Қазақстан • 18 Шілде, 2017

Этнографиялық экспедиция

433 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

жас балғындарды өлкенің тамаша табиғатымен, тарихи жерлерімен таныстырып қайтты

Этнографиялық экспедиция

Елбасының «Болашаққа бағ­дар – рухани жаңғыру» мақа­ла­сындағы «патриотизм  кіндік қаның тамған жеріңе, өскен ауылыңа,  қалаң мен өңіріңе, яғ­ни туған жерге деген сүйіс­пеншіліктен бас­талады» деген  мағынасы терең сөздер   жас ұр­пақты ата-баба аманатына адал болуға , рухани құндылықтарды  қастерлеуге жете­лейді. Тәуелсіздіктен кейін дүниеге келген буын атаме­кен­­­нің қадір-қасиетін жақсы түсінеді. Оған қатысты кез кел­ген акцияларға белсене қа­тысады. Бір сөзбен айтқанда,  жалпыұлттық патриотизмнің көрініс­терін біліммен де, нақты істермен де дәлелдеп келеді. Соның бір үлгісіне  «Туған жер» және «Қазақстанның 100 есімі» жобалары  аясында  өңір мектеп оқушылары арасында  құрылған экспедициялық топтарды атар едік.   Жуырда олардың бір легі  өлкенің 13 ауданын аралап, тарихи-мәдени орындарды, көрікті жерлерді  тамашалап қайтты.

– Экспедицияның басты мақ­саты – жастардың бойында елге, жерге деген  сүйіспеншілік сезімді қалыптастыру. Біз алғаш­қы сапарды Есіл ауданынан бастап,  жұртшылық жадында «Сары әулие» есімімен қастер­ленетін Құлсары батырдың басына зиярат еттік. Былтырлары оның  қорымына үлкен  кесене тұр­ғызылған болатын. Мұндай қасиетті орындар  облыста көптеп саналады, – дейді  әл-Фараби атындағы мектеп-лицейдің директоры Күлімкөз Смаилова.

Оның жетекшілігіндегі  топ  Айыр­тау, Уәлиханов, Ақжар, Ақ­­қайың ау­­дан­дарында болып, 1100 шақы­рым жол­ды ең­серген. Ағынтай мен Құл­са­ры ба­тыр мазарлары, Айғаным қо­ны­сы, Шоқан Уәлихановтың мұ­ра­жа­йы, Қалмаққырылған төбе­сі оқу­шы­ларға ерекше әсер еткен. Мыр­зағұл ауылы жанын­дағы  Те­ке, Сау­малкөлдегі Иман­тау мен Шал­қар көл­дері, Тал­дысай өзені – әр­қай­­сы­сы­ның тылсым жұмбақтары мен қат­пар­лы сырларын білмекке құ­мар­тқан.

Ғ. Мүсірепов, Тимирязев ау­дан­­дарындағы ұлылар мекен еткен, ізі қалған киелі жерлермен жүріп өткен.

Жас балғындар өлкенің ерек­­ше тари­хы, тамаша адамда­ры, әсем та­би­ғаты, сәулет өне­рі мен мәдениеті жай­лы таным­дық ақпараттар жинас­тырып, жеке альбом құрастыруды, қыс­қа­метражды фильм дайындауды көз­деп  отыр.

Өңірімізде бастау алған этно­гра­фиялық экспедиция  мұны­мен аяқ­талмақ емес. Алда  киелі Түр­кіс­тан жеріне сапар шегіп, тарихи ес­керткіштермен танысу жос­пар­лан­ған.

Өмір ЕСҚАЛИ,
«Егемен Қазақстан»

Солтүстік Қазақстан облысы