Қазақстан • 19 Шілде, 2017

Мәдени зерделілік құжаты

307 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Тарихтан тәлім алған ел, күнделікті шуақты тіршілікпен тұтасқан ұрпақ, болашағына үлкен үмітпен қарайтын ұлт жер бетіндегі тыныштықтың тұрақты болуын тілейді. Адам өз атамекенінің тұтастығын қалайды, туған елі қашанда, үнемі өркендей берсе екен деп құдыретке жалынады. Шынайыға керегі – мақұл, өмірге жақындатар ақыл, ой өрістетер нақыл. Өсімталдар өркениеттің жұғысты әрі жарасымды болуын қалайды, соған сенеді. Олар ұнамды ой-тоқтамымен, берілген ісімен көңілін де, өмірін де ұзартады. Өмір сүріп отырған заманына, болашағына үлкен үміт артады. Тәуелсіз Қазақстанда ауқымды әлеуметтік-экономикалық реформаны біртұтас жалғастырудың, билікті демократияландыруды әрдайым реттеудің, қоғамдық үдерістердің жаңа, күрделі мәселелерін тыңғылықты шешудің қоғамдық қажеттілігі артуда. Ұлтжандыларда туған жердегі өмірге деген тура, тұтас көзқарас, сырластық пен сыйластық үлгілері тез қолдау табады.

Мәдени зерделілік құжаты

Олар үшін отаншылдық идеясы қоғам­ның рухани өмірінде ғана емес, оның қызметінің барлық маңызды салаларында – мәдениет, идеология, саясат, дәс­түр-салт бағдарлы деңгейлерде ерекше орын алады. Ендігі жаңа демократиялық бет­бұрыста билік өкілеттерінің арасында тепе-теңдіктер мен тиісті арасалмақ құру; туған жер мен Отанға деген теңгерім бірлік пен бітім тұтастығында екенін түсіну, дәйекті түсінушілікке демеушілік ету міндеттері маңызды. Кімде-кім саяси жүйенің тұтастығы мен тұрақтылығын көздесе, діттеген бағдарға парасат пен ерік-жігерді жұмылдыруға бейімделсе, ол іргелі де ауқымды өзгерістердің себеп-салдарын айқындай алатын маман-патриот. 


Қазір қазақстандық отан­шыл­дық тәр­бие­сі туралы, осы ұғымның мән-мағы­насы, оның негізгі қағидалары қандай деген мәселелер жиі, әрқалай талқылануда. Оның себептері алуан. Алдымен отаншылдық ұғы­мы­ның астары тереңде, оның ар­қауын, мән-мағынасын толық бағалау қиын да күрделі екенін ескерелік. Отаншылдық сезім – бұл қасиетті де тұлғалы сезім. Кеңестік тәрбиеде өсіп қалыптасқан ұрпақ тәуелсіздік пен дәуірлік өзгерістерді келте кесіп қайырған түсініктерді, қысымдарды бастан кешірді. Ал бүгінде мемлекеттіліктің ұлт­тық тұ­жырым­дамаларын құрас­тыру қажетін ұғынушылық әр қалыпта өрбуде. Десек те, жадында үлгі ұстаған, талаптыға қолдау тұстаған – шын қағидаға айналуда.


Озық идея мен тәжірибеге жүгіну, нақты ұсыныстарды са­уат­ты сараптау – отандық, аза­маттық борыштан, кәсіби жауапкершіліктен туындайды. Азаматтық жауапкершілік демократияның елде орнығуына ықпал ететін шешуші фактор. Жаңа талап кәсібиліктен, тиімділіктен, әділдіктен, ұлт­тық қауіпсіздікті қамтама­сыз ететін әрекеттерден туын­­дайды. Президенттік тұғыр, осы ұста­нымда. Рухы биік азамат­тар­дың бағы сөнбеген, ал рухы жоға­ры ел өз ерлерін қорғаған. Азаматтық жаңа деңгейде ұлттық қадір-қасиеттер тұтастанып шың­далады, қоғам шарттары­на енудің өтімді тетіктері ұсынылады. Өйткені, жадында құндылық сақтаған, өзін сабақтап баптаған.


Тәрбиенің маңыздылығы – алдымен адамзаттық құнды­лықтарды жинақтағанда, халық­тың озық тәжірибесін ірікте­генде, адамгершілікті жүректе жаңғыртқанда білінеді. Жас ұрпақтың осындай ізгі қа­сиет­тері өз бойына сіңірген, өмірге де­ген өтімді көзқарасынан, ортадағы қарым-қатынасқа сай мі­нез-құлықты қалыптас­тырудан білінеді. Еңбектенудің көзге көрінбес, бірақ ойдан шықпас тынымсыз түрлері, сірә, мұнымен шектелмес. Қазақ халқының тәлімдік қазынасы – тәрбиелі тоқтамның баста­уында, халықтың рухани мұра­сында. Қазақ халқының мәні зор ой-толғаныстары бесік жы­ры, айтыс, терме, мақал-мәтел­дерде көптеп кездеседі. Ру­хани құндылықтарды ұрпақ­тан-ұрпаққа әдептілікпен, сыйлас­тықпен, әділеттілікпен жеткізу – ұлттық құндылықтардың жүйе­сін құрайды. 


 «Қазақстанның жолы – 2050» стратегиялық бағдар­ла­масын­дағы: «Толық өркениетті ел бо­лу үшін алдымен өз тари­хы­мызды, мәдениетімізді бойы­мызға сіңі­ріп, содан кейін өзге дүниені игеруге ұмтыл­ғанымыз жөн» – деген ұстаным дұрыс айтылса да, күнделікті тіршілікте әлі де толық ескерілмеуде. Әр саладағы кәсіби маман­ның міндеті, мақсаты, талаптары дер кезінде дөп ескерілмесе, рет-ретімен жүзеге аспаса, онда патриоттық, ұлттық тәрбиенің қадірі артпайды. Өзіне сенетіндер озық тәжірибені тез игереді, оны өз міндетіне орай оң өзгеріске қолданудан тартынбайды. Ынталылар саяси-мәдени жаңаруға дайын, оң тәжірибені әртараптандыруға бейім. 


Ұлттық дүниетанымды игеру – алдымен қазақ­тың өзіне ғана тән мінезді, жүріс-тұрысын, салт-санасын, ұлттық дәс­түр мен тәрбие нысандарын игеру, яғни отандық тарих пен халықтың әлеуметтік тәжірибесін жақсы білу, олардың ұстаным­дарын ұлағат тұту. Сонда ғана қазақтың қадір-қасиеттері, дүниетанымы оның рухани тұтастығы мен ұлттық болмысының қайнар көзіне айналып, ұрпақ санасын баурай түседі. Әрбір халық өзінің дүниетанымы арқылы тарихи даму кезеңі мен ойлау жүйесін зерделейді. Ұлттық дүниетаным сіресіп қатып-семіп қалған жалаң ұғым емес, ол халықтың өмір сал­ты­ның бағдаршамы, мәдени зердесі. Құбыл­малы әлемде адам­дардың нақты қоғамдық қатынаста қалыптасатын ойлау жүйесі, ойлау салтының рухани жемісі, әдет-ғұрып­тар­дың жүрекжарды жеңісі өрістерін кеңейткен сайын, елдік санада берік орныққан сайын, мұндай жасампаздық ұлттық дүниетанымның қалыптасуына, өзгеруіне айрықша ықпал ететіні беймәлім емес. Сондықтан, кемшіліктің болмағаны – зор табыс, ал кемшілікті елемеу – бардан қалыс екенін ұмытпалық. 
Қалыстардың ойына креативті бастаулар, инновациялық қар­­қын жетіспейді. Ондайда тұлға­лық әрекет пен тәрбиелік іс то­қы­­райды, адам­ның жеке қасиеті мен шығар­­машылық қасиеттері ара­сын­дағы байланыс үзіледі, адамның кісі­лік қасиеттері ғылыми деңгейде кем тал­қы­ла­на­ды. Жалаң ұранда – адамның руханилығы қысымға тосқауыл бола алмайды; рухани жаңғыру толыққанды бол­мыс­тың, адамгершіліктің көзі, сараланған саналы тәлімнің аясы екенін дәйектей, дәлелдей алмай қаламыз. 


Қазақтың даналық рухы – оның жарасты дүниетанымы, қазақ өмірінің болмысымен, шаруашылықтағы тұрмыс жағдайымен, саяси қызмет ахуалымен, халықтың бойына біткен тәлім-тәрбиесімен, халқымыздың керемет бай, әрі терең ойлы асыл тілімен, ұлы мұра­ларымен тығыз байланысты. Уәж­ділер іске адал, аманатқа берік, өмір­де мойымас адал серік. Адамгершілік пен имандылықты, мейірімділік пен қайырым­дылықты, қанағат пен рахымды, саналылық пен ізденімпаздықты, еңбекқорлық пен өнерпаздықты болмысымызда арқау ете алғанда, жас-тарды ғылым-білімге, еңбекке, қайрат-жігерге, сүйіспеншілікке, ұлттың асыл қасиеттерін қадірлеп-қастерлеуге үйреткенде рухымызды асқақтата аламыз. Ұлы ойшылдар ғибратты сөздерін үнемі жас ұрпақтың адамгершіл, ұлттық қасиеттерін қалыптастыруға арнауымен, жеке басының үлгісімен ұлағатты болған. 


Рухани жетілгендер сыртқы дүниедегі өзіне ұқсас қоғамдық өлшемдерді ішкі қажеттіліктерге жаратып, ұлттық діл негіз­дерін қалыптастыруға мүмкіндіктер ашқан. Осыдан дүниетанымның негізгі мәні тек дүниені тану ғана емес, оның адам­дар арақатынасының адамгершілік негізде құрылуында деген тың түсінік таралды. Қазіргі түсінікке ұлттық сипат беру – ұлт болашағын ойлаудан туған даралық. Қазақ мәдениетінде, еліміздің ғасырлар бойы қалыптасқан тәрбиеде адами-рухани құндылықтар әлемін жүйелеудің орны ерекше екенін жаңа заманда бар болмысымызбен ұға бастадық. 


Ұлтының ұлылығын бойына сіңірген­дер ғана тұлғалық қадірге жетті. Олардың мәдениеті алуан түрлілігімен тартымды. Ұлттық мәдениетін меңгерген адам адамзат пен төл мәдениеттің үйлесімділігін, қазақ­тануды жетілдіреді. Бұл – тәрбиелі болу­дың, түзу жүрудің, ұсынылған идея мен қағидалардың дұрыстығын дәлелдеудің, өз түсінігін дәл пайымдап, көзқарасын ұғын­дыра білудің, тыңдаушыларға жағым­ды ықпал ете отырып, олардың талғамына оң ықпал етудің айғағы. 


Ұлттың ұлы мұраты – адами құндылық­тарды – білімді, білгірлік­ті, бірлікті, бітімді, еркіндікті, ықпалдастықты жақтауда, жаңа ұрпақтың рухани серпілісінде, патриоттық сезімінің өлшемдерінде, болашағы зор жаңғырудың әлеуметтік өрісінде. 
Ұлттық құндылықтaрдың өмiрдeгi рөлi aдaм мeн қоғaм арасындағы үйлесімді қатынастарда мaзмұндaлғaн, адамдық құлшыныста – тұлғалық күшке, әлeумeттiк қарқынға, мәдeни өлшемге айналған. Бұл үш бірдей адамдық құлшыныста рухани жаңғыру – азаматтың жасампаз ісінде, ілгерілеудің үлгілерінде, ізгілікті қоғамға жеткізер амал-әрекетте, адамның бойында өміршең идеяны оятуда, инновацияға жол ашуда, мұрагерлікті ұйымдаса, ұжымдаса игеруде өміршең қолдау таппақ демекпіз. 

Жақан МОЛДАБЕКОВ, 
философия ғылымдарының докторы, профессор, 
Ы. Алтынсарин атындағы сыйлықтың иегері

АЛМАТЫ