27 Қазан, 2011

Жасампаз Жоба

262 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
Елбасымыздың бағалы бастамасы баянды жалғасып жатыр Президент Нұрсұлтан Назарбаевты әлемдік деңгейдегі саясаткер, өз елін тәуекелге толы тәуелсіздіктің тар жол, тайғақ кешуінен алып шығып, айналасы жиырма жылдың ішінде дү­ние дидарына мығым мемлекет ретінде танытқан тұлға, кемел көшбасшы ретінде көрсеткен қасиеттерінің бірі – ой­шылдығы. Елбасымыздың осы жылдар ішінде дүниежүзілік қоғам­дас­тық­тың ортасына салған көптеген ұсыныстары жүзеге асқа­ны белгілі. Саясаттың сан түрлі себептеріне байланысты кезінде толық көлемінде орындалуы мүмкін болмаған ойлары­ның өзі уақыт өте келе көкейкестілігін арттырып, қажеттілігін дәлелдей түсуде. Нұрсұлтан Назарбаевтың сондай ұсыныс­тары­ның бірі 1994 жылы Мәскеу мемлекеттік университетінде Еуразиялық одақ құру жөніндегі идеясы еді. Содан бергі жылдар адамның күні адаммен болса, халықтың күні ха­лық­пен, мемлекеттің күні мемлекетпен екендігін ақыры дәлелдеп шық­ты. Мұның нақты бір дәлелі – таяуда Владимир Путиннің біздің Елбасымыз идеясын қолдаған мақаласының жарық көруі. Бұл тақырыпты бүгінде Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы кеңістігіндегі жұртшылық белсене талқылап жатыр. Ресейлік «Известия» газетінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Еур­азия­лық одақ: идеядан болашақтың тарихына» атты мақаласы жарияланды. Ол біздің газетімізде бүгін беріліп отыр. Бұрнағы күні Астанадағы Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінде «Қазақстан және жаңа әлемдегі еуразиялық идея» атты тақырыпта халықаралық ғылыми форум өткенін айтқан болатынбыз. Біз төменде сол форумға қатысушылардың осы мақала жөніндегі пікірлерін жедел жариялап отырмыз.

* * *

ИДЕЯ ІСКЕ АСУДА

Нұрсұлтан Назарбаев Еур­азия­­лық Одақ идеясын 1994 жылы біздің университетте алғаш рет көтергенде, шынын айтайын, ол теориялық сипатта ғана қабыл­данған еді. Ол кезде мұндай Одақ­тың іс жүзіне асарына сену қиын-ды. Орталықтанудан қашу идеясы барлық республика­лар­да­ғы басым бағыттағы идея бола­тын. Еуразиялық одақтың сол кезде іске аспайтындығының себептерін Нұрсұлтан Әбішұлы өзінің мақаласында да ашып көрсетіпті. 1993 жылдың қыркүйегінде қол қойылған экономикалық одақ туралы келісімді алты мемлекет қана ратификациялаған. Олардың ішінде Ресей, Украина және Бело­руссияның болмағаны тағы бар. Осындай жағдайда Еуразиялық Одақ туралы идеяны саналардың қабылдай қоюы оңай емес еді. Тек саясаттағы сұңғыла мамандар ғана оның болашағы бар екенін ұққан болуы мүмкін. Ал бүгін, міне, сол идеяның нақты іс жүзіне асып келе жат­қан­дығының куәсі болып отыр­мыз. Еуразиялық экономикалық қоғамдастықтың атқарып жатқан іс­тері, Кеден одағының табыс­та­ры ауыз толтырып айтарлықтай. Кешегі форумда ол жөнінде көп айтылды. Қоғамдастық мүшелері арасындағы тауар айналымы жеті жылда төрт есе өскен екен, осының өзі – Еуразиялық Одаққа қарсыларға қарсы қолданылатын бұлтартпас аргумент. Форумда қол жеткізілген табыстар туралы айтылғанда барлық тыңдаушылар үлкен қызығушылық білдіргеніне куә болдық. Менің ойымша, инте­гра­циядағы үлкен табыстар әлі алда. Еуразиялық Одақ, ортақ ры­нок қана бізді зор табыстарға жеткізе алады.  Сондықтан мен Еур­азиялық Одақтың болғанын хош көремін. Біз жеке-жеке еш­қа­шан да үлкен табыстарға қол жеткізе алмаймыз. Біздің басқа түгілі ғылым мен білім беру ісіндегі ұқсастықтарымыз айрықша. Жал­пақ тілмен айтқанда, біз – гене­тикалық тұрғыдан бір қамырдан жасалған өнімдерміз. Ұлы ой­шыл­дар, көреген оқымыс­тылар­дың бәрі соны дәлелдеген. Олар туралы ғылыми форумда да жақ­сы айтылды. Өз басым Еур­азия­лық Одақ біздің саясаткерлеріміз белгілеген 2015 жылдан бастап күшіне енетініне сенемін. Виктор САДОВНИЧИЙ, М.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің ректоры.