Қазақстан • 19 Шілде, 2017

Жаңғыру жолындағы жүйелі жұмыс

238 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Қазақтың батыры Бауыржан Момышұлы «Үміт өрге тартады, үмітсіздік көрге тартады» дегенде алдағы күнге сенген, сол мақсаттың жолында еңбек еткен жандардың ғана жеңіске жететінін айтса керек. Осы тұрғыдан алғанда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың жыл сайынғы дәстүрлі жолдауларын халықтың арман-мақсатын ұштаған, сенімін нығайтқан құжат десек қателеспейміз.

Жаңғыру жолындағы жүйелі жұмыс

Биыл Президентіміз Қа­зақ­стан халқына жиырма бі­рінші Жолдауын арнады. «Қа­зақстанның Үшінші жаңғы­руы: жаһандық бәсекеге қа­білеттілік» деген тақырыппен таныс­тырылған бұл стратегиялық құжатта тәуелсіз елдің бүгінгі күнге дейін қол жеткізген же­тістіктері сараланып, қауіп-қатер­лері айқындалған, кемші­ліктеріне орнықты баға берілген. Ал оның дер кезінде, ойдағыдай орындалуы Елбасы мен елдің арасындағы бірлікке, тұтастыққа тікелей тәуелді. 


«Кемені қалай атасаң, солай жүзеді» демекші, бұл Жолдаудың да аты затына сай, алдағы күнге қойған межесі биік. Әрі осыған дейін жарияланған жолдаулар жоспарлы істің шашыраңқы болмайтынын, нәтижесі де көңілден шығатынын көрсетті. Оның үстіне, Үшінші жаңғыруға қадам жасап, жаһандық бәсекеде топ жаруды діттеген еліміздің алдыңғы екі жаңғырудан алған сабағы да, тәжірибесі де баршылық. Тек соны ұтымды пайдаланып, Жолдауда берілген тапсырмаларды кезең-кезеңімен жүйелі атқара білсек болғаны. 


Десек те, әлем халқын алаңдатып отырған дағдарыс кезінде тұйықтан шығар жолды тауып, ұтыспен шығу оңай бола қоймайды. Мұны Елбасымыз да дұрыс аңғарып: «Болашағын айқындап, сын-қатерлерді күтіп отырмастан, оған табанды түрде қарсы тұра алатын халық қана жеңіске жетеді. Әлемде кезекті, Төртінші өнеркәсіптік революция басталды. Экономиканы жаппай цифрландыру тұтас саланың жойылуына және мүлде жаңа саланың пайда болуына алып келеді. Біздің көз алдымызда болып жатқан ұлы өзгерістер – әрі тарихи сын-қатер, әрі Ұлтқа берілген мүмкіндік», – деп, елді жігерлендіре түсті. 


Біз кедергіден кері шегінбей, діттеген биігімізге жетпей тоқ­та­майтынымызды талай рет дәлел­деген елміз. Айталық, «Қазақ­стан – 2030: Барлық қазақстан­дықтардың өсіп-өркендеуі, қауіп­сіздігі және әл-ауқатының артуы» деп аталатын Жолдау еліміз­ді әлемнің дамыған елу мемле­ке­тінің қатарына қосса, ендігі меже үздік отыздыққа ілігу бол­мақ. Бұл Жолдау сол мақсатқа жету­дің жолын нұсқауымен құнды.
Жаңғырудың «100 нақты қадам» Ұлт жоспары базасында іске асырылып жатқаны белгілі. Ал Ұлт жос­пары аз ғана уақыттың ішін­де ел өміріне елеулі жаңа­лық әкелді. Қазақстанның заңна­ма­лық базасы Қылмыстық, Қылмыс­тық-процестік, Қыл­­мыс­тық атқарушылық, Аза­мат­тық, Әкімшілік құқық бұ­зушылық кодекстері секілді көптеген заңдармен толықты. Мұ­ның өзі елдің өркениетті қоғамға, құқықтық ортаға қадам жасағанын көрсетеді. Себебі, заңы мықты мемлекетте азаматтар өз мәселесін жұдырықпен шешпейді, өзара түсіністікпен, заңмен бітіруге тырысады. Кез келген түйткілдің әділдікпен сарап­талуына терең мән береді. Қоғамда осындай оң көзқарас­тың қалыптасуы күштік құры­лым­дарға, прокуратура органына, сот құрылымдарына деген халықтың сенімін нығайтқаны күмәнсіз. 


Ұлт жоспары мемлекеттік қызметтің сапасын көтеруге айтарлықтай ықпал етті. Мем­лекеттік қызметкерлерді іріктеуге, сатылап өсіруге, еңбе­гіне қарай жұмысын бағалауға қатысты  қағида өзгерді. Бұл өз кезегінде білімі мен білігіне сенетін жастардың ынтасын оятып, құрылымды сапалы мамандармен жасақтауға көмектесті. Елбасы айтқандай, мемлекеттік қызметшілерді аттестациядан өткізудің пайдалы, дұрыс қадам екеніне аз уақыттың ішінде көз жеткіздік. Яғни, аттестация – қызметкерлерге арналған сынақ емес, керісінше, ізденуіне, талаптануына, біліктілігін үне­мі жетілдіріп отыруына көмектесетін тетік. Міне, осы тұр­ғыдан алғанда жаңа жолдау­дың Ұлт жоспарының негізінде жұмыс жүргізуі басталған істердің орта жолда қалмай,  өз мәресіне жетуіне жол ашады. 


Қарап отырсақ, Елбасының «Қазақстанның Үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауы осы уақытқа дейін тың жатқан талай  мәселелерді шешуге талап жасаған. Әрі тапсырмалар негізгі бес бағдарға топтастырылып берілген.  «Экономиканың жеделдетілген технологиялық жаңғыртылуы» деп аталатын бірінші басымдығы цифрлық технологияны қолдану арқылы жаңа индустрияларды өркендетуді мақсат етсе, «Бизнес-ортаны түбегейлі жақсарту және кеңейтуге» бағытталған екінші басымдық елдің ішкі жалпы өніміндегі шағын және орта бизнестің үлесін 2050 жылға қарай кем дегенде 50 пайызға жеткізуді мұрат еткен. Ал аграрлық сектор экономиканың жаңа драйверіне айналуы үшін тез арада инвестициялық стратегияны жасап, жыл соңына дейін Жер қойнауы туралы жаңа кодексті қабылдау маңызды. Сонымен қатар, бұл бастамалар еліміздің салық заңнамаларына өзгеріс енгізуді қажет ететіні белгілі. Қазір осы салаға қатысы бар мамандар жаңа заңнамалардың сапалы дайындалуына үлес қосуда. Прокуратура қызметкерлері де өз тараптарынан арнайы жиындар, дөңгелек үстелдер ұйымдастырып, заңнамалық базаның құнды құжаттармен толығуына атсалысып жатыр.

Ғабит МИРАЗОВ,
Алматы қаласының прокуроры