28 Қазан, 2011

Ай сәулелі актриса

605 рет
көрсетілді
17 мин
оқу үшін
Қай елдің болсын озық мәдениеті мен рухани болмысын таразылайтын күш – театр. Ал тарихи тамыры тереңде жатқан бұл өнердің эстетикалық қуатын арттырып, өзіндік ерекшелігін танытатын – актерлер. Үлкен көркем туын­дының ой-мақсатын, идеялық сипатын ашып, көрерменді кейіпкер әлемімен таныстыратын да сол суреткерлердің жанкешті еңбегі, шығармашылық ізденісі. Әрине, алдыңғы озық өркениеттің танымал шеберлерінің мектебін жалғастырушылардан қазақ топырағы да кенде емес. Ұлттық өнердің әр сатысында рухани-мәдени алға жылжудың сара жолын салып берген С.Қожамқұлов, Қ.Қуанышбаев, С.Майқанова, Қ.Бадыров, Р.Қойшыбаева сынды алыптардың ізімен қазақтың хас өнерін дамытуға зор үлес қосқан халқымыздың аяулы қызы Зәмзәгүл Шәріпованың театр өнеріндегі орны ерекше. Сахнаның өзгеше бір күші еріксіз баурап алған ол Ұзынағаштағы жеті жылдық мектеп-интернатта оқып, оны үздік бітірген соң Алматы қа­ла­сын­дағы екіжылдық киноактерлер дайын­дайтын мектепте, одан кейін филармонияда Бақытжан Байқада­мов­тың сыныбында (хор) білім алу мүмкін­дігіне ие болды. Оның бойын­дағы дарынының алғашқы ұшқын­дары интернаттың көркемөнер­паздар үйір­ме­сінде байқала бастаған. Сол үйір­меге қатысушы оқушылар қойған М.Әуезовтің «Сын сағатта» пьеса­сын­­дағы Рәш рөлін балаң көңіл­мен, албырт сезіммен сәтті ойнап шық­қан жас қызға халық ертегілері мен аңыздарын, қазақ, орыс авторла­ры­ның көркем шығармаларын көп оқыған­дығы да рухани толысу үшін көп септігін тигізіп еді. Киноактерлер дайындайтын мектепті аяқтағаннан кейін З.Шәрі­по­ваны киностудияға дубляж жасауға қалды­рады. Алайда соғыстан кейінгі ауыр кезеңде кинофильмдер өте аз түсіріл­гендіктен ол радиоға ауысады. Мұнда радиоспектакльдерге қаты­сып, бала­ларға арналған әдебиет­тер­ден, ұлттық классикалық шығарма­лардан үзінді­лер оқиды. Жас актри­саның оқу мәне­рінің ерекшелігі, үн тазалығы, жағым­ды дауысы тыңдау­шы­сын еріксіз баурап алатын. Қазақ тілінің байлығы, екпін ерекшелігі сол кезде З.Шәрі­пованың әуезді үнімен радиотолқын арқылы қазақ даласына кең тарады. И.Бай­зақовтың «Ақбөпе» поэмасы негізінде жасалған радиоспектакльдегі Ақбө­пенің тыңдарма­нын баурап алуы жас өнерпаздың анық та ашық, әдемі дауысы, сол дауыс-дыбыстың толқын­ды сазының өзгеше әсері болатын. Адамның жеке бас бостандығына, сезім бостанды­ғына тосқауыл болған феодалдық қатал заманның кертартпа көзқара­сында дәрменсіз хал кешкен арудың қайғылы күйін беру тұсында әрбір тыңдарманның сол оқиғаға өзі арала­сып бірге жүргендей күй кешуі жас актрисаның сахна өнерін меңге­рудегі алғашқы табыстарының бірі еді. Зәмзәгүл Нүсіпбайқызы бағын­дыр­ған өнердің бір саласы – кино. Тү­сірілген сәттен-ақ таспаға жазы­лып, әр буын көрерменмен бірге өмір сүретін кейіпкерлердің сом бейнесін шынайы суреттеудегі талапшыл­дық­ты, экран алдындағы жауапкершілікті ол түскен фильмдерден байқау қиын емес. Яғни, актрисаның ұлттық кино­өнерінің дамуына қосқан үлесі мен еңбегі ол сомдаған рөлдердің көркем­дік деңгейінің биіктігімен өл­шенеді. Оның Нұржамал («Дала қы­зы», кино­дағы алғашқы рөлі), Қади­ша («Өмір жолы»), Дина («Біз осын­да тұрамыз»), Балзия («Заман-ай») тәрізді кейіпкерлері жарқын өмірге ұмтылысымен, тағдырдың түрлі соқ­пағын кешудегі психологиялық си­патымен көрермен­нің бойындағы оптимистік, адамгершілік игі қасиет­терді арттыруда зор маңызға ие. Және бұл бейнелердің экран арқылы болашақ ұрпақтың да рухани-адам­дық болмысының қалып­та­суына ықпалы үлкен болмақ. Жоғарыда аталған өнер мектебінде алған білімі мен Рахия Қойшы­баеваның тәлімі қосылып, жас актриса ұлттық сахна өнерінің сиқырлы әуеніне еніп кете барған. Ол 1952 жылдан бастап күні бүгінге дейін М.Әуезов атындағы академиялық қазақ драма театрында сан қырлы мінездермен, алуан тағдырлармен, түрлі дәс­түр ерекшеліктермен бетпе-бет келді. Мұндағы алпыс жылға жуық уақытын дебюті Куань-Саннан («Порт Артур»), Ғалиябану («Ғалия­бану»), Қарагөз, Қарлығаш, Айман («Қарагөз», «Абай», «Айман – Шолпан»), Ақтоқ­ты («Ақан сері – Ақтоқ­ты»), Пүліш («Майдан»), Айша («Сәу­ле»), Ажар («Ажар мен ажал»), Айжан («Шоқан Уәлиханов»), Наз­гүл, Лағыл, Гүлзар («Күншілдік», «Кім менің әкем?», «Белгісіз батыр»), Дәмеш («Көңілдес­тер»), Нәзипа, Зоя («Ақын жүрегі», «Замана осылай бас­талды»), Насихат («Досымның үйле­нуі»), Бикеш («Парторг»), Ана («Төрт тақта – жайнамаз»), Дәмеш («Қилы-қилы тағдыр­лар»), Жәмила, Ева Бройер («Бөлтірік бөрік астында», «Жат елде»), Елена («Күн перзенттері»), Эллен («Вьетнам жұлдызы»), Жер ана («Ана – Жер ана»), Полексена («Шын­дық жақсы, бақыт одан да қымбат»), Дездемона, Елизавета, («Отелло», «Ричард ІІІ»), Донна Люция («Мен сіздің әпкеңіз­бін»), Мехменэбану («Фархад – Шы­рын»), Сәлимаға («Отыз ұлың болған­ша...») дейінгі жүзден аса кейіпкерлер әлемін зерттеуге арнады. Осындай көптеген қаһарманның сахналық кескін-келбетін ашу, олар­дың әлеуметтік орнын бағдарлау мақ­сатындағы көркемдік әдіс-тәсілдерді меңгеру талант пен тәжірибенің үле­сінде дейміз. Ұлттық драматур­гияның биік шыңы саналатын классикалық дүниелердің көбінде рөл сомдау  З.Шә­­ріпова талғамының биіктігін, құры­лымы мен композициясы күрделі шы­ғарманың қасиетін сезіне білетін да­ралығын аңғартады. Өйткені, актри­са­ның жан әлемінде қазақ халқының өзіне тән дәстүрі мен әдет-ғұрпын тереңнен суреттейтін мұндай біртуар туындылардың көркемдік әрі рухани бағасы мен құндылығын тану бар. Ол сомдаған М.Әуезовтің «Қарагөз» тра­ге­диясындағы аяулы арудың, асыл Қа­ра­гөздің сахнада өмір сүруі ерекше-тін... Спектакльде әрбір айтылған сөз бен сахналық әрекет темпо-ритмін бір Қа­рагөздің тағдырынан өрбитін траге­диялық, драмалық оқиғалардың желісіне орай бірде әсерлі үнімен, енді бірде өршілдігімен дамыта білген ак­трисаның ойын өрнегі шебер кестеленді. Қара­гөздің Сырымға деген сезімі, сүйіспен­шілігі Наршаны көрген сайын, жан-жағындағы шырмауық-шыр­ғалаң терең­деген сайын арта тү­седі. Қарагөз – З.Шәріпова өзі туған заманның қатал­дығы мен қыспағынан тұншықты, езілді, егілді. Алайда сол дәрменсіз, шара­сыз күйде де ол өрлік, ерлік, күрескерлік танытты, бас бостандығы мен өз сүйгеніне қосылу үшін өз заманының әлеуметтік, мо­раль­дық қыспағына қарсы шықты. Актриса ойынында батылдық пен нә­зіктіктің синтезі айқын көрінген. Қа­рагөз – З.Шәріпова Наршамен диа­ло­гында оған деген тұспалды көзқа­ра­сымен, айтылған сөздің астарымен жан сезімінің басқаға арналғандығын мең­зейді. Үміт пен күдік, сезім мен қатал­дық айқасқан драмалық сюжет бары­сын­дағы жас арудың психоло­гиялық күйзелісі, ішкі дүниесіндегі дағдарысы З.Шә­ріпо­ваның нәзік да­уысынан, жан-жағына үрейлене қара­ған мөлдіреген көз жана­рынан анық байқалады. Актриса кейіпкерінің жан дүние­сін, оның әлеуметтік орнын, есінен адасқан сәтіндегі психологиялық өзге­рістердің туындау барысын көп зерттеді, ой таразысына салып зерделеді. З.Шә­ріпова ойынындағы Қарагөздің жын­дануының өзі үлкен сырға толы болуы да сондықтан. Ол қойылымның шарық­тау шегі саналатын осы кө­ріністе асыра сілтеуге жол бермей, керісінше аяулы арудың басындағы мүшкіл халдің өзін лирикалық сарын­да, сұлулығы мен тектілігінен ажыра­маған қалпында жеткізе білді. Шығар­мада Сырымнан, бар үмітінен айы­рылған Қарагөздің жын­данбасқа шара­сы да жоқ еді. Өйткені, қазақ қоға­мындағы терең тамырлы қатал дәстүр­ге қарсы шығып, Мөржан, Нарша, Текті тәрізді тосқауыл-кедер­гілердің тар жолынан өтуде өн бойын махаббат сезімі кернеген жас ару олармен жалғыз күресе алмады. Ол өз бақытын іздеді, сол жолда аласұрды, ақыры жын­данды, мерт болды, сөйтіп жан дүние­сі мәңгілік тыныштық тапты. Ұлы Мұхтар Әуезовтің қылқаламынан шебер өрнектелген мұндай шытырман оқиғалар тізбегіндегі актрисаның шеберлігі көрерменнің көз алдында бүгінге дейін сайрап тұр. З.Шәріпова спектакль финалында­ғы Қарагөздің аруақ-бейнесіне, оның рухына, Сырымға күш-қуат беріп, өзі­нің адал махаббатын, мәңгі сүйе­тіндігін білдіретін, өлсе де ғашығын қайрат­тандыратын оптимистік моно­ло­гына ерекше мән береді. Осы соңғы көрініс – кейіпкердің әлеуметтік ортасындағы орнының үлкен екендігін байқататын маңызды тұс. Өйткені, небір психо­логиялық толқу, тебірену, күйзелу сәттерін басынан өткізіп, зама­нына қарғыс айтқан арудың екінші дүниедегі өмірінің қайсарлыққа, ерлікке, азамат­тыққа жетелейтін әсері мол, қуат-салмағы басым. Сахнада актрисаның өзі де осы монологтан ерекше күш алғандай күй кешеді. Зәмзәгүл Нүсіпбайқызы бұл рөлді он жыл бойы ойнаған екен. Осы жыл­дарда ол шынымен де аяулы Қара­гөзге айналып кетті. Мұндай күрделі образ сомдаудың жауапкершілігі, тала­бы мен міндеті өте үлкен. Көзі қарақ­ты көрер­меннің эстетикалық талға­мына сай рөл сомдау және автор суреттеуіндегі жаратылысы бөлек бейне­нің кілтін табу үшін жан-жақты дайындық, көкірек көрегендігі, зерде мен зейін өте қажет. З.Шәріпованың ізденісі осындай шы­ғар­машылық талап­тардың барлығы­на табиғи түрде, көркемдік биік деңгейде жауап бере алды. О.Бөкейдің сөзімен айтқанда, «Қарагөздің қайталан­байтын бейнесі тұлғаланды». М.Әуезовтің «Айман – Шолпан» музыкалық комедиясында да актриса кескіндеуіндегі Айманның ой-сезім биіктігі, сұлулығы мен бай қызына тән тәкаппарлығы айқын көрінген-ді. Қи­ыннан жол табатын кейіпкерінің ақыл­дылығы актрисаның өзінің таби­ғатынан, ерекше жаратылысынан ту­ын­дап отыратын. З.Шәріпованың ән орындаудағы әдемі дауысы, жүріс-тұрысындағы қазақ қызына лайық инабаттылығы, Көтібармен немесе Әлібек, Арыстан, Жарастармен диа­логындағы салмақты сөздері мен ойлы көзқарасы сахнаға көрік беріп, коме­дияның жанрлық ерекшелігін арттыр­ған. Сонымен қатар Ғ.Мүсі­реповтің «Ақан сері – Ақтоқты» пьесасында серіні сүйгендігінен, сезі­мінің асқақты­ғынан тағдыры трагедияға айналған Ақтоқты арудың биік бейнесі сомдалды. Театр репертуары үшін, ұлттық тарихтың бояу-бедерін тану үшін тарихи-ғұмырнамалық драмалардың орны бөлек десек, М.Әуезов атын­дағы академиялық драма театрында С.Мұқа­новтың «Шоқан Уәлиханов» пьеса­сының сахналануы сондай рухани талаптан туындаған еді. Халқының ұлы перзенті, ағартушы-ғалым Шоқан Уәлихановтың және оның айналасын­дағы әлеуметтік ортаның тұрмыс-тіршілігі суреттелген шығармадағы тартыс Айжан төңірегінде өрбиді. Жан дүниесі таза Айжанның Шоқанға деген шынайы көңілі, олардың махаббатына қарсы шыққан Шыңғыстың үстемдігі, тап­тық түсініктің адам тағдырына кері әсер-ықпалы актриса ойынында дра­малық желіде шынайы өрбіп оты­рады. Адам үшін ең қымбат, ең асыл сезімнің тапталуына алып келген феодалдық көзқарасқа Айжан – З.Шә­ріпова қарсы шыға алмайды. Дегенмен оның бойында оптимистік рух пен гуманизм­нің, ар мен намыс­тың жалындаған оты бар. Актриса орындауында алғашқы көріністердегі жас қыздың іштей тынған төзімділігі оқиға дамуында бірте-бірте ашылып, кейіпкердің батыл­дығы, өз мақсат-мүддесі жолында қаймықпайтын өр­лігі анық байқалған. Ол бірде уайымға беріліп мұңаяды, енді бірде жанарында үміт оты алаулап, бола­шаққа үлкен сеніммен қарайды. Жалпы Шоқан бейнесін сомдаған шебер сахнагер Нұрмұхан Жантөрин мен қазақ қыздарының қатал дәстүр шеңберінен босап, өз бақыты үшін күресе алатын қайсарлығын ашып көрсет­кен Зәмзәгүл Шәріпованың әріптестік жұптастығы қо­йы­лымның лирикалық сипа­тын арттырып, сүйіс­пен­шіліктің, сыйластықтың ба­ға­сын айқындап берді. Жаратылысы өзгеше, жа­ны жай­саң, сұлулығы мен тектілігі бөлек актрисаның шығармашылықтың шыр­­қау биігіне жету сатысында заманауи дүниелер де бар. Замандас тақыры­бына арнал­ған пьесалардағы кейіпкерлерін барынша әсемдікпен әрлеп, бейне әлемінің ішкі-сыртқы қалтарыс­тарын ақ­тарып, ерекше шабытпен шалқи орындағандығына дә­лел көп. Мәселен, Қ.Мұ­қашевтың кеңестік дәуір тұсындағы ауыл еңбеккер­лерінің көркемдік бейнесі кескінделген «Парторг» пьеса­сын­дағы бригадир Бикешті өте сәтті шыққан рөлдердің бірі деп айта аламыз. Бикештің ашық жарқын мінезі, үнемі ауыл жұмыс­шыларын көңілдендіріп жүретін жан тазалығы, парторгпен, совхоз дирек­то­рымен немесе басқа да еңбек­керлермен қарым-қатынасы, олармен тіл табысуы сахнада ширақ қимыл-қозғалыспен, шынайы ойын бедерімен өріліп отырады. Қайратты әрі қайсар Бикеш – З.Шәріпова өз ұжы­мының абыройы үшін жанын сала еңбекке араласып, егін даласының ауыр жұмы­сына үлкен жауапкершілікпен қарайды. Оның жұмысшы­лармен диало­гында, батыл әрекетте­рінде үл­кен үміттің ізі байқалады. Бұл – қайткенде мол өнім алу. Осы ұстаным­дағы Бикеш – З.Шә­ріпова басшымын, бригадирмін деп өзін өзгелерден биік санамай, керісінше ауыл адамдарымен бірдей өнім өндіру жолында ауыр жұмыстарда шыңдалады. Осындай замандас бейнесін жасаудағы З.Шә­ріпованың орындаушылық шеберлігін мойын­дамау мүмкін емес. Бұған дәлел – сахнадағы еркін қимыл, көз тартар­лық кескін-келбет, ең бастысы автор суреттеген бейненің өзіндік бояуын келістіре сомдауы. Қарап отырсақ, З.Шәрі­по­ваның репертуарында кім жоқ десеңізші. Иә, ол сан алуан кейіпкерлерді сом­дады. Уильям Шекспирдің қала­мынан туған шытырман оқиғалар ішінде буыр­қа­нып, қатыгездік пен зұлым­дықтың ортасында от кешетін кейіп­керлерінің де кілтін көкірек көрегендігімен таба білді. Актри­саның шығармашылық қалыбында «Отелло» траге­дия­сындағы Дездемона бейнесі өзгеше түрге бөленді, психология­лық күйзелу сәт­терін бастан кешті. Қызға­ныш­тың құрбаны болған әйелдің күйеуінің көзін шындыққа жеткізе алмаған қиналы­сын, отбасын сақтап қала алмаған дәрменсіздігін, ішкі арпалысын актриса сырт­қы оқиғалар желісінде да­мытады. Дездемонаның Отел­лоға деген шы­найы сезімі, Кассиоға деген құрметі, Ягоға деген сенімі барлығы суреткер ойынында наным­ды тоғысқан. Күрделі трагедия­ның басты өзегіне, шытырман оқиғалар тізбегіне арқау болған Дездемона – З.Шәріпова үшін тығырық­тан шығар жол жоқ. Отеллоның ойын өзгерту, ақталу мүмкін емес. Сүйгенімен бірге күн кешкен сәттері мен өзінің өлер сәтін сезген уақыт аралы­ғындағы дра­малық оқиғалар желісінде актри­саның жасандылықтан ада орын­дау­шылық шеберлігі тағы да жарқырай көрінді, яғни З.Шәрі­пова­ның хас өнері көпшілікті өзіне тәнті етті. Актер мен кейіпкер арасындағы нәзік байланыстың қасиеті мен құдіретін жан жүрегімен сезінетін З.Шәріповаға драматургия жанрының ешқайсысы жат емес. Бейне болмы­сын өз санасына, өз бойына сіңіру, түсіну, түйсіну үрдісінің шынайы­лығы, рухани байлықтың тереңдігі басты ұстанымына айналған актриса трагедиялық, драмалық, комедиялық, мелодрамалық кейіпкерлерін де көркемдік биікке көтерді. Иә, қызығынан гөрі қиындығы басым сахналық өнер – жалынан ұстатпайтын асау өнер. Ал З.Шәрі­пова сондай өнер майданының алғы шебінде ерлік көрсеткен, өр мінез танытқан аяулы актриса, ардақты ана. Әдетте Зәмзәгүл еңбегіне баға берген әріптестері, айталық, режиссер Есмұқан Обаев: «Зәмзәгүл – лири­калық әртіс», деп баға берсе, театр сыншысы Әшірбек Сығай: «Зәм­зәгүл – эстет актриса», деп оның өнерінің сұлулығын, нәзіктігін алға салады. Мұның өзі де Зәмзәгүл сомдаған кейіпкерлердің сан қырлы екендігін көрсетеді. Ал біздің бұл пікірлерге қосарымыз Зәмзәгүл Шәріпова – болмысы биік суреткер. Зухра ИСЛАМБАЕВА, М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты Театртану бөлімінің ғылыми қызметкері, театртанушы.