27 Қазан, 2011

Ақиқатқа айналуда

338 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Қазіргі заманғы әлемдік даму үрдісі жаһанданумен байланысты екендігі дау­сыз. Осы үдеріс елдердің ішкі сая­са­тына, экономикасына, қалыптасқан ұлттық мә­де­ниетіне өзінің ықпалын тигізбей қой­майды. Соның нәтижесінде халықаралық заңдар мен үдерістер «өзімдікі» деген сөздің мәнін азайта түседі. Жаһандануды көптеген адамдар дамудың табиғи жолы, одан қауіп күтудің қажеті жоқ дейді. Бі­рақ бұл – абсолютті шындық емес. Жа­һан­дану көбінесе халықаралық корпора­ция­ларға, кейбір жекелеген елдерге ғана үлкен пайдасын тигізеді. ХІХ ғасырдың ортасынан пайда болған «еуропаор­та­лық» постулаты оның қадамдарын қол­дайды. «Батыс – әлемдік өркениеттің эта­лоны» деген жалған тұжырымды  шығарған да сол идеяны жақтаушылар. Соңғы кездері алаулап тұрған «өр­кениеттер қақтығысы» деген миф те солардың «ақыл-ойының» жемісі. Ал шын мәнінде нарықтық экономика Қы­тайда 5 мың жыл бұрын пайда болған. Осының өзі экономикадағы озық әдіс Батыстікі емес екенін көрсетеді. Ал Азия-Тынық мұхиты аймағындағы елдер нарықтық экономиканы өздерінің ұлттық тәжірибелеріне сүйене отырып дамыт­қан­да, ғажайып жетістіктерге қол жеткізіп, Батысты артқа тастап кетті. Міне, сондықтан да жаһанданудың ұлттық мүд­делерді ескермей, аяқасты ететін бағыттарына қарсы тұра білу керек. Сайып келгенде, басқаға жұтылмаудың, өзіндік мүдделерімізді қорғаудың да жолдары бар. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Еуразия идеясы – осы мақсатқа қол жеткізе алатын, тамыры өте тереңге кеткен тұжырым. Өзінің «Известия» газетіне шыққан мақаласында Президент Еур­азиялық Одақ құру туралы идеяны алғаш рет ұсынғанда келесі қағидаттарға сүй­ен­генін айтады: біріншіден, интеграция мәдени және өркениеттік факторлардың бар екендігін, олардың ұлттық бөлекше­лігін ескере отырып, экономикалық прагматизм негізінде болсын; екіншіден, ин­теграцияға мүше болып ену әр елдің өз еркіне қалдырылсын. Бұл жерде Президент жаһандану заманында ешкім де өзінің ерекшелігіне тұйықталып қалмай­тындығын іс жүзінде түсінгенін қаладым дейді.  Үшіншіден, Еуразиялық Одақты мен шүу дегеннен мемлекеттердің тең, бір-бірінің ішкі істеріне араласпау, тәуелсіздігін сыйлау және шекараларын бұзбау қағидаттары негізінде қаланған бірлестік деп білдім; төртіншіден, мен Еуразиялық Одақта консенсустық негізде ұлтүстілік органдар құрылуын ұсындым. Бірақ бұл саяси егемендіктің билігін беру емес. Бұл – аксиома, дейді Елбасы. Осы ұсыныстар бойынша жасалған интеграция бүгінгі күні ЕурАзЭҚ, ҰҚШҰ, АӨСШК  сияқты ұлтүстілік органдар негізінде іске асып, үлкен жемісін беріп отыр. ХХ ғасырдың ұлы реформаторы Дэн СяоПин «ақиқаттың анықтауышы нақты өмір» деген екен. Іс жүзінде көз көріп отырған нақты өмір Президентіміз Н.Назарбаевтың ұлы қайраткер екенін айғақтап тұрған жоқ па? Камал БҰРХАНОВ, Парламент Мәжілісінің депутаты, саяси ғылымдар докторы, профессор.