Аймақтар • 02 Қазан, 2017

Жамбылда Несіпбек Дәутайұлының мерейтойы атап өтілді

775 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Жүрек түкпірінде жасырынған мұң мен көңіл төрінде сақталған сырды өзгеше өрнектеп, өмірдің нақ өзіндей шынайы тұрғыда бейнелеу қаламгер қауымның еншісіне бұйырған дүние.

Жамбылда Несіпбек Дәутайұлының мерейтойы атап өтілді

Сөз құдіретін сүйегіне сіңіріп, қанына дарытқан жазушы нені болса да ұлттық тұрғыда байыптап, сөз сарасын, ой байлығын оқырманның алдына тартады. Адам, заман, қоғам дейтін күрделі құбылыстарды қаламгерлік тағдыр арқылы зерделеп, жазушылық көзқарас арқылы шығарма шындығын ашады. Өмір мен өлім арпалысы, ақ пен қараның айқасы сияқты бір-біріне кереғар ұғымдарды көркемдік көкжиегі арқылы келістіріп, көркемдеп жазу да шын жазушыға ғана тән.

Талайына тағдыр жазған жазушылықтың азабы мен шерін қатар өріп, өзін ортадан оқшаулау арқылы ақиқаттың ауыр жүгін арқалаған қаламгер Несіпбек Дәутайұлы оқырманға «Құдірет пен қасірет» романы және «Көгілдір көйлекті келіншек», «Ақкүшік», «Батыр», «Құмға қашқан құйын» атты повесть-әңгімелері арқылы танымал. Нені жазса да ақиқаттан аспай, шындықтан шығандамай жазатын қаламгер образ даралауда, шығарма түзуде бүгінгі қазақ прозасын жаңа деңгейге көтерді. Адамның болмысы, тағдырдың қиян-кескі шайқасы іспетті дүниелер шығармаларынан көрініс тапты.

Жазушы, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Несіпбек Дәутайұлының жетпіс жылдық мерейтойы Әулиеата жерінде дүркіреп өтті. Бұл күні облыстық қазақ драма театрына халық көптеп жиналып, жазушыға лайықты деңгейде құрмет көрсетті. Жазушы мерейтойына Жамбыл жұртшылығымен қатар, Алматы және Атырау облыстарынан да арнайы делегация мүшелері келіп қатысты. Салтанатты кешті жазушы-драматург, Халықаралық Ш.Айтматов атындағы сыйлықтың иегері Рахымжан Отарбаев жүргізіп, Несіпбек Дәутайұлының шығармашылық жолын кеңінен зерделеді.

Әуелі сахнаға Жамбыл облысы әкімінің бірінші орынбасары Бекболат Орынбеков шығып, жазушының шығармашылығына тоқталды. Бұдан кейін Бекболат Серікбекұлы облыс әкімі Кәрім Көкірекбаевтың арнайы құттықтау хатын оқып берді. Сонымен қатар, мерейлі кеште Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев, Қазақстан Республикасының мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіхалықова, Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Серік Үмбетов сынды азаматтардың құттықтау хаттары оқылды. Ал белгілі жазушы Марал Сқақбаев Несіпбек Дәутайұлы туралы тебірене сөйлесе, мерейтой иесіне Қазақстан Жазушылар Одағының төрағасы Нұрлан Оразалиннің құттықтау хатын «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы Жанарбек Әшімжан табыс етті. Сондай-ақ, Мархабат Байғұт, Мереке Құлкенов, Есенғали Раушанов сынды ақын-жазушылар Несіпбек Дәутайұлының дара қолтаңбасын атап көрсетсе, жазушы Жүсіпбек Қорғасбек қаламгер шығармашылығы жөнінде баяндама жасады.  

Жазушы мерейтойына арнайы келген жалпыұлттық «Егемен Қазақстан» газетінің Басқарма Төрағасы Дархан Қыдырәлі Несіпбек Дәутайұлының шығармашылығы мен кісілік келбеті жөнінде сөз сөйлеп, оның Бауыржан Момышұлы, Шерхан Мұртаза сияқты алыптардан басталған құтты керуеннің жалғасы іспетті екендігін айтып өтті. «Ол оқырман қауымды өрнегі өзгеше жаңа стильдегі көркемдік-дүниетанымдық ізденістерімен, Қаратау шертпелеріндей бейнелі дәстүрлі эпикалық баяндауларымен, ұлттық бедерлі танымымен өзіне баурап, қаймана халқымыздың әлеуметтік-қоғамдық күрделі өмірін адамзатқа тән ақиқатпен шебер жымдастыра жеткізетін жазушы. Несағаңның прозасындағы кейіпкерлер әлемі өмірдің буырқанып қайнаған өз ішінен, өзегінен ойып алынғандықтан шыншыл да сыршыл келеді. Оларды автор ойдан шығармайды, қиялдан туғызбайды, мұны сауатты оқырман да бірден айырады. Сондықтан Несағаң шытырман өмірден шындықты іздеген қаламгер», деді Дархан Қуандықұлы. Сондай-ақ, ел газетінің атынан иығына шапан жауып, құрмет көрсетті.

Жалпы, мерейлі кеште Несіпбек Дәутайұлының шығармашылық тағдыры әңгіме өзегіне айналды. Алматыдан арнайы келген Жұмабай Шаштайұлы, Аманхан Әлім, Бекен Ыбырайымұлы, Темірғали Көпбаевтар да жазушы туралы лебіздерін білдірді. Ал «Тараз» триосы Кенен Әзірбаевтың әндерін шырқап кеш көрігін қыздырса, Анна Вундер, Мәдина Сағынбекова сияқты өнерпаздар көрермен көзайымына айналды.

Хамит Есаман,

«Егемен Қазақстан»

Жамбыл облысы