Аймақтар • 18 Шілде, 2017

Дала отқа оранып, бала суға кетсе, кінәлі кім?

320 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Атырауда тілсіз жаудан қорғану шаралары жетілдіруді қажет етеді

Дала отқа оранып, бала суға кетсе, кінәлі кім?

24 ауылға өрт сөндіру бекеті керек

Биыл Атырау облысында жал­пы ауданы 57 708 гектар бо­­латын 46 дала өрті тіркелді. Даланың отқа ора­­ну деректерінің басым бө­лі­гі Қызылқоға, Индер ау­дан­дарын­да болып отыр. Об­лыс­тық төтенше жағдайлар де­пар­та­менті бастығының орынбасары Замир Бердашев:

«Жергілікті атқарушы органдармен дала өрттерін сөндіру үшін ауылдық округтерде 1093 адам­ды құрайтын 76 ерікті өрт сөн­­діру жасақтары құрылды. Алай­­да, ол жасақтардың ерікті өрт сөндірушілері қаражат қа­рас­­ты­рылмауына байланыс­ты арна­йы оқу орындарында ал­ғашқы дая­рлықтан өт­пе­ген, жа­сақтарда ке­зекті дая­р­л­­ық жұ­мыс­тары ұй­ым­дас­ты­рыл­ма­ған. Құр­манғазы ауданы­нан басқа бірде-бір ауданда ерік­ті өрт сөндірушілерді жинау тәр­тібі мен оларды өрт орнына жет­кізу тәсілі айқындалмаған», – дейді.

Өңірлік коммуникация қыз­метіндегі брифингте төтенше жағ­дайлар департаментінің өкілі  да­ла және орман өрттерінің ал­­дын алу жұмыстары ұйым­дас­тырылғанымен, жергілікті ат­қа­ру­шы органдардың халыққа өрт қауіпсіздігі талаптарын тү­сін­­діруге бағытталған билбордтар, үгіт-насихат плакаттарын дай­­ындау мен орнату бойынша жұ­мыстары төмен деңгейде еке­нін айтады.

«Есепті кезең ішінде тек қана Атырау қаласы әкімшілігімен қала аумағында өрт және судағы қауіпсіздік сақтау тақырыбында 6 билборд жасалып, ілінген. бас­қа аудандарда бұл бағыттағы жұмыстар ұйымдастырылмай отыр», – дейді З.Бердашев.

Саладағы проблеманың бірі – облыс аумағында мем­ле­кет­тік өртке қарсы қызмет бөлім­ше­лерінің жоқтығы. Халық са­ны мыңнан асатын 24 ел­ді мекенде өрт сөндіру бекет­те­рін құру қажет. Сол кезде өрт қауіпсіздігімен қосымша жа­қын ор­наласқан 37 елді мекен қам­т­а­масыз етіледі. Бірақ бұл ба­ғыт­­тағы жұмыстар орындалмай отыр. 2014 жылдан бері об­лыс ау­мағында бірде-бір өрт бе­кет­тері құрылмаған.

Биыл облыста орман өрті тір­келген жоқ. Табиғи ресурс­тар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы берген  ақпаратқа сүйен­сек, соңғы 4 жылда орман шаруашылықтарының тех­ни­калық жарақтандырылуына бюджеттен 150 млн теңгеге жуық қаражат бөлініп, ормандар­ды қор­ғау мен күзетуге, орман өрт­терін сөндіру мен ормандарды молықтыруға қатысты көптеген техникалар мен жабдықтар алын­ған. Бірақ әлі де қажеттілік бар.

Мысалы, Атырау, Индер және Құрманғазы аудандарындағы орман мен жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мемлекеттік мекемелер өрт автокөліктерімен, өрт мұнараларымен қамтамасыз етіл­мей отыр. Орман шаруа­шы­лық­тарында техника­лар мен к­е­ректі құрал-жаб­дық­тарды сақ­­тауға арналған ар­найы ғи­ма­рат­тар­дың қарас­ты­рыл­мағаны да өзек­ті мәселе. 

Аймақтағы ерекше қорға­ла­тын «Ақжайық» табиғи резе­рва­ты­ның аумағында жыл сайын қа­мыс өртке оранады. Биыл да 1 өрт пен 3 жану тіркелді. Жалпы аумағы 111 500 га резерват жер­ле­­рі негізінен сулы аймақта ор­на­­ласқандықтан өрт сөндіру ке­­зінде арнайы автокөліктердің оқиға орнына жетуі қиындық ту­ғызып келеді. Ал мекеменің өзін­де өрт сөндіруге арналған жол талғамайтын техника жоқ. «2016 жылы Төтенше жағ­дай­лар комиссиясының отыры­сында берілген резерват ау­ма­ғын­дағы ықтимал өрттерді авиа­ция құралдарымен сөндіруді ұй­­­ым­дастыру мақсатында ке­лі­сім­шарт жасау туралы тап­сырма бү­гінгі күнге дейін ше­шім­ін тап­пады», – деді облыстық тө­тен­ше жағдайлар департаменті бас­тығының орынбасары.

«Жайық деген – жанды су»

Облыс аумағындағы су ай­дындарында адамдардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және төтенше жағдайлардың алдын алу бағытында арнайы жос­пар бойынша рейдтік шаралар ат­қарылады. Жыл басынан бері ҚР ІІМ ТЖК «Батыс өңірлік аэ­ро­ұтқыр жедел-құтқару жаса­ғы» мемлекеттік мекемесі 610 рейд жүргізген.

«Соның нәтижесінде «Әкім­ші­лік құқық бұзушылық тура­лы» Кодекстің талаптарын сақ­та­маған 27 дерек анықталды, – дейді З.Бердашев. – Облыс бо­й­ынша жыл басынан бері 16 қайғылы жағдай тіркелді, 17 адам қаза тапты, оның жетеуі – бала. Ересек адамдардың қаза болуының басты себебі, судағы қауіпсіздік ережелерін сақтамау болса, балалар ата-аналарының қа­рауынсыз қалып, тілсіз жау­дың құрбанына айналады». 

Атырау қаласы аумағындағы Жайық өзенінің бойында арнайы жабдықталмаған қауіпті учас­келер бар. Құрманғазы ауданында Қиғаш және Шарон өзені, Жылыой ауданында Қамыс­көл көлі және Жем мен Ойыл өзендерінің жағалаулары қауіпті деп анықталды. Ол жерлерде адам шығынын болдырмау үшін шо­мылуға тыйым салатын 125 белгі  орнату қажет, қазір 51 белгі ғана бар.

Төтенше жағдайлар депар­та­ментінің өкілі саладағы өзек­ті мәселелерді де жасырып қал­ма­ды. Айталық, Махамбет ауда­ны­н­дағы Жайық өзенінің екі жақ бетінде орналасқан елді мекен тұрғындары жүзбелі өткел және ағаш қайықтармен қатынайды. Жүз­белі өткелдің жағдайы өте наш­ар, ішіне су жиналып тұра­ды. Ал тұрғындар пайдаланатын ағаш қайықтар мен қолдан жа­са­лған құрылғылары қайғылы жағ­дайлардың бірден-бір себебі екендігі белгілі.

Облыс аумағында ресми түр­де тіркелген 5 демалыс аймағы бар. Өкініштісі, өткен жылы Атырау қаласындағы «Алтын Сазан» демалыс аймағының маңында орналасқан суға түсуге тыйым салынған су айдынында 2 қайғылы жағдай болып, 2 адам қаза тапқан. Сол себепті, алдағы уақытта қайғылы жағдайды болдырмау және демалушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында жауапкершілікті демалыс орындарының иелеріне бекіту жұмыстары жоспарда тұр.

Бақытгүл БАБАШ,
«Егемен Қазақстан»

АТЫРАУ