22 Қазан, 2011

Елбасының тапсырмасын орындау– ел тұрмысының жағдайын жақсарту деген сөз

303 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
Қазақстан Президенті Нұр­сұл­тан Назарбаевтың үстіміздегі жыл­ғы Қазақстан халқына арнал­ған Жолдауындағы басты бағыт­тар­дың бірі – ауыл шаруа­шы­лы­ғы­ның негізгі салаларының ішіндегі асыл тұқымды ірі қара мал басының санын көбейту, ет өнім­дерінің сапасын көтеріп, шет елдерге сату деңгейін ұлғайту. Елба­сы­мыздың осы бастамасын ауыл жұрты өте жоғары қанағаттанған сезіммен, ертеңгі күнге деген үлкен сеніммен қарсы алды. Халқымыздың атадан мұраға қалған кәсібіне осындай жоғары көңіл бөлініп, оны дамытуға жеткілікті қаржы қарастырылып, бағ­дар­ламаның орындалуына «Нұр Отан» партиясы және қоғам тара­пы­нан бақылау қойылуы орнықты әрі осы күннің талап-тілегіне сай еді. Себебі, белгілі ғалымдар мен тәжіри­белі сарапшылардың пікірлері бо­йынша, мұнай мен тау-кен өнер­кәсі­бінен кейін мал шаруа­шылығы – туған еліміздің жетістігі мен жеңі­сін дүние жүзіне ла­йықты көр­се­те алатын қуаты жеткілікті, мүм­кіндігі ұлан-ғайыр сарқылмас сала. Елбасы өзінің Қазақстан хал­қы­на Жолдауында атап өткендей, асыл тұқымды мал шаруашы­лы­ғын дамыту ел ішінде, қала мен ауылда біраз өнеркәсіп пен кәсіп­кер­лікті дамытып, жаңа жұмыс орындарын тауып беретін пайда көзі болады. Ең бастысы, Елба­сы­мыз­дың тапсырмасының ауыл көрі­нісін өзгертуге, малмен айна­лы­­­сатын азаматтар отбасының тұр­­мысы мен хал-ахуалдарын кө­те­ру­ге әсері мен ықпалын уақыт оз­дыр­­май дер кезінде пайдалану қа­жет. Өкінішке қарай, осы ауқым­ды да маңызды шара әлі де болса бас­қару орындарының назарынан тыс, кенже қалып жатқандай. Ха­лық тұрмысын көтеру үшін ең ал­ды­мен мал өсіріп, бордақылап жә­не оның өнімдерін өңдейтін кәсіп­керлерге қолайлы жағдай жасалуы тиіс. Шүкіршілік, ел Президентінің тапырмасы бойынша кәсіпкер­лер­ге Үкімет тарапынан тиісті көмек көрсетіліп, қамқорлық жасалуда. Тәуелсіздіктің бастапқы кезеңін­дегі­дей емес, қазір кәсіпкерлерге берілетін несиенің түрі де, көлемі де өсіп, жер алу, кәсіпорын ашумен байланысты шараларды ат­қару тиянақты ұйымдастырылған. Дегенмен де, кеше ғана ірге көтер­ген, етек-жеңін әлі толық жинап үлгірмеген, берерінен алары көп, келешегінен үміт қана күттіретін ұйымдарға қарағанда, кәсіпкер­лікте тәжірибе жинап, өзін-өзі та­ны­та білген, әріптестерінен көш ілгері тұрған мекемелерге Үкімет тарапынан алар көмегі мен қол­дауы ерекше де өзгеше болуы керек. Үкімет сеніміне ие болған, әр деңгейдегі банктерге тиянақты әріптес және өндірген өнімдері жұрт көңілінен шыққан кәсіп­орын­дарды ендігі кезекте шет елдерде ірге тігіп, тамыр жаюына билік тарапынан нақты қолдау қажет. Сондықтан шет жерде Үкі­мет пен кәсіпкерлер бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарғанда ғана Елбасымыздың тапсы­р­масын ойдағыдай іске асырамыз. Келесі бір қобалжытатын мә­селе – Мемлекет басшысының тап­сырмасы бойынша бой көтеріп, жұмыс орнын ашып, өнім шығара бастаған жаңа кәсіпорындардың ел тұрмысына тигізер пайдасы мен ықпалын білсек те, әлі де болса, ұйымдастыруға енжар қарап келеміз. Кәсіпкерлерді ауылдағы әр түрлі той-томалаққа, мүгедек жан­дарға көмекке қаржы бөлуге немесе жем-шөп, отын-су беруге, т.б. қажетті, бірақ ұсақ-түйек ша­руа­ларға ғана ұйым­дасты­ра­мыз. Ал мал бордақылау кәсіп­ор­ны орналасқан шалғайдағы ауыл­да басқа істің бәрі тындырылды ма? Қай кезде болса да әр түрлі себептермен ауылда балабақша, мек­теп, мәдениет ошақтары, тұр­мыс­тық қызмет көрсету деңгейі көптің көңілінен шыға бермейді. Сон­дық­тан аудан, ауыл әкімдері өңірдегі ірге тіккен ірі шаруа­шы­лықтан түскен пайданы, әсіресе, қатар­дағы маман мен жұмыскер болып жүрген жергілікті азамат­тардың айлық табыстарын ауыл игілігіне жарату жағын қарас­ты­рып, шешім қабылдауды уақыт­пен санаспай тез атқарулары керек. Ол үшін сапалы тауарларға толы дүкендер, ақылы қызмет қөрсететін мекемелер, т.б. ұйым­дар қажет. Ең негізі – басы ашыл­са болды, соңынан бір-біріне ілесіп бәсекелесе оты­рып қалған­дары да жөнге түсе берері сөзсіз. Мал бордақылайтын алаңдар мен ет өңдейтін кәсіп­орын­­дарға іргелес ауылдарға қа­зір­дің өзінде басқа елді мекендерден азаматтар көшіп келіп жатыр. Олардың тұрмысына оңтайлы жағ­дай ту­ғы­зу – жергілікті бас­қа­ру орын­дары­ның құзырындағы шара. Елбасымыздың асыл тұқымды мал шаруашылығын дамыту, ауыл тұрмысын түбегейлі өзгерту, қа­зақ­стандық сапалы өнімдерді шет елдерге шығару, жаңа техноло­гия­ларды меңгеру туралы тапсыр­ма­сын орындауда кәсіпкерлер мен жергілікті билік орындары қоян-қолтық іс атқаруы қажет. Бірі кәсіпорын салып, жаңа жұмыс орындарын ашса, екіншісі олар­дың тұрмысына қолайлы жағдай, жақсы жол, ақылы қызмет нысан­дарын ұйымдастыруы керек. Тек сонда ғана алға қойған мақсатқа қол жеткіземіз. Төлеген ИБРАЕВ, Мәжіліс депутаты.