26 Қазан, 2011

Аймақтар алақаны аялаған Астана

381 рет
көрсетілді
19 мин
оқу үшін
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Болашақтың іргесін бірге қалаймыз» атты биылғы Жолдауында «Биыл – біз үшін ерекше қастерлі жыл. Біз ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығына қадам бастық. Бодан жұртты бүгінгідей бостан күнге жеткізген бұл жолда біз биік белестерді бағындырдық», деп атап көрсетті. Иә, биылғы жыл азаттық аңсаған ұлы дала перзенттері үшін шынында да ақжарылқап жыл. Соның дәлеліндей елордада Сары­ар­­қа төсін береке мен бірлікке, ән мен жырға бөлеген облыс күндері ерекше айтулы шаралар қатарында өтіп жатыр. Бұған дейін Тәуелсіздіктің 20 жылдығы шеңберіндегі бүкілхалықтық ұлы мерекеге орай Астана қаласында Атырау, Жамбыл, Шығыс Қазақстан, Қос­­танай, Қызылорда, Оңтүстік Қазақстан, Қарағанды, Маң­ғыстау және Солтүстік Қазақстан облыстарының күндері өткендігін газетімізде кеңінен жарияладық. Кеше елордамызда Алматы, Батыс Қазақстан және Павлодар облыстарының күндері бастау алды.

* * *

ЖЕТІСУ ЖЕРІНІҢ ЖЕТІСТІГІ

Жер жәннаты Жетісу бүткіл көркі мен келбетін, барша сәні мен салта­натын Арқа төсіне ала келген сияқты. Бас қаламыздағы Жастар сарайының алдындағы алаң да, сегіз қатар кең жолдан тұратын Республика даңғылы да дүбірлі мереке құшағында. Атшап­­ты­­­рым алаңда қаз-қатар тізілген ақ­шаң­қан киіз үйлер мен көгілдір ша­­­тырлы сауда сөрелері Жетісу жерінен бір дүйім ел көшіп келгендей сауда-саттықты қызды­рып, ән мен күйді күмбірлетіп жатыр. Тау десе тауы, бау десе бауы бар, айдынды көл, сарқыраған өзенді өлке атанған Талдықорған өңірі тамылжы­ған табиғатымен қатар өндірісі өркен­деп, ауыл шаруашылығы дамыған өңір­лердің бірінен саналады. Биылғы жыл­дың қаңтар-қыркүйек айларында об­лыс­та ауылшаруашылық өнімінің жал­пы көлемі 202 миллиард теңгені құра­ды. Облыста жеміс-жидек өсірумен 800-ден астам шаруашылық құрылым­дары айналысады. Қазір шаруа қожа­лықтары 317 бақ пен 7 гектар жүзімдік өсіріп, 35 гектарлық 459 жылы жайда өнім өсіреді. Қазір облыста алманың атасы – Алматының апортын қайта түлету бағдарламасы жүзеге асырылуда. 2011 жылдың қаңтар, қыркүйек ай­ла­рында облыста өнеркәсіп өндірісінің көлемі 308,3 миллиард теңгені құрады. Өңдеу өнеркәсібі 253,7 миллиард тең­ге­нің өнімін шығарды. Азық-түлік өн­ді­рісінің үлесі 62,4 миллиард теңге бол­ды. Индустрияландыру картасы ая­сын­да биылғы жылдың екінші жарты­сын­да облыста 5 ірі жоба іске қосыл­ды. Мүйізді ірі қара етінің экспорттық әлеуетін арттыру мақсатында осы ба­ғыт­­­тағы шаруашылықтарға 878 асыл тұқымды бұқалар сатылды. Соңғы кезде жаңадан 7308 бас асыл тұқымды ірі қара өсіретін 83 фермерлік шаруа­шы­лық құрылды. Облыста мал басын өсі­ру мәселесі де ойдағыдай жүзеге асы­рылып келеді. Биылғы жылы облыс экономикасына 249,1 миллиард теңге инвестиция тартылды. Тәуелсіздік алған жылдар ішінде өң­ір экономикасы ерекше дамуда. Әсі­ресе, Алматы облысының орталығы Талдықорған қаласына көшірілгеннен бергі кезеңде өңірдің әлеуметтік-эко­но­микалық жағдайы серпінді даму баспалдағына көшті. Биыл өңірде 578 мың шаршы метр тұрғын үй пайда­лануға берілді. Құрылыс жұмыс­тары­­ның көлемі өткен жылдың 121,5 пайы­зын құрап, 125,4 миллиард теңгеге ұл­ғайды. 2011 жылдың қаңтар, қыркүйек айларында облыс бойынша 14401 жаңа жұмыс орындары ашылды.

* * *

ТОЛАЙЫМ ТАРТУЫМЫЗ

Жетісудің сулы да нулы өңіріне орналасқан Балқаш ауданының еңбеккерлері негізінен ауыл шаруашылығымен, оның ішінде жайылым сәні – мал басын арттырумен айна­лысады. Біздің ауданымызд­а­­ғы 15 селолық округтің тұр­­ғын­дары бүгінде асыл тұ­қым­ды мал басын өсіруге ден қой­ған. Ауданымызда қазір асыл тұқымды мал өсіретін 13 ірі шаруашылық жұмыс істейді. Мұнда негізінен қазақтың етті ақбас сиырлары және мұхит­тың арғы жағынан әкелінген америкалық герефорд тұқымды етті бағыттағы қара мал  өсіріледі. Балқаш ауданында қазір ақтылы мал өсірумен 907 шаруа қожалығы ай­налысуда. Жалпы алғанда, ауданы­мыз­да қазір 67 мың ірі қара, 14 500 жылқы, 125 мың қой өсіріледі. Бұл ретте өңі­ріміздің айтулы азаматы, Олимпиада чемпионы Жақсылық Үшкемпіровтің иелігіндегі «Жақсылық» шаруа қожа­лығын ерекше атап өтуге болады. Сол сияқты күрішші Әбен Қыстаубаевтың «Бірлік агрофирма» ЖШС би­ылғы жылы 1600 гектар күріш­тіктің әр гектарынан 48 центнерден өнім алды. Тәуелсіздігіміздің 20 жыл­­дық торқалы тойы қарсаңында Астанада өткізіліп жатқан об­лысымыздың жәрмеңкесіне Бал­қаш ауданының еңбек­кер­ле­рі өздерінің қомақты үлесін қос­­ты. Атап айтқанда, біздің ауылшаруашылық тауар өнді­р­у­­шілері бұл жәрмеңкеге 3 тонна күріш, 3 тонна пияз, 2 тонна картоп, 2 тонна көкөніс, 700 кило ет әкелді. Бұл біздің еңбек­кер­лердің бүкілхалықтық мерекеге тартқан толайым тартуы. Мейрамбек ҚАНАТБЕКОВ, Балқаш аудандық ауылшаруашылық және малдәрігерлік бөлімінің бастығы.

* * *

ҚОС ҚҰРЛЫҚТЫ ҚОСҚАН ҚАЗЫНАЛЫ ӨҢІР

Ежелден Еділ мен Жайық арасында қоныс тігіп, қос құрлық – Еуропа мен Азияның арасындағы алтын көпір атан­ған Батыс Қазақстан облысының тарихи шежіресі мол, өндірістік қуа­ты­ның әлеуеті ортаймаған тұғырлы өлке екендігі белгілі. Бұл өлкеде кезінде Алтын Орда, Ақорда, Ноғайлы орда­ла­ры ту тіккен. Бүгінде құрылғанына 210 жыл толып отырған Бөкей хандығы да сол ұлы шежіренің сабақтастығы. Кезінде қазақ даласына азаттығын аңса­ған күнбатыс Алашорда тарихы да осы өңірде бастау алған. «Мың өліп, мың тірілген» қазақ халқының қолы жеткен бүгінгі мерейлі Тәуелсіздік осы өңір­лер­дегі айтулы күрес шежірелерімен шыңдалған. Сондықтан да ел Тәуел­сіз­­дігінің 20 жылдығы аясында Астанада өтіп жатқан Батыс Қазақстан облысы күндерінің мерейі ерекше салмақты. Өркенді өңірдің 2011 жылғы қаң­тар-қыркүйек аралығындағы өнеркәсіп өнімдерін өндіру көлемі 1124,8 миллиард теңгені құра­ды. Газ өндіру кө­лемі 12886,3 миллион тек­­ше метр бо­лып, 2010 жыл­­­дың сәйкес мерзімімен салыс­тыр­ған­да 18,2 пай­ыз­ға өсті. Машина жасау сала­сын­да 11982,0 мил­лион теңгенің өні­мі өн­дірілді. Мұнай өңдеу өндірісінің өн­ім шығару көлемі 35320,1 миллион тең­­гені құрап, 2010 жыл­дың сәйкес мерзімімен салыстыр­ғанда 1,6 есе өсті. Со­ны­мен бірге 381,6 миллион теңгенің то­қыма бұйымдары және киімдері шы­ға­рылды. Тамақ өнім­дерін шығару кө­лемі 19813,5 миллион теңгені құрады. Осы мерзімде облыста негізгі капи­талға 114,5 миллиард теңге инвестиция тартылды. Оның 54,7 миллиард теңгесі шетелдерден тікелей құйылған инвестиция болып табылады. 2010 жылы об­лыс­та республикалық және аймақтық индустрияландыру картасы шеңберінде 9 инвестициялық жоба жүзеге асы­рыл­ды. Олардың ішінен 54 мВт газ-тур­би­налы электр стансасы, «Қарашы­ғанақ – Орал» газ құбырының 2-кезеңі және басқа ірі жобаларды атап айтуға болады. Облыста осы мерзімде ауыл ша­руа­шы­лы­ғы жалпы өнімінің кө­­ле­­мі 51,8 мил­лиард теңге болды. Облыстың барлық санаттағы шаруа­шы­­лық­та­ры есепті кезеңде 51,7 мың тонна ет, 194,2 мың тонна сүт, 105,9 миллион дана жұмыртқа өндірді. Облыста орта және шағын кәсіпкер­лікті дамытуға ерекше көңіл бөлінеді. Қазір мұнда 36,1 мың шағын кәсіп­керлік субъектілер тіркелсе, оларда 65 мың адам жұмыспен қамтылған. Осы мерзімде шағын бизнес субъектілері 108,4 миллиард теңгенің өнімін өндір­ді. Облыста үстіміздегі жылдың 10 ай­ын­да 10199 жаңа жұмыс орны ашылды.

* * *

САПАЛЫ ӨНІМ САУДА СҮРЕСІНДЕ

Биыл еліміз үшін ерекше айтулы жыл болып отыр. Тұң­ғыш Президентіміз Нұр­сұлтан Назар­баевтың басшылығымен еліміз өз Тәуелсіздігінің 20 жыл­­дығын то­лай­ым табыс­тар­мен қарсы алуда. Тәуелсіз Қа­зақ­стан­ның өндірісі өр­кендеп, ауыл шаруашылығы қар­­қын­ды даму үстінде. Оның айқын мысалын біздің Батыс Қазақ­стан облы­­­сы­ның ауыл шаруа­шы­лығы са­ла­сынан да айқын көруге бо­лады. Облыс диқан­дары биыл­ғы жылы бітік егін өсіріп, әр гектардан 10 цент­­­нер­ден астық жинады. Мал басын қыстан қоңын төмен­детпей алып шығу мақ­са­тында 1,5 жыл­дық жем-шөп қоры әзір­лен­ді. 2011 жыл­ғы 1 қа­зан­дағы жағдай бойынша 2010 жыл­­дың тиісті кезеңімен салыстырғанда об­лысымыздағы қой са­ны 1,4 пайызға, жылқы 13,3 пайызға өсті. Облысымыздың ауылшаруашылық еңбеккерлері Тәуелсіздік тойының шең­­берінде бас қаламызда өткізіліп жат­қан облыс күндеріне мол тарту-тарал­ғы­лар­мен келіп отыр. Еділ мен Жайық, шежірелі қос өзеннің жағасынан жол тартқан оралдық керуен 2,5 мың ша­­қырым жол жүріп, астаналықтар мен қала қонақтарына өсірген өнімдерін, ән мен жырларын тойға шашу ретінде алып келді. Атап айтқанда, облыс ауыл шаруашылығы ең­бек­керлері Астана­да­ғы жәрмең­кеге 80 тонна ет, 20 тонна балық, 180 тонна көкөніс жеткізді. Бұл айтулы күнге облысымыздың 12 ауда­ны­нан 56 ауылшаруашылық субъекті­лері келіп отыр. Оралдықтар бұл күнге жәр­­­мең­ке сө­ре­сіндегі сапалы азық-түлік өнім­де­рі­мен бірге өнерлі өңірдің ән мен жырын да тарту етуде. Со­нымен бірге Батыста еж­ел­­­­ден бастау алған қолөнер шебер­ле­рі­нің не­ше түрлі бұйым­дары да жәр­­­мең­кеге келген қонақтарды тамсандыруда. Марат ОҢҒАРБЕКОВ, Батыс Қазақстан облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бастығы.

* * *

ӨНДІРІСТІ ӨҢІРДІҢ ӨРКЕНДІ ӨРІСІ

Астана қаласы әкімдігінің алдындағы орталық алаң асқақ әуен құшағында қалықтап тұр. Керекуден жеткен күмбірлі күй, Баянауылдың балауса әуезі алаңға жиналған астаналықтар мен қала қонақтарын өнер құдіретімен баурап, мерейлі ел мерекесінің асқақ рухына тәнті еткендей. Алаң төріндегі ақ шатырлы сахнада мың бұрала билеген керекулік керім қыздардың шеберлігі жәрмеңкеге жиналған жұрттың жанарын еріксіз өзіне тартып, сауда сөрелерінен гөрі рух құдыретінің әлеуетін арттыра түскендей. Құрылғанына 73 жылдың жүзі болған Павлодар облысы Тәуелсіз Қазақстанның өндірісті де өркенді өңірі екендігі бүгінгі осы бас қаламызда өтіп жатқан облыс күндерінің аясында айрықша паш етілді. Иә, Павлодар облысы республика­мыз­дың бірегей өндірісті өңірі екендігі анық. Облыстың үлесіне республикадағы өңдеу өнеркәсібінің 7 пайызы, көмір өндірісінің 70 пайызы, ферроқорытпа өн­ді­рісінің төрттен үш бөлігі, электр энер­гиясының 40 пайызы тиесілі. Сонымен бірге бұл өңірде соңғы жылдары мәшине жасау, металл өңдеу өндірістері ерекше қарқын алып, ауыл шаруашылығы сала­сы да толайым табыстармен дамып келеді. Өткен жылы өңірлік өнім өндірісі көлемі 1993 жылмен салыстырғанда 430 есе өсіп, 1031,9 миллиард теңгеге жетті. Жан басына шаққандағы өңірлік өнім өндіру 1993 жылғы 531,9 АҚШ долла­ры­нан 2010 жылы 9387,1 АҚШ долларына жетіп, 18 есе артты. 1993 жылдан бергі уақытта облыстағы өнер­кә­сіп өндірісінің көлемі 256 есе өсіп, 2010 жылы 844 мил­лиард теңге болды. Міне, береке-бірлігі толысқан, өн­ді­рісі өскен өңірдің тәтті Тәуелсіздіктің 20 жылдығы ішінде жеткен жетістік­те­рі­нің бір белесі осындай. Аймақ экономикасының өркендеуіне Елбасының тікелей бастамасымен елімізде жүзеге асырылып жатқан үде­мелі индустриялық-инно­вациялық даму бағдарламасы қарқынды серпін берді. Бағ­дарлама шеңберінде 168 ин­вестициялық жоба жүзеге асы­рылуда. Қазірдің өзінде 42 ірі өндіріс орталығы іске қосыл­­ды. Соңғы 10 жылда облыста 45 ірі өн­ді­рістік кәсіпорын ашылды. Өңірде 1990 жылдан бері ауыл шаруашылығы сала­сын­да өнім өндіру көлемі 73 есе өсіп, өт­кен жылдың со­ңын­да 60,7 миллиард тең­геге жетті. Ауыл­шаруашылық құ­­ры­лым­­дарының саны 1991 жылы 618 бірлікті құраса, 2010 жылы 4120 бірлікке жет­ті. Агроөнеркәсіп кешенінде мал ша­руа­шылығы, қайта өңдеу және ауыл­ша­руа­шылық өнімдерін сақтау саласында 35 инвестициялық жоба жүзеге асырылды. Өндірісті өңірдің өркенді өрісі облыс тұрғындарының әлеуметтік әлеуетін арт­ты­руға барынша жағдай жасауда. Тәу­елсіздік жылдары облыста 2535,9 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Осының есебінен тұрғындарды бас­панамен қамту көрсеткіші жақсарып, 1994 жылы облыстың әрбір тұрғынына 16,9 шаршы метрден келсе, 2010 жылы әрбір тұрғынға шаққанда 20,9 метрден айналды. Халықты сапалы ауыз сумен қамту мақсатында да айтарлықтай шаралар жүзеге асырылды. 2005-2011 жылда­ры облыстың денсаулық сақтау саласы 20 жаңа нысанмен толықты. Осы мерзімде облыста 30 жаңа мектеп ашылып, 15,5 мың оқушы сапалы білім бастауына ден қойды. Мәдени мекемелер желісі 271 нысанға көбейді. 2008 жылы респуб­ли­камызда алғаш рет Павлодар қаласында Достық үйі ашылды. Онда 19 этно-мә­дени бірлестік жұмыс істейді. Соңғы жылдары 328 спорт ғимараты салынып, күрделі жөндеуден өткізілді. Облыста 838 спорт шебері, 133 халықаралық дәре­жедегі спорт шебері және 3 Қазақстан Республикасына еңбек сіңірген спорт шеберлері дайындалды. Облыс күндері аясында орталық ал­аң­да ашылған «Кереку-Баянауыл жәр­­­мең­­­кесі» атты ауылшаруашылық жәрмең­­ке­сіне облыстың 152 ауылшаруашылық құ­ры­­лымы өздері өндірген азық-түлік тау­ар­ларын әкелді. Павлодарлықтар жәр­мең­ке­ге 800 тоннадан астам 27 түрлі сапа­лы азық-түлік өнімдерін жеткізген. Оның іш­інде 101 бас сиырдың тұтас еті, 52 жыл­­қының тұтас еті, 210 бас қойдың тұтас еті, 1800 құстың тұтас еті әкелін­ген. 37 тонна шұжық өнімдері, 23 тонна еттен жасалған жартылай фабрикаттар жәрмеңкенің сауда сөрелерінен орын алған. 255 тонна картоп, 80 тонна сәбіз, 35 тонна қызылша, 40 тонна қырыққабат, 17 тонна сүт өнімдері, 12 тонна бал, 14 тонна балық астаналық тұ­­тынушылар­дың жоғары талғамынан шық­ты. Баян­ауыл өңірінен жеткен 7 мың литр бал қымыз жәрмеңке тұтынушыларының таңдайын тамсандырды. Алаң ортасына тігілген ақшаңқан киізді ақ ордалар келушілерді ерекше эс­те­ти­калық әсерге бөлеп, шынайы таңдай қақ­тырды. Бұл ақ ордалар өзінің мән-мағы­насына қарай «Ұлттық өнер киіз үйі», «Дәстүр», «Ғасырлар үні», «Ай­тыс», «Са­ят­шылық киіз үйі» деген атаулармен ерекшеленеді. Бұл киіз үйге келушілер суретке түсіп, экзотикалық суреттерді ескерткішке алады. Ақиқатында Астана қала­сы­ның орталық алаңында қа­нат жайған Павлодар облысының жәр­мең­кесі мен қол­өнер көрмесі, үлкен сахнадан тың­дар­­ман­да­рына сыйлаған асқақ әндері қала жұртшылығын ұмытылмас әсерге бөлеп, шынайы ризалық сезіміне бөленді.

* * *

ІРГЕЛІ ҚОЖАЛЫҚТЫҢ ІРІ ЖЕТІСТІГІ

Мен 1998 жылы шаруа қожалығын құрып, асыл тұқымды мал басын өсіруді мақсат тұттым. Алғашқыда қиындық болды. Қазір жағдайымыз түзеліп, шаруашылығымды ірілендіруге қол жеткіздім. Мен басқаратын «Табыс»  шаруа қожалығында бүгінде 1600 бас асыл тұқымды ірі қара, 1200 бас қой өсіріледі. Сон­­­­дай-ақ қазақтың жабы тұ­қымдас жыл­қысын өсіруді қолға алдым. Қа­зір шаруа қожалығымда 620 бас жыл­қы бар. Ақкөл ауылдық округіне қарасты біздің қожалықта қазір ауылдың 32 тұрғыны тұрақты жұ­мыс­­пен қамтылған. Шаруа қож­а­лы­ғы өз өнімдерін игілікке жарату мақ­са­тында да жемісті жұмыс істеп келеді. Қазір шаруа қож­а­лығы Екібастұз қа­ласының әлеу­мет­тік ор­ындарын ет және сүтпен қамтамасыз ететін бірегей шаруашылыққа ай­нал­­­ды. Елбасының ауыл ша­руашылығы еңбек­кер­ле­ріне деген шынайы қам­қорлығының нәтиже­сінде шаруа қожалығында өндірілетін әрбір кило сиыр етіне 120 теңге, жылқы етіне 92 теңге, қой етіне 50 теңге, қымыздың әрбір литріне 60 теңге субсидия беріледі. Бұл біздің шаруашылығымыздың экономикалық жағдайын жақсартуға қомақты қолдау болып отыр. Соңғы кезде іріленген іргелі «Табыс» шаруа қожалығы қаладағы аз қамтамасыз етілген отбасыларына қайырымдылық көмек жасайды. Ауылдың ауруханасын, мектебін қысқы көмірмен қамтамасыз етуге қолұшын береміз. Ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығы барша қазақстандықтар үшін ұлы мереке деп есептеймін. Сондықтан да мен облыс күндері шеңберінде өтіп жатқан осы жәр­­меңкеге 3,5 тонна ет және басқа азық-түлік өнімдерін әкелдім. Еттің әр килосын 800-850 теңгеден сау­да­лаймыз. Манат АЛҒАМБАРОВ, «Табыс» ШҚ жетекшісі. ______________________ Бетті дайындаған Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ; суреттерді түсірген Орынбай БАЛМҰРАТ