Аймақтар • 18 Шілде, 2017

Түстіктен жеткен жеткіншектердің әсері

167 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Еліміз үшін ғана емес, әлем­ге аса маңызды «Бола­шақ энергиясы» жобасын тамашалауға Оңтүс­тік Қазақстан облысынан келетін 4 мыңға жуық оқушының тоғызыншы легі Астанаға жетті. Арқа төрінде өтіп жатқан ЭКСПО-2017 халықаралық маман­данды­рыл­ған көрмесіне «Zhana Talap» туризм агент­тігі ұйымдастырған 4 күн­дік турмен 150 оқушы табан тіреді. Балаларды Шым­кент қаласының темір­ жол вокзалынан ата-аналары, ұстаздары мен достары ақ жол тілеп шығарып салған.

Түстіктен жеткен жеткіншектердің әсері

ЭКСПО-2017 көрмесін бүгінге дейін Оңтүстік Қазақстан облысынан 1200 оқушы тамашалаған. Шымкент қалалық білім бөлімі басшылығының мәліметінше, оқушыларға барлық жағдай жасалуда. Әрбір 10 балаға бір жетекші мен 2 дәрігер  маман  бекітілген. Ал олар Астанада Назарбаев Университеттің жатақханасына жайғасады. Саяхаттың алғашқы күнінде оқушылар көрменің бас­ты нысаны – «Нұрлы әлем» ұлттық павильонын, шетелдіктер ұсынған заманауи технологияның жаңа жетістіктерін тамашалап, энергия-қуат күшін алатын тың жоба – жеке аймақпен таныс­ты. Екінші күнінде елордадағы бірқатар мәдени ошақтар – Ұлттық музей мен Бейбітшілік және келісім сарайы, «Астана-Бәйтерек» монументі, Тұңғыш Президент саябағы секілді ауқымды нысандарды аралады.

Халықаралық көрмеге келген оқушыларға бес күндік бағдарлама бекітілген. Онда балалар жол жүру билеттері мен 4 мезгіл тамақпен тегін қамтылды. Ал көрмеге барып, игі бастамаға қатысып қайтқан шәкірттердің білім мен ғылымға, қоғамға деген құрмет-құштарлығы еселенгенін байқауға болады.  «Бүкіл әлем көз тіккен шараға келгендігімнен болар, үлкен қобалжу үстіндемін және бұл – мен үшін мәртебе. Алған әсерімді сөзбен айтып жеткізе алмаймын. Мұнда шетелдік өнертапқыштардың жетістігімен танысып, жаңа технологияның кең мүмкіндіктерін сараладым. Болашақта ғалым болғым келеді. Елімнің игілігі үшін ғылыми зерттеулер жүргізіп, дамыған елдермен тереземіз тең болуы жолында қызмет ету – мақсатым», дейді №7 мектеп-лицейдің оқушысы Әсел Мүсіретәлі.

«Бүгін біз тоғызыншы лекпен келдік. Әрбір лек сайын 150 мектеп оқушысы қамтылады. Барлығы – Шымкент қаласының балалары. Ал 24 шілдеден бас­тап біз облыс бойынша мектеп оқушыларын әкелеміз. Оңтүстік Қазақстанда 2 мың оқушының билеттері де, жол шығындары да бюджеттен төленіп отыр. Себебі, ол балалар – әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасылардың мүшелері», дейді туристік фирма өкілі Ғани Назарбек. Оның айтуынша, ЭКСПО-ны көрген балалар үлкен әсер алып қайтады. Энергияның қалай және қай жерде өндірілетінін, энергия үнемдеудің маңыздылығын түсіне бастайды. Пойызбен қайтып бара жатқанда көрген-білгендерін талқылайды, тіпті өз жобаларын жасауға құлшыныс білдіріп жатады.

«Оларды әдейі әңгімеге тартып, мүмкіндігінше сұхбат­таса­мын. Балалар не түйді екен, соны білгім келеді. Олар идеяларын ортаға салады. «Мынаны істесем қалай болады екен?» деп, тың туындыларын ұсынатындар да бар. Сол кезде сапардың бекер кетпегеніне көзім жетеді», деп жалғады сөзін Ғ.Назарбек.  

Асхат РАЙҚҰЛ,
«Егемен Қазақстан»