26 Қазан, 2011

2009

354 рет
көрсетілді
26 мин
оқу үшін
«...Басқан аяқ кері кеткен заманда, Жасымай алашына қызмет еткен. Болса да қалың тұман қараңғы түн, Туатын бақ жұлдызына көзі жеткен...». Сұлтанмахмұт Торайғыров. Тарих қойнауына енген 2009 жыл – Қазақ елінің жадында қандай оқиғаларымен қалды... Қарапайым халықтың тұрмыс-тіршілігін әлем­дік экономикалық дағдарыстың салқыны шар­пып өтті. Соның салдарынан азық-түлік пен тұ­тыну заттары қымбаттап, инфляция өсімі бай­қалды. Сондай-ақ, жанар-жағар майдың бағасы шарықтады, ипотекалық пәтерлер құрылысы баяулады. Осылайша «мың өліп, мың тірілген» қазақ­тың шымбайына батқан келеңсіз құбылыстар қылаң берді. Десе де, рухы биік қазақ қол қус­ы­рып отырған жоқ, әлемдік дағдарыстың дауы­лы­мен күресті. Біраз тынысы тарыл­ған­мен, уақыт­ша дегбірсіздену ахуалынан арыла бастады. Тәуел­сіздіктің алғашқы жылдарынан-ақ даму­дың эволюциялық жолын таңдаған Қазақ елі дағдарыс арқылы жаңаруға нық қадам басты. Руханият белгілері – ізгілік пен тектілік бас­тау­лары қайта жаңғырды. Осы жылы еңселі елорда – Астана қала­сын­да жалғасын тапқан Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының ІІІ съезінде Мұхаммед пайғамбардың (с.ғ.с) «Мен ізгіліктің тектілігін жетілдіру үшін ғана жіберілгенмін» деген тұ­жы­рымын тілге тиек еткен Елбасы осынау ма­ңызды құралсыз қоғамның дағдарыстан даму­дың әлдеқайда жоғары траекториясына шығуы мүмкін еместігін алға тартқан еді. І. ДАҒДАРЫСТАН – ЖАҢАРУҒА Қоғам дамуының заңдылығына сәйкес 2009 жылы елдің жетістіктерімен бірге қиын­шы­лық­тары қатар жүрді. Соның бірі – әлемдік эконо­микалық дағдарыстың әсері. Мамандардың па­йым­дауынша, нарықтағы тауарлар мен қыз­меттің сұранысы және тапсырысы арасындағы тепе-теңдіктің бұзылуынан экономикалық дағдарыс туындайды. Адамзат өркениеті даму тарихында дағ­да­рыс­ты кезеңнен өтіп отырған. Ерте дәуірде азық-түліктің жетіспеушілігінен, «өнеркәсіп төң­керісі» кезінде халықтың төлемақы қабі­ле­тінің нашарлауынан сұраныс төмендеп кетеді. Тауар өндірісі мен сұраныстың арасындағы тепе-теңдіктің сақталмауы дағдарысқа әкеліп соқтырады. Соңғы екі ғасырда Америка және Еуропа елдерін қамтыған экономикалық дағдарыстар саны 20-ға жеткен. Тарихи мәліметтер бойын­ша ХІХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдың басында жиілеген қаржылық дағдарыстар араға 10-12 жыл салып қайталанып отырған. ХХ ғасырдағы күйзелісті дағдарыс АҚШ, Англия, Франция, Германия және Ресей сияқты мемлекеттерді қамтыды. Дағдарыс өндірісті күйретті, жұмыссыздықты өсірді, қоғамдық қатынас­тар­ды шиеленістірді. АҚШ тарихында 1929-1933 жж. «Ұлы дағдарыс» атауымен қалды. Осы жылдары Нью-Йоркте акцияның бағасы күрт төмендеді, қоры бар «нарық ауруы» басталды. Елдегі іскерлік белсенділік құлдырап кетті, бұл дағдарыстың зардаптары қырқыншы жылдар­дың басына дейін сезілді. Сол кездегі ресми мәліметтерге сүйенсек, АҚШ-та жұмыссыздық 14 миллион адамды құраған, барлығы 32 елді қамтыған бұл дағда­рыс­тан 30 миллиондай адам зардап шеккен. Өнер­кәсіп өндірісі 24 пайыздан 46 пайызға қысқарған. Екінші дүние жүзілік соғыстан кейін Англия, Канада, Бельгия, АҚШ, Нидерланды елдерін шарпыған экономикалық дағдарыс кезінде 10 миллион адам жұмыссыз қалған. Өткен ғасырдың жетпісінші, сексенінші, тоқсаныншы жылдары мұнай өндіру көлемінің төмендеуінен «энергетикалық дағдарыс» көрініс берді. Осы кезде мұнай өндірушілер нарықтағы мұнайдың бағасын ұлғайтуға тырысты, баррель бағасы 3 доллардан 12 долларға өсті. Тоқсаныншы жылдардағы Азия дағдарысы аймақтағы валюта девальвациясы мен төлем­ақы балансының жетіспеушілігінен туындаса, Ресейдегі дағдарыс айналымдағы рубль баға­мы­ның күрт төмендеуінен байқалды. Осы кезде коммерциялық өндіріс тоқырап, халық кедейленді. Мұндай көріністер үшінші мыңжылдыққа да жетті. 2007 жылғы әлемдік экономикалық дағдарыс жылжымайтын мүлік операциялары, құрылыс, банк секторларын қамтыды. Сондай-ақ, сауда мен құрылыс материалдарын өндіруге кері әсерін тигізіп, шағын бизнес зардап шекті. Әлемдік дағдарыс салдарынан 2007-2008 жж. Қазақстан экономикасының қаржы және құ­рылыс салаларында құлдырау байқалды. Шикі­зат тауарларына сұраныс кеміді, халықты еңбекпен қамту және баға түсіп кетті. Жалпы, елдің экономикалық өсу қарқыны төмендеді. 2007 жылы ішкі жалпы өнім 8,5 пайызға өссе, 2008 жылы 3,1 пайызға төмендеген, 2009-2010 жж. көрсеткіштер де мәз емес. Дағдарыстың алғашқы жылдары инфляция орта есеппен 17 пайызды құраған. Осы кездері бір бөлке нанның бағасы 70 теңгеге өсіп кетті. Халық банкі мәліметтерінде несиелендіру жүйесіне халықтың 42 пайызы (3455 мың адам) тартылған, соның ішінде фирмалар 10 пайызды құраған. Қаржылық дағдарыс халықтың несиені қайта рәсімдеу кезінде байқалды, басқаша айтқанда, банктен алған алғашқы несиесін жабу үшін алынған екінші несиені өтеу қиынға соқты. Осылайша ел-жұртымыз қарызға батты. 20-22 пайыз үстемемен несие алған адамдар, жұмыстың қысқарып, жалақының азаюы сал­дары­нан қайтару мүмкіндігінен айырылды. Тіпті, осы кезде небір сорақы әрекеттерге бел бу­­ғандар да табылып жатты. Қазақтың бел­бауын босатпау үшін осындай сынақ керек те шығар... Еліміздегі білім және ғылым саласындағы несиелендіру жүйесі – студенттердің әлеумет­тік қорғалуын қамтамасыз етуге бағытталды. ҚР БжҒ «Қаржы орталығы» арқылы студенттер несиеге кез келген жоғары оқу орнында білім алуға мүмкіндіктер алды. Дегенмен, 2008-2009 оқу жылы студенттерге ауыр тиді. Елдегі жұмыс орындарының қысқаруынан ақылы негізде оқитындардың жүйкесі жұқарды, 200 мың­нан астам студентке оқудан шығу қаупі төнді. Бұл мәселе депутаттық сауалдама ар­қы­лы Үкімет мінберіне дейін көтерілді. «Нұр Отан» ХДП-ның назарына ілігіп, нәтижесінде ақылы негізде оқитын 3 курстың озат студенттері үшін қосымша мемлекеттік гранттар бө­лін­ді. Материалдық қолдауға аса зәру студенттерге ұзақ мерзімге жеңілдетілген несиелер берілді. Олардың жалпы саны 40 мыңға жетті. Дегенмен, Елбасының бастамасымен 2009 жылдан бастап, әлеуметтік міндетті төлемдер мен бюджеттік мекеме қызметкерлерінің жал­ақы­сы 25 пайызға өсті. Қазақстан Үкіметі, Ұлттық банк және Қаржы қадағалау агенттігінің 2009-2011 жж. арналған бірлескен жоспарына сәйкес, Ұлттық қордан 20 млрд. доллар көлемінде қар­жы бөлініп, инвестиция ретінде эконо­мика саласына құйылды. Елбасы 2009 жылғы «Дағдарыс ар­қы­лы жаңару мен дамуға» атты Жол­дауында «Тәуелсіздік шежіресін парақтасақ, күйреген кеңестер импе­рия­сының орнына жаңа мемлекет құру бізге оңайға түскен жоқ. Тұралап қалған эконо­ми­каны қайта қалпына келтіру, оны жаңаша даму жолына түсіру тақыр жерден тау тұрғызғанмен бірдей еді. Ел болып ол қиындықтарды да ең­серіп өттік», дей келе, «дағдарыстар өтеді, кетеді. Ал мемлекет тәуелсіздігі, ұлт мұраты, ұр­пақ болашағы сияқты құндылықтар мәңгі қалады», деп қадап айтқан болатын. 2009 жылғы оң өзгерістер қатарында Астана қаласында ашылған Тұңғыш Президенттің бірінші интеллектуалдық мектебінің іске қосылуын, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің 75 жылдық мерейтойын, «Невада-Семей» антиядролық қозғалысының 20 жылдығын атап өтуді, Әлемдік және дәстүрлі діндер жетекшілерінің ІІІ съезінің шақы­рылуын, Мұстафа Кемаль Ататүрік ескерткішін, «Егемен Қазақстан» газетінің жаңа ғима­ратын, «Керуен», «Азия-Парк» сауда-ойын-сауық, «Astana Financial Tower» іскерлік орта­лығын, т.б. құрылыс нысандарының пайда­лану­ға берілуін атауға болады. Сондай-ақ, осы жылы Конституция күнін мерекелеуге арналған тұңғыш әскери шеру ұйымдастырылды. 2009 жылы тарихқа енген «Дағдарыстан – жаңару­ға» ұғымының нақты көрінісі, міне, осылар. ІІ. «ҚАРАӨТКЕЛ – АЛАШТЫҢ ОРТАСЫ» «Қазақты автономия қылсақ, Қараөткел – Алаштың ортасы, сонда университет салып, қазақтың ұл-қызын оқытсақ «Қозы Көрпеш-Баянды» шығарған, Шоқан, Абай, Ахмет, Міржақыпты тапқан қазақтың кім екенін Еуропа сонда білер еді-ау». Ә.Бөкейхан. «Г.Н.Потанин». Қазақтың болмысы ертеден қорған мен қамал салғаннан гөрі сайын далада жылқы мініп, таза ауада еркін тіршілік етуге бейімделген. «Адам жүзге келмей өлмейтін, малы екі төлдейтін» жерді аңсаған Асан Қайғыдан Есілдің бойын көргенде «алты күнде ат семіртіп мінетін жер екен» деген сөз қалыпты. Алайда, қазақтың көшпелілік пен отырықшылықты қатар ұстағаны – ортағасырлық қалалар тарихы­нан белгілі. Қала әлемі – инновациялық технология әлемі, мұнда еуропалық өлшеммен индивидуализм мен кәсібилік басым түседі. Қай кезеңде болса да қала әлемі адамдарды ру-тайпалық санадан арылтып, ұлттық санасын қалыптастыруға жол ашқан. Осыған сәйкес елордасы – Астанада іскер адамдардың ерекше тобы қалыптасып келеді. Кезінде академик Рымғали Нұрғали «Ақ­мо­ла» энциклопедиясын шығару мәселесін көтер­генде, Елбасы (ол кезде Премьер-Министр) «Меніңше Қазақстан үшін Ақмоланың орны ерекше. Анау картаға қарашы, далиған көл-көсір, ұлан-байтақ қазағымның кең даласы. Етек-жеңі мол пішілген ата-бабамның шапаны секілді ғой. Біреу сыйлады дейсің бе, бәрі де білектің күшімен, найзаның ұшымен алынған. Анау бір тұста, Орынбор тарапынан ішке қарай сұғына кіріп кеткені болмаса, жеріміз Алтайдан Атырауға, Отырардан Омбыға дейін керіліп-ақ жатыр емес пе. Жер жәннаты Жетісудағы жұ­мақ іспетті Алматы әттең бір бүйірде, тығы­рық­та жатыр. Маған салса, шіркін астана болар жер – Қазақстанның кіндік орталығы, батысқа да, шығысқа да, солтүстікке де, оңтүстікке де қа­шық­тығы бірдей, жетпіс жеті жолдың тора­бын­да тұрған Ақмола емес пе. Сонда жаңа ұйыт­қы пайда болып, халық орталыққа қарай ойысар еді-ау, жеріңе, суыңа, байлығыңа еш­кім­нің аузының суы құрымас еді. Қазанның қақпағы жабылса, сұғанаққа жол жоқ», деген еді. Иә, сол жылдары БАҚ-та ас­тананы ауыстыру туралы әр­тү­р­лі қоғамдық пікірлер жария­лан­ды. Солардың қатарында Ал­ма­ты қаласының геосаяси жағ­дайы – Қытаймен шекара мәсе­ле­сінің күрделілігі, қаланың сейсмикалық қаупі, сондай-ақ Ақмола облысын қазақтандыру мәселелері болды. Бұл тура­сын­да Елбасының «Менің ойымша, бізді қате шешім қабылдады деп жас ұрпақтың кінәлауына ешқандай негіз жоқ. Алматы бұрынғысынша еліміздің ең ірі қаласы болып қалады. Ал күшті екі орталықтың болуы республиканың экономикалық қуатын тек арт­тыра түседі. Әлемде екі астананың өмір сүруі­не қатысты мысалдар өте көп. Олар – Анкара мен Ыстамбұл, Мәскеу мен Санкт-Петербург... Вашингтон мен Нью-Йорк. Бұл қатарда, менің ойымша, біз алдыңғысы да, артқысы да бола қоймаспыз», дегені дәл келді. Иә, бұрын Қараөткел, Ақмола, Целиноград аталған Астана қаласының тарихы да қызық. Сарыарқа қазақтары Есіл өзенінің қазіргі Астана қаласында орналасқан, көшпелі ел-жұрт аттылы-жаяу өте беретін таяздау тұсын Қараөт­кел деп атаған екен. Ақмола атауы ХІІІ-ХІV ғғ.-да тұрғызылған ақ күмбезді бейітке бай­ла­ныс­ты пайда болса керек, 1830 жылы негізі қалан­ған. Алғашында Ақмола әскери бекінісі атанған елді мекенге 1862 жылы қала мәртебесі берілген. Қазақстандағы тың және тыңайған жерлерді игеру кезінде Ақмола облысымен бірге Ақмола қаласы да өзгерістерге ұшырады. 1954 жылдың көктемінде Ақмолаға тың игерушілер тиелген ал­ғашқы эшелон келіп тоқтады. Деректер Ақмола облысына 270 мың адам келгенін айғақтайды. Ақмола 1960 жылдың аяғында құрылған Тың өлкесінің орталығына айналды. 1961 жыл­дың нау­рызында қала атауы Целиноград болып өз­гер­тілді. Осыған жауап ретінде Шәмші Қал­даяқов­­тың марш сарынында шырқалған «Ме­нің Қазақ­станым» (қазіргі гимн) әні дүниеге келген еді. Әлемдік тәжірибе көрсеткендей, астана таңдаудың астарында ұлттық идеялар жатады. Мағжан жырларындағы: «Батырлар сайран сал­ған Сарыарқаға» астананы көшіру қалың қазақ­тың жүрегіне жақын болғанмен, кеңестік «Це­ли­наны» аңсаушылар «Сарыарқа – Ресейдің жалғасы» деуден жалықпай-ақ қойды. Бұл санадан Астананы көтеру арқылы арылдық-ау, әйтеуір. Сөйтіп, тәуелсіздік жылдары (1994 жы­лы) қалаға Ақмола атауы қайтарылды. Ал, Ел­басының «Ақмола қаласын Қазақстан Рес­пуб­ликасының астанасы деп жариялау туралы» Жарлығы (1997 жылғы 20 қазан) негізінде 1998 жылы 6 мамырда Отанымыздың астанасы Астана қаласы болып аталды. Бастапқыда Алматы, Сарыарқа аудандарынан тұрған кішігірім Астана қаласының аумағы қазір құлашын кеңге жайған. Астана құрылысы мемлекеттік қаржылан­ды­ру есебінен қысқа мерзімде аяқталғаны белгілі. Сәулет өнерінің еуразиялық үлгісімен түзілген ғимараттар – ежелгі Грекиядағы қала мемлекеттер сияқты Астананың мәртебесін көкке көтеріп тұр. Қаланың мазмұндық стилі тастарда қашалып, мәңгі идеялар көрініс береді. Осылайша, қала ғимараттары мен ескерткіштері жас ұрпақтың тарихи және ұлттық санасын қалыптастыруға септігін тигізеді. 2009 жылғы Халық санағының мәліметтері бойынша Астана қаласында 639 311 адам тіркелген. Оның ішінде 405 385-і қазақтар, 160 952-і орыстар, 4080-і өзбектер, 19 522-сі украиндар, 574-і ұйғырлар, 11 279-ы татарлар, 2009-ы немістер, 4244-і корейлер, 1874-і әзербай­жан­дар, 5549-ы белорустар, 455-і түріктер, 15 529-ы өзге этнос өкілдерін құрайды. Осылайша, астаналықтар саны жылдан-жылға ұлғайып, Астана қаласы өмір сүру мен қызмет етуге қолайлы Еуразия құрлығындағы мегаполиске айналып отыр. Бұл мемлекет та­рапынан жасалған қамқорлықтың заңды нәти­жесі. Әлем назарына іліккен Астана – әрбір Қазақстан азаматының арманына айналған қала-мемлекет деуге негіз бар. ІІІ. «ЕУРОПАҒА ЖОЛ» – ӨРКЕНИЕТ ЖОЛЫ 2009-2011 жж. арналған «Еуропаға жол» мемлекеттік бағдарламасы Елбасының 2008 жылғы «Қазақстан халқының әл-ауқатын арт­ты­ру – мемлекеттік саясаттың басты мақсаты» атты Жолдауы негізінде әзірленгені мәлім. Бұл бағдарлама Еуропаның жетекші елдерімен стратегиялық серіктестік орнату деңгейін көтеруге бағытталды. Басқаша айтқанда, Еуропа елдерімен тауар айналымын арттыру, көлік­тік қатынастарды дамыту, жаңа технологияны еуропалық стандарттарға сәйкестендіру, отан­дық және еуропалық нормаларды жетілдіру, халықтың әлеуметтік қорғалуын қамтамасыз ету, ұлттық және мемлекеттік ой-сананы әлем­дік деңгейге көтеру мақсатын көздейді. Бірінші міндеті – еліміздегі өмір сүру жағ­дайын еуропалық стандарттарға жақындату. Қор­шаған ортаның тазалығын сақтау, су қор­ларын қорғау, климаттың ерекшелігін ескеру, биоәртүрлілікті сақтау және т.б. мәселелер бо­йын­ша жүйелі жұмыс жоспарланады. Сон­дай-ақ, медициналық кызметтің сапасын көте­ру­ге басымдық беріледі. Дертті анықтау сапа­сын жақсарту мақсатында медициналық-ақпа­раттық технологияларды енгізу, ауруды емдеу және алдын алу, дәрі-дәрмектің қолжетім­ділі­гі мен сапасы, тамақтану стандарттарын енгізу, кадрлар қоры жүйесін дамыту есебінен еуро­па­лық стандарттарға сәйкес жүргізіледі. Сонымен қатар, білім, әлеуметтік қолдау, еңбекпен қамту және көші-қон саласын дамыту қарастырылады. Екінші міндет – мемлекеттік кұрылымның қазақстандық үлгісін еуропалық тәжірибе негізінде әрі қарай дамытуға, мемлекеттік қызмет пен кадрлар қорын басқарудың тиімді жүйесін енгізуге, елдің саяси өмірін ырықтандыруға бағытта­ла­ды. Бұл, әсіресе, сайлау, саяси партиялар, бұқара­лық ақпарат кұралдары, мемлекеттік кызметті реформалау, сот жүйесі және т.б. салалар бойынша заңдарды жетілдіру негізінде жүзеге асырылады. Үшінші міндет – 2010 жылы Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалық етуіне дайындық жұмыс­тарын жүргізуге бағытталды. Бағдарламада анықталған бірқатар басымдықтар: демокра­тия­лық институттардың дамуына жасалған жағдайларды жақсарту; ЕҚЫҰ мемлекеттерінің транзиттік-көліктік және Еуразияның транс­құр­лықтық мүмкіншілігін дамыту; экологиялық мәселелер; бейбітшілік және ядролық қару­сыз­дану, аймақтық қауіпсіздікті нығайту; терроризм, экстремизм, есірткі бизнесі, ұйымдасқан қылмыспен күресте қауіпсіздіктің бейбіт аспектілерін дамыту; Ауғанстан ахуалы. «Еуропаға жол» бағдарламасын жүзеге асыру – экономиканың бәсекеге қабілеттілігін көтеруге, халықтың әл-ауқатын жақсарту мен елдің тұрақ­ты дамуын камтамасыз етуге мүмкіндіктер ашты. Ресми деректер бойынша, 2009 жылы Қазақ­стан­ға құйылған шетелдік инвестицияның жалпы сомасы 25 миллиард доллар шамасын құраған. Жаһандық дағдарыстың ықпалына қарамас­тан, Қазақстан-Германия сауда айналымының көлемі 2,9 миллиард доллардан асты. Қазақ­стан­да германдық капиталдың қатысуымен 800-ден астам бірлескен кәсіпорын тіркелген. Тәуелсіздік жылдарында ГФР-дың Қазақстан экономикасына салған инвестициясының жал­пы сомасы 3 миллиард долларға жуық қара­жат­ты құрады. Ал Қазақстан ГФР-дың эконо­ми­касына 4 миллиард доллардан астам инвестиция салған. Сондай-ақ, Қазақстан ГФР-да «Болашақ» еуропалық орталығының өкілдігін ашты. Алматыда «Қазақ-Неміс» университетін одан әрі дамыту, Назарбаев Университеті ха­лықаралық жоғары оқу орнымен ынтымақ­тасу көзделді. «Еуропаға жол» мемлекеттік бағ­дарламасын іске асыруда Қазақстан – Германия серіктестігі оң нәтижелерін берді. 2009 жылы өткен «Қазақстанның Германиядағы жылы» мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықтың жар­қын көрінісі болды. «Еуропаға жол» – мемлекеттің даму страте­гиясымен астасып жатқан болашақтың кешенді бағ­дарламасы. Еуропамен әріптестік қатынас ор­нату – қазақ қоғамының даму жолын таң­дауы­нан басталды. Сондықтан өркениет жолын таңдаған Қазақ елі әлемдегі саяси-экономи­ка­лық, әлеумет­тік-мәдени өзгерістердің пайдалы жақ­тарын елдің мүддесіне икемдесе, нұр үстіне нұр болар еді. ІV.  ДІНАРАЛЫҚ КЕЛІСІМ – АДАМЗАТ ИГІЛІГІНЕ  Осы қазан айында дүниеге келген әлемнің 7 миллиардыншы тұрғыны туралы БҰҰ Бас хат­шысы Пан Ги Мун «Әлемнің 7 миллиардын­шы тұрғыны қарама-қайшылықты қоғамда дү­ние­­ге келеді. Өйткені, бізде азық-түлік болған­мен, мил­лион­даған адам аштықта отыр. Біздің бай­лығы­мыз артқанмен, миллиондаған адам кедейленуде. Ілгерілеушіліктің зор мүмкін­дік­тері бол­ғанмен, кедергілері көп. Солардың ішінде тең­сіздік; келіспеушілік, адам құқының бұзылуы, де­мо­кратия­ның жетіспеушілігі, әйел­дерге қатыс­ты зорлық-зомбылық, ана өлімі, климаттың өз­геруі, қорша­ған ортаның лас­тануын» атап көрсеткен еді. Аталған жаһандық проблемалар 2009 жылы Астана қаласында өткен Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының ІІІ съезіне арқау бол­ған-ды. Осылайша, Батыс пен Шығыстың түйіскен жерінде орналасқан Астана қаласында әртүрлі ұлт­тар мен діндер тоғысып, дүние­танымы үйлескен жандардың өзара үнқатысуы жалғасын тапты. «Астана – бұл конфессияаралық келісімнің қаласы. Бейбітшілік және келісім сарайы, мешіттердің мұнаралары, христиандық храмдар мен синагогалардың күмбездері, басқа дін өкілдерінің ғибадат үйлері қала архитек­тура­лық ансамблінің және оның рухани өмірінің ажырағысыз бөлігіне айналып келеді. Астана – бұл өзінің бүкіл тарихында аса ұлы өрке­ниеттердің тарихи және мәдени мұраларының тоғысу орталығы болған елдің ордасы», деген еді Елбасы. 2006 жылы осындай форумға 29 делегация қатысса, 2009 жылы әлемнің 35 елінен 77 делегация жиналды. Қазақстанда 3200-ге жуық ғибадатхана бар екен. Соңғы жылдары салынған Бейбітшілік және келісім сарайы еліміздің рухани орталы­ғына айналып үлгерді. Бұл ғимаратта әртүрлі конференциялар мен форумдар өткізіліп тұра­ды, мұнда Халықаралық мәдениеттер мен діндер орталығы құрылған. Қазақстан халқы «толеранттылық, діни төзімділік және жаңа атаулыны қабылдауға деген ашықтық секілді қасиеттерімен» ерекшеленеді. 2001 жылы 11 қыркүйектегі жағдай әлемдік «өркениеттер қақтығысын» тудырды. Осы қақ­ты­ғыс бұлтын сейілту мақсатында көтеріл­ген бастамалар Қазақстанда іске асырылды. 2003 жылғы алғашқы форумда қабылданған Декларацияда «конфессияаралық үнқатысу – халық­тар арасын­дағы бейбітшілік пен келісімге қол­дау білдірудің аса маңызды құралы» делінді. Екінші форумда діни соғыстар Жаратушының «бірін бірі өлтірмеу», «қан төкпеу» өсиетін аяқасты етті. Соның салдарынан мыңдаған бейбіт тұрғындардың қыр­ғынға ұшырауы тілге тиек етілді. 2009 жылғы діни форумда лаңкестік әре­кет­тер, есірткі пробле­масы, ядролық қауіп­сіздік мәселелері көтерілді. Осы ретте халық­ара­лық ядролық қауіпсіздік жүйесінің әлсіздігі сөз болды. Мұның бәрі – адамзат дамуының тұрақтылығын тежейтін «көп басты айдаһар­ларды» елестетеді. Дінаралық келісім аясында қарастырылған келесі мәселе – әлемдік қаржы-экономикалық дағ­дарысы. Халықаралық валюта қорының мәлі­мет­тері бойынша, «әлемнің 50-ге жуық мемлекеті экономикалық шыңыраудың шегіне жетті. Әлем­нің бүкіл өнеркәсіптік дамыған экономикасы – АҚШ, Жапония, Еуроодақ және Ресей рецессия жағдайында. Соңғы ондаған жылда алғаш рет Қытай экономикасының өсуі баяулады». Бұл дағдарыс жоғарыда аталған жаһандық проблема­ларды одан әрі шиеленістіріп жіберді. Әлемдік дағдарыспен күрес жүріп жатыр. Бұған жұмсалған іс-шаралар көлемі 10 триллион доллардан асып түскен. Валюта резервтері кеміп, мемлекеттік қарыздар өсіп кеткен. Өкі­ніш­ке қарай, соңғы жылдары әлемнің экономикалық дамуы, ғылым мен техника жаңалықтары, көбі­не «үшінші әлем» елдеріне тән аштық, кедейшілік проблемаларын шешіп бере алмай отыр. Форумда жердің асты-үсті байлығын иемденетін адамдардың қатыгездігі, кедейлер мен байлар алшақтығы, аштықтың салдарынан жұқ­палы аурулардың таралуы, қарапайым адам­дардың емделуге қолжетімсіздігі сияқты жалпыадам­зат­тық проблемалар талқыланды. Әлемде миллиардтан астам адам күніне 1 долларға жетпейтін қаржыға күн көреді екен. Осы ретте ғылымның әлсіздігі де алға тартылды. Дінаралық келісімге келудің түйіні – адамзат­ты құтқарудың бірден-бір құралы ізгілік бастау­ларына қайта оралу болды. Форумда жаңа әлем құрылысының негіздері: «әділ эконо­микалық модель», «мемлекетаралық қатынастардың әділ саяси моделі» және «жаһандық қауіпсіздікті қамта­ма­сыз етуге деген жаңа көзқарас» аталды. Кез келген дағдарысты еңсеру үшін адамгершілік қағидалары мен моральдық өлшемдер ұстанымы алдыңғы қатарға шығуы керек. Сонда ғана қазіргі мейірімсіз адамдар санасын өзгертуге болады. Бірақ, әйгілі физик Альберт Эйнштейн айтпақшы, «адам санасын қайта қалпына келтіруден гөрі, атомды бөлшектеп, қайта қалпына келтірген оңайырақ». Басқаша айтқанда, сананы өзгерту – өте күрделі мәселе. Бүгінде әлемді жайлаған рухани жұтаңдық адамдардың қырылып-жойылуына жол ашты. Сондықтан, әрқайсымыз адамзатты сақтау идеяларына қызмет етуге ұмтылайық, ағайын. Ірілі-ұсақты осындай оқиғаларымен 2009 жыл Тәуелсіз Қазақстан тарихынан ерекше орын алды. Көш басындағылар Қазақ елінде әлемдік экономикалық дағдарысқа төтеп бере алатын күштің бар екендігін дәлелдеді. Елімізде экономикалық және саяси тұрақтылық сақталды, Еуропа кеңістігіндегі белсенділігі артты. Қазақтың шаңырағы дінаралық және ұлтаралық келісімге толы болды. Астана – мемлекетаралық рухани келісім орталығына айналды. Екі онжылдық бойы халықаралық аренада Қазақ елінің мәртебесі өсті. Бүркітбай АЯҒАН, тарих ғылымдарының докторы, профессор.