13 Шілде, 2017

Алатаудан асқан жәдігерлер

367 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Астанада өтіп жатқан ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесі аясында Алматы облыстық М.Тынышпаев атындағы тарихи өлкетану музейінің «Туған өлке – тұнған тарих» атты көрмесі елордадағы Әскери-тарихи мұражай залында көпшілік көрерменге ұсынылды.

Алатаудан асқан жәдігерлер

Көрме залынан біздің көзге әуелі ұшыраған дүние – Балпық бидің дулығасы. Дулыға сом темірден бітеу құйылыпты. Төбесі үйшіктеліп, төрт жағынан төмен қарай өзектелген сырма білеу дулығаның кепешті жиегіне бекітілген. Жәдігердің иесі Балпық би атамыз осыдан 300 жылдай уақыт бұрын өмір сүрген көшелі тұлға. Әрі би, әрі шешен, қол баста­ған батыр. ХVІІ ғасырдың басын­да Ескелді би, Қабан ақын, Орақ батыр­лармен бірге жоңғардан боса­ған Жетісу өлкесіне ел қондырған қайраткер. 
Екінші бір көзтартарлық дүние – ғалым Шоқан Уәлихановтың атақты Қашқар сапары кезінде қолданған – парша белбеуі. Бұл жәдігер жайлы «Алтынемел» мемлекеттік мемориалды музейінің басшысы Сәуле Әбішеваның айтуына қарағанда, белбеу 1985 жылға дейін Алматыдағы Мемлекеттік Орталық музей қорында сақталып келген. Арғы жағы беймәлім. 1985 жылы «Алтынемел» музейі ашылғанда осында әкеліп табысталған. Бұдан басқа 1859 жылы Қашқария сапарынан оралған Шоқанға патша тарапынан берілген «ІV Дәрежелі қасиетті әулие Владимир орденінің» көшірмесі және алақанға сыйып кететін шап-шағын ХVІІ ғасырда жасалып, төтенше барлаушыларға арналған жеңмылтықты да көруге болады.
Қазақ тарихындағы ақтаңдақтар­дың бірі – 1916 жылғы ұлт-азаттық қозға­лыс. Осы көтеріліс ошақтары­ның бірі – Жеті­су өл­ке­сі-тін. Мұн­дағы көтері­ліс көсем­дері­нің бірі – Ұзақ батыр Саурық­ұлы. Батыр­дың әкесі Саурық та ел-жерін жоңғар-қал­мақ­­тардан қорғаған адам. Ұзақ батыр мен Жәмеңке Мәмбетұлы 1916 жылы жаз­да Қарқара жайлауында халық­ты жи­нап, майданның қара жұмы­сына адам бер­меуге бәтуаласады. Бұл жерді халық кейін «Ереуілтөбе» атап кет­кен. Көрмеден осы ба­тыр атамыздың шоқ­пары әкелініпті. Шоқ­пар емен ағаштан жаса­лып, сабында шы­ғыр­шық өткізетін тесігі бар, доғал ба­сы төрт тілініп, білеуленген қысқа сойыл пішіндес екен. 
Бұлардан басқа Жамбыл атамыз­ға арнап 1932 жылы тіктірілген жұқа шапан мен жыр алыбының өзі ұстаған домбырасы, Есік қорғанынан табылған «Алтын адам» және оның әшекей бұйымдарының көшірмесі көрмені тамашалаушылардың көз сусынын қандырды. 

Бекен Қайратұлы,
Фото: Орынбай БАЛМҰРАТ,

«Егемен Қазақстан»
Суретте:  Жам­был Жабаевтың шапаны мен домбырасы.