«Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ және «Самұрық-Қазына Контракт» ЖШС ұйымдарының ресми сайттарында 64 тауар, жұмыс және қызметтен тұратын тізім жарияланды. Аталған тізім бойынша қажет дүниені ұлттық компаниялар бұдан былай тек алдын ала біліктілік рәсімінен өткен ұйымдардан сатып алатын болады. Құжат ақтық емес, ол әрдайым толықтырылып отырады. Алдағы уақытта ұлттық компаниялардың барлық сатып алу істері алдын ала біліктілігі бойынша іріктеу тізіміне енген кәсіпкерлердің арасында ғана жүргізіледі.
Мыңнан астам жекеменшік қазақстандық компания алдын ала біліктілігі бойынша іріктеуден өтіп, «Самұрық-Қазына» холдингінің сенімді жеткізушілерінің пулына кірді. Олардың арасында Жаңаөзен қаласында орналасқан, мұнай компанияларына құрылыс-монтаж жұмыстары бойынша қызмет көрсететін «Нур-Барс.Н» ЖШС бар. Маңғыстау облысындағы бұл ұйымның қаржы директоры Айнагүл Ахметдинова жеткізушілерді іріктеудің жаңа құралына қатысты өз ойымен бөлісті. «Бізге алдын ала біліктілігі бойынша іріктеуден өту оңай болған жоқ. Бірақ қайта тапсырмай, бірінші реттен соң мақсатымызға жеттік. Бұл өте дұрыс құрал деп ойлаймын. Мысалы, біз өз кемшіліктерімізді көріп, оларды түзеттік. Техникалық аудит – өте қиын процедура, одан өту бизнесімізге пайдасын тигізді», деп атап өтті ол.
Алдын ала біліктілігі бойынша іріктеу рәсімінен «Kaztranscom» ЖШС де өтті. Бұл – Интернет желісі, телефон, жүйелік интеграция және телекоммуникациялық құрал-жабдыққа техникалық қызмет көрсету секілді дүниелерді ұсынатын телекоммуникациялық компания. Холдингтің білікті жеткізушілерінің пулына кіру аталған ұйымға «Самұрық-Қазынаның» сенімді серіктесі мәртебесіне ие болуға мүмкіндік берді.
«Иә, алдын ала біліктілігі бойынша іріктеу – бұл үлкен жұмыс, көп еңбекті қажет етеді. Жалпы алғанда, біз үлкен күш салып қиналмадық, себебі, ұйымда халықаралық стандарттарға сай менеджмент жүйесі бар, барлық бизнес-үдерістер ретке келтірілген. Төрт халықаралық ISO стандарты бойынша сертификатталғанбыз. Аталған құжаттарды тапсыруда қиындықтар болмады», дейді басқарушы директор – компания филиалдарының қызметін үйлестіруші Қарлығаш Сұлтанбекова.
Алдын ала біліктілігі бойынша іріктеу Қордағы сатып алу рәсімін өткізудің сапасын арттыру және жұмсалатын уақытты оңтайландыру мақсатында енгізіліп отыр. Жаңа механизм бәсекелестікті арттырып, жалған кәсіпкерлер мен біркүндік компаниялар үшін кедергі болады. Процесті Холдингтің сатып алу жүйесінің дамуына жауап беретін «Самұрық-Қазына Контракт» ЖШС жүргізіп, бақылап отырады.
«Самұрық-Қазына Контракт» ЖШС Алдын ала біліктілігі бойынша іріктеу департаментінің директоры Эльдар Доскеновтің сөзіне қарағанда, сенімді жеткізушілер тобын қалыптастыру халықаралық бизнесте кең таралған екен. Бұл іріктеуден өткен кәсіпкерлер Холдингтің сатып алу жұмыстарына кем дегенде үш жыл бойы қатысу мүмкіндігіне ие болады.
Сарапшы тендерге қатысу үшін сатып алу сомасының 1%-ына тең қаражат түріндегі қамтамасыздандыруды енгізу бұдан былай қажет емес екенін іріктеуден өткен кәсіпкерлерге арналған тағы бір оң жаңалық ретінде түсіндірді. Мысалы, 500 млн теңгеге қызмет немесе тауар сатып алу ісінде жоғарыдағы сома 5 млн теңгені құрайды. Сонымен қатар электронды жүйе көмегімен «Самұрық-Қазына» холдингінің тапсырыс берушілері өткізіп жатқан сатып алу істері туралы кәсіпкерлерді құлағдар қылып отырады.
«Алдын ала біліктілігі бойынша іріктеуден өткен үміткер жеткізушіге әр сатып алу бойынша тағайындау (сайлау) туралы жарлық, жарғы, заңды тұлғаны тіркеу туралы куәлік секілді стандартты құжаттар топтамасын жинаудың қажеті жоқ. Бұл нотариалды куәландыруға кететін шығынды барынша азайтып, тапсырысты орындай алатын ұйымдар қызметінен орынсыз себептерге байланысты бас тартудың алдын алады», деп түсіндірді Доскенов.
Бүгінгі күні іріктеу жүйесінде (www.pko.skc.kz) 6 мыңдай қолданушы тіркелген. Іріктеуден өтуді жоспарлап отырған үміткер жеткізушілер «Самұрық-Қазына Контракт» сайтындағы оқыту материалдарымен таныса алады.
Асхат РАЙҚҰЛ,
«Егемен Қазақстан»