Білім • 13 Шілде, 2017

Назарбаев Университетте оқу әр жастың аңсарына айналды

295 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Жаһандану заманының бәсекесі де, бәсі де терең білімге, қабілет-қарымға, ізденіске тәуелді болып тұр. Бұл жайлы қазақ баяғыда «Білімді мыңды жығады» деген. Заманауи білімнің бағыт-бағдарын Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев әр жылғы Жолдауларында нақтылап көрсетіп келеді. Соның нәтижесінде Отанымызда айтулы оқу орындары бой көтерді. Олар инновация үрдісін өрістету үстінде. «Қазақстанның Үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты биылғы Жолдауында Президент: «Жоғары білім беру жүйесі сапасына ерекше назар аударылады. Жоғары оқу орындарының кадрлық құрамына, материалдық-техникалық жабдықтау деңгейіне, білім беру бағдарламаларына қатысты бақылау мен талап күшейтілуі қажет», деп атап өткен еді. Қазір осы тапсырма негізінде жұмыс атқарылу үстінде.

Назарбаев Университетте оқу әр жастың аңсарына айналды

Бұл игілікті іске еліміз іргесін бекітіп, еңсесін тіктеген соң ашылған Назарбаев Университет те өз үлесін қосып келеді. Жоғары білім беруді әлемдік деңгейге көтеріп, оны ұлттық брендке айналдыру мақсатында ұйымдастырылған білім ордасын – бұл күндері Отанымыздағы жоғары дәрежелі білім мекемесі деуге толық болады. Ауқымды жұмыс атқарылып жатқанынан өз Отанымыз ғана емес, өзге жұрттар да хабардар. Мұндай заманауи университетте білім беріліп қана қоймайды, зерттеу жұмыстары да қатар жүргізіліп, теория мен тәжірибе ұштастырылып, ұшқыр уақыттың талабы тастүйін орындалуы басты мақсатқа айналған. Елдің өркен жайып, қуат қарымын нығайтуда, халқымыздың тұрмыс қарекетін оңалтуда ескі сүрлеуде қалып қоймай, жаңашылдықпен, нақтылай түссек, индустриялық инновациялық тәсіл­­мен жұмыс істеу дамудың даңғыл жолы­на бастайтыны түсінікті. Мұның бәрін өзге­лерден үйрене отырып, өз топыра­ғымызда бүр жарғызып, оны білім мен тәрбие ісінде жүйелі түрде ойластырсақ, ұтылмайтынымыз белгілі. 
Тәуелсіз елдің әлемдік деңгейдегі талап­­тарға жауап беретін жоғары оқу ор­нын өз мем­лекетімізден де ашу жөніндегі баста­маны Пре­зи­дент 2006 жылы көтеріп: «Біз­дің елор­дада бірегей академиялық ортаны қалып­тас­тыру үшін халықаралық деңгейдегі бедел­ді университет құру қажет», деген бола­­тын. Содан кейін университет құры­лы­сы басталып, қысқа мерзімде алып кешен бой көтерді. Сөйтіп, 2010 жылы Елба­сының қатысуымен университеттің ашылу рәсімі жоғары дәрежеде өтті. Сол салта­натта Астанамызда дүниежүзінде тең­десі жоқ, Қазақстандағы тұңғыш халық­­аралық университет ашылғанын айтып, «Енді Қазақстан жастарын «Бола­шақ» бағдарламасы бойынша инже­нер­­лік-техни­калық және медициналық маман­дық­тарға оқыту Назарбаев Универ­ситеттің мойнында болмақ. Себебі, жаңа оқу орнында әлемнің үздік профессорлары сабақ өткізетін болады. Бұл университетті бітіргендер бізде де, шет­елде де қолда­нылатын диплом алып шығады. Бұл – жақсы жаңалық, жастар осы­ған ұмты­лу­лары тиіс. Мен университетті менің атым­мен атауға келісім бердім. Сон­дық­­­тан, мені ұятқа қалдырмаңдар!», деген еді. 
Алғашқы жылдары университетте бала­малы энергетикалық зерттеулер, білім беру саясаты, өңір туралы ғылымдар орта­лығы ашылғанын айта кетейік. Кейін нарық заманына қажет маман­дықтар ашылып, оған талпын­ған жастар жүздеп емес, мыңдап саналды. Бұрын «Болашақ» бағдарламасы аясында бакалавр дайындау алыс-жақын шетелдерде іске асырылып келсе, енді Назарбаев Универ­ситетте әзір­леуге қол жетіп отыр. Бұл қыруар қаржы­ның үнем­делуіне мүмкіндік бер­ді. Әр жыл сайын талапкерлерге 500-700 ара­лы­ғында мемле­кеттік гранттар бөлініп, талант­ты жастар­дың тегін оқуына жол ашылғанын ерекше атап өтуге тиістіміз. 
Болашақ мамандар университет­тің 8 мек­­­­тебінде оқытылады. Жоғары биз­нес мек­­­тебі – бизнес басқару ма­гистрін; Жо­­ғары білім беру мектебі – білім беру ғы­­­лым­­­­дарының магистрін; білім беру ғы­­­лым­­­­дарының философия докторын (PhD); Жоғары мемлекеттік саясат мектебі – мемлекеттік саясат магистрін; Гумани­тарлық және әлеуметтік ғылымдар мектебі – антропология, тарих, әлем тілдері, әдебиет және мәдениет, саясаттану және халық­аралық қатынастар, әлеуметтану, экономика, Ғылым және технология мектебі – биология ғылымдары, информатика, математика, роботтехника және мехатроника, физика, химия; Инжене­рия мектебі – механикалық инженерия, химиялық инженерия, азаматтық құры­лыс, электроникалық және электрондық инженерия мамандықтарын дайындай­ды. Қазір осы мамандықтар бойынша дайындалған жас мамандар азат еліміз­дің өркениет жолына ұмтылысына білім біліктерімен өз үлестерін қоса бастағанын айрықша атап өтуге болады. 
Осы арада Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың: «Жаңа университетті жасау – бұл қазақстандықтардың көбінің, біздің мемлекетіміздің дамуына ғалам­дық жүйе құрушы ықпал жасайтын ма­ңыз­ды ұлттық жоба. Астананың жаңа ун­и­вер­­ситеті ғылыми тәжірибені, ең мық­ты халық­аралық білім беру моделін, қазақ­­стан­дық ұқсастықты ұштастыратын ұлттық бренд ретінде жасалуы керек. Әріп­тестер ғылы­ми бағдарламаны, біздің оқыту­шы­лар­дың сапасын бақылау жүйесін қалып­тастыру бойынша көмек көрсетуі тиіс. Уни­вер­ситеттің мамандықтарын эконо­мика­ның басымдығына қарай анықтау керек. Қазақ­станда дамып жатқан салалар үшін мықты инженерлік кадрларын дайын­дауы тиіс. Бірқатар мамандықтар жаңа бағыттардың ғылыми кадрларын дайын­дауға бағытталуы тиіс, ол генетика, биохимия, биофизика. Бұл үшін университеттің әр сту­дентіне болашақ мансабын нақты көз алдына елестетуі қажет», деген байламы ойға оралады. Осы сөздердің астарына үңілер болсақ, университеттің қадамын аша келіп, алдағы уақытта өзгенің жетегінде кете бермей, олардан үйрене отырып, өз бағытымызды анықтау абыройын меңзеп отыр. Бұл осы күндері бірте-бірте шешімін тауып, заманға сай маман дайындау іске асырылу үстінде. 
Аз уақыттың ішінде ел жастарының аңсарына, ата-аналардың мақсатын ұштау­ға негіз қалаған Назарбаев Университет балапандай баулып, қыран қанат етіп шығарған түлектерін үш жылдан бері үздіксіз ұшырып келеді. Оқу орнын бітірген азаматтарға диплом тапсыру рәсіміне қатысуды Елбасы дәстүрге айналдырып, өзінің артқан сеніміне селкеу түсірмеген жастарға ағынан жарылып сәт-сапар тілеп келе жатқаны да белгілі. Биылғы салтанатта Мемлекет басшысы университеттің жеті жылдағы жетістігіне көңілі толатынын атап айтып, білім стратегиясын жетілдіре беруді тапсырды. 
Он жылға жетпеген уақыт ішінде, яғни, 2015 жылы – 446 түлек бітірсе, 2016 жылы – 622 жоғары дәрежелі мамандық иелерінің 444 – бакалавр, 178 – магистр, ал 2017 жылы диплом алғандардың 437 – бакалавр, 229 – магистр, 9 доктор (PhD) екен. 
Бүгінгі жаһандану заманында бес жыл оқып игерген мамандықтың қызығын бес жыл емін-еркін көру қиынға соғып барады. Үздіксіз білім алу идеясы осыдан туындауда. Сондықтан да, күн сайын болмаса да ертеңің үшін ай сайын мамандығыңды жетілдіріп отырмасаң өмір көшіне ілесуің екіталай. Бұл мәселені Назарбаев Университет жан-жақты ойластырған. Оның бір дәлелі, дәуір талабына қарай, яғни, техника мен тех­но­логияның бүгінін ғана емес, келе­шегі­не қажет мамандық дайындауға ерекше көңіл бөліп келеді. Бұл істе білім ордасы әлем­дегі 518 халықаралық ұйыммен терең бай­ланыс орнатқан. Ғылымның жаңа тех­но­логиялары бойынша білімдар 458 оқыту­шы мен зерттеушіні тартып, меке­ме­дегі жетістіктерді халықаралық басылым­дарда жариялап отыруды іске асырып келеді. 
Назарбаев Университет − Қазақ елінің отбасында білім алып, тәрбие үйренген таланттарға халықаралық деңгейдегі жоғары білім беруді, қайталап айтсақ, тегін атқару үрдісін қалыптастырған бірден-бір білім ордасы. Студенттерге барлық жағ­дай жасалған. Олардың оқу үлгісі де көп жағдайда бұрынғы сарынға келе бер­мейді, жаңаша қалыптасқан. Білім ғылым­мен ұштас жүргізіліп – екеуінің де сапа­сы жоғары болуы қатты қадағалана­ды. Содан да болу керек, университеттегі оқу­­ды халықаралық ұйымдар мойындап, сарап­­шылар өркениетті елдердегі белді оқу орын­дарының қатарына қосқанынан хабар­дармыз. Осы жетістік аталмыш оқу ордасының ұлттық брендке қарай бет ал­ғанын көрсетеді. Ал университетті бітір­ген­дердің таңдаған мамандығына сай жұмысқа орналасатынын көріп отырмыз. Тіпті, түлектерге сұраныстың жыл сайын артып келе жатқаны анық байқалады. 
Қазір университетте тиянақты бағдар­ламалар бойынша жұмыс жүргізу жақсы жолға қойылған. Мысалы, биыл қаржы, қолданбалы математика, молекулярлы медицина, тау-кен ісі бойынша магистр дайындау жүзеге асырылмақ. Ол бойынша талапкерлер IELTS және TOEFL, GRE тәсілі бойынша сынақ тапсыру керек. 
Сонымен, Назарбаев Университеттегі жетістіктер уақыт өте еліміздің өзге жоғары оқу орындарында да жүзеге асады. Соның ізашары мақалаға арқау болып отырған білім ордасы екені мәлім. Биылғы мектеп түлектерінің арасында да бұл университетте оқуға талаптанушылардың аз емес екені рас. Ендігі жерде олар пәндер бойынша алған білімімен бірге, ағылшын тіліне жетік болып жатса, үміті ақталмай қоймайды.

Сүлеймен МӘМЕТ,
«Егемен Қазақстан»