БІЗДІҢ ЕЛІМІЗДЕ ДЕ ҚОЛҒА АЛЫНА БАСТАДЫ
Мал шаруашылығы – елімізде ежелден дамып келе жатқан салалардың бірі. Сонау патша үкіметінің тұсында бұл сала халқымыздың негізгі тіршілік көзі болатын. Сол тұстары аты аңызға айналған Қараөткел, Қарқаралы, Қоянды жәрмеңкелері жұмыс істеді. Бізбен көршілес елдерден орыс, татар саудагерлері сол жәрмеңкелерге келіп қатысып, қазақ байларынан топтап мал сатып әкетіп жататын. Осы жәйт біздің елімізде мал экспортының ежелден бар екендігін білдіреді.
Кеңес өкіметінің кезеңінде республикамызда мал шаруашылығы жаңа жағдайда дамыды. Өйткені, Қазақстан мал жайылымдықтарына өте бай. Республика еншісіндегі 270 миллион гектар жердің 180 миллионнан астамын осы мал жайылымдары құрайтын. Ол кезеңдерде мал еті, сүт және жүн өнімдеріне Одақ көлемінде сұраныс зор еді. Осыған байланысты республикамызда мал шаруашылығын өркендетуге үлкен көңіл бөлінді.
Алдымен, мал өсірудің өнімділігі мен тиімділігін арттыру үшін мал шаруашылығындағы асылдандыру жұмыстарын қолға алып, мал тұқымдарын көздеген мақсатқа сәйкес асылдандыру істері жаппай сипат алды. Мал өсіру өз алдына, сонымен қатар, осы шаруашылықтан өндірілген өнімдерді тереңдетіп өңдеу арқылы оның сапасы мен сақталуының негізінде өтімділігін арттыру да жолға қойылды. Мал өнімдерін ұқсататын көптеген комбинаттар мен фабрикалар салынды. Сөйтіп, Қазақстандағы мал шаруашылығы өнімдері бастапқы өңдеуден өткізіліп, орталықтан түскен тапсырыс бойынша тұтыну рыноктарына жөнелтіліп отырды. Яғни, өнім өткізу проблемасы болған жоқ. Осы кезеңде жылына жүздеген мың тоннадан астам ет, жүн өнімдері осылайша өз тұтынушыларын табатын.
Қазіргі жағдай басқаша. Малдың басым бөлігінің жеке меншіктің қолына қарауына байланысты мал тұқымдарын асылдандыру жұмыстары бұрынғыға қарағанда көп әлсіреді. Мал саны да азайды. Мал өнімдері экспортын жолға қою үлкен проблемаға айналды. Ең жақын көршіміз Ресей жылына 2 миллион тонна ет экспорттайды екен. Әзірге мұнда Қазақстанның үлесі тым мардымсыз. Егер біз Ресей сатып алып жатқан осы 2 миллион тонна еттің 500 мыңдай тоннасын (Одақ кезінде орталыққа жіберілетін ет мөлшері осындай болатын) бере алсақ, ет экспортынан түсетін пайда астық экспортына қарағанда артық болып шығады.
Осы мәселе біздің Ауыл шаруашылығы министрлігіне қарасты түрлі ұйымдар мен ғалымдарды көптен бері ойлантып келеді. Мал шаруашылығындағы экспорттық әлеуетті арттыруға қалай қол жеткіземіз, мал тұқымын асылдандыру ісін қалайша жолға қоюға болады деген сауалдар төңірегінде көптеген зерттеу-саралау жұмыстары жүргізілді. Сандаған пікірталастар да ұйымдастырылды. Осының нәтижесінде мәселенің бір ұшы табылғандай да болды.
Мамандардың айтуынша, мал шаруашылығына мемлекет тарапынан бөлінетін қаржы көлемі 1999 жылмен салыстырғанда он еседей артқан. Бірақ өкінішке орай, оның тиімділігі көрінбей отыр. Мәселен, осы уақыт аралығында әр сиырдан сауылатын сүт көлемі 109 литрға ғана ұлғайған, яғни 1999 жылдан бері әр сиырдан сауылатын жылдық сүттің орташа мөлшері 1969 литрден 2078 литрге жеткен. Ал бұрынғы Германия Демократиялық Республикасы Батыс Германияға қосылған тұста олардағы әрбір сиыр жылына 4 мың килодай сүт беретін. Осы көрсеткіш 2002 жылы 7 мың литрге жетсе, қазір 9 мың литрге жуықтады. Неліктен бізде бөлінген қаржы құрдымға кеткен сумен тең? Оның қайтарымы неге жоқ? Мамандар мен ғалымдар осының себебін қуалай келгенде негізгі үш себептің басын ашып отыр.
Бірінші себебі, елімізде мал шаруашылығын асылдандырудағы селекциялық жұмыстар мақсатты және жүйелі түрде жүргізілмей келеді. Оның ортақ бір жүйесі құрылмады. Мұндай жұмыстар жеке шаруашылықтар аясында ғана шектеліп қалып отырды. Ал оларға бөлінген қаржының тиімділігі тиісті бақылауға алынбады. Бөлінген қаржының сұраушысы болмады.
Екінші себебі, малды өз төлінен өсіру ісінде жүйесіздік орын алды. Қазақстанда, әр өңірдің табиғи ерекшеліктеріне орай, асыл тұқымды малдардың қандай түрлерін ұстау қажет деген сұрақтың басы ашылмады. Жергілікті жерлерде тұқымдық аталық малдар және олардың ұрықтары орынды пайданылмады. Әркім өз білген жолымен жүрді. Малдың 50 пайыздан астамы туыстық шағылысуға ұрынған.
Үшінші мәселе, тиісті жем-шөп қорының жетімсіздігіне байланысты болды.
Қазіргі күні Қазақстандағы әрбір мың адамға есептегенде 200 бас сиырдан айналады екен. Мәселен, АҚШ-та әрбір мың адамға – 40, Англияда – 44, Еуроодақ елдерінде 45 сиырдан келеді. Бұл көрсеткіш нені меңзейді? Мәселенің түйіні малдың санында емес, сапасында екендігін көрсетеді. Біздің елімізде сауын сиыр саны батыс елдерімен салыстырғанда көп, тек өкінішке орай, олардың әрбірінің сүт өнімділігі жоғарыда келтірілген елдерден 3 есе төмен. Сол секілді біздегі әрбір ірі қара мал тірі салмақпен 280-300 килодан етке тапсырылса, батыс елдерінде бұл көрсеткіш бізден әлдеқайда (1,5 есе) жоғары болып отыр.
Қысқасын айтқанда, бізде мал бар, бірақ оның тиімділігі аз. Мал шаруашылығына шығарылған шығын өзін дұрыс өтей алмай келеді. Осы жағдайды ескере келе мамандар мен ғалымдар жоғарыдағы олқылықтарды жоюдың бірыңғай жүйесін іске асыруға кірісті. Ол – Мал шаруашылығындағы кең ауқымды селекция деп аталады. Осыны жүзеге асыру барысында малдың асыл тұқымдылық қасиетімен қатар оның азықтандырылу, күтімге алыну жағдайы да кешенді түрде қарастырылады.
Мал шаруашылығындағы кең ауқымды селекцияны жүзеге асыру ісі біздің еліміз үшін жаңалық емес. Өткен ғасырдың 80-ші жылдарында осы іс қолға алынған болатын. Бірақ заман өзгерісіне байланысты аяқсыз қалды. Онан кейін малдың басым көпшілігі жеке меншіктің қолына көшуіне байланысты оны жүзеге асырудың мүмкіндігі болмады. Бір есептен бұған мал шаруашылығына бағытталған қаржының тапшылығы, бірыңғай дұрыс саясаттың сараланып, іске қосылмауы да үлкен ықпалын тигізді. Қазір енді жағдай ептеп оңалып келеді. Ең бастысы, мемлекет мал шаруашылығының дамуына үлкен мән беруде. Осы жағдайды пайдалана отырып Ауыл шаруашылығы министрлігінің жауапты қызметкерлері ғалымдардың қолдауы және көмегімен аталған істі қайтадан қолға алуда.
Мал шаруашылығындағы кең ауқымды селекцияны жүзеге асыру үшін бірқатар шарттар қатаң түрде сақталуы қажет. Ең бастысы, малды өз төлінен көбейтуді бір жүйеге салу, яғни мал тұқымын көздеген мақсатқа сәйкес асылдандыру. Аналық мал басын тұқымдық және өнімділік көрсеткіштеріне қарай сұрыптап, оларға сапалық деңгейіне сай тұқым жақсартушы аталық малдарды жұптау, сонымен бірге туыстық шағылысудың орын алуына жол бермеу. Табынға қосылатын малдың саны және тұқымдық қасиеті, өнімділік көрсеткіштері анық болуы қажет. Сонда ғана әрбір малға бөлінген қаржы қатаң бақылауға алынып, өз тиімділігін беретін болады.
Міне, осындай жағдайға байланысты мал шаруашылығындағы кең ауқымды селекция жұмысы ең алдымен тауарлы өндірісі қалыптасқан шаруашылықтардағы мал санын қамтиды. Әзірге мұндай малдар саны еліміздегі барлық малдардың 20 пайызы мөлшерінде. Қалған 80 пайызы көбінесе үй шаруашылығы деңгейінде ғана қалыптасып отырған жеке меншіктің қолында. Мал шаруашылығындағы кең ауқымды селекция жұмысы өзінің белгілі бір даму сатысына шыққанда, үй шаруашылықтарын да қамтитын болады. Осыған қол жеткізудің бірқатар тетіктері қазірдің өзінде айқындалу үстінде.
Сонымен, кең ауқымды селекция жұмыстарының бірінші кезегіне еліміздің барлық асыл тұқымды және тауарлы мал шаруашылықтары қатысады. Бұл мемлекет бөлетін субсидияны алу үшін оларға қойылатын негізгі талаптардың бірі болып табылады. Ол үшін аталған шаруашылықтар малды өз төлінен көбейту қағидаларын сақтау (сүтті ірі қара шаруашылығында малдарды толық қолдан ұрықтандыру), олардың есебін жүргізумен қатар, осы істі атқаратын ғылыми ұйымдармен селекциялық үдерістерді қамтамасыз ету жөнінде тікелей байланыста болуы, шаруашылықтарда асыл тұқымды (тұқым жақсартушы) аталық малдарды бекіту мен алмастыру тәртібінің сақталуы, автоматтандырылған ақпараттық талдау жүйесінің негізінде малдардың ветеринарлық және зоотехникалық есебін жүргізуі секілді талаптар орындалуы тиіс.
Бастапқы кезде, осының мәнісін түсінбеген кейбір шаруашылықтар бұған қарсы екендіктерін білдіріп, біздің ғылыми инновациялық орталыққа хат жазған да болатын. Бірақ, олар бұл талаптардың әлемдік тәжірибеден алынғанын, осы үрдісті өз жағдайымызға бейімдеп жасағандығымызды, бұдан басқа жолдың жоқ екендігін түсініп бізбен ортақ келісімге келді. Былай қарағанда, еліміздегі мал тұқымдарын асылдандыру жұмысы әрбір жеке шаруашылықтың деңгейінде дами алмайтындығы, олардың бәріне ортақ бір жүйенің қажеттігі, міне, сондай жағдайда ғана мемлекет мал тұқымдарын асылдандыруға байланысты бірыңғай саясатты белгілеп, осы арқылы шаруашылықтарға тиісті көмек жасай алатындығы кез келген көзі ашық адамға белгілі жәйт қой. Демек, біз велосипед ойлап таппай-ақ бүкіләлемдік қауымдастықтар мойындаған осы шараларды батыл жүзеге асыруға бел будық.
Аталған істі жүйелі жолға қою үшін Ауыл шаруашылығы министрлігінің «КазАгроИнновация» АҚ аясында «Мал шаруашылығы және ветеринария ғылыми-инновациялық орталығы» ЖШС құрылған болатын. Бұл орталықтың басты бағыты ақпараттық талдау жүйесін қалыптастыру және оны ғылыми тұрғыдан қамтамасыз етуді жолға қою. Орталық құрамына Алматыдағы мал шаруашылығы және мал азығы өндірісі ғылыми-зерттеу институты, Солтүстік Қазақстан облысындағы мал шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты, Алматыдағы малдәрігерлік ғылыми-зерттеу институты бекітіліп берілді. Сонымен, мал шаруашылығындағы кең ауқымды селекция жұмысын ілгері жылжытудың негізгі материалдық-техникалық және ғылыми базасының негізі қалыптастырылып, осы жұмыс біздің елімізде былтырдан бастап қолға алынды.
«Мал баққанға бітеді» деген бабаларымыз. Ал бір кездегі мал бағу мен қазіргі бағу арасындағы айырма өте зор. Қазіргі заманның талабы да талғамы да бөлек. Біз де осы көшке ілесіп, оның әдіс-тәсілдерін меңгеруіміз қажет. Сондықтан, бүгінгі бастамамыз заман талабына сай ғылыми негізде мал өсіруге және мал шаруашылығын өркендетуге апаратындығына сеніміміз зор.
Айбын ТӨРЕХАНОВ, ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, профессор, Қазақ мал шаруашылығы және мал азығы өндірісі ғылыми-зерттеу институтының бас директоры.