Мәртебелі мейманды еліміздің Энергетика министрі Қанат Бозымбаев Астана әуежайында қарсы алды.
Бұған дейін Экономикалық ақпараттар агенттігі Николас Мадуроның Қазақстанда өтетін Ислам ынтымақтастық ұйымының саммитіне қатысатындығын хабарлаған болатын.
«Таяу күндері 57 мемлекеттің басын қосатын ислам қоғамдастығының Қазақстанның елордасы Астанада өтетін халықаралық кездесуіне барамын. Мен ОПЕК-ке мүше және мүше емес барынша маңызды елдердің басшыларымен екіжақты қарым-қатынасты қолдауға ниеттімін», - деген еді Мадуро Ұлттық құрылтайшылық жиын сессиясында.
Сонымен қатар ол ИЫҰ саммитін мұнай бағасын тұрақтандыруға бағытталған формуласын ұсынуға мүмкіндік беретін алаң ретінде қарайтындығын айтқан еді. Естеріңізге сала кетсек, осыдан екі сағаттан астам уақыт бұрын Того Президенті Фора Гнессинбенің ұшағы елорда әуежайына келіп қонды. Мәртебелі мейманды еліміздің Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов пен Астана қаласы әкімінің бірінші орынбасары Сергей Хорошун күтіп алды.
Бұған дейін хабарланғандай, 10-11 қыркүйек күндері елордадағы Тәуелсіздік сарайында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен Ислам ынтымақтастық ұйымының ғылым мен технология жөніндегі бірінші саммиті өтеді. Саммитке ИЫҰ-ға мүше елдердің, сонымен қатар халықаралық және өңірлік ұйымдардың 80-ге жуық делегациясы қатысады.