27 Қазан, 2011

Белесті жылдар бедері

218 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
Үш облыс ұйымдастырған көрмеде көрініс тапты Кеше Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Алматы, Павлодар және Батыс Қазақстан облыстарының Астанадағы күндері аясында осы аймақтардың экономикалық, әлеумет­тік және мәдени салаларда жеткен жетістіктеріне арналып ұйымдастырылған көрмемен танысты. Бейбітшілік және келісім са­рай­ында өткен бұл көрменің мақ­саты – Қазақстанның 3 облы­сы­ның ел Тәуелсіздігінің 20 жыл­дық бедеріндегі белес-асуларын көрсету. Көрмені тамашалау кезінде Нұрсұлтан Назарбаев аймақ басшылары­ның өз өңірлеріндегі әлеу­мет­тік-экономикалық даму және үдемелі индустриялық-ин­но­вациялық даму бағдарла­ма­сы­ның жүзеге асырылуы жөнін­дегі есептерін тыңдады. Мемлекет басшысы ең ал­ды­­мен Алматы облысының қол жеткізген нәтижелерінің қоры­тын­­ды­сына арналған көрмемен та­нысты. Облыс әкімі А.Мұ­саханов Мемлекет басшысына өңірдің эко­номикалық жай-күйі мен да­муы туралы баяндап берді. Бір атап өтерлігі, тәу­елсіздік жыл­да­рын­да об­лыс­та өмір сүру дең­гейінің барлық саласында да ау­қым­ды жаңарулар жүргізілген. Мә­селен, 2011 жылы облыста жал­­пы өңірлік өнімді 1056,9 млрд. теңгеге дейін, ал тұрғын­дар­дың жан басына шақ­қан­дағы табысын 560,9 мың тең­ге­ге дейін жеткізу жоспарлануда. Бұл облыс республикадағы ірі агроиндус­трия­лық өңірдің бірі саналады. Өйткені, жал­пы­республикалық кө­лемнің аг­рар­лық сектор бой­ынша жал­пы өнімінің 16 пайызға жуығы осы облыста өндіріледі. 2010 жылы ауыл шаруашылығы жал­пы өнімінің көлемі 227,8 млрд. теңгеге жетіп, 1991 жыл­ғы деңгейден 69 есе ұлғайған. Ағым­да­ғы жылы өнеркәсіп өндірісінің көлемін 359,4 млрд. теңгеге жеткізіп, 1996 жылғы көрсеткіштен 16,6 есеге арттыру жоспарлануда. Соңғы 10 жылда облыста 867 жаңа нысан пайдалануға беріліп, 21 мыңнан астам жұ­мыс орны ашылды. Белсенді шағын және орта бизнес су­бъек­тілерінің саны 1998 жыл­ғы 30 мыңнан 2010 жылы 108 мың бірлікке дейін ұл­ғайды. Ағымдағы жылы Индус­трия­ландыру картасы аясында со­масы 216,9 миллиард теңгенің 12 нысанын пайдалануға беру көз­делген, оның ішінде бірінші жартыжылдықта 5 нысан пай­да­­ла­нуға берілді. Нұрсұлтан Назарбаев бұдан кейін Қазақстан Тәуелсізді­гі­нің 20 жылында Павлодар об­лысы қол жеткізген нәтиже­лер­дің қо­ры­тындысына арналған экспози­ция­мен танысты. Об­лыс әкімі Б.Сағынтаев Мемлекет басшысына өңірдегі әлеу­мет­тік және эконо­микалық жетістіктер туралы баян­дады. Павлодар облысы – эконо­ми­ка және әлеуметтік дамудың бар­лық көр­сеткіштері бойынша оң нәтижелер көрсетіп отырған ай­мақ. Жалпы өңірлік өнім кө­ле­мі 2010 жылы 1031,9 млрд. теңгені құ­рады, 1993 жылмен салыс­тыр­ғанда, 430 есе ұл­ғай­ды. Жалпы өңірлік өнім мөл­ше­рі тұрғын­дар­дың жан ба­сы­на шаққанда 18 есеге өсіп, 1993 жылғы 531,9 дол­лардан 2010 жылы 9387,1 дол­ларға ұлғай­ды. 1993 жылдан бастап өнді­ріл­ген өнеркәсіп өнімінің кө­ле­мі 256 есе өсіп, 2010 жылы 844 млрд. теңгені құраған. Үде­ме­лі индустриялық-инновация­лық даму бағдарламасы өңірдің эко­­номикалық дамуына үлкен серпін берді. Бағдарлама ая­сын­да 168 инвестициялық жоба іске асы­рылуда, бүгінгі күні 42 өндіріс іске қосылды. 2016 жылға дейін тағы 126 жобаны іске қосу жоспарлануда. Бұл облыс эконо­микасына бір трил­лионнан астам теңге тартуға және 10300 жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді. 1993 жылдан бастап ауыл шаруа­шы­лығының жалпы өнім көлемі 73 есе өсті, 2010 жылдың со­ңы­на қарай 60,7 млрд. теңгеге жетті. Президент ел Тәуелсіздігі­нің 20 жылында Батыс Қазақ­стан об­лысы қол жеткізген нәтижелердің қорытындысына арналған көрме­мен де та­ныс­ты. Облыс әкімі Б.Ізмұхам­бе­тов Мемлекет бас­шы­сы­на өңір­дің экономикалық, әлеу­меттік және гуманитарлық даму серпіні туралы баяндады. Облыста өн­дірілген жалпы өңір­лік өнім көлемі соңғы 15 жылда 25 млрд. теңгеден 1048,8 млрд. теңгеге дейін өсті, халықтың жан басына шаққандағы та­бы­сы 38,5 мың теңгеден 1730,4 мың теңгеге дейін ұлғайды. Облыстағы кәсіп­орындардың ба­залық өндірісі көлемінің ұдайы артуы, жаңа өн­дірістің дамуы, қуатты жаңа өн­ді­ріс­терді ендіру есебінен өнер­кәсіп өнімі 990,1 млрд. теңгеге дейін өсті (1995 жылы – 12,3 млрд. теңге болған). Өңдеуші са­ла­дағы өнімдердің бәсекеге қабі­летін арттыру мақсатында кәсіп­орын базасында инвести­ция­лық жобаларды іске асыру жөнінде жұмыстар жүргі­зі­лу­де. Осы ретте экспортқа ба­ғыт­талған саланы дамыту негізгі басымдық ретінде қара­лып отыр. Сондай-ақ, бүгінде индус­трия­­ландыру картасы аясында жалпы сомасы 96,4 млрд. тең­гені құрай­тын 20 инвести­ция­лық жоба іске асырылуда. Жо­ба­ны іске асыру барысында 900 тұрақты жұмыс орнын ашу қарастырылған. Жыл сай­ын 2 мың жаңа шағын кәсіп­керлік субъектілері тіркеледі. Өңірдің экономикалық белсенді тұрғындарының бестен бір бөлігі шағын бизнес саласы­мен айна­лы­сады. Көрмемен танысып шық­қан­­нан кейін Елбасы Нұрсұл­тан Назарбаев Алматы, Павлодар және Батыс Қазақстан об­лыстары өнер шеберлерінің қа­тысуымен өткен гала-концертті тамашалады. Құр­ман­ғазының «Балбырауын» күйі­мен ашылған концерттік бағ­дар­­лама аясында Ықыластың «Кер­тол­ғауы», Махамбеттің «Ақже­лең» күйлері күмбірлеп, облыс өнерпаздарының орын­дауында «Ақ жайық – ақ еркем», «Оралым – асыл қалам», «Ағады Жайық, ағады», «Баян­­ауыл вальсі», «Жер жәннаты – Жетісу», «Қазағым­ның қанаты», «Асқақта, Астана!», «Үш қоңыр», т.б. әндер шыр­қалды. Ләйла ЕДІЛҚЫЗЫ. Суреттерді түсіргендер С.БОНДАРЕНКО, Б.ОТАРБАЕВ.