27 Қазан, 2011

Гибралтар бұғаз ба, түбек пе?

1226 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
Соңғы он бес жылдың бедерінде оқу­шылардың сапалы білім алуына тірек болатын оқулықтарымызды жасау бағы­тын­дағы ізденістер жетіп артырарлық. Алайда, кездесетін кемшіліктерден толық арылып болмағанымыз және рас. Аузы күйген үріп ішеді дегендей, жаңадан шы­ғып жатқан оқулықтар мен оқу құрал­дарын «Ішіндегісінің бәрі дұрыс болса екен» деп ашатын болдық. Өйткені, еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін қолға алынып, шыға бастаған жаңа буын оқулықтар туралы көпшілік әлі де сыни пікірде. Сондай келеңсіз құбылыстың кезекті бір мы­салын жалпы білім беретін мектептердің 8 сыныбына арналған «Атлас. Қазақ­стан­ның физикалық географиясы» деп атала­тын қазақ тіліндегі оқулық картасының беттерінен кездестірдік. 6-7 беттердегі «Қазақстанның саяси-әкімшілік картасында» атауының «Құлан» болып өзгертілгеніне көп уақыт өткен елді мекен «Луговой» деп сол бұрынғы атымен аталған. Ол ғана емес, картаға сенетін бол­сақ, көптеген топонимикалық атаулар жаң­сақ. Мысалы, Үрімші – Урумчи, Бағдат – Багдад, Жаңатас – Жанатас, Саяқ – Саяк, Аманкелді – Амангельді, Ембі – Эмба, Құл­сары – Кулсары, Қарақия ойпаты – Карагие шұң., Жәйрем – Жайрам, Мырға­лым­сай – Мергелімсай, Ташкент – Тошкент, Бішкек – Бишкек, Қырым – Крым, Орал – Урал, Эверест – Еверест, Британия арал­­да­ры – Великобритания ар… т.с. кете береді. 20-21 беттердегі картада «Андасийский государственный заказник» деп ата­ла­тын орысша тіркес жүр. 25-беттегі бір аңның аты – «Алтай арқар». Карта беттерінде кездесіп қалатын осы тақілеттес басқа да грамматикалық, орфографиялық қателерді тізіп көрсетіп шығу шарт емес болар. Картада жекелеген географиялық ұғым­дар да өзгеріп кеткен. «Гибралтар» деген сөзді біз бұрын бұғаз деп оқыған сияқты едік. Сөйтсек, ол түбек екен. Оған көз жеткізу үшін аталған картаның 4-бетіне қара­саңыз, жетіп жатыр. Осы айтылғандардан келіп: «Авторлар мектеп оқушылары үшін осындай карта жасауға қаншалықты құзі­ретті?» деген сауал туындайды. Аудармашысының ата-тегінің көрсеті­луіне қарағанда, бұл атлас орыс тілінде дайындалып барып, қазақшаға аударыл­ған. Бұдан республикамызда география­лық карталар дайындау бойынша ана тіліміздегі мамандар әлі күнге жетіспейді екен деген қорытынды шығаруға болады. Аталған еңбек 2008 жылы Алматы қа­ласында жарық көрген. Бірақ оны шы­ға­руға Білім және ғылым министрлігінің еш қатысы жоқ сияқты. Өйткені, Үкіметтің бұл құзіретті ведомствосының атауы кар­таның еш жерінде жазылмаған. Демек, жеке бастама бойынша карта өз бетінше шығарылған деп ойлауға болады. Ендеше, мұндай маңызды басылымға жалпы білім беретін мемлекеттік оқу орнына арнап карта дайындауға тиісті ұйымдар рұқсат беруі керек емес пе? Әлде әркім қалай болса солай білгенін істей беруі керек пе? Тіпті заң рұқсат етіп жатса, ынта білдірушілер осындай жауапты істі мойындарына алсын дейік. Бірақ, бүкіл республика мектептерінде білім алып жатқан оқушылар алдындағы жауапкершілік қайда? Бүкіл Қазақстандағы мектеп оқушыларын адастыратын шала сауатты құрал ұсынуға, ұсынып қана қоймай, көп таралыммен сатуға шығаруға құқық беретін қандай құзіретті мекеме? Бір қызығы – аталған атлас картасы­ның шыққанына үш жылдай уақыт өт­ке­німен, аталған және басқа да кемшіліктерді көрсе­тіп, дабыл қағып жатқан және ешкім бай­қал­майды. Пән мұғалімдеріне бәрі­бір ме? Балаларымыздың қандай білім ал­ып жат­қа­нына енжар қарағанымыз ба сонда деген та­ғы бір сұрақтың төбесі қылтиып тұр. Нұрдәулет АҚЫШ, жазушы. Алматы.