелди сияқты қариялар жас ұрпақ ішінен шықса, құба-құп. 
Осылай рухани жаңғыру ұлттық дәстүрлердің озығынан жиренбей, оны жарастықты түрде жалғастыруды көздейді. Сөйтіп, Елбасы айтқандай, «ұлттық сананың полюстерін қиыннан қиыстырып, жарастыра алатын құді­реті­мен маңызды. Бұл – тарлан тарих­тың, жасампаз бүгінгі күн мен жарқын бола­шақтың көкжиектерін үйлесімді сабақ­тастыратын ұлт жадының тұғырнамасы» болып шығады. 
«Болашаққа бағдар: рухани – жаң­ғы­ру» – Ұлы Дала елінің болашағын айқындайтын бағдарлама. Ширек ғасыр бұрын ғана тәуелсіздік алып, бүгін әлем­нің озық отыз елінің қатарына қосылудан үміткер ұлттық мемлекетіміз қазірдің өзінде-ақ бағыт-бағдары айқын, ұстанымы берік, дарқан даладай өрісі кең ел екенін мойындатуда. Соның айқын бір мысалы – Астанада өтіп жат­қан халықаралық үлкен көрме – ЭКСПО-2017. Бұл көрме біздің рухани жа­ңаруға шындап бет алғанымызды танытуда. Ел оны ықыласпен қабылдап, танысуда. ЭКСПО-ның ашылуының алғашқы сәтінің өзінде-ақ ол жалпы халықты тебірентіп жіберді. Қонақтарын қабылдап, жүгіріп жүрген, кейде қонақтар мінген машина рулінде өзі отырған Президентіміздің қонақжай кейпі де, іштей толқуы да көзге ұрып тұрды. Көп адамның көзіне жас келгенін көрдік. Елі үшін, Елбасының ісі мен абыройына қанағаттанған ел қуанышының жасы. Үш ай бойы Қазақстан жасампаздық пен жаңғырудың рухына бөленіп, биіктей түсері кәміл. 
Ұлы Дала елі қазір сәт сайын өзгеруде. Әлем аспанында сол даланың рухы еседі. Ол арқауы үзілмеген Ер түріктің батырлық, жасампаздық салт-дәстүрлерін жалғастырып, жар салып тұрғандай. Дүние жаңғыру үстінде. Осының қызығын көру үшін Алла тағала көз жасымызды иіп, өмірін, еңбегін аянбай, халқының бақытына жұм­сап отырған Елбасымызға ұзақ өмір берсін деп тілейміз. Тілек қабыл болсын! Тоқсаннан өткен ақсақалдың тілегі, батасы халық­тан да қолдау табады деп сенемін.

Серік ҚИРАБАЕВ,
Ұлттық ғылым академиясының академигі
АЛМАТЫ