28 Қазан, 2011

Тау етегіндегі ауыл

622 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін
90-шы жылдары құрып кете жаздаған елді мекендердің бірі – Қазақстанның 15 жылдығы ауы­лы. Қысылшаң шақта ел азамат­тары қорған болып қол ұшын бер­мегенде тағы бір алтын бесі­гіміздің жұртын сипап қалары­мыз анық еді. Бір үйдің бала­сындай, бір қолдың саласындай ынтымақтаса еңбек етіп жатқан ауыл адамдары мәңгі мызғымас­тай көрінген кеңестік жүйе ыды­рағаннан кейін не істерлерін білмей дағдарып қалды. Әркім жан-жаққа бас сауғалап, жеке-дара тір­лік етуге көшті. Бұлар «Шұ­қыр­көл» кеңшарынан бөлініп шығып «Қазақстан» өндірістік кооперативіне бірікті. Бірақ одан ес жиып, еңсе көтеріп кете қой­ған жоқ. Қиюы қашқан тірліктің оңалар түрі көрінбеді. Осындай өліара сәтте « Голден Грейн» деген алпауыт фирма пайда болып, «егін-тегін» дивидентіне қызық­қан аңқау жұртты алдап соқты. Жұмыртқадан жүн қырыққан ком­пания басшылары 3000 гектар алқаптың 800 гектарына ғана егін сеуіп, тапқан пайданы қалта­ларына басқан күйі тайып тұрды. «Ел ерге қарайды, ер жерге қарайдының» күйін кешкен кезде Бауыржан Рузаев аудандық ауыл шаруашылық бірлестігінен ірі қара малдарын жалға алып, бала-шағаның нәпақасын айырып жүр­ген еді. Торпақтарды борда­қы­лап, етке өткізетін. Сиырлар­дың сүтін ауданға жеткізетін. Маңдай термен тапқан табысы отбасын асырауға жететін. Ол тығырыққа тірелген жерлестері­нің шақыруын қабыл алып, буы­нып-түйінген күйі ауылға тартты. Тілекшілерінің қолдауымен «Бірлік Қазақстан» шаруа қожалығын құрды. Намысқа қамшы басамын деп жүріп қызуқандылыққа салы­нып кеткенін кейін сезді. Иеліктеріндегі 2200 гектар егістікке дән сіңірейін десе, ырымға бір техника табылсайшы! Машина-трактор паркінің тоз-тозы шық­қан. Жекешелендіру науқанында ханталапайға түсіп, ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кеткен. Бастықтарды жағалап, кеңселерді сағалаған жылпос пен жылтықайлар молынан қарбып, қарапайым адамдар сыбағасыз қалған. Не істеу керектігін іш­тей ойланып-тол­ға­нып алды да, тәуекелге бел буды. Ауылдан 12 шақырымдай жерде орналасқан Янки селосы­на бет алды. Онда «Қазэкспор­тастық» фирмасына қарасты «Достық» элеваторы барын сырттай еститін. Қашан жеткенше «өздері де жаңадан құрылып жатыр, ұсынысыма қалай қарар екен» деген күдікті ойдан арыла алмады. Жоқ, кәсіпорын бас­шысы Ержан Жандүйсенов оны жылы қарсы алып, қатарларына қосып алу жөніндегі өтінішін асықпай тыңдады. Қоштасар сәтте «Ел аманатын арқалап келген азамат екенсің. Тала­быңды қолдаймыз! Өз тарапы­мыздан көмегімізді аямаймыз», деген ақ тілекпен шығарып салды. Бауыржанды тағатсыз­дана күтіп отырған ауыл­дастары жеткізген жаңалыққа балаша қуанып, ортақ іске бір кісідей жұмыла атсалысуға серттесті. Ниеттеріне қарай сол жылы астық бітік шықты. Қо­жа­лықтың егістік жері 4 мың гектарға дейін ұлғайтылып, серіктестікке айналдырылды. Содан бері бұйырған несібесін жерден теріп, тұрмыс та түзел­ді, өмір сапасы да жақсарды. Тәуелсіздіктің биылғыдай мерейлі жылы серіктестікке өз құт-берекесін ала келді. Іссапар барысында оған біз анық көз жеткіздік. Астықтың шығымды­лы­ғына бәрі қуанулы.  Реті келгенде әңгімеге Шұ­қыркөл ауыл­дық округінің әкімі Жаман­қара Ералин де араласып қояды. «Дос­тық» эле­ваторына қатысты жылы пікірлерін  мы­салдармен тізбелеп, ха­лыққа жасаған шарапатын термелеуден жалығар емес. Кәсіп­орын­ның астық сақтау сыйым­ды­лығы 80 мың тоннаға жуық екен. Майлы дақылдарға арнал­ған 20 мың тонналық қамбасы және бар. Ауданнан қатар­ла­ры­на «Бірлік Қазақстан» шаруа­шы­лығын ғана алған. Алпауыт фирманың мәртебелі сеніміне ие болу екінің бірінің қолынан келмесі анық деген оның сөзін­де шындық жатқанын қапысыз ұқтық. Бауыржан қоластында­ғы­ларға жан-жақты жәрдем жа­сайтынын әкімнен естідік. Мектеп жанынан асхана ашуға кө­мектесіпті. Ас-су жеткізумен жеке кәсіпкер Гүлнәр Нұрғалие­ва айналысады. Аз қамтылған отбасылардың балалары тегін тамақтанса, қалғандары үшін қолжетімді болу жағы мұқият ескерілген. Кейіпкеріміз қазақтың ұлт­тық салт-дәстүрлерін жаңғырту­ды мақсат тұтқан. Бәйге атта­рын жаратады, жүйрік тазы ұстайды. Жан жары Дария екеуі бірнеше бие сауып, қымыз ашы­тады. Құрт-ірімшік қайнатады. Біртекті, қоңырқай тіршіліктен Қазақстанның 15 жылдығы ауылы да алыстап кете қойма­ған тәрізді. Ауылдықтардың ешкімді бөлектемейтін, жатырқа­майтын жылы жүздері, құрақ ұшқан қонақжай салты, ежелгі танысыңдай ағынан ақтарылып, көңілдегі сырын жасырмай ай­тып қалатын аңғал мінезі өзде­ріне жарасымды. Қалалықтар­дан бөлектейтін де осы қасиеті. Серіктестік басшыларына деген ризашылық сезімдері көздері­нен ұшқындайды. Пай үлес­те­рімізді берсе, жолды тазаласа, мектепке көмектессе, үлкен-кі­шіні сыйлап тұрса, бұдан артық не керек? Ескі дүкенді жөндеп, жастардың демалатын орнына айналдырды. Бильярдын, үстел теннисін, музыкалық орталы­ғын апарып қойды. Айтқаны­мызды екі еткен емес. Ата-бабаларымыз армандап өткен теңдікке жеткенімізге шүкірші­лік. Елбасымызға ризамыз, дейді ауылдың үлкендері. Солар­дың бірі Биттіғұлов Бөкенбай ақсақал еліміздің өткен тарихы­нан сыр шертіп, қазақ басы­лымдарын үзбей оқитынын аң­ғар­тып өтті. Көкірегі ояу, ойы жүйрік алтын сандық қариялары­мыздың ғибратын кейінгі толқын іліп әкетсе, қандай ғанибет. Жасы 83-тен асқан Баймағанбетов Қосақ қария ауылдың абызы іспеттес. Саналы ғұмырын туған жерін гүлдендіруге арнап, кеудесіне Ленин орденін таққан. Иба­лы қыз, ізетті ұл өсіріп, мәуелі бәйтерек секілді тамырын терең­ге жайған отбасылар жетерлік. Тойкен Қа­лиақпарова – он ба­ланың анасы. Айкүміс Нұртазина да осынша бала тәрбиелеген. Ауыл темір жолдың бойында орналас­қан­дық­тан, осында көшіп келуге бел байлағандар аз емес. Сол себепті болар үйлердің бағасы 1 миллион теңгеге дейін шарықтап кеткен. Бексұлтан ақсақал бала­сына арнап үй салып, жеке отау етіп шығарыпты. «Дипломмен – ауыл­ға!» бағдарламасы бойынша өзі оқыған мектепке келген Еркін Нұртазин 900 мың теңге үсте­месіз несие алып, баспана сатып алыпты. Мектепалды даярлық тобының тәрбиешісі Баян Тасанова алтын құрсақты ана ретінде құрметтеледі. Күйеуі Берік екеуі­нің үйелменді-сүйелменді 4 бала­сы бар. Биыл ауылда дүниеге 7 сәбидің келуін жақсы ырымға балап отырғандар көп. Астанада тұратын жерлестері Ермек Мыр­захметов өз қаражатына жерасты суын тартып беріпті. Айта берсе, адам жанын сүйсіндіретін мысал­дар толып жатыр. Жаманшұбар негізгі мектебі анадайдан «менмұндалап» көрін­ге­німен, сырт көзге тым қораш. Былтырлары 60-тан астам бала оқыса, биыл азайып, шағын комплектілер санатына қосылған. Соның салдарынан 9-шы сынып жабылып қалған. Мектеп дирек­торы Бота Әменқызының айтуы­на қарағанда, 1996 жылы бірде-бір шаңырақта жаңа туған сә­бидің іңгәләгән үні естілмеген. Оның зардабы енді сезіліп отыр, дейді. Бұрынғы мектеп ғимараты жарамсыз болып қалғандықтан кеңсе үйіне көшуге тура келген. Сөйтіп 48 оқушының қысылып-қымтырылып, екі ауысымда оқып жатқан жайы бар. Бізді бәрінен де қиындықтарға қарамастан Тәуел­­сіз еліміздің азат ойлы ұрпақ­тарын тәрбиелеп жатқан ұстаз­дардың қажыр-қайраты мен қай­сарлығы тәнті етті. Жүздерінен иманы төгіліп, үндері жарқын шығады. Оқушылардан аты-жөн­дерін сұрасаң болды Бауыржан Айша, Қабікен Айдар, Оразбай Дина... деп таңдайлары тақ-тақ етеді. Тең жартысынан астамы «овтан» құтылған. Мектеп жа­сына дейінгі бүлдіршіндер түгел­дей ататектерін ұлттық нақышқа көшірген. Десек те, қияндағы ауылда проблемалар жоқ емес, әлі де жетіп артылады. Әсіресе, қанша шағымданса да, пошта тасымалы бір түзелмей қойыпты. Хат-ха­бар, газет-журнал аптасына бір-ақ рет жеткізілетін көрінеді. Жергілікті теледидарды тамашалау мүмкіндігі де жоқ. – Инвесторымыз өте әлеуетті. «Алабота», «Бабық-бұрлық» секілді асыл тұқымды шаруашы­лықтардан мал сатып әперейік. Бордақылап сатыңдар. Жылқы өсіріп, қымыз ашытыңдар. Тек жемазық өсіретін жер тапсаңдар болды, деген еді. Соған орай серіктестік басшылары қора-қоп­сыларын сайлап, ауыл маңында­ғы бос жатқан жерлерді игеру мақсатымен көп жылдық шөп, майлы дақылдар себуге әзірлене бастағанда аяқ астынан иесі табыла кетті. Өзі Петропавл қаласында тұрады екен. Дәрігер көрінеді. Не техникасы, не адам күші жоқ. 170 гектарын жыртып тастаған. 60 гектарын арамшөп басып кеткен. Қалай иеленгені белгісіз. Тендерден де хабарсыз­быз. Жерді қағаз жүзінде алып, кейін былық-шылығы шығып жатқандарды естіп те, көріп те жатырмыз. Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың етті мал шаруа­шылығына қатысты тапсырма­ларын орындауға кірісе алмай пұшайман болып отырған жа­йымызды тиісті басшыларға жет­кізсеңіздер екен, – дейді ауыл тұрғындары келелі мәселенің шетін шығарып. Өмір ЕСҚАЛИ. Солтүстік Қазақстан облысы, Ғ. Мүсірепов ауданы, Қазақстанның 15 жылдығы ауылы.