ЭКСПО-2017 • 10 Қыркүйек, 2017

ЭКСПО-2017. Үздіктер марапатталды

608 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Бір жарым ғасырдан аса тарихы бар рәсім ЭКСПО-2017 көрмесінде де жалғасты

ЭКСПО-2017. Үздіктер марапатталды

Халықаралық көрмелер бюросы ЭКСПО-2017 көрмесін өткізуге атсалысқан тұлғалар мен ұйымдарды және үздік павильондарды марапаттады. Мұндай рәсімі 1851 жылы Лондон қаласында өткен Дүниежүзілік бірінші көрмеден бастап дәстүрге айналған. Биылғы марапат арқылы ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесінің қатысушыларын «Болашақ энергиясы» тақырыбындағы жобаларды жүзеге асыруды жалғастыруға және осы бағыттағы бірегей идеяларды дамытуға ынталандыру көзделген.

Елбасыдан бастап, еріктілерге дейін марапатталды

Салтанатты басқосуда Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев ЭКСПО-2017 көрмесін жоғары деңгейде өткізуге тікелей атсалысқаны үшін Халықаралық көрмелер бюросының бірінші алтын медалін еншіледі. Марапатты «Астана ЭКСПО-2017» ҰК» АҚ басшысы Ахметжан Есімовке табыстаған бюро президенті Стин Кристенсен Елбасы мен Қазақстан үкіметіне білім беру, инновациялар және ынтымақтастықтың негізгі құндылықтарына қолдау білдіріп, болашақтың энергиясы саласындағы жаһандық ынтымақтастыққа қосқан өлшеусіз үлесі үшін алғыс айтты.

Екінші алтын медаль ауқымды шараны табысты өткізуде аянбай еңбек еткен ЭКСПО-2017 көрмесінің халықаралық қатысушыларына берілді. Одан бөлек, Халықаралық көрмелер бюросы «Астана ЭКСПО-2017» ҰК» АҚ ұжымына кәсібилігі мен халықаралық қатысушыларға қолдау білдіргені үшін «Абырой» медалін табыстады. Дәл осындай екінші медальға ерекше қонақжайлылық танытып, әлем азаматтарына шабыт сыйлаған Астана қаласы мен оның тұрғындары лайық деп танылды. Сыйлық елорда әкімі Әсет Исекешовке тапсырылды. Тағы бір «Абырой» медалі қатысушыларды көптеп тарта білгені үшін көрме комиссары Рәпіл Жошыбаевқа берілді. Сонымен қатар ЭКСПО-2017 көрмесінің айнымас бөлшектеріне айналған еріктілер мен қоғаммен байланыс департаментінің қызметкерлері арнайы сертификаттармен марапатталды.

«Ғарыш» сыйлығын Лесото қанжығалады

Африканың оңтүстігінде орналасқан Лесото Корольдігінің ұлттық университеті ЭКСПО-2017 көрмесі аясындағы «Ғарыш» сыйлығын жеңіп алды. Жапондық ЭКСПО-90 халықаралық қоры мен Халықаралық көрмелер бюросының әлеуметтік жобасы болып саналатын марапат көрме тарихында бесінші мәрте табысталды. Бұл сыйлық «Болашақтың энергиясы» саласындағы үздік инновациялық жобаны анықтауға бағытталған.

Әлемнің түкпір-түкпірінен келіп түскен өтінімдер арасында Лесото студенттерінің күн қуатын жинайтын жобасы үздік деп танылған. ЭКСПО-2017 көрмесі қалашығында өткен жеңімпаздарды марапаттау рәсімінде Халықаралық көрмелер бюросы бас директорының орынбасары Дмитрий Керкензес Лесото повильонының комиссарына «Ғарыш» сыйлығы мен 20 мың еуро қаржылай сыйлық сертификатын табыс етті.

Лесото ұлттық университеті – ауылдық жерлерге арналған жаңғырмалы энергия технологиясын дамытып келе жатқан академиялық зерттеу оқу орны. Ондағы студенттер ойлап тапқан күн энергиясын жинайтын арзан құрылғы ауылдық жерлерде ас дайындап, үй жылытуға мүмкіндік береді. Әділқазылар «жасыл» технологияны дамыту арқылы аз қамтылған отбасылардың тұрмысын жақсартуға және қоршаған ортаны қорғауға септігін тигізеді деп есептейді.

Алтынды Ресей алды

Халықаралық павильондар «Көрме дизайны» және «Көрме тақырыбының ашылуы» атты екі санат бойынша бағаланды. Қазылар алқасы құрамына көрме, сәулет және халықаралық көрмелер саласындағы 9 сарапшы енген. Бірлескен павильондар арасында «Көрме дизайны» санаты бойынша алтын жүлде Кариб қоғамдастығы плазасына берілсе, күміс жүлдені Тынық мұхиты плазасы қанжығалады. Қола жүлде Латын Америкасы плазасына бұйырды. «Көрме тақырыбының ашылуы» санатында алтын – Тәжікстанға, күміс – Гана Республикасына, қола Украинаға табысталды.

Аумағы 400 шаршы метрден кем павильондар арасында «Көрме дизайны» бойынша алтын жүлдені Польша Республикасы жеңіп алды. Күміс жүлдені – Словакия, қола жүлдені Латвия еншіледі. «Көрме тақырыбының ашылуы» аталымында алтынды  финляндиялық павильон алды. Күміс жүлде – Сингапурға, қола жүлде Чехия Республикасына бұйырды. 400 және 700 шаршы метр аумағы бар павильондар ішінде «Көрме дизайны» санатында алтын жүлдеге Катар лайық деп танылды. Күмісті Әзербайжан, қоланы Монако Княздігі еншіледі. «Көрме тақырыбының ашылуы» санатында Швейцария үздік деп танылды. Қалған екі орын Мажарстан мен Үндістанға табыс етілді.

700 шаршы метр және одан көп аумағы бар павильондар арасында бәсеке қыза түсті. «Көрме дизайны» бойынша алтын жүлде Ресей Федерациясына берілсе, күміс жүлдені – Ұлыбритания, қола жүлдені Корея Республикасы алды. «Көрме тақырыбының ашылуы» санатында алтын жүлдемен – Германия Федеративті Республикасы, күміс жүлдемен – Қытай Халық Республикасы, қола жүлдемен Франция марапатталды.

Асхат РАЙҚҰЛ,

«Егемен Қазақстан»