09 Қыркүйек, 2017

Б.Сағынтаев пен Индонезияның вице-президенті ислам банкингіне қатысты мәселелерді талқылады

244 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Бүгін Астанада Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев Индонезияның Вице-президенті Юсуф Калламен кездесу өткізді, деп хабарлайды ҚР Үкіметінің баспасөз қызметі.

Б.Сағынтаев пен Индонезияның вице-президенті ислам банкингіне қатысты мәселелерді талқылады

Кездесу барысында екі елдің экономика, ғылым мен технологиялардың түрлі салаларындағы ынтымақтастығын нығайту мәселелері, сондай-ақ, екі елдің қаржы және инвестициялық құрылымдары арасындағы ислам банкингіне қатысты мәселелер талқыланды. Бақытжан Сағынтаев Юсуф Каллаға ИЫҰ Ғылым және технологиялар жөніндегі бірінші саммитінің жұмысына қатысқаны үшін ризашылығын білдіріп, Қазақстан «Астана» халықаралық қаржы орталығында Индонезияның жетекші ислам қаржы ұйымдарын орналастыру арқылы ынтымақтастықты кеңейтуге, сондай-ақ орталық базасында Қазақстан мен Индонезияның бірлескен ислам қаржы институттарын құруға ниетті екенін айты.

Сонымен қатар, Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Ислам ынтымақтастық ұйымы кеңістігінде азық-түлік қауіпсіздігі жүйесін құру туралы бастамасын іске асыру тақырыбы қозғалды. Индонезия - әлемдегі халық саны жағынан төртінші ел, оның 2016 ж. ЖІӨ көлемі - 932 млрд доллар. Ол - әлемдік экономика локомотивіне айналған, Оңтүстік-Шығыс Азияның танылған көшбасшысы. Қазақстан мен Индонезия арасындағы сыртқы сауда айналымының көлемі 2017 жылдың 1 жартыжылдығында 15,2 млн долларды құраған, бұл 2016 жылдың осы кезеңіндегі көрсеткіштен 65,3%-ға жоғары.