27 Қазан, 2011

Қарнымның ашқаны емес, қадірімнің қашқаны қинайды

1261 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
Әңгімені сәл әріден қозғасам, мәселе осыдан 6 жыл бұрын, 8 жылға тарта Қарағанды облысы Шет ауданы әкімі қыз­метін ат­қарып жүрген кезімде сол кездегі облыс әкімі К.Мұ­хамеджанов­тың: «Кәкімжан, бұл жақта аз уа­қыт қызмет істеген жоқсың, Қа­ра­ғандыға кел, пәтер, бір облыс­тық басқармаға басшы­лық қыз­мет беремін», дегенінен бастал­ды. Об­лыс әкімі ұсыны­сын қа­был алға­ныммен, өкінішке орай, ол сө­зін­де тұрмады, үш айдан аса жұмыс­сыз жүріп, әрең дегенде, облыс­тық жер қатынас­тары басқармасы бастығы ор­ынба­са­ры қызметіне орналас­тым. Осы мекемеде 6 жыл­ға тарта еңбек еткенде, 2010 жылғы 8 қарашада басқарма қыз­меткер­лері саны­ның өзгеруіне, Қазақ­стан Үкіме­тінің «Жергілікті ат­қарушы органдар штат санын бекітудегі кейбір мәселелер тура­лы» 2004 жылғы 15 желтоқ­сан­дағы №1324 қаулысына сәйкес қызметім қыс­қартылды. Осыған байланысты 2010 жылғы 10 қа­рашада облыс әкімі С.Ахметовке келешек қыз­метімді анық­тауға ық­пал етуін сұрап, жазбаша өті­ніш жасадым. Жауап болмаған соң, 2011 жыл­дың 11 қаңтарында қабылдауын­да болдым. Әкім ме­нің қызме­­­тімнің қысқарғанын біл­­мегенін айтып, қабылдауға қа­тысып от­ыр­ған аппарат қыз­мет­керлеріне реніш білдірді, ма­ған да осы уа­қытқа дейін неге кел­ме­діңіз деді. Шаруамның шешілетініне толық сенгендей, әрі қарай еш сөз айт­падым. Бірақ мәселе онымен де шешілмегендіктен, об­лыс әкі­мі­не жазбаша хат жолдап, қабыл­дауын өтіндім, тағы жауап бол­ма­ды. Одан соң Ауыл шаруа­шы­лығы министрлігіне қарасты өн­дірістік, ғылыми құрылымдар басшыларының қыз­метке орналасу мәселесі бойын­ша үстіміздегі жылдың 13 шілдесінде министр А.Мамытбековтің қабылдауында болдым. Министр маған, білім, тәжірибемнің мол­дығын айтып, бюджеттік мекемелерде жалақы аз, неге жеке шаруашылық құ­рып алмайсыз деді. Мен күтпе­ген жау­апқа іш­тей реніш білдіріп, «ол үшін мен елімізде жекешелендіру жүргі­зілген жылдарда ауыл тұр­ғын­да­ры алдында реформа ма­ңыз­ды­лығын дәлелдеп, балалар жәр­дем­ақысы, жалақы, зейнет­ақы төлемдерінің кешіктірілуіне бай­ланысты наразылық білдірушілер алдында жауапкершілікті мой­ныма алып, түсіндіру жұ­мыс­тарын жүргізіп бас қатыр­май, қомақты мемлекет мүлкін иеленіп қалу жағын ойлауым керек еді, енді кеш, менен кәсіпкер шық­­пайды», дедім. Асылжан Са­ры­байұлы, түсінгендей: «Уәде бер­­­меймін, ойланамын, сіз ту­ра­лы сұраймын, cосын қызмет ұсы­нуым мүмкін», деді. Бұл әң­гі­ме­нің соңы да созылып барады. Әрине, бұл жерде жұмыс­сыз­дық бүгінгі заманның заңды құ­былысына айналғалы қашан, мем­­­лекеттік қызметке орнала­су­дың арнайы тәртібі де бар, бұл жағдай жалғыз сіздің басыңызда ғана емес, сондықтан бұл мә­селені ос­ынша күрделендірудің мәні неде деген сұрақ туындауы мүмкін. Мемлекеттік қызметке орналасу­дағы бүгінгі келеңсіз­діктер олар­ды баста­ры­нан өткер­­гендер ғана емес, ха­лықтың ба­сым бөлігі сезетіндей жағдайға жетті десек, еш қа­те­леспейтін сияқтымыз. Менің жұ­мыссыздық жағдай­ым­ды шешудегі осындай көзқ­а­рас­ты да мемлекеттік қыз­мет­керлер құ­қы­ғын қорғау мә­селесіндегі ен­жар­лық­қа жатқыз­ғым келеді. Бұ­ған дә­лел, 20 жыл­дан астам мемлекеттік қызмет өті­лім бар, соны­мен қатар, қыз­ме­тімнен өз еркіммен, заң бұзу­шы­лық іс-әрекет­тер­ден немесе міндеттерімді атқара алмаудан боса­тылғаным жоқ. Демек, бұл жағ­дай менің бұған дейін қызмет атқарған әкімшілік-аймақтық мем­лекеттік билік ор­гандарынан тиісті қызмет талап етуіме де мүм­кіндік беретін сияқ­ты. Асыл тұ­қымды малды шетелдерден та­сымалдайтын немесе елі­мізде стратегиялық маңызды бидай өн­імділігін нақты анықтай алмай­тын жағдайға жеткен бү­гінгідей кезеңде білімі, қабілеті, тәжіри­бе­сі мол мамандарды, әлі де ба­ғыт-бағдары нақтылана қой­ма­ған ауыл шаруашылығы сала­сын­­да пайдалану мемлекетіміз үшін де тиімді болмас па еді... Кәкімжан САРХАНОВ, ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты. Қарағанды.