26 Қазан, 2011

Сот жүйесі жетілдіруді қалайды

300 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін
Кеше Премьер-Министр Кәрім Мәсімовтің төрағалығымен Үкімет отырысы өтті. Онда Үкімет мүшелері сот жүйесін жетілдіру жөніндегі бірқатар заң жобалары мен «2011-2013 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы Қазақстан Республикасының Заңын жүзеге асыру туралы» Үкіметтің қаулысына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы қаулы жобасын талқылап, бірауыздан мақұлдады. Алдымен Қаржы министрі Бо­лат Жәмішев қаулы жоба­сы­ның 2011 жылы 20 қазанда Ел­ба­сы қол қойған 2011 жылғы нақ­тыланған бюджетті іске асыруға арналғанын және республикалық бюджеттік комиссияның отыры­сында мақұлданғанын атап өтті. Қаулы жобасы 2011 жылы қара­жатты Білім және ғылым, Ауыл шаруашылығы, Қорғаныс, Туризм және спорт, Көлік және коммуникация министрліктеріне қай­та бөлу, бюджет қаражатын тиімді пайдалану және уақтылы игеру мақсатын көздейді. Бұдан басқа Ауыл шаруашылығы, Қаржы, Білім және ғылым министрліктері мен Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері агенттігі бойынша мемлекеттік тапсырыстар тізбесіне толықты­ру­лар көзделеді, деді министр. Б.Жәмішев. Үкімет басшысынан биылғы бөлініп отырған қара­жатты тиімді игеру мақсатында республикалық бюджеттік бағ­дар­ламалардың әкімшілеріне мін­деттемелер мен төлемдер бойын­ша қаржыландырудың жиынтық жоспарына өзгерістер мен то­лық­тырулары нақтыланған бюджет бағдарламалары бойынша тиісті өзгерістер енгізуге тапсырма беруді сұрады. Бұдан кейінгі баяндаманы Жо­ғарғы Сот Төрағасы Бектас Бекназаров жасады. Ол Үкімет мүшелерін «Сот жүйесі мен судьялар мәртебесі туралы»  Конституциялық заңға өзгер­ту­лер мен толықтырулар енгізу ту­ралы заң жобасымен таныс­тыр­ды. «Сот жүйесі қазір өзгертуді қажет етеді. 2011 жылдың 1 қаң­тарынан бастап үш буынды сот жүйесі енгізілген. Бұл жағынан келгенде Қазақстандағы сот жүйе­сінде әлемдегі озық мем­ле­кет­тердің қатарына сәйкес келетін, көпшіліктің көкейінен шы­ғатын жүйе құрылған. Дегенмен, осы жүйенің кейбір тұстары әлі де болса пысықталып, қазіргі уа­қыт талабына сай сәйкестен­ді­руді қажет етіп отыр», – деді ол. Жоғарғы Сот Төрағасы бұл орайда ең алдымен сот шешімінің тез әрі жылдам іске асуының жолға қойылуы қажеттігін баса айтты. Сотқа келіп жүгінген әрбір азамат, заңды немесе жеке тұлға өз мәселесін тез арада шешіп, сот орындау қағазын алғаннан кейін орындау процесіне баруы керек. Ал қазіргі уақытта Жоғарғы Сот құзыретінің шектен тыс кеңеюіне байланысты осы мәселенің арасы алшақтап кеткенін уақыттың өзі көрсетіп отыр. Қазір заңды кү­шіне енген сот шешімдері акті­лерінің заңдылығын тексеру тек қана Жоғарғы Соттың құзыретіне берілген. Бізде жылына мил­лион­ға жуық сот істері қаралады. Ал енді Жоғарғы Сот осы істер бойынша, заңды күшіне енген сот шешімдерінің заңдылығын тек­серуге барлық кезде үлгеріп отыр ма, оған даяр ма деген мә­селеге келгенде уақыттың өзі бұл мәселеде жергілікті соттардың әлеуетін кеңейту қажеттігін көр­сетіп отыр, деді Б.Бекназаров. Соңғы 5 жылда судьялардың 40 пайызы тәртіптік жауапкершілікке тартылған көрінеді. Тәртіп­тік жауапкершілікке тартылған істердің барлығын зерделеп шық­тық. Бірқатар жағдайларда бұл тәртіптік істер болмауы тиіс еді және бірқатары ұзаққа созылған, деді Жоғарғы Сот Төрағасы. Оның атап өтуінше, судьялардың тәртіптік жауапкершілігі мәселесі жергілікті жерлерде облыстық сот төрағаларының қарауына берілмеуі тиіс. Яғни, Жоғарғы Сот жанындағы бірыңғай сот төресі соттардың тәртіптік жауапкершілігі мәселесін қарап, шешуі қа­жет. Осылайша Жоғарғы Сот ведомствоішілік қысымнан судья­лар­ды қорғау тетігін күшейтіп, олардың тәуелсіз болуына жәр­дем­деспек. Жоғарғы Сот Төрағасы аудан­дық, қалалық және оларға теңес­ті­рілген сот төрағаларының лауа­зым­ды қызметін атқару мерзімін 3 жылға дейін қысқартуды ұсын­ды. Облыстық соттарда апелля­ция­лық сот алқасын құру қажет. Нақтылай түссек, апелляциялық сот алқасы азаматтық, әкімшілік және қылмыстық істер бойынша алқаларға бөлінеді. Осылайша ма­мандандыруды одан әрі терең­дету желісі жалғасатын болады, деген Б.Бекназаров кассациялық сот алқасына облыстық соттар­дың төрағалары басшылық жа­сауы қажеттігін айтты. Қазіргі уа­қытта мұндай тәжірибе жоқ көрінеді. Облыстық сот төраға­ла­ры сот ісін қараудан бөлектенген және олар іс жүзінде шаруашы­лық-құрылыс, кадр, қамтамасыз ету сынды мәселелермен айналы­са­тындығын тілге тиек еткен Б.Бекназаров, облыстық сот төра­ға­ла­ры судья болып табылатын­дық­тан өздерінің қызметтерін ат­қа­ру­ға міндетті екендігін еске салды. Баяндамашының атап өтуін­ше, ағымдағы жылдың тек 5 ай­ын­да Жоғарғы Сот аудандық және одан төмен тұратын сот­тар­дың 158 сот актісін қайта қара­ған. Бұл орайда 57 млрд. теңгенің мемлекет мүддесі қорғалыпты. Жоғарғы Сот ұсынып отырған заң жобасында кез келген іс ең бірінші сатыда аудандық және оған теңестірілген соттарда қара­луы керектігі баса айтылды. Заң­да белгіленген мерзім бойынша сот шешіміне наразы болған тұл­ға немесе тарап апелляциялық ша­ғым беруі қажет. Апелляция­лық шағым қаралғаннан кейін сот актісі бірден күшіне енуі тиіс. Орындау қағазы жазылып, сот актісі орындалуға жіберілуі қажет. Ал егер апелляциядан кейін кү­ші­не енген сот актісімен келіспейтін тараптар болатын болса, онда кассациялық сот алқасына, облыстық сотқа шағымдануы қа­жет. «Бұл мыңдаған азамат­тар­дың, мыңдаған істердің әр облыс орталықтарынан бізге, Жоғарғы Сотқа келуінің қажеттігі жоқ екен­дігін көрсетеді. Облыстық соттар қазір кәсіптік деңгейі жо­ға­ры, барлық жағдайда істер бой­ынша дұрыс шешім қабыл­дайтын судьялармен қамтамасыз етілген. Сондықтан кассациялық сот алқасы 6 айлық мерзім ішінде заңды күшіне енген сот актілерін қарап, оның заңдылығын тексеріп, өз қаулысын қабыл­дай­ды», – деді Жоғарғы Сот Төрағасы. Сот жүйесін жетілдіруге ба­ғыт­талған заң жобаларын Үкімет мүшелері бірауыздан мақұлдады. Ал Премьер-Министр өз кезегінде мақұлданған заң жобаларының әділ сотты сапалы атқаруға және сот жүйесін жақсартуға бағытта­лып отырғанын атап көрсетті. «Біз аталмыш заң жобасын қол­даймыз және біздің азаматта­ры­мыз­дың, заңды тұлғалары­мыз­дың құқықтары бұрынғыдан да жақсырақ қорғалатын болады деген сенімдеміз. Сонда ғана, Елбасы берген тапсырмалар сапалы орындалады дей аламыз», деді Үкімет басшысы. Венера ТҮГЕЛБАЙ.