ЭКСПО-2017 • 06 Қыркүйек, 2017

«Экспо-ға асығып барамын»

419 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Қызылжар өңіріне талай шет­елдіктер ке­ліп жүр ғой. Жапониялық саяхатшы На­кад­­жи­ма Джунджи олардың бі­рі­не де ұқ­са­майды.

«Экспо-ға асығып барамын»

13 мамыр күні екі аяқты көлі­гіне от а­лды­рып, «шу, қарақұйрық!» деп Қазақстанға қарай тайып тұ­рып­­ты. Қал­та­сына бір сөлкебай да сал­мастан! Бейне бір құда-жекжаттарына қыдырыстап ба­ра жат­­қандай. Осыдан кейін та­ңыр­қа­­май көр! Дегенмен, «Харлей» мо­тоциклімен Оң­түстік Кореяны, Моңғолияны, Ресейді ба­сып өтіп, 10 мың шақырымды артта қал­дыр­­ған жанкештілігіне, көзсіз ерлігіне ри­за бо­ласың. 

Елімізде алғаш аяқ суытқан қаласы – Петропавл. Алдын ала құлақ­танып қа­л­ған мұндағы бай­кер­лер оның аяқ-қо­лын жерге ти­гізбей қарсы алып, бірнеше күн бойы өңірдің тарихи, кө­рікті жерлерімен та­ныстырды. Абылайханның, Қарасай жә­­не Ағынтай батырлардың зәу­лім ес­кер­ткіш­­теріне ұзақ қарап, керемет әсер­лен­­ген кө­рінеді. Өз елінен тиын-тебенсіз шық­­ты дегені болмаса, қар­ны тоқ, көңілі кө­­теріңкі. Аялдаған жер­ле­рін­де гитарамен өлең айтып, нә­пақасын тау­ып кел­ген. Ағыл­шын тіліне қамшы сал­­дыр­май­ды.

– Әттең, уақыт тар. ЭКСПО-ны тама­ша­лау­ға асығып бара­мын. Астананы кө­ру – ар­ма­­ным. Қо­нақ­­жайлықтарыңа ерек­­ше тән­ті­мін, – дейді ол солтүстікқазақ­­стан­дық­тар­мен қимай қош­та­сып тұрып.

35 жастағы жиһанкез елорда­дан кейін Қыр­ғызстан, Түрік­мен­стан, Пәкістан, Үндістан, Қытай мем­лекеттерін араламақ. Үлкен сая­хат 4 жылға созылмақ. 
 
Өмір ЕСҚАЛИ,
«Егемен Қазақстан»

Солтүстік Қазақстан облысы