Аймақтар • 14 Шілде, 2017

Достықты дәріптеген, туысты бауыр еткен Сабантой

371 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Қостанайда татар халқының халықаралық «Қостанай – Қазан – Са­бан­той-2017» атты Сабантой мерекесі дүбірлеп өтті. Тегі бір, түркітілдес қос ха­лықтың туыстық, достық тарихы тереңге кетеді. Бүгінгі жаһандық бә­се­ке­ге қабілеттілікті талап етіп отырған нарық, тағы сол жаһандану иіріміне қар­­сы тұру үшін тіл, дәстүр мен мәдениетті сақтау туысқан халықтарға тізе қо­­сып әрекет етуді меңзейді.

Достықты дәріптеген,  туысты бауыр еткен Сабантой

Сабантой мерекесіне қатысу үшін Қостанайға Татарстан Республикасының пр­е­зиденті Рустам Минниханов келді. Мәр­тебелі қонақтың Қостанайдағы күм­безді залда Қазақстанның барлық об­лыстарынан келген татар-башқұрт ди­аспорасының, жергілікті этномәдени ор­та­­­лық­тар мен зиялы қауым, жұртшылық өкіл­дерімен кездесуі болды.

Кездесуде об­лыс әкімі Архимед Мұхамбетов:

– Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың са­р­абдал ұлттық саясаты мен қазақ пен қа­зақстандықтардың даналыққа суарылған то­леранттылығы арқасында елімізде ке­лі­сім мен татулық сақталды, – деді.

Қазақ жерін өзінің кіші отанына, құт ме­кеніне айналдырған туыс халықтардың бі­рі – татар мен башқұрт. Бүгінде Қостанай облысын 16 мың татар, 4 мыңдай башқұрт жайлап отыр. Республикада олардың саны 500 мыңдай болады. Бұл саны жағынан республикадағы ұлт пен ұлыстар арасында бесінші орын алады деген сөз. Олардың тілін, өнерін, дәстүрін, дінін сақтау үшін қа­жетті бүкіл жағдай жасалғанына бар­лы­ғы да куә.

– Қазіргідей ырғағы тым жылдам жа­һан­­дану заманында қай ұлтқа да тілін, дәс­­түрін, мәдени мұралары мен дінін сақ­тау оңайға түспейді. Оның өзектілігімен Та­тарстанда да бетпе-бет келіп отырмыз. Сон­дықтан Қазақстанда жүзеге асып жат­қан істер ерекше құрметке, алғысқа ие дер едім, – деді Татарстан президенті Рус­там Минниханов. Ол, сонымен қатар, Қа­зақстанның экономикалық дамуына, әлем алпауыттарын мойындатып келе жат­қанына тәнті екенін, халықаралық ЭКСПО-2017 көрмесін өткізуді жеңіп алуының өзі осы сөзінің куәсі, үлкен жетістік екенін жеткізді.

Басқосуда сөз алған Қазақстан татар-башқұрт конгресінің төрағасы Тауфик Кәрімов елімізде Татарстан мен Қазақстан арасындағы жаңа деңгейге көтерілген эко­номикалық, мәдени және қарапайым адами байланыстар туысқан екі халық дос­тығының нығая беруіне қызмет ете­тінін айтты. Сонымен қатар, елімізде ин­те­грациялық байланысты дамыту мақ­са­тында және тұрғындар өтінішін ескере келе «Қазақстан темір жолы» акционерлік қоғамының басшылығына жасаған «Астана-Қазан» бағытында вагон тіркеу туралы өтінішін қажет болған жағдайда Татарстан президентінің қолдауын өтінді. Қазақ пен татар халқының мәдени, тіпті рухани байланысы тұтас бір тарих десе артық емес. Белгілі кәсіпкер-меценаттар, Мұхаметжан Сералин шығарған «Айқап» журналының қаржылық жағын көтерген ағайынды Яушевтардың пассажы Қостанай қаласының орталығында бүгінге дейін тұр.

Тауфик Кәрімов те, Қостанай облыстық татар-башқұрт этномәдени бірлестігінің жетекшісі Ринат Бектемісов те облыс орталығындағы Марал ишан атындағы мешіттің тарихи қалпының сақталуына ықпал көрсетілуін өтінді. Қостанайдағы ірге тепкеніне 120 жылдан асқан мешіт қазақ пен татар халықтары арасындағы рухани байланыстың, түбі бір туыстықтың нағыз тарихи көрінісі болып табылады. Көнекөз қариялар жеткізген тарихи деректер бойынша, сәулетті мешітті Тобыл бой­ындағы қазақтардың жинап берген қаржысына Яушевтар Қазан қаласынан шебер шақырып салдырған екен. Осы сал­танатты басқосуда облыс әкімі Архимед Мұхамбетов көпшілікке тарихи ғи­ма­раттың республикалық мұсылмандар бас­қар­масының балансында екенін, қазір оны ком­муналдық меншікке көшіру жөніндегі жұ­мыстар жүріп жатқанын, осыдан кейін жөн­деу жұмыстарына, одан әрі ұстауға қар­жы бөлінетіндігін айтты.

Мұнан кейін Татарстан президенті Рустам Минниханов AllurGroup тобына енетін «СарыарқаАвтоПром» машина жасау зауытында болды. Онда татарстандық қонақтарға осындағы машина құрастыру желілері, конвейерден шығып жатқан бренд – JAC IEV6S электромобилі көрсетілді. Электромобильге отырып, «сынап» көр­ген­нен кейін өзі кәсіби автошабандоз, спорт шебері, спорттың осы түрінен Ресей және Еуропа жарыс­та­­рының жүлдегері Рустам Нұрғалиұлы оған жоғары баға берді. За­ма­науи кө­лік­­тің жылдамдығын және жеңіл бас­қа­ры­ла­тынын айтты. Сонымен қатар, зауыттың қу­атына, кеңдігіне, жоғары технологиялар­мен жабдықталғанына, электромобиль өн­дірісін игергеніне ризалығын жеткізді.

Кездесуде AllurGroup директорлар кеңесінің төрағасы Андрей Лаврентьев Рустам Минниханов арқылы Татарстан автомотоспорт федерациясының пайдалануына бір JAC IEV6S электромобилін сыйға тартты. Татарстан президенті мен AllurGroup тобының өкілдері автомобиль зауыттарының және машина жасау клас­те­рінің базалық негізі бар Татарстан Рес­пуб­ликасы мен қазақстандық автомобиль өнеркәсібі осы салада әріптес болуға, тізе қосып жұмыс істеуге дайын екендіктерін білдірді.

Сабантой мерекесі Тобыл жағасында орналасқан Қазақстан Тәуелсіздігінің 25 жылдығы атындағы демалыс саябағында жалғасын тапты. Сабантой – тек татар халқының ғана емес, Қазақстанды жай­ла­ған, Қостанайды құт мекенім деп білген бар­шаның мерекесі екеніне куә етті, жи­налған жұртта есеп болған жоқ.

Қазақ жеріндегі ұйыған бірлік, та­тулық, даму осында тұрып жатқан татар хал­қының өкілдерінен білінеді. Елбасы Нұр­сұлтан Назарбаевтың кемел саясатының ар­қасында менің қандастарым Қазақстанда еш­нәрседен кенде болып отырған жоқ. Тілін де, дінін де, дәстүрін де сақтауға тамаша мүмкіндік алған. Қос халықтың тарихы бүгінде олардың игілігіне айналған. Қазақ топырағы татар халқына Назип Жиғанов, Латиф Хамиди секілді композиторларды берді. Ақын Ғабдолла Тоқай Татарстанда туғанмен, қазақ жерінде ақын болып қалыптасты. Біз Қазаннан, Қа­зақстанның барлық шалғайынан та­тар-башқұрт бауырларды шақырып, осы халықтық мерекені өткізіп отырған Қос­танай облысының басшылығына ал­ғысымды айтамыз, – деді Дүниежүзілік та­тарлар конгресі атқару комитетінің тө­рағасы, Татарстан мемлекеттік кеңесінің депутаты Ринат Зәкіров.

 Тобыл жағасынан орын тепкен «қазақ ауылында» Татарстан делегациясына қазақ халқының салт-дәстүрлері көрсетілді. Қостанай облыстық филармониясының өнерпаздары мен Татарстаннан келген «Ақеділ» ән-би ансамблі Тобыл жағасын ән мен күйге бөледі. Сонымен қатар, Ах­таныш ауданы дайындап әкелген «татар ауылынан» қостанайлықтар татар халқының дәстүр-салтына, өнеріне қанық болды. «Қазақ ауылында» татарларды домбыраны сөйлеткен әнші-жыршылар қарсы алса, «татар ауылында» татар әуендерін төккен гармонь сандуғаштай сайрады.

– Татарстан мен Қостанай облысы экономикалық, мәдени байланыс орнатты. Татарстан қай сала болсын даму жағынан Ресей аймақтарының ішінде көш бастап келеді. Осыдан бір жыл бұрын Рустам Нұрғалиұлы біздің Елбасымызбен кездескенде, Нұрсұлтан Әбішұлы «Ресеймен қалай болсақ, Татарстанмен де сондай жа­қын, жылы қарым-қатынастамыз. Татар мен қазақ халқын тарихымыз, тіліміз, салт-дәстүріміз байланыстырады» деген бо­латын. Біз бүгін екі жақты келісімдер жа­садық, бірқатар кәсіпорында болдық, екі ел аймақтарының ынтымақтаса жұмыс істеуін сөз еттік, – деді облыс әкімі Архимед Мұхамбетов.

Сабантой қызығы күні бойы жалғасты. Татар-башқұрт халықтарының ұлттық ойындары көрсетілді. Татарлардың ұлттық спорты корэштан жарыста түйе палуан атанған қостанайлық Ержан Қабибуллинге Татарстан президенті Рустам Минниханов өз қолынан темір тұлпардың кілтін ұстатты. Сән-салтанаты барынша әсем сабантой алысты жақын, туысты бауыр еткендей, достықтың жібін ширата түскендей болды.

Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА,
«Егемен Қазақстан»

ҚОСТАНАЙ