Медицина • 18 Тамыз, 2017

Қарлығаш балапанын ұшырған күн

4984 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Қарлығаш балапанын ұшырған күн

Ауылға барғанда сонау 70-ші жылдары өз қолымен тұрғызған әкемнің ескі гаражы көзіме шоқтай басылды. Сыры кетсе де, сынын бермей тұр екен. Мұнда ол кісінің «Москвич» автокөлігі тұратын. Әкем құрылыс ісіне соншама төселген шебер адам емес еді. Сондықтан да гараждың ағаш есігін ор­натқан кезде о баста құс еркін сыйып кететіндей, ашық қуыс қалып қойыпты. Бұл жолы сол қуыстан қос қарлығаш ұшып шығып, ұшып кіріп жүргенін көзім шалды. Гараждың ішіне қарлығаш ұя салып, балапандарына жем тасып жүр екен. 
Арада төрт күн өткенде, қарлы­ғаштар балапандарын ұясы­нан шығарып, ұшуға баули бастады. Сүп-сүйкімді айыр құйрық қар­лығаштың балапандары алғаш рет қанатын қақ­қан сәтіне куә болдым. Қауырсын қанаттары әлі бекіп үлгірмеген балапандар ұшуға талпынып көтеріледі де, қайтадан жерге топ етіп қонады. Үй иелерінен сескенбейді де, үрікпейді де. Бір кезде балапанның біреуі ұшып келіп, мен отырған ұзын ағаш орындықтың үс­тіне қонды. Қолыма ұстап: «Қарлығашым келдің бе?» – деп Мұқағали ақын­ша оны еркелетіп, қолыма ұстап аялағым келді. Бірақ тиіспедім.
Бір кезде балапан тағы бір рет талпынып ұшты да, теледидар желісінің сы­мына қонды. Сәл отырып қайтадан жерге қарай құл­дилай төмендеді. Анасы оны мұқият қадағалап жүр. Екінші күні қарлығаш ба­лапандарының кәдімгідей ширығып қалғанын бай­қадым. Алдыңғы күнгідей емес, қанаттарын батыл қағып көкке қалықтап ұша бастады. Өмірден өткен ата-анамның қара шаңырағында інім тұрады. Ол ескі гараж­ды бұзатын ойы бар екенін айтып жүретін. Мы­нандай көріністен кейін мен оған: «гаражға тиіспе, оған қар­лығаш ұя салыпты. Бұл өте жақсы құбылыс. Қар­лы­ғаштың ұясымен бірге ша­ңыраққа құт-береке, ырыс қонады. Соны ұмытпа» дедім. Ол мені түсінгендей болды. Әрі гараждың есігінің қарлығаш ұшып кіріп, ұшып шығып жүрген ашық жерін сол қалпында қалдыруға уәдесін берді. «Келесі жылы тағы да қарлығаштар осы қонысына қайтадан келеді», дедім мен оған нық сеніммен.

Темір ҚҰСАЙЫН,
«Егемен Қазақстан»

АҚТӨБЕ