Аймақтар • 19 Шілде, 2017

Кәсіпкерлік білімсіз бизнес деңгейі биіктемейді

700 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Кәсіпкерлік-экономикалық өсу­дің қозғаушы күші екеніне еш­кімнің дауы жоқ. Дамыған елдердің барлығында бірдей экономиканың ілгері басуы шикізат қорына негізделген ірі өндіріске иек артпайды.

Кәсіпкерлік білімсіз бизнес деңгейі биіктемейді

Бүгінде экономикасының ауқымды бөлігін шағын және орта бизнеске жүктеген елдердің даму адымы таңқаларлық. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауында шағын және орта бизнесті дамыту мәселесіне басымдық бергені мәлім. «Біздің стратегиялық мақсатымыздың бірі – елдің ішкі жалпы өніміндегі шағын және орта бизнестің үлесі 2050 жылға қарай кем дегенде 50 пайыз болуын қамтамасыз ету. Бұл – өте өршіл мақсат, бірақ оған қол жеткізуге болады», деген болатын. Елімізде Елбасы тапсырмасымен экономиканың осы саласын дамыту жұмыстары жүріп жатыр. Оған мемлекет тарапынан көмек те зор. Ал енді жастар кәсіпкерліктің заманауи қыр-сырын білуі және оларды бизнеске бейімдеу үшін алдымен кәсіпкерлік базалық білім керек. Жоғары оқу орнында алған кәсіпкерлік білім жастар өмірге араласып, кәсіпке ұмтылған кезде олардың қанатын қатайтып, ойын өрістетеді. Егер болашақ маман кәсіпкерлік жөнінде базалық білім алса, шағын және орта бизнестің де өміршең әрі табысты боларын әлемдік тәжірибе көрсетіп келеді. Кәсіпкерлік білім беру 1940 жылдардың аяғында АҚШ-та басталған, соның ішінде кәсіпкерлік бойынша МВА бағдарламасы бірінші рет Гарвард университетінде енгізілді. 


Еуропалық комиссия 2003 жылға дейін кәсіпкерлік білімге аса назар аударған жоқ. Дегенмен, қазір Еуропалық кеңестің 28 елінде кәсіпкерлікке бейімдейтін курстар университет деңгейінде және білім берудің барлық жүйесінде өткізіледі. 2012 жылы университеттерде кәсіпкерлік білімді міндетті пән ретінде әлемде алғашқылардың бірі болып Қытай енгізді. 2013 жылы Еуроодақтың 23 еліндегі 91 ұлттық және трансұлттық жобаларға ірі зерттеу жүргізгенде, оның қорытындылары кәсіпкерлік білім алғандар мен алмағандардың айырмасын нақты көрсеткен. Мысалы, зерттеу сараптамасы көрсеткендей, кәсіпкерлік білім алған студенттер болашақта өзінің жеке бизнесін қиналмай бастайды және олардың компаниялары кәсіпкерлік білім алмағандармен салыстырғанда инновациялық, сонымен қатар, табысты болуы әбден ықтимал. Кәсіпкерлік білім алған түлектер жұмыссыздар қатарында қалмайды, көбінесе олардың тұрақты жұмыс орны болады. Қатарластарымен салыстырғанда олардың жақсы жұмыс иесі және мол табыс табатыны белгілі болған. 


 Соңғы экономикалық зерттеулер Қазақстанда шағын және орта бизнес секторының экономикалық салымы төмен екенін көрсетті. Қазақстанда шағын және орта бизнес қарқын ала қойған жоқ, баяу дамып келеді. Дүниежүзілік банк мәліметтері бойынша, Қазақстанның шағын және орта кәсіпкерлігі секторында нәпақасын табатындар еліміздегі барлық жұмыспен қамтылғандардың 28 пайызын құрайды, ал әлемдік көрсеткіш 63 пайыз. Соған қарамастан Қазақстанда шағын және орта кәсіпкерліктің 300 000 нысаны тіркелген. Аз емес секілді, бірақ шынайы көрініс бұлай емес. Осынша нысанның жартысынан сәл астамы ғана әрекет етеді. Елімізде «жасырын кәсіпкерлер» саны көп деген болжамға қарамастан, стартаптар үлесі төмен күйінде қалуда және аздаған фирмалардың шағын кәсіпкерліктен орта кәсіпкерлікке немесе орта кәсіпкерліктен ірі кәсіпкерлікке өту үдерісі де жоқ емес. Елімізде кәсіпкерлік білім берудің маңызы өте жоғары болмақ. 
Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстан-2050» Стратегиясында «Орта және жоғары білімнің оқу бағдарламаларының бағыты мен ерекшелігін өзгерту, соның ішінде тәжірибелік дағдыларды оқыту және тәжірибелік біліктілікті игеру», яғни оқыту әдістерін жаңғырту қажеттілігі айтылған болатын. Кәсіпкерлік дағдыларын жас кезден үйрету идеясы, кәсіпкерлік білімді оқыту жүйесі «Қазақстан-2050» Стратегиясында айтылған осы мақсаттар­мен тонның ішкі бауындай үйлеседі. 

Әбдірахман НАЙЗАБЕКОВ, 
Рудный индустриялық институтының ректоры, профессор, техника ғылымдарының докторы

РУДНЫЙ