Қазақстан • 18 Шілде, 2017

Ұлытаудағы ұлағатты істер

545 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Тойбастар. Жуырда ұлт ұясы – Ұлытау ауданының Сарлық ауылына қарасты Кененбай көлінің жағасында дәстүрлі «Ұлытау қымызы» этнофестивалі өтті. Игілік­ті іс-шара биыл тұңғыш рет халық­аралық фестиваль дә­ре­же­сінде дәріптелді. Яғни, ЭКСПО-2017 халықаралық ма­ман­дандырылған көрмесімен оңтайлы орайласқан шара ЮНЕСКО және ИСЕСКО істері бойынша ұлттық комиссияның басшылығымен «Терісаққан көктемі» этнофестивалі бағдарла­масы аясында өтті.

Ұлытаудағы ұлағатты істер

Көшпелі жұрттың көне дәс­түрін дүйім дүниеге дәріп­теген бірегей фестивальды  аудан әкім­дігі қолдап, «Ұлытау» ұлттық тари­хи-мәдени және табиғи қорық­-­­мұражайы ұйым­дас­тырды. Шараға ЮНЕСКО өкілде­рінен бөлек, елорда мен Алматыдан танымал турис­тік агенттіктердің басшыла­ры, қолөнер шеберлері, сондай-ақ, Ресей мен Балтық жа­ғалауы елдерінен келген турис-тер қатысты. Келген қонақтар Ұлы Дала төсін мыңжылдықтар бойы мекен етіп келе жатқан суперэтнос – қазақ халқының озық мәдениетімен Ұлытау төрінде танысып, отандық қолөнер шеберлерінің жасыл-жақұттарына таңдай қақты. Сондай-ақ, қазақтың ұлттық тағамдарының дәмін татқан өзге ұлт өкілдері мәңгілік ел мұрагерлеріне еріксіз бастарын иіп, бағаларын бас бармақпен берді.

Этномәдени фестиваль болған соң, әрине, оның шеңберінде жылқы жалында өскен бекзат ұлттың ат өнерімен байланыс-ты әртүрлі мәдени шараларынсыз сатырлаған жиынның салтанаты жараса ма!.. Сондай-ақ, бие байлау, қымызмұрындық, жақ тарту, найза лақтыру ғұ­рып­­тарының аксиологиялық қызметін көрсету – көпшіліктің көңілінің қалауы болатын. Оның сыртында шетелдік меймандарға ыдыс-аяқтар көрмесін, әртүрлі қолөнер бойынша шеберлік сыныптарын, қымыз әзірлеу әдісін көрсету де басты мақсаттардың бірі болды. Бәрін айт та бірін айт, ең қызығы дәстүрлі доданың биылғы ерекшелігі – мешкейлер сайысы мен әйелдер күресі болды. Көпшіліктің делебесін қоздырған көрікті жиынды ендеше басынан баяндайық.

Шара шымылдығы – ша­т­­­тық­­­ты. Этнофестиваль шымыл­дығы ұлт руханиятының шынайы жанашыры, Ұлытау ауданының әкімі Әнуар Омардың құттықтау лебізімен түрілді. Елбасы тапсырмасына сәйкес, аталмыш этнофестиваль жалпы қоғамның рухани жаңғыруына үдемелі үлес қосатыны анық. Осы тақылеттес тағылымды сөзді тамылжытып өрбіткен аудан басшысы тұтас елге толайым табыс тіледі.

Өз кезегінде ЮНЕСКО жә­не ИСЕСКО істері бойынша Ұлт­тық комиссия жанындағы материал­дық емес мәдениетті қорғау ко­мис­сиясының мүшесі Бақыт Оразымбетова ұлт бесігіндегі оралымды істердің жалпыға өне­ге-үлгі болары хақында ой тол­ғады.

Жалпы, бұл этнофестивальдың бес жылдық шежіре-тарихы бар екен­дігін айта кеткен жөн. «Ұлытау қымызы» – бұған дейін де ұйымдастырылып кел­ген «Терісаққан көктемі» этномәдени фестивалінің мазмұ­ны кең сипатты тұрғыда байытыла түскен екінші кезеңі, яғни, бастапқы іс-шаралардың заң­ды жалғасы. Оның аясындағы «Бие байлау», «Айғыр қосу», «Қымызмұрындық» секіл­ді рәсімдер 2015 жылы Қазақ­станның материалдық емес мәдени мұрасының ұлт­тық тізіміне енгізілген.  Ал, биылғы жыл­дың наурыз айында Қазақ­стан Республикасы тарапынан ЮНЕСКО-ға оларды адамзаттың мәдени мұраларының репрезен­тативті тізіміне қосу мақсатында дәйектелген негіз­демесі бар ұсыныс берілген болатын.

Салтанатты жиын алғысөзінің тағы бірін тарих ғылымдарының докторы, профессор, этнолог, «Қымыз фестивалі» жобасының ғылыми жетекшісі Ахмет Тоқта­бай жалғастырды.

Биебау да – бағзы ырым. Сонымен, анталаған жұрт желі басына жөңкілді. Әрине, онда бие байлау, нақты айтқанда, сауын биелерді үйірден бөлу, желілердің қазығының қағылуы, олардың әзірлену тәсілдері, алғашқы қазықты ауылдың қадір­менді қариясының жерге сіңіруі, қазықты қағатын тоқпақ­тар мен құлын ноқтасының өзіне тән ерекшеліктері, желінің басына, айғырдың жалына, биенің сауырына сары май жағу ырымдары көрсетілді.

Содан кейінгі кезек «Қы­мыз ашыту», «Күбі аластау» рә­сім­­деріне тиген.  Ал, «Қы­мыз­мұрын­дық» мейрамы басталар тұста дабыл қағылып, «Ту­ға қымыз бүрку» рәсімі атқа­рылды. Елдің күші мен даңқын арттыра беру ырымы саналатын рәсімді ауыл ақсақалы Құрман­әлі Әбілғазин жүзеге асырды. Тостағаннан ұртталған қымыз туға үш рет бүркіліп, самалмен толқындана тербелген Ұлттың басты рәмізі көкке бойлай бастағанда «Көк тудың желбірегені» әні шырқалды. Көңіл толқытар әсерлі әуенді қалың қауым қосыла орындады.

Біраз уақыттар өтіп, тойшыл қауым биебау шайын ішуге кеткенде, торсықтағы түнемелді қыз-келіншектер күбі түбіне төңкеріп, жас балалар қымыз пісуге кірісіп кетті. Бағдарламаға сәйкес әдемі рәсімдер бірінен соң бірі өткеріліп жатты. Тағы бірде тай сабамен ортаға қымыз келтірілген соң, ауылдағы жасы ең үлкен ана бірінші болып ақтан ауыз тиді. Бұл құрметке ақжаулықты ана Алпыс Қазиева ие болды. Одан әрі сабадағы қымыз тостағандарға құйылып, жалпы жұртшылыққа таратылды. Артынша, аламан тойға сайланған асаба қоғадай жапырылған қалың нөпірді қымызмұрындық асына шақырып жатты... 

Қатынкүрес – күлкіге ке­нелт­­ті. Ендігі тамаша еліміздің дәс­түр­­лі ойын сайыстары еді. Садақ ату, найза лақтыру, қымыз ішуден «бие қымыз» сайысы және мешкейлер жарысы болды. Көнеден жеткен көшелі дәстүр бойынша ұлттық ойын бәсекелері басталып кеткен еді. Әуелде, сақа жігіттер жылқыны жығу тәсілдерін көрсетсе, бозбалалар асауды үйре­ту машықтарын паш етті. Ши үстінен шіркей атқан сұрмергендер жамбы атып, найза лақтыру сыны да осалдардың қолынан келмейтін өнер екені көпке мәлім болды. Елді күлкіге кенелтетін, қызығы мол сайыстың бірі – «Қатынкүрес» екен. Балпаң-балпаң басқан  10-нан астам келіншек күресіп, өзара бақ сынасты. Бұл сайыста Шынар Елеусізова бас жүлдені иеленді.

«Бәс қымыз» аталатын қы­мыз ішу­­­шілер жарысына, әри­­не, қатысуға ықыластылар қа­та­ры мол болғанымен, талап үдесінен шығушылар санатында аз ғана азамат бой көрсетті. «Мешкейлер жарысы» мейлінше тартымдылығымен есте қалды. Оның қорытындысында Жасұлан Елеусізов бір қойдың етін бү­тін жеп, 3 литр сорпа, 5 литр қы­мыз ішіп, жеңімпаз болды. Қошқар көтеру сайысы да жеке алаңқайда жүріп жатты деп естідік. Бармасақ та бақ сынасқан жігіттердің өнерін қошеметшіл ду айтып жүрді.

Көне дәстүрден – көрер­мен пейі­ліне. Басында баянда­ғанымыздай, халықаралық ЭКСПО көрмесі аясында өткен шараға Еуропа, Азиядан келген турис-тер мен Мәдениет және спорт министрлігінің, туризм саласының басшылары қатысты. Бұл мерекелік шараның бір ерекшелігі, ұлттық қолөнерден көпшілікке шеберлік сыныбы өткізілді. Фестивальда сайыста жеңімпаз болғандарға ақшалай сыйлықтар табысталды.

Еуропалық туристер этнофес­тивальдың өте қызықты болғанын ризашылықпен атап өтті. – Мен мұнда келгеніме өзімді бақытты сезінемін. Таза ауа, қонақжай халық көңілімізден шықты. Қаншама дәстүрден мағлұмат алдым, – дейді Дайрюс Нармон­тас есімді литвалық турист.

Сонымен қатар, этно­­­­фес­­ти­­­валь­­да халықтың на­зары­на көрме жәдігерлері – көш­пелі­лер пайдаланған ыдыс-аяқтар­дың түрлері ұсынылып, ұлт­тық қолөнердің қыр-сырын мең­­герген майталмандардың шеберлік сыныптары өткізілді. Бағдарламаның өте ұтымды түзілуі жалпы жұрттың ұлттық сусынға қатысты «уыз қымыз», «саумал», «бал қымыз», «сары қымыз», «түнемелі қымыз», «құнан қымыз», «дөнен қымыз», «бесті қымыз», «асау қымыз», «қасқыр қымыз», «қорабалы қымыз» секілді атауларына құлақ үйретіп, белгілі бір деңгейде олардың әзірлену әдістерін меңгеруіне негіз қалады.

Салт-дәстүрлердің мәні мен маңызына терең бойлап, жандары жадыраған қалың ел «Ұлытау» ансамблі мен ауыл көркем­өнер­паздарының концертін де қызыға тамашалады.

Сөз орайы келгенде Ұлытауда келесі жылы келісті іс-шаралар тізбе­гін бұрынғыдан да байыта отырып, «Қазақ жылқы өсіру­шілерінің көктемгі дәстүрлі мейрамдары» атты салтанатты шара өткеру жоспарланып отырғанын айта кеткен жөн.

– Шынымды айтсам, Ұлы­тауға бағыт алғанда дәл осындай керемет тартымды әрі мағыналы іс-шараның бел ортасында болып, сан қызықты тамашалау мүмкіндігі туады деп ойламаған едім. Өткен ғасырларға кө­шіп барғандай күй кештік. Көш­пелі халық мәдениетінің ғажап­тығына күмәнсіз көз жеткіздік. Мен әр елде сан түрлі биік деңг­ей­лі іс-шаралардың ортасында болып жүрмін. Алайда, бүгін­гідей әсерге ешқашан бөлен­бегенім анық. Жомарт пейілді қазақтардың жөн-жосығы бөлек салт-дәстүрлерімен терең танысқаным үшін өзімді бақытты сезінемін. Осынау кең дала төсін­де ұйымдастырылатын осындай мерекелердің қай-қайсы болса да ұлттық нақышымен, ерек­ше талғампаздығымен тамсандыратынына көзім жетті. Шексіз ризамын, – дейді «Саят» туристік операторының директоры, Қазақстанның туристік операторлары қауымдастығының президенті Инна Рей.

Ұлт ұясы атанған Ұлытау өңірдегі мына іс-шара шын мәнін­де қазақ деген ғажап ұлттың баласы болғаның үшін көңіліңе мақтаныш сезімін ұялатар ұлы мейрам еді. Біз де бабалардың ба­ға жетпес бай дәстүрлерін жаң­ғыртып жатқан ұлағатты ұрпақтарға ұлы мұрат жолындағы осындай ұйытқы істері ұзағынан болғай деп тіледік.

Мирас АСАН,
«Егемен Қазақстан»

Қарағанды облысы,
Ұлытау ауданы