Қазақстан • 14 Шілде, 2017

Құнды қазына қоры

663 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Кеше Астана төрінде орналасқан Қолжазбалар және сирек кітаптар ұлттық орталығында «Ұлт мұрасы – ұрпақ қазынасы» атты көрме ұйымдастырылды.

Құнды қазына қоры

Аталмыш орталық осыдан бір апта бұрын ашылған болатын. Қазіргі таңда бұл мекеменің қорына байырғы рухани қазына көзі – 468 нысан топтастырылса, оның 108-і көне қолжазбалар да, қалған 306-сы сирек кездесетін ескі кі­­таптар көрінеді. Сондай-ақ, кей­­бір құнды дүниелер есепті дискіге жинақталыпты.

Ескі кітаптар негізінен ХVІІ-ХІХ ғасырлар туындысы. Көбі араб, парсы тілдерінде шағатай жазуымен жазылған. Тіпті, қытай иероглифтерімен таңбаланған бірен-сарын дүниелер де тұр. Сондай-ақ, төте жазу, латын әліпбиімен жарық көрген ХХ ғасыр басын­да­ғы туындылар да бар.

Атап айтсақ, ХІХ ғасырдың басы 1831 жылы Қазан қа­­ла­сында жарық көрген пар­сы ақыны Фердаусидің «Шах­намасы», 1895 жылы жа­рық көрген «Араб-түрік сөз­­дігі», хиж­раның 1364 (1894) жы­лы жазылған авторы бел­гісіз Мұхаммед пай­ғам­бар­дың өмірбаяны туралы қол­жазба, 1904 жылы Қазан қаласында тасқа басылған Қожа Ахмет Ясауидың «Диуани хикметі», Шамсидин Мұхамед әл-Хора­са­нидың 1905 жылы шық­қан «Әбу Ха­ни­фа мәс­ха­бының фиқһ мә­се­лелері» атты шариғи ту­ындысы, шағатай тілінде жазылып 1911 жылы жарық көрген «Исламның құқық мәселелері» қатарлы құнды қазыналар топтастырылған.

Сонымен қатар, пат­ша­лық Ресей тарихшысы, тү­рік­­танушы, орыс геогра­фия қоғамының негізін қа­ла­у­­шылардың бірі Алексей Ираклиевич Левшиннің 1832 жылы орыс тілінде жазылған «Опи­сание киргиз-казачьих или киргиз-кайсацких гор и степей» атты қазақ тарихына қатысты туындысының 1932 жылы Санкт-Петербургте жарық көрген жаңарған нұс­қасы тұр мұнда. Бұдан басқа 1938 жылы латын әрпімен ба­­сылған әдебиеттанушы ға­­лым Қ.Жұмалиевтің «Ә­де­би­ет теориясы» және ақын Кә­рібай Таңатаровтың Шың­жаң өлкесінен әкелінген қол­жазбасы қатарлы дүние­лер­ді көруге болады.

Көрмені көпшілік көрер­мен­дермен қатар Швецияның Қазақстандағы төтенше және өкі­летті елшісі Христиан Камилл мырза бастаған елшілік қыз­меткерлері тамашалап, олар шараны ұйымдастырған мекеме басшыларына алғысын білдірді.

Бекен Қайратұлы,
«Егемен Қазақстан»

Суреттерді түсірген

Орынбай БАЛМҰРАТ,
«Егемен Қазақстан»