ЭКСПО қатысушыларын марапаттау рәсімі 1851 жылы Лондон қаласында өткізілген бірінші Дүниежүзілік көрмеден бастап дәстүрге айналды. Биылғы марапат арқылы ЭКСПО-2017 Халықаралық мамандандырылған көрмесінің қатысушыларын «Болашақ энергиясы» тақырыбындағы жобаларды жүзеге асыруды жалғастыруға және осы бағыттағы бірегей идеяларды дамытуға ынталандыру көзделген.
Ұйымдастырушылардың хабарлауынша, халықаралық павильондар «Көрме дизайны» және «Көрме тақырыбының ашылуы» атты екі санат бойынша бағаланды. Қазылар алқасы құрамына көрме, сәулет және халықаралық көрмелер саласындағы 9 халықаралық сарапшы енді.
Бірлескен павильондар арасында «Көрме Дизайны» санаты бойынша қола жүлде - Латын Америкасы плазасына, күміс жүлде - Тынық мұхиты плазасына, алтын жүлде - Кариб қоғамдастығы плазасына берілді. «Көрме тақырыбының ашылуы» санатында қола - Украинаға, күміс- Гана Республикасына және алтын - Тәжікстанға табысталды.
Аумағы 400 шаршы метрден кем павильондар арасында «Көрме Дизайны» бойынша қола жүлдені - Латвия, күміс жүлдені - Словакия, алтын жүлдені- Польша Республикасы жеңіп алды. «Көрме тақырыбының ашылуы» бойынша финляндиялық деп танылды. Күміс жүлде Сингапурға, қола жүлде - Чехия Республикасына бұйырды. 400 және 700 шаршы метр аумағы бар павильондар ішінде «Көрме Дизайны» санатында қола жүлдеге -Монако Княздігі, күміс жүлдеге - Әзербайжан, алтын жүлдеге - Катар лайық деп танылды.
«Көрме тақырыбының ашылуы» санатында Швейцария үздік деп танылды. Қалған жүлделі екі орын Мажарстан мен Үндістанға табыс етілді. 700 шаршы метр және одан көп аумағы бар павильондар арасында бәсеке қыза түсті. «Көрме Дизайны» бойынша қола жүлде - Корея Республикасына, күміс жүлде - Ұлыбританияға және алтын жүлде - Ресей Федерациясына берілді. «Көрме тақырыбының ашылуы» санатында қола жүлдемен - Франция, күміс жүлдемен - Қытай Халық Республикасы және алтын жүлдемен - Германия Федеративті Республикасы марапатталды.
Еске сала кетсек, Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев ЭКСПО-2017 көрмесін жоғары деңгейде өткізуге тікелей атсалысқаны үшін Халықаралық көрмелер бюросының алтын медалімен марапатталды.
Сондай-ақ, ЭКСПО-2017 көрмесін табысты өткізуде аянбай еңбек еткен «Астана ЭКСПО-2017» ҰК» АҚ ұжымы, Астана қаласының әкімдігі және еріктілер түрлі марапатқа ие болды.