26 Қазан, 2011

Екінші тыныс

403 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін
Зырян кен байыту кешенінің ғасырлық тарихы бар. Алайда ол ел өз тәуелсіздігіне ие болғаннан кейін ғана әлемдік экономикалық кеңістікке шыға алды Бүгінгі күні Зырян қаласының кеншілері мен байытушылары Кенді Алтайдың металлургия өндірісін қажетті шикізатпен қамтамасыз етіп отыр. «Казцинк» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің аты елімізге жақсы таныс. Сонау Одақтың кезінде түсті металлургияның ту ұстаушысы атанған алып кәсіпорын қазір де тұғырдан түскен жоқ. «Казцинктің» Өскемен, Риддер мен Зыряндағы кешендерінде жиырма мыңнан астам адам еңбек етеді. Түсті металлургияның іргелі де берекелі кәсіпорны ел тәуелсіздігінің 20 жылдығына толайым табыстармен келіп отыр. Тек биылдың өзінде Өскемендегі металлургия кешенінде екі бірдей зауыт пайдалануға берілді. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев нарықтың сонау алмағайып заманында кәсіпорынның тоқтап қалмауын назарда ұстап, компания басшыларына нақты тапсырмалар берді. Шетелдік инвесторлар қаржы салып, кәсіпорынның «екінші» тынысын ашты. «Казцинк» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне қарасты Зырян кен байыту кешенінде кен өндіру және байыту технологиясы жетілдірілген, бұл жұмыстардың барлығы тиімді әрі қауіпсіз жүргізіліп отыр. Қазіргі күнгі жаңа қондырғылар мен жабдықтарды өндіріске батыл енгізу нәтижесінде қолмен жұмыс істеу жоқтың қасы. Ең бастысы, кәсіби мамандығын толық меңгерген инженерлер мен жұмысшылар өздері еңбек ететін кәсіпорынды мақтан тұтады, жас мамандар да осында еңбек етуге құлшыныс танытады. * * * ЕРТЕҢІМІЗ БҮГІНГІДЕН ДЕ ЖАРҚЫН Тарихты адамдардың өзі жа­сайды. Зырян қаласының 220 жылдық тарихы бар. Аманшы­лық болса, кейінгі ұрпақтың есінде қалатындай атап өту ойда бар. Зырян кен байыту кешені еліміз­дің экономикасына қомақ­ты үлес қосып келеді. Алысқа бармай-ақ, бір мысал келтірейік. Қазір жаңа желдеткіш кешені құрылысында проходкалау жұ­мыс­тары биік қарқынмен жүргізіліп жатыр. Ол іске қосыл­ған соң жобаланған кен орын­дарына таза ауа жеткізіліп, жы­лы­на 2 250 000 тонна кен өн­діруге қол жетпек. Ал Малеев кенішінде әлемдегі ең үздік өзді­гі­нен жүретін техника паркі жаңар­тылды. Биыл ел тәуелсіздігінің 20 жыл­­дығы. Осынау қысқа тарихи кезеңде еліміз Елбасы Н.Назар­баевтың кемел басшылығы нәти­жесінде адам нанғысыз жетістіктерге жетті. ЕҚЫҰ-ға төрағалық жасауымыз, Самиттің жоғары дең­­гейде етуі, Қысқы Азия ойын­дарын өткізіп ғана қоймай, дамы­ған Азия елдері арасында топ жаруымыз тақияға тар келмесе керек. Осындайда нарықтың өт­пе­лі кезеңі еске түседі. Тоқса­нын­­шы жылдардың басында Зырян­дағы бірден бір кәсіпорын қалт-құлт өмір сүріп, жабылудың сәл ал­дын­да тұрды. Қаладағы мың­даған жұмысшыларды асы­рап тұрған іргелі кәсіпорынның тынысы та­ры­лып, жұмысшылар жалақының не екенін ұмыта бас­тады. Міне, сол кезде Елбасының әкелік қам­қорлығын көрдік. «Каз­­цинк­тің» екінші тынысын ашқан Н.Назар­баевқа зыряндықтар дән разы. Жиыр­ма жылдың ішінде кәсіп­орын өз қуатын бірнеше есе өсірді. Аталмыш кәсіпорында қай­тадан жарақтандыру батыл жүр­гі­зіліп, жабдықтарды алмастыру нәтижесін бере бастады. Эколо­гия талаптарына сай байыту өн­дірісіндегі бихромат технология­сына көшу заман көшіне ілесудің дәлелі. Осы үдерісті жүзеге асы­ру нәтижесінде аса қауіпті – цианид натрийді қолдануды мүлдем доғардық. Қауіпсіз технологияға көшудің тағы бір жағымды жа­ңалығы – Бұқтырма өзеніне залалды қалдықтарды төгу күрт азайды. Ол ол ма, су айналымы жүйесі құрылысын салу компа­нияның он жылдағы игілікті істерінің бірі. Қоршаған ортаны қорғау талаптарына сай Бұқтыр­ма өзеніне өндіріс қалдықтарын ағызу тиылды. Кенді байытып, өңдеуде ерекше орын алатын жұқа күлгін түсті ұнтақтау технологияс­ын өндіріске енгізу нәтижесінде Малеев кен орнынан рудаларды байыту кезінде пайдалы заттарды алу жүзеге асырылды. Компанияның негізгі міндет­те­рінің бірі – Өскемендегі жаңа мыс зауытын пайдалануға беру  іске асты. Бұл орайда біз атқа­ратын шаруалар маңызды. Себебі мысты балқыту кезінде кеннің сапалы болуы шарт. Зырян кен байыту кешенінде қазір сапалы қорғасын, мырыш, мыс, қиыр­шық тас шикізаты өндіріліп келеді. Кешеннің тағы бір маңызды міндетінің бірі – өндірісті жетілдіріп ғана қоймай, адамның ден­саулығы мен қауіпсіздік шарала­рын, сондай-ақ, қоршаған ортаны сақтау. Биыл бұл бағытқа 400 миллион теңге жұмсалмақ. Өнді­ріс қалдықтарын сақтайтын қой­ма, насос стансасы жабдықтарын жетілдіру, Малеев кенішіндегі қалдықтарды тазалау жұмыстары жалғасын табуда. Малеев кеніші – Зыярн кен байыту кешенінің өзегі. Бұдан бұрындары да байыту кешендері болған, кейбірі жұмыс істеп отыр. Алайда, Малеевтің орны ерекше. Соңғы кездері кейбір жандар «Малеев кенішіндегі кен қоры  тау­сылуға жақын, демек, қаланың жағ­дайы қиындайды» деген сөз­дерді айтып қалуда. Жерлестерімізді сендіргім келеді, қауесетке сенбеңдер, Малеев кенішін зерттеу 2030 жылдарға дейін жоспар­лы түрде жалғаса береді. Оған қо­са оның көлбеу тұстарын бағ­дар­лау жұмысы жалғаса бермек, демек, Малеев кеніші қалалық­тарға ұзақ уақыт қызмет жаса­мақ. Жаңа кен орындарын зерттеу, геологиялық-барлау жұмыс­тарын жүргізуге де компания мол қаржы бөліп отыр. Зырян ауданы әкімдігі мен «Казцинк» компа­ния­сы арасындағы өзара қарым-қатынасты дамыту жөніндегі меморандумда нәти­жесін береді деген үміт бар. Биыл осы бағытқа 800 миллион теңге қаржы бөлінді. Владимир ФИЛЬШИН, «Казцинк» ЖШС Зырян кен байыту кешенінің директоры. * * * АҚСҰҢҚАР ЖЕМІН ШАШЫП ЖЕЙДІ... Бабаларымыздың осынау қанатты мәте­лін қолдануға тура келіп тұр. «Казцинк» пен аудан әкімдігі арасындағы меморандум жемісін  беріп келеді. Мұның алдында да облыс әкімі Б.Сапарбаев  пен «Казцинк» ЖШС-нің президенті Никола Попович арасында құны миллиардтаған теңгеден асатын бірнеше келісім-шарт жасалынған. Енді, міне, компания басшы­лығы Риддер және Зырян қалаларының әлеуметтік пробле­маларын шешу мақса­тында тиімді келі­сім-шарттарға отырды. Ең алдымен, компания басшылығы берген мол қаржыға жеке меншіктен бала бақшаны сатып алып, оған күрделі жөндеу өткіздік. Қазір бала бақша сәбилердің күміс күлкісіне бөленіп тұр. Профилакторийді де сатып алып, оны жөндеп жатырмыз, ол жерде қариялар мен мүгедек жандарды емдейтін шипажай бой көтермек. 36 тұрғын үйге күрделі жөндеу жүргізіп бердік. Футбол, хоккей алаңдары да таяу арада пайда­лану­ға берілмек. Әйелдер босанатын үй, су құбыр­лары да жаңар­тылды. Қазіргі кезде «Каз­цинк» бөлген қар­жыға қаланың 220 жыл­дық мерей­тойы­на орай жолдарды жөн­деу, ау­лаларды көр­кейту жұ­мыс­тары қызу жүргі­зілуде. Сондай-ақ, Мәде­ниет және спорт са­райы­на да қаржы бөлі­ніп, жа­ңар­тылып отыр. Қаладағы түрлі мәде­ни және спорт шара­ларына «Казцинк» үнемі демеушілік жасайды. Жетім балалар үйіне де жыл сайын «Казцинк» басшы­лығы қамқорлық жасап келеді. «Казцинк» берген бір жарым миллиард теңгеге оң өзгерістер жасалуда. Компания мен аудан әкімдігі арасындағы бай­­ла­ныс нығая түссе, эко­номика алға басумен бірге әлеуметтік мәселе­лер шешімін таба бермек. Ендеше заман тала­бына сай алға жылжып келе жат­қан компания бас­шылығы мен оның жиырма мың­нан астам жұ­мысшы­ларына сәт­ті­лік тілейміз. Ермак СӘЛІМОВ, Зырян ауданының әкімі. * * * ДЕРЕК  ПЕН  ДӘЙЕК Осыдан он бір жыл бұрын Малеев кеніші өзінің жобалық қуатына еніп, жыл сайын 2 250 000 тонна полиметалл рудасын өндіру мүмкіндігіне жетті. Кеніштің ашылуына сол кездегі Үкімет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев арнайы қатысып, кеншілер мен байытушыларды Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың атынан құттықтап, алдағы күндерінде биік белестерге жете берулеріне сәттілік тіледі. Малеев кенішінде өндірілетін рудада түсті және сирек кездесетін метал­дың жоғары пайызы бар. Тау-кен жы­ныстарын проходкалау және кенді алу кезінде әлемдегі ең үздік деген өздігінен жүретін техника қолданылады. *  *  * 2000 жылы Малеев кеніші өзінің жобалық қуатына қол жеткізіп, жылына 2 250 000 тонна полиметалл рудасын өндіре бастады. Малеев кенішіндегі ағын сулар  – өндірістің өзегі. 2000 жылы Малеев кенішіндегі тазарту қондырғылары мен қалдық суларды тазарту жобалық қуатына енді. 2003 жылы Малеев кенішінде кен шикізатын тауарлы түрде анықтау жүйесі пайдалануға берілді. Бұл еліміздегі автоматтандырылған бірінші қондырғы. 2004 жылдан бері сапаның жоғары стандарты ISO 9001 сапа менеджменті сертификатталды. * * * Бұдан былай Малеев кенішіндегі тау-кен жұмыстарының қауіпсіздігі төмендемек. Бүгінгі күні Малеев кенішінде 5П жүйесі іске қосылып, ол кемшіліктерді дер кезінде анықтай алады. Кеншілердің бірқалыпты ырғақты жұмысы байытушыларға да жұғысты бола бастады. Зырян байыту фабрика­сында да заман талабына сай мықты қондырғылар мен жабдықтар орна­тылған. * * * Зырян кен-байыту кешенінің байы­ту фабрикасында 2004-2005 жылдары флотация бөлімі мен ұнтақтау және реагент корпусы жаңартылып, мы­рыш концентратын сүзгілеу және тиейтін бөлім іске қосылды. Алтынды айыратын жаңа технология өндіріске енгізілді. 2007 жылы аталмыш кәсіпорын ең­бекті қорғау және қауіпсіздік жөніндегі республикалық байқауда үздік атанды. Бүгінгі күні байыту фабрикасының қалдықтар қоймасын жарақтандыру жүргізіліп жатыр. Өндіріс орнында «геология және тау-кен жобалау» бағдарламасы жұ­мыс істеп тұр. * * * Биыл зыряндықтар қаланың 220 жыл­дығын атап өтпек. Өндірісі өр­кендеген қалада 40 мыңнан сәл астам тұрғындар бар. 1791 жылы Герасим Зырянов деген слесардың шәкірті бұл өңірде түсті металдардың ғаламат мол қоры бар екенін зерттеп біледі. Қала сол кісінің есімімен аталады. ҚАЗАҚСТАННЫҢ ГҮЛДЕНУІНЕ ҮЛЕС ҚОСАМЫЗ Компания басшылығы тек өндіріс, экономикадағы тұрақтылық пен өз жұмысшыларының жағдайына ғана емес, сонымен бірге, «Казцинк» құ­ры­лымдары орналасқан өңірдің басқа да тұрғындары үшін жауап беретінін жақсы түсінеді. Компанияның қыз­мет­керлері мен олардың жанұялары өздерінің әлеуметтік жағынан жақсы қорғалғанын, сүйікті қаласының өсіп-өркендеуін, гүлденуін көргісі келеді. Сондықтан болар, біз екі жаққа да тиімді шараларды алдағы уақытта да жасай береміз. Ол біздің бола­шағымызды айқындап береді. Алда­ғы уақытта да біз өңірдегі ғана емес, Тәуелсіздіктің 20 жылдығын атағалы отырған елімізде маңызды жоба­лардың жүзеге асуына өз үлесімізді қоса бермекпіз. Мәселен, Өскемендегі екі зауыт­тың құны оңдаған миллион доллардан асып түссе, басқа да серпінді жобалар халық игілігі үшін жұмыс істемек. Зыряндағы серпінді жобалар да өндіріске батыл енгізіліп жатыр. Бірнеше жылдан бері кешенде «геология және тау-кен жобалау» бағдар­ламасы жүзеге асуда. Мәселен, кен жынысын тоқтаусыз жоғарыға шыға­рып тұратын «Скиповая» шахтасын­дағы кен беретін кешенді жетілдіру жұмысы аяқталды. Кеніштегі диспетчерлік қызметті жетілдіру мақса­тында өндірістік басқару жөніндегі информация орталығы қажетті қондырғылармен жабдықталды. Байыту фабрикасында өндірісті басқаратын орталық іске қосылып, жұмыс істеп тұр. Бұл еңбек өнімді­лігінің артуына жағдай жасады. Тарихты жасайтын адамдар. Зы­рян қаласы екі жүз жылдан астам уақыт бойы еліміздің өнеркәсіпті ай­ма­ғына айналды. Ұрпақтар ауыс­қа­нымен, кеншілер мен металлург­тердің өз мамандығына деген сүйіс­пеншілігі нығая түсті. Зырян кен байыту комбинаты кеншілері мен байытушылары, сонымен бірге, олар­дың жанұялары ел тәуелсізді­гінің жиырма жылдығы мен қаланың мерейтойына толайым табыстармен келіп отыр. Андрей ЛАЗАРЕВ, «Казцинк» ЖШС-інің әкімшілік мәселелері бойынша вице-президенті. ___________________________ Дайындаған «Егемен Қазақстанның» Шығыс Қазақстан облысындағы меншікті тілшісі Оңдасын ЕЛУБАЙ.