ЭКСПО-2017 • 14 Шілде, 2017

Тартылған инвестиция ел бизнесін ілгерілетеді

146 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Инвестициялар және даму министрлігінің құрамына кіретін, шетелдік инвесторларды тартумен айналысатын «Kazakh Invest» ұлттық операторының жұмыс істей бастағанына осы аптада жүз күн болды. Осыған орай, компания басшылығы атқарған жұмыстарын қорытындылап, баспасөз мәслихатын өткізді.

Тартылған инвестиция ел бизнесін ілгерілетеді

Жиында ұлттық компанияның бас­қарма төрағасы Мақсат Қабашев есепті мер­зім ішінде шетелдік инвесторлармен бизнес-жобаларды ашу бойынша 90 кездесу ұйымдастырылғанын мә­лімдеді. «Кездесулердің дені Қазақ­стан экономикасының машина жасау, фар­мацевтика, химия, мұнай-химия, аг­ро­өнеркәсіп, металлургия, өңдеу өнер­кәсібі сияқты басым салаларына инвестиция тартуға бағытталды. Шетелдік компаниялармен 22 ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылды. Амери­ка­лық, британиялық, неміс, испан, қытай және түрік инвесторлары Қазақстанда өз бизнестерін жүргізуге қызығушылық білдірді», дейді ол. М.Қабашевтің айтуынша, 2017-2018 жылдары құны 7,7 млрд АҚШ долларын құрайтын 16 инвестициялық жобаны іске асыру жос­парланып отыр. Сондай-ақ, шет­елдік инвес­торларды тарту ғана емес, өңір­лердегі инвесторларды қолдау бойынша да жұмыстар атқарылған.

Компанияның шетелдік өкілдері АҚШ, Қытай, Түркия, Канада, Бразилия, Мексика сынды мемлекеттердің әлеуетті инвесторларымен 160-тан ас­там кездесулер мен келіссөздер жүр­гізген. Қазақстанға америкалық, түрік және қытай трансұлттық компа­ниялары өкілдерінің сапарлары ұйым­дас­тырылған. «Солардың бір нәтижесі, жа­қында Қазақстанда түрік биз­несі жобаларының іске қосылуы жос­парлануда. Мұнда тартылатын ин­вес­­тициялардың көлемі шамамен 36 млн долларды құраса, болашақта 300-ге жуық жұмыс орны ашылады», деді «Kazakh Invest» өкілі. Ол жыл соңына дейін 6 реинвестициялық жобалар іске қосылатынын айтып, өңірлерде де инвесторларды қолдау бойынша айтарлықтай жұмыстар атқарылғанын жеткізді. 1 сәуір мен 11 шілде аралығында компанияның өңірлік бөлімімен 115 кездесу өтіп, ин­вес­торлардың 74 мәселесі қаралған. Оның ішінде визалық қолдау, лицензиялар алу мерзімдерін оңтайландыру, сертификат ресімдеу, ШЖК тарту, өнімді өткізу, кедендік преференциялар, жер телімін ресімдеу, газдандыру, инфрақұрылым сияқты 22 мәселе оң шешімін тауыпты. Қазіргі таңда тағы 52 мәселе жұмыс үстінде көрінеді.

«Қазақстандық экспортты сүйе­мел­деу, ілгерілету және дамыту саласында қазақстандық бизнестің қатысуымен 146 жергілікті, 600 шетелдік компания-
ны қамтитын 10 елде 16 экспорттық шара өтті. Қол қойылған экспорттық келісімшарттар құны 95,4 млн долларын құрады», деді М.Қабашев.

«Адал адамдар елінің» мерекесі

ЭКСПО-2017 қалашығындағы ұлттық мерекелер легі жалғасуда. Күні кеше Африкадағы Буркина-Фасо мемлекеті төл күндерін атап өтті. Өздерін «адал адамдар елі» деп әспеттейтін олардың мерекесінде екі елдің туы көтеріліп, әнұраны шырқалды.

Халықаралық көрмеге ке­лу­шілер Африка плаза павиль­онын аралап, Буркина-Фасо елін­де қолданылатын баламалы қуат көздерімен танысты. Сон­дай-ақ, павильон алдына жи­ылған кө­рермен-қауым аф­ри­калық өнер­паздардың кон­це­ртін тамаша­лады.

Мемлекеттен келген деле­га­цияның жетекшісі Исса Бенджамин Багуян шараның ресми бөлімінде сөз сөйлеп, Қазақстан басшылығына шексіз алғысын жеткізді. «Осындай ауқымды халықаралық көрмеге қатысып жатқан Буркина-Фасо елі үшін бұл – үлкен мүмкіндік. Баламалы қуат көздерінен біз күн энергиясын жиі пайдаланамыз. 2030 жылға дейін елдегі күн стансаларын көбейтуді жоспарлап отырмыз. Оған техникалық жобалар да дайын. Инвестиция тарту мақсатында елде кәсіп жүр­гізу жағдайын жеңілдеттік», деді ол.

Буркина-Фасо елінде ба­ла­ма­­лы қуат көздері қата­рын­да күн энергиясы мен биомасса қал­дықтары жиі қол­да­ны­ла­ды. Африканың батысын­да ор­наласқан мемлекет Қазақ­стан­ға географиялық орналасу және халқының саны жағынан ұқсас бо­лып келеді. Бұрын Жоғары Вольта Республикасы атанған ел 1984 жылы атауын Буркина-Фасо деп өзгерткен. Павильонда мақтаның көп кездесуі бұл елдің Африка құрлығында мақта өндіруден ал­ғашқы орында екенінен хабар береді.

Халқының 90 пайызы ауыл ша­руашылығымен айналысатын Буркина-Фасо елінің павильонына қызығушылық танытып, сол елден әкелінген базарлықтарды сатып алып жатқандар жетерлік. Шара кезінде осы елден келген өнерпаздар жиналған жұртты өзгеше өнерлерімен тәнті етті.

Топтаманы дайындаған

Асхат РАЙҚҰЛ,
«Егемен Қазақстан»

Суреттерді түсірген

Ерлан Омаров,
«Егемен Қазақстан»