Медицина • 14 Шілде, 2017

Француз фотографының объективіндегі Астана

348 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Астанадағы «Has sanat» өнер галереясында танымал француз фотографы Луик Лагардтың «Париж – Астана» атты фотокөрмесі ашылды.

Француз фотографының объективіндегі Астана

Архитектуралық нысандарды түсіруге машықтанған фотограф бұл жолы екі астананың сәулетті нысандары арқылы параллельді байланыстарын ерекшеледі. Көрмеде автормен жолығудың сәті түсіп, әңгімеге тарттық. «Фотография – қасқағым сәтте өте шығатын өміріміздің әр сәтін естелікке айналдырудың тамаша жолы», дейді ол. Айтпақшы, француз жігіттің негізгі мамандығы инженер-электротехник. Сұлулық пен әсемдікке ұмтылысы мен фото өнерге деген құштарлығы Луикті саяхатшы фотограф етті. Қазіргі күні фотограф-туристің әлеуметтік желілердегі оқырмандарының саны 250 мыңнан асып жығылады. Оның Instagram парақшасында ілінген бәйтерек монументі алаңының фотосуреті оқырмандар арасында ерекше таңданыс туғызып, «таңғажайып, көрікті жер» деген сипатта пікірлер жазып қалдырған.

– Қазақстанға қош келдіңіз, Луик мырза! ЭКСПО-2017 көрмесіне арнайы  келген екенсіз. Әсеріңіз қалай?

 – Париж бен Астананың ортақ тұсы көп. Лувр пирамидасы мен ЭКСПО сферасы, Париж шіркеуі мен Астананың бас мешітінің кеңістігі ұқсас әрі жоғарғы, төменгі ракурста түсіруге өте ыңғайлы. Байқасаңыздар, менің жұмыстарымда жарық тоны басым келеді. Барлық павильонды аралап шығуға үлгермедім. Дегенмен Қазақстан павильоны өзіндік сәулетімен бірден арбап алды. Үлкендігі сонша ішінде адасып қалуға болатындай. Бір байқағаным үлкен елдердің павильондары қызықсыз болып жатса, керісінше кішкентай елдердің алаңындағы тақырыптар әлдеқайда мағыналы болып шығып жатыр.

– Сіздің фото жинағыңыздан бір байқағанымыз Эйфель мұнарасының сан қырлы бейнесі әр тараптан түсіріліпті. Бірде көктемнің гүлімен көмкерілсе, бірде жыпырлаған ғимараттардың арасынан жалғыз өзі  мұнартады. Эйфель мұнарасына деген ынтықтығыңыздың себебін білуге бола ма?

– Францияда дәл осы мұнараның қасында тұрамын. Эйфель мұнарасын мен ғана емес, барлығы жақсы көреді. Париждіктерден гөрі Франциядан алыста өмір сүретіндер, ешқашан Парижде болып көрмегендер осы мұнараны көруге ынтығады. Париж туралы армандайды. Қолымнан келетіні зәулім мұнараны фотоға түсіріп, көпшілікпен бөлісу.

– Мына ілініп тұрған суреттің тарихын айтып бере аласыз ба? Мұнда судың ортасында қалған Эйфель мұнарасы жалғызсырап тұрғандай.

– Бұл тура бір жыл бұрын түсірілген  сурет. Сена өзені тасып, Париж көшелері судың астында қалған болатын. Осыдан 100 жыл бұрын 1910 жылы қыста дәл осылай Сена арнасынан асып, тасыған болатын. Елді беймаза күйге түсірген оқиға, ал суретте Париж көшелері тыныштықта мүлгіп тұрғандай әсер қалдырады.

– Қазақстаннан өзге қанша елге саяхаттадыңыз?

– Қазірге дейін 60-қа жуық елде болдым. Мысалы, елдің архитектуралық әсемдігімен толық танысу үшін Жапонияға 8 рет бардым. Қазақстанға әлі де жолым түсетіні сөзсіз. Тамаша ландшафтымен көз тартады. Алдағы екі-үш күндікте баратын жерлердің тізімін жасамақпын. Парижге жеткен соң осында түсірілген фотоларды  жинақтап,  көпшілік назарына ұсынатын боламын. Менің әлеуметтік желідегі оқырмандарымның дені Батыс Еуропа мен АҚШ елдерінен. Оқырмандарыма Астананың көркемдігін, Қазақстанның нағыз саяхаттайтын жер екенін көрсеткім келеді.

– Сіздің қоржыныңызда әдетте қандай құрал-жабдықтар болады?

– Саяхатқа арналған аэродинамикалық функциясымен ерекшеленетін арнаулы камерам бар. Деректерді сақтау қызметі бойынша түрлі мүмкіндікке ие. Өзіммен бірге үнемі кеңбұрышты объектив (Canon EOS 5D Mark III (Full Frame DSLR) пен ультра линзамды (Canon EF 11-24mmf/4L (Ultra Wide Angle) тастамай алып жүремін.

– Кезекті фотоны түсірерде қандай қиыншылықтарға тап болып жатасыз?

– Жарықтың дұрыс болмауы – мені үнемі алаңдататын дүние. Фото өңдейтін бағдарламаларды қолданбайтын болғандықтан, фототуындыларыма жарықтың әсері өте маңызды. Жарық дұрыс болмаса қатарынан бірнеше күн фото түсіруге бармай кететін кездерім болады. Болмаса фотоаппарат жабдықтарын бірнеше тәулік бойы арқалап, тау мен тасты басып өту оңайға түспейді. Одан бөлек эмоционалды тұрғыда қиындықтар болуы мүмкін. Камбоджа, я Индияның шет аудандарындағы кедейшіліктің қамытындағы адамдардың ауыр тұрмысына жолығу жүрегіңді ауыртады.

– Саяхатшы фотограф болғысы келетін жастарға айтар кеңесіңіз қандай?

– Үйрену үшін міндетті түрде қателіктерді бастан кешіру керек. Шеберханамнан 10 мың шақырым жердегі фотоны түсіруде жіберген қателігімді қайталамас үшін барымды саламын. Шеберлік тәжірибеде жіберетін қателіктер арқылы шыңдалады. Ең алдымен төзім керек. Екінші, айналаңда болып жатқан оқиғаларға мұқияттылық қажет. Фотоны мейілінше көп түсіріп, ең ұнамды, таңдаулы суретті ұсыну маңызды.

– «Картина құдыреті мың сөзге татиды» деген тәмсілмен келісесіз бе?

– Фотосурет әдемілігі ғасырдан ғасырға жалғасады. Былайша айтқанда сол сәтке қайта оралуға мүмкіндік беретін уақыт мәшинесі деуге болады. Дегенмен сөз құдыреті одан да асып түсуі ғажап емес.

– Әңгімеңізге рахмет!

 

Ая ӨМІРТАЙ,

Суреттерді түсірген Орынбай Балмұрат,

«Егемен Қазақстан»