27 Қазан, 2011

Апта айшықтары

237 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
СӘТБАЕВ ЕСКЕРТКІШІ БОЙ КӨТЕРДІ Қарағандыға келушілерді бұдан былай қарай академик Қаныш Сәтбаев мүсіні қарсы алып тұратын болды. Темір жол вокзалы мен автобекет алдындағы қайтадан әсемделіп, сәндендірілген алаң орта­сына қойылған ғұлама ғалым ескерткіші асқақ көрінуімен айрық­шаланады. Оң қолына Қазақстанның геологиялық картасын қыса ұстаған ұлы геологтың жігерлі жүзі, жарқын бейнесі ел келешегіне сенімділікті аңғартады. Бұл – биыл халқымыздың көрнекті тұлғаларына арналып орна­тылған облыс орталығындағы үшінші ескерткіш. Аймақ тарихы қазір қаланың әр тұсынан сыр шертеді. Айқын НЕСІПБАЙ. Қарағанды. * * * ХАМИТ АҚЫННЫҢ ӨЛЕҢДЕРІ ОҚЫЛДЫ Соғыстан кейінгі жылдары адуынды жырларымен танылған Хамит Ерғалиевтың жалынды поэзиясы халық жадынан өшпек емес. Биыл оқырман жүрегіне жол тапқан ақынның туғанына 95 жыл толды. Осынау мерейлі датаға орай өткен аптада «Жыр мұнара – Хамит ақын» атты көркемсөз оқу шеберлерінің байқауы өтті. Сонымен қатар, осы тақырыпта көрме де ұйымдастырылды. Көрмеге ақынның шығармалары, тарихи фото суреттері мен киімдері, өзі ұстаған жеке домбырасы, жазу машинкасы мен марапат­тары қойылды. Ал ақынның өлеңдерінен көркемсөз оқуға Береке орта мектебінің оқушылары қатысты. Өнерпаздар өнер көрсетті. Жолдасбек ШӨПЕҒҰЛ. Атырау. * * * ТАНЫМАЛ ӨНЕРПАЗ ӨҢІРГЕ КЕЛДІ Өткен аптада еліміздің халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, пианист Жәния Әубәкірова облыс орталығындағы Естай атындағы мәдениет сарайында жеке концертін өткізді. Өңірге арнаған бұл өнер сапарын ол ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығына арнады. Ұлы композиторлардың ғажайып классикалық туындыларын орын­дап, облыс жұртшылығына рухани ләззат, құдіретті сырлы әуендер сыйлады. Тылсым әуенді музыканы тыңдау үшін биік талғам, терең түсінік қажет, дейді Жәния Әубәкірова. Керекуден кейін музыкантты Франция, Польша күтіп отырған көрінеді. Франция демекші, танымал өнерпаз осы елдің өнер және әдебиет орденінің иегері. Фарида БЫҚАЙ. Павлодар. * * * ҚАЗАҚСТАН КИНОЛАРЫМЕН ҚАУЫШТЫ Оңтүстікте Қазақстан кинематографистер одағы және Ш.Айманов атындағы “Қазақфильм” АҚ-тың ұйымдастыруымен қазақ кино өндірісінің бүгінгі даму барысына арналған кездесу өткізілді. Оған белгілі киноактерлар қатысты. Қазақ кинолары телеарналарда жиі көрсетіле бермейді. Насихатталуы да кемшін. Белгілі киноактер Нұржұман Ықтымбаев пен кинорежиссер әрі актер Болат Қалымбетов бастаған топ Ш.Қалдаяқов атындағы облыс­тық филармонияда көрермендермен жүздесті. Апта бойы кинотеа-трларда қазақстандық фильмдер көрсетілді. Жұртшылықтың ыстық ықыласына ие болған бұл жүздесулер ел Тәуелсіздігінің 20 жыл­дығына арналды. Бақтияр ТАЙЖАН. Оңтүстік Қазақстан облысы. * * * БІЛІМ ЖҮЙЕСІНДЕГІ ОЗЫҚ ЖОБА Норвегиялық «RKK» қорының бастауымен білім жүйесіндегі озық жоба елімізде бірнеше жылдан бері жүзеге асырылып келеді. Жуырда қордың өкілдері Қызылжар өңірінде болып, өз тәжіри­белерімен бөлісті. 2011-2013 жылдарға арналған серіктестік жобасы аясында кәсіптік-техникалық білім беру саласының проблемалары жан-жақты сөз етілді. Шетелдік меймандарды Петропавл құрылыс-экономикалық колледжіндегі игі істер ерекше қызықтырды. Үздіктер санатындағы оқу орнында 1700-ден астам оқушы 17 мамандық бойынша білім алады. Осын­да өткізілген ашық сабақтар мен семинарларда жаңа оқыту жү­йесінің артықшылықтары өзгелер тарапынан қолдау тапты. Қор­дың бас­қарушы директоры Уле Имсланд озық технологияға негізделген бағдар­ламаның заманауи талаптарға толыққанды жауап беретінін атап өтті. Өмір ЕСҚАЛИ. Солтүстік Қазақстан облысы. * * * ЖҰРТШЫЛЫҚПЕН ТІКЕЛЕЙ ТІЛДЕСТІ Жақында қаланың кәсіподақ ұйымдарының басшылары жергілікті «Спектр» газеті арқылы қала жұртшылығымен тікелей эфир арқылы тілдесті. Онда қала тұрғындарының еңбек құқы мен еңбек дауы, еліміздегі кәсіподақ қозғалысының қазіргі жай-күйі туралы мәселелер жан-жақты қозғалды. Осындай маңызды тікелей тілдесудің толық нұсқасы аталған қалалық басылымда жарияланатын болады. Жасыратыны жоқ, кейінгі кезде беделі түсіп кеткен ұйымның өз жұмысын ширата түсуіне мұндай шаралардың септігі тиіп жатса, кәнеки! Дәулет СЕЙСЕНҰЛЫ. Семей. * * * КӘСІПКЕРЛІКТІ ДАМЫТУ – ӨРКЕНДЕУ НЕГІЗІ «Нұр Отан» ХДП облыстық филиалында өткізілген «Шағын және орта бизнес қызметіне негізсіз араласу фактілерін болдырмау бойын­ша өз­ара әрекет жасау туралы» дөңгелек үстелге қаржы полициясы мен Қазақ­станның «Атамекен» одағы ұлттық экономикалық пала­тасы ЗТБ, Қазақ­стан кәсіпкерлері, облыстық сауда-өнеркәсіп палата­сы және қалалық кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау палатасының өкілдері қатысты. Дөңгелек үстелде Ақтөбе облысы бойынша экономикалық қыл­мыс­қа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаментінің бастығы Қайрат Бижанов, «Атамекен одағы» облыстық филиалының директоры Асқар Садықов және т.б. кәсіпкерлікті дамытудың өзекті мәселелерін ортаға салды. Сатыбалды СӘУІРБАЙ. Ақтөбе.