Қазақстан • 13 Шілде, 2017

Жаһан төріндегі жарты жыл

155 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Қазақстан Республикасы өзінің БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақ­ты емес мүшесі ретіндегі қызметін бас­тағанына жарты жыл толды. Осы орайда еліміздің өткен алты ай­да қандай нәтижелерге қол жет­кізгені жөнінде аз-кем сөз қоз­ғауды жөн көрдік.

Жаһан төріндегі жарты жыл

Осыдан бір жылдан сәл астам уақыт бұрын, яғни 2016 жылғы 28 маусымда, Нью-Йорк қаласында орналасқан Біріккен Ұлттар Ұйымының штаб-пәтерінде беделі биік делегациялар бас қосты. Себебі, сол күні 2017-2018 жылдарға БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мү­шелерін сайлау шарасы жоспарланған болатын. Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшелерін сайлау додаға түскен әр­бір мемлекет үшін үлкен сынақ әрі ай­тар­лықтай халықаралық жауапкершілік жүк­тейтіні белгілі. 
Сарапшылардың пікірінше, Азия-Тынық мұхит аймағынан бұл сайлауға түс­кен екі үміткер – Қазақстан мен Таи­­ландтың жеңіске қол жеткізу мүм­кін­дігі теңдей әрі лайықты кандидаттар болатын. Алайда, ұзақ үгіт-насихат ке­зе­ңі­нің ең маңызды бөлігі – сол дауыс бе­рудің алдындағы бірнеше сағат пен ми­нуттар болып саналады. Неге десеңіз, осы сәт­терде көптеген мемлекеттердің пре­зи­дент­тері мен премьер-министрлерін кез­дестіріп, олармен алдын ала қандай да бір келісімдерге келуге болады. 
Бірақ үміткерлердің қайсысын қол­дау қажеттігі туралы нақты шешім қабыл­дай­тын – БҰҰ-ның Нью-Йорктегі штаб-пәтерінде дауыс беруге тікелей қатысатын тұлғалар, яғни Ұйым жанындағы Тұрақты өкілдер және сайлауға қатысу үшін келген делегациялар. Дауыс беру жасырын өтетін болғандықтан, әрбір дауыс беруші қандай шешім қабылдағаны өзгелерге белгісіз күйінде қалады. Дауыс беруші ең соңғы сәтте шешімін өзгерте салуы да мүмкін. Яғни, жасырын дауыс беру про­цесінің өзіндік ерекшеліктері аз емес.
Егер, үміткерлер дайындық жұмыс­та­рын тиісті деңгейде өткізбеген жағдайда, сай­лау процесі күлкіге қаларлық қалжыңға айналып кетуі мүмкін. Мәселен, 1979 жылы ҚК-ның тұрақты емес мүшелігіне таласқан Куба мен Колумбия арасындағы сайыста екі тарап та дауыстардың басым бөлігін жинай алмай, салдарынан үш ай қатарынан сайлауға түскен. Дауыс берудің 154 (!) келесі кезеңі нәтижесіз аяқ­тал­­­ғаннан кейін БҰҰ Куба да, Колумбия да сайлауда ұтылды деп есептеп, оларға тиесілі орынды Мексикаға беру туралы шешім қабылдады. Бұл шешімді бітпейтін сайлаудан шаршаған мемлекет өкілдері мақұлдады. 
Сонымен, 2016 жылғы 28 мау­сым­­ға қайтып оралайық. БҰҰ Бас Ассам­блея­сының отырыстарына арналған мә­­жіліс залында делегация­лар жинала бас­тады. Залдағы сол қарбаласты сәт­ті көз алдымызға елестете сөйлесек, қазақ­стан­дық беделді дипломаттар насихат жұ­мыс­тарын белсенді түрде атқаруда. Араб мем­лекеттерінің өкілдерімен отандық шығыстанудың ақсақалы, Ирандағы елшіміз Бағдат Әміреев сөйлесті. Ол кісіні көрген Таяу Шығыс елдерінің дипломаттары орындарынан атып тұрып сәлем беріп, айтқан сөзін ентелей тыңдайды. 
Еуропалықтардың қолдауын қам­та­ма­сыз етіп, Кәрі құрлықтың өкілдерімен қол алысып жүрген Қазақстанның Ве­на­дағы халықаралық ұйымдардағы Тұ­рақ­ты өкілі Қайрат Сарыбай, Кариб бас­сейні мемлекеттерімен тіл табыса біл­ген Канададағы елшіміз Константин Жигалов, Африка елдерінен келген деле­гат­тармен құшақтасқан Эфиопиядағы ел­шіміз Ерлік Әлі, осы жұмыстарды үй­лестірумен шұғылданған сол кездегі БҰҰ-дағы Тұрақты өкіліміз Қайрат Әбдірахманов, жалпы басшылық тізгінін ұстаған еліміздің сол кездегі Сыртқы істер министрі Ерлан Ыдырысов сынды азаматтар сайлау алдындағы аз ғана уақытты біздің Отанымыздың пайдасына асыру мақ­сатында белсенді әрекеттер жасады. 
Қазақстан Республикасының БҰҰ-ға түсірген «дипломатиялық десанты» қой­­­ылған мақсатқа жетті. Ұйымның 193 мүшесінің көпшілігі – 138 мемлекет Қазақстанға дауыс беріп, елімізге сенім арт­ты. Қазақстандық дипломатияның жа­ңа даму кезеңі осылай басталды.
Қазіргі таңда Қазақстанның Сыр­т­­қы істер министрлігі Президент Нұр­сұл­тан Назарбаевтың БҰҰ-ға мү­­ше мем­лекет­терге арнаған саяси Үндеу­ін­­де бекітілген басымдықтарға сәйкес, Қау­іпсіздік Кеңесіндегі жұмысын бел­сен­д­і жалғастыруда. Елбасы ұсынған ба­­сымдықтар қатарында ядролық қа­русыз әлем құру, жаһандық соғыс қа­те­рін болдырмау, Ауғанстандағы бей­біт­шілікке ықпалдасу, Орталық Азия­да бей­бітшіліктің өңірлік аймағын қа­лып­тас­тыру, БҰҰ қамқорлығымен жаһандық лаңкестікке қарсы коалиция құру, Африканың бейбіт дамуына жәрдемдесу, БҰҰ-ның Орнықты даму мақсаттарын, бей­бітшілік, қауіпсіздік және даму ара­сындағы ажырамас байланысты ілге­рі­лету, БҰҰ-ны ХХІ ғасыр талаптарына бей­імдеу және жаһандық проблемаларды ше­шу үшін ұжымдық саяси ерікті нығайту мақ­сатында мемлекеттер мен үкіметтер бас­­шылары деңгейінде Қауіпсіздік Ке­ң­е­сіне мүше мемлекеттердің тұрақты кез­де­сулер тетігін жасауға келісу сияқты мә­селелер бар.
Өткен алты айдың ішінде дипломаттарымыз БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің 120-дан астам ресми отырыстарына, сондай-ақ, 60-қа жуық бейресми жиналыс­та­рына белсене қатысты. Сонымен қа­тар, Қазақстанның қатысуымен Қау­іп­­сіздік Кеңесінің Е-10 атты тұрақты емес мүшелері кіретін топ 10 рет жиналды. Қазақстандық дипло­маттар Кеңес мү­шелерінің 5 ресми сапарына қатысты. Қазақстанның қатысуымен Қауіпсіздік Ке­ңесінің 20-дан астам қарары, ҚК тө­ра­ға­сының 7 мәлімдемесі және Кеңестің 50-ден астам ресми релиздері қабылданды. 
Аталған іс-шаралардың көбі Таяу Шы­ғыстағы қақтығыстар, Сирия мен Йе­мендегі жағдай, Африкадағы ши­е­леністер, ядролық қаруды таратпау, Сол­түстік Кореяның зымыран сынау әре­кет­тері, сондай-ақ, халықаралық террори­зм мен діни экстремизмге қарсы күрес се­кілді тақырыптарға бағытталды. 
Қазақстан өзі төрағалық ететін ҚК-нің үш комитетінің жұмысын жоғары дең­гейде ұйымдастыруда. Атап өтсек, олар: «Ислам мемлекетіне» (Қазақстанда тыйым салынған) қарсы күрес, Ауғанстанды қал­­пына келтіру және Сомали/Эрит­рея­­дағы жағдай жөндеріндегі комитет­тер. Осы комитеттерге қатысты жұ­мыс аясында Қауіпсіздік Кеңесінің бірнеше маңызды қарары дайындалып, қа­былданды. Бұлардың ішінде ҚК-нің Ау­ғанстандағы жағдайдың Орталық Азия мемлекеттерінің қауіпсіздігіне әсе­рін түйіндейтін №2344 қарары, экс­тремистердің мәдени мұра нысанда­рын күйретуіне қарсы күрес туралы №2347 қарары, лаңкестердің үгіт-на­сихат әрекеттеріне қарсы халықаралық ынтымақтастық туралы №2354 қарары жә­не Сомалидегі жағдайды қалпына кел­тіру туралы №2346 және №2355 қа­рар­лары бар.
Қазақстан өзін Қауіпсіздік Кеңесіндегі қызметінде бүкіл Орталық Азия өңірінің өкілі ретінде сезінуде. Сондықтан, БҰҰ ҚК әрекеттері жөнінде қазақстандық дип­ломаттар көршілес Орталық Азия мем­лекеттерінің өкілдерімен жиі және тұ­рақты түрде пікір алмасады. Осы орайда еліміздің БҰҰ-дағы Тұрақты өкілі Қайрат Омаров өзінің Орталық Азиядағы әріптестері үшін ай сайын арнайы брифинг өткізуде. 
Бүгінде қазақстандық дипломаттардың бейнеті көп еңбегін ерекше атап өту­ге ­тиіспіз. Олар еліміздің игілігіне ба­ғытталған ортақ міндетті орындауға қо­мақты үлестерін қосуда. Отандық дип­ло­маттардың еңбегі өз жемісін беріп, Қазақстан Республикасы өзінің БҰҰ Қау­іпсіздік Кеңесіндегі миссиясын одан әрі абыроймен жалғастыратынына еш кү­мән жоқ.

Жанболат ҮСЕНОВ,
Еуразиялық кеңестің халықаралық 
қатынастар жөніндегі директоры