Әдебиет • 19 Қазан, 2017

Ұлтының сөзін сөйлеген

1193 рет
көрсетілді
20 мин
оқу үшін

ХХ ғасыр ортасындағы қазақ әде­­биет­тану ғылымында бір топ те­геу­рінді ғалымдар көш бастады.­ Кезінде Ғ.Мүсірепов өзінің алдындағы қа­лам­гер аға­ларын «алыптар тобы» деп атағаны бел­гілі. 

Ұлтының сөзін сөйлеген

Біз де С.Қира­баев, Т.Кәкішев, Р.Бердібай, 3.Қабдо­лов,­ Н.Ғабдуллин, М.Базарбаев сияқ­­­ты абзал ағаларымызды қазақ әде­биеттануындағы «алыптар тобы» деп ата­ғымыз келеді. Әрине, бұл­ бұлардың ал­дында осындай атаққа ла­йықты аға­­лары болмады деген сөз емес. Бол­­ғанда қандай?! А.Байтұрсынов, М.Әуе­зов, С.Мұқанов, Қ.Жұмалиев, Е.Ис­маилов, Б. Кенжебаевтар шын мә­­нін­дегі қазақ әдебиеті ғылымының асқар шың­дары еді. Оған ешкім таласа да алмайды. Ұлттық ғылымды қа­лыптастыру үшін алдыңғы топтың қаншама қу­ғын-­сүргінге ұшырағаны да белгілі.

Соғыс­қа дейінгі, соғыстан кейінгі саяси науқандарда қазақ әдебиеті мен ғылымы, мәдениеті өзі­нің ұлттық қаймағынан айы­рылып, тү­рі ұлттық, мазмұны социа­листік мә­дениет пен ғылымның қалпына түсіп те­ қалғандай еді. Міне, осындай кезде, яғни тоталитарлық жүйе барынша кү­шейіп тұрған елуінші жылдардың орта тұсында әдебиетке араласқан бір топ дарынды жастар ағалар салған қиын жолға келіп түсті. Балалық, жастық шақтары отыз жетінің ойранына, 1941-45 жылдардың қырғынына тура кел­ген бұлар ерте есейіп, арманда кеткен аға­ларының орнын басуға, солар бастаған істі жалғастыруға мәжбүр болды.

Біз бір топқа жатқызып отырған бұлар – бір жылдың, яғни 1927 жылдың төлдері. Осы топтың серкесі жиырмасыншы ғасырдағы қазақ әдебиетінің білгірі, академик Серік Қирабаев жыл басы наурызда өмірге келіпті. Ғылыми жұ­мысты мемлекеттік қызметпен ұш­­тастырған М.Базарбаев мамырда туып­ты. Турасын айтамын деп, кей­де туыс­тарына да, достарына да жақ­пай қалып жүретін, қазақ әдебиеті сынының ұңғыл-шұңғылына қоса С.Сейфуллин мен С.Мұқанов сияқты жа­зушылардың шығармашылықтарын бүге-шүгесіне дейін қоймай зерттеген Тұрсынбек Кәкішевтің тамыздың аптабында кіндік қаны жерге тамыпты. Ал қашан да салмақты да сабырлы Рахманқұл Бердібай, жазса да, сөйлесе де кара сөзді қайнатып, майын ағызған Зейнолла Қабдолов, сырбаз Нығмет Ғабдуллин – үшеуі қақаған қыста, жел­тоқсанның боранды күндерінде дү­ниеге келіпті. Бір жылда туған құр­дастардың әр қайсысы – жеке-жеке кесек тұлға. Сірә, бұлар өмірге келгенде, жұл­дыздары көк көгінде барынша биік­те жарқырап тұрған болуы керек.

Ендігі біздің әңгімеміз осы бесеудің ішіндегі бірегейі Рахманқұл Бердібай хақында болмақ. Рахманқұл Бердібай – ХХ ғасыр мен ХХІ ғасыр басындағы қазақ әдебиеттану ғылымының аса көрнекті өкілдерінің бірі. «Турасын ай­ту керек болса, Рахаң айта алады»­ дейтін, есімі елге танымал, айтулы тұлғаларымыздың бірегейі еді. Із­де­німпаздық пен білімпаздық, па­йым­дылық пен парасаттылық, қара­пайымдылық пен ғұламалық, са­бырлылық пен салмақ­тылық, дос­қа, ғылымға деген адалдық пен қам­қор­лық, ең бастысы, ұлт мүддесін бә­рі­нен де жоғары қойып, халқына қыз­мет етуді өмірінің басты мәні санауы – Р.Бердібайдың азаматтық бол­мысын биіктете түсті. Әсіресе, ұлт­жан­­дылық қасиет Рахаңның сөйлеген, жаз­ған әрбір сөзінен, ойынан аңқып тұ­ра­тын. Ғалымды өз әріптестерінен ерекшелендіріп тұратын бойындағы бас­ты қасиеті де оның осы ұлтжандылығы, ұлтшылдығы болса керек.

«Ұлтшылдық» сөзін әдейі қолданып отырмын. Кеңестік насихат жетпіс жыл­ бойы осы «ұлтшыл» сөзін «барып тұрған оңбаған», «халық жауы» мағынасында құлағымызға құйып жіберді. Отаршылдар алдымен, бар материалдық байлығымызды алып, енді ең соңғы рухани байлығымызға, тіліміз бен ді­лімізге қол салған тұстарда ұлтшыл аза­маттардың оған қарсы шыққаны бел­гілі. Алашордашылардың бар кінәсі олар­дың ұлтшылдығында, яғни ұлтын, хал­қын сүйгендігінде еді. Ұлтшылдық кеңес өкіметіне қауіп төндіргендіктен де, билік басындағы компартия бірнеше дүркін саяси науқан ұйымдастырып, ұлт­шылдықты түп-тамырымен құртуға, яғни халықтарды ұлтсыздандыруға, мәң­гүртке айнал­дыруға бәрін салды.

Сондай науқанның бірі елуінші жыл­дардың орта кезінде тың және тыңай­ған­ жерлерді игеру деген сылтаумен Қазақ­станда жүргізілді. Келім­сектер көбейді. Қазақ халқы 30 пайызға жет­пей, өз же­рінде азшылыққа айналды. Осы кездерде 700-дей қазақ мек­тебі жабылып, барлық жоғары оқу орындарындағы оқу орыс тіліне кө­шіріле бастады. Институттарға түсу үшін орыс тілінен емтихан тапсыру мін­дет-тұғын. Орыс тілін білмеген адам жоғары оқу орнына түсе алмады. 

Міне, осындай кезде қазақ тілінің, мәде­­ниетінің жоғын жоқтаған Р. Бер­дібайдың «Ең үлкен мәдени байлық» («Қазақ әдебиеті», 22.08.1956) атты проблемалық мақаласы жарқ ете қал­ды. Негізінен қазақ тілінің жай-күйі көте­рілген мақалада айтылған сөздер күні бүгін айтылғандай, атойлап тұр. Ендеше, Рахаңды тындайық: «Бәрінен бұрын қазақ мектептерінде қазақ тілін оқыту жайы мәз емес екендігін айтуымыз керек. Қазақ тілінде грамматика мектептерде 7 класқа дейін өтіледі. Әри­не, осы уа­қыт ішінде көпшілік оқушы сауаттана алады. Бірақ осыдан кейін мектеп бітірушінің басым көпшілігі қазақ тіліне қайта оралмайды. Өйткені, Қа­зақ­станның бірде бір жоғары оқу орындарында қазақ тілі пәні жүрмейді.

Қазақ тілі факультетін ашудың қажеттілігін айтпағанның өзінде, институттарда оқитын қазақ студенті қазақ тілін оқуы - шарт. Жоғары оқу орнының, әсі­ресе, техникалық, жаратылыстану факультетін бітірушілердің басым көпшілігі қазақтың әдеби тілін мүлдем білмей шығады. Осыдан барып орысша сөйлей, жаза алатын, бірақ ойындағысын қазақ тілінде ауызша да, жазбаша да дұрыс жеткізе алмайтын кадрлар пайда болады. Мұның ақыры неге соғатындығын өмірдің өзі көрсетіп келеді. Бізде қазақ тілінде жаза білетін инженер, агроном, физик, зоотехникті ілуде бір кездестіруге болады. Мұның өзі кейде кісі күлерлік жайға душар етеді. Қазақ интеллигенті өз ана тілін білмейді».

Біраз жыл мектепте жұмыс істеп, оқу-­ағарту саласындағы қазақ тілінің жағдайын жақсы білетін Рахаң ащы шындықты тайсалмай жайып салады:
«Қазақ мектептерінің ерекшелігімен санаспаушылық жоғары оқу орындарына қабылдау емтихандарында­ ай­қын көрінеді. Қазақ мектебін бі­тіру­шілер көбінесе орысша өз ойын те­рең жеткізерлік болып шықпайтыны мә­лім. Бұл, әрине, бір жылда шешілетін мәселе емес. Ендеше, осы шындықпен есептесу керек. Әрбір абитуриенттің қабылдау емтиханын ана тілінде өткізуіне мүмкіндік туғызу керек. «Білсең де, білмесең де орысша сөйле» деу зорлық емес пе?».

Толып тұрған ағын судың тығы­ны ашыл­ғандай, іште тығылып, сыймай жатқан халықтың көкейкесті ойы ештеңені елемей бірінен соң бі­рі жарыққа шыға бастады. Бұл іс­ке­ «Қа­зақ әдебиеті» газеті (редакторы­ С.Мәуленов) мұрындық болды.­ Ком­­му­нистердің идеологиялық тас­ қама­лын бұзып шыққан екінші мақа­ла Ә.Нарымбетовтің «Ана тілін ардақ­тайық» («Қазақ әдебиеті», 01.06. 1956) еді. Осыдан кейін «Қазақ әде­бие­ті» газеті осы мәселеге арнап,­ тағы да бірнеше мақала жария­лап жіберді. Бұлардың ішінде Қазақ­стан Компартиясы Орталық Коми­теті жанындағы Партия тарихы инсти­тутының қызметкерлері Т.Кәкішев, А.Байшин, Ә. Мұхтаров, Р.Сәрсенбаев, Т.Әлішеров, X.Хасенов, «Қазақстан ком­мунисі» журналының бөлім мең­герушісі Қ. Әбілдаев, «Үгітші» блок­нотының жауапты хатшысы Қ.Әлиасқаров барлығы 8 жігіт бірі­гіп жазған «Тіл мәдениеті» («Қазақ әдебиеті», 24.06.1956) атты мақа­ланың да шыққанын атап кеткен жөн.

Әрине, ана тілін қорғап, сол үшін­ шырылдап отқа да түсіп кету­ге да­йын жүрген жігіттердің бұл «қы­лық­тары» жоғары жақтағыларға ұна­майтындығы белгілі. Артынша-ақ авторларды қуғындау басталды. Сол кезде қалыптасқан дәстүр бойынша бұларға алдымен идеологиялық тұрғыдан соққы берілді. «Социалистік Қазақстан» (29.01.1957) газетінде ба­сылған «Қазақ халқының мәдениетін көр­кейте берейік» атты көлемді редак­циялық мақалада осы мәселе саяси жа­ғынан тиісті «бағасын» алды.

«Қазақ әдебиеті» газетінде Р. Берді­байдың және оны қолдап мақала жазған қазақтың бір топ ұлт зиялыларының «ұлт­шылдық көзқарастарын» айыпта­ған «Әділ сын – алғы міндеттер» (01.02.1957), «Ұшқары пікірлер, елеулі қа­телер» (08.02.1957) мақалалары жарық көрді.

Бірақ бұған Р.Бердібай мойыған жоқ,­ алған бетінен қайтпады. Енді оның қазақ тілі мен әдебиетінің жоғын жоқ­тап, мұңын мұңдаған мақалаларына бас­пасөз беті жабық болды. Соған қарамастан, Рахаңның «Қазақ әдебиеті тарихының кейбір мәселелері» атты проблемалық мақаласы («Әдебиет және искусство», 1956, №12; «Көкшетау правдасы», 04.01.1957) жарық көрді. Мақалаға көз салайық: «Зерттеушілер орыс мәдениетінің, әдебиетінің Рос­сиядағы басқа халықтарға еткен игі­лікті әсерін дұрыс түсіндіре келіп, сол халық­тардың ескі әдебиетінен ылғи бір ұқсас жайларды, мөлдір достыққа шақырған идеяны іздеді... Жырда немесе жеке шығармада орыс отаршыларына қарсы ілуде бір сөз айтылса, ол шығарма халықтар достығына зиян деп табылды... Кез келген зерттеулердің күрделі бөлімі совет мемлекетін, оның басшысын мақтауға арналатын.

Осы­ның өзі асқан терең ойлылық саналатын. Олар бейнебір ұлтшылдыққа қар­сы күрескен болып отырып, әде­биеттің ең таңдаулы шығармаларын жой­ғысы келді». Автор сол кездегі қа­зақ әдебиетінің тарихын зерттеу істе­рін­дегі осындай өрескелдіктерді батыл сынай келіп, мысалға негізгі авторлары М.Сильченко мен Н.Смирнова болған «Совет дәуіріндегі қазақтың халық поэзиясының очерктері» (1955) атты көлемді зерттеу еңбегін келтіріп, осы тұрғыдан іске алғысыз етеді. Рах­манқұлдың бұл ісін ерлік демеске ша­ра­ңыз жоқ.

Көп күттірмей-ақ, Р. Бердібайдың бұл пікірлеріне саяси тұрғыдан ресми түр­де баға беріле бастады. Сол кездегі Қазақстан Компартиясының «көзі», «құлағы» «Социалистік Қазақ­стан» газетінде редакция атынан жа­зылған «Бір зиянды мақала туралы» («Социалистік Қазақстан», 05.02. 1957) деген мақалада Рахманқұлдың қазақ әдебиетінің тарихы туралы «теріс көз­қарастарына» саяси соққы берді. 

Осы оқиғалардан кейін Қазақстан Компартиясының Орталық Комитеті ұлт­шылдыққа қарсы арнайы қаулы қабылдады, ұйымдық шараларды жүзе­ге асырды. «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы С. Мәуленовтен бастап, басшылары түгелдей орнынан алынды. Ал Р. Бердібаев болса, партиядан қуылып, қызметімен қоштасты. 

Ғалымның ұлт алдында атқарған та­ғы бір абыройлы ісі – оның 35 жыл бойы (1965-1995) Алматы қаласындағы М.Әуезовтің музей-үйінде қазақ әдебиеті мен өнері халық университетін бас­қарып, 500-дей дәріс өткізуі. Мақсат «мүлгіп жатқан ойды ояту, қазақтың өз мұрасын өзіне қайтару» болған. Ха­лық университетінде өткізілген сабақ­тардың негізгі дені қазақ әдебиеті мен­ мәдениетінің өзекті мәселелеріне ар­налды. Ол кезде жоғары жақтың ықы­ласына іліне бермейтін көптеген «жа­бық» тақырыптар алғаш рет осы жерде көтеріліп жатты. Ұлттық әде­биетіміздің, мәдениетіміздің, тари­хы­мыздың ежелгі дәуірінен бастап, бүгінгі күнге дейінгі зәру мәселелеріне шейін мұнда сөз болмаған тақырыпты табу қиын. Мәдениет бюрократтарының, лауазым иелерінің қаншалықты қысым жасағандарына қарамастан, мұндағы лекцияларда қазақ тарихының қилы кезеңдері, әдеби, ғылыми шындықтар алғаш рет өз атымен аталып, көпші­ліктің мүлгіп кеткен ойларына қозғау салды.

Халық университетінде, әсіресе, фольклорлық мұраға, қазақ әдебиетінің жете­ зерттелінбей, зерттелінсе де өз­­ дәре­жесінде шешімін таба алмай­ ке­ле жатқан өзекті мәселелеріне ерек­ше­ назар аударылды. «Қазақтың ба­тырлық эпосы», «Ауыз эдебиетінің та­ри­­хи негіздері», «Қазақ эпосының генезисі», «Эпос және оны айтушылар», «Ақын-импровизаторлар өнері ха­қында», «Айтыс жанры және оның өзіндік ерекшеліктері», «Қазіргі айтыс өнері» т.б. тақырыптарда лекциялар оқылып, ауыз әдебиетінің өмір­мен байланыстылығы, тарихи не­гізі, көркемдік-идеялық қасиеттері, бү­гінгі таңдағы жаңаша дамуы секілді про­блемалар төңірегінде кеңінен әң­гіме болды. Қазақ әдебиетінің тарихына арналған дәрістер де тақырып сонылығымен есте қалды. Сонау Түркі қаға­наты (XV ғ.) кезіндегі Білге қаған мен Күлтегінге арналып жазылған әде­би ескерткіштерден бастап, қазақ әдебиетінің бір мың бес жүз жылдық тарихы жүйелі түрде карас­тырылды.

Өткен ғасырларда өмір сүрген Бай­жігіт, Тоқа, Сүгір, Бапыш, Раздық, Әлше­кей, Ақбала, Әбді секілді күйші­лердің белгісіз болып келген бірсыпыра күйлері алғаш рет осында орындалып, күйтабаққа жазылып алынды.

М.Әуезовтің музей-үйінде қазақтың С. Мұқанов, Ғ. Мүсірепов, Ғ. Мұстафин сияқ­ты атақты қалам қайраткерлерінен бастап көптеген ақын-жазушыларымен өткізілген кездесулер қатысқандар жадында ұзаққа сақталынып қалды. 

Сөйтіп М. Әуезовтің музей-үйінде Р.Бердібайдың басшылығымен жұ­мыс­ іс­теген Алматы қалалық қазақ әде­биеті мен өнері халық университеті тоқырау жылдарында қаншама саяси қысымдарға қарамастан, ұлттық әде­би-мәдени кәусар бұлақтардың мөл­дірінен мәдени сусаған елін сусындата білген бірден-бір халықтық мәдени ошаққа айналған болатын. Осыншама қыруар жұмыстарды ұйымдастырып, жүзеге асыру Рахаң сияқты ұлтын, оның әде­биеті мен мәдениетін, өткені мен бүгінін барынша сүйген, оның жарқын болашағына күмәнсіз сенген азаматтың ғана қолынан келері анық.

Р.Бердібай сарабдал сыншы, зер­де­лі зерттеуші болумен бірге азамат ретінде қазақ қоғамында орын алып келе жатқан түрлі рухани кеселдерге қарсы аяусыз күрес жүргізді. Бұл рет­те ол публицис­тика сияқты бүгінгі күн­нің жауынгер жанрын қоғамдағы келеңсіздіктерге қар­сы күресте қуатты қару ретінде шебер пай­далана білді. Сондықтан да оның қай ­мақаласын, немесе қай кітабын оқып қа­расаңыз да ғылыми парасаттылықпен қатар, дә­уір талабымен үндесіп жататын аза­маттық, ғылыми бағыты айқын сезіліп тұрады. Оның ана тілінің тағдыры, мәдени мұраны сақтау, халқымыздың демографиялық ахуалы, табиғаттың көркем сұлулығын сақтай білу, ескі тарихи ескерткіштерді қорғау, халықтық жақсы дәстүрлерді дамыту, ел ішіндегі дарынды өнер иелеріне назар аудару жайында жазған әлеуметтік сипаттағы мақалалары көптің көкейінен шыға білді.

Қазақ елі тәуелсіздік алғанымен де­­ на­ғыз рухани тәуелсіздікке әлі же­те қойған жоқ. Ғалымды осы мәсе­ле көп ойландырады. Бұған себеп бо­лып отыр­ған кедергілер дегенде ұлт­тық сана-сезіміміздің әлсіздігін, ха­лықтың әлі рухани оянбауын, санамыз­ға әбден сіңіп кеткен мәңгүрттік пен­ көзқамандықты атады. Ал осын­да­ғы мәңгүрт сөзі түсінікті болса, «көз­қаман» терминін Рахаң ұсынып, оны бы­лайша түсіндіреді: «Мәңгүрттік пен­ көзқамандық – бір-бірінен айыр­масы үлкен, екі түрлі құбылыс... Мәң­гүрттер есінен айрылған міскіндер бол­са, көзқамандар елдігімізге саналы түр­де қарсы шығатын қаскүнемдер» («Байкалдан Балқанға дейін». А., 1997, 49-бет).

Р.Бердібайдың ойынша, бүгінгі таң­­­дағы казақ қауымы үшін ең басты мәселе – ішкі бірлік. Ол қазақ халқының егеменді елдігі бекіп, дұрыс, даңғыл жолда дамуы үшін үш түрлі шарт қажет деп біледі. Олар: қазақ халқының ішкі бүтіндігі, түркі халықтарының бірлігі, дінге арқа сүйеу. Ол ел ішінде әлі де кездесіп қалатын рушылдық, жүзге, жерге бөлінушілік сияқты құрт аурудай қалмай, әр кездерде бой көтеріп қоятын келеңсіз құбылыстардан сақтандырады.

Қазақ ұлты бірлігінің негізгі факторы саналатын ана тілінің бүгінгі ахуа­лы ғалымды көп ойландырады. Ол сөзімен ғана емес, ісімен де қазақ ті­лінің қоғамымызда өзіне лайықты орнын алу үшін күресе білді. Рахаң біраз жылдар Алматы қалалық «Қазақ тілі» қоғамының төрағасы болып, сол­ кездегі астанамызда босағада қал­ған ана тілін төрге шығаруға көп еңбек сіңірді. Қалада қазақ бала бақ­шаларының, мектептерінің көптеп ашы­луына, көшедегі жарнамалардың қазақ­шалана бастауына, жоғары оқу орындарында қазақ топтарының ашылуына ұлтжанды азамат аз тер төккен жоқ. 

Рахаң – ізденімпаз, еңбекқор қалам­гер. Оның сыншылық, әдебиетшілік, пуб­лицистикалық еңбектері барлығы елу­дей кітап, 1500-дей мақала түрінде жа­рық көрген. Бұл, әрине, бір адамға аз еңбек емес. Ғалымның ізденістерін тақы­рыптық жағынан жүйелейтін бол­сақ, қазақ кеңес әдебиетінің мәселелерін алдымен айтамыз. Ол осы салада 1961 жылы филология ғылымының кандидаты атанса («Қазіргі қазақ романындағы сюжет проблемасы»), 1971 жылы докторлық («Қазақ романдарының тео­риялық мәселелері») диссертациясын қорғаған. Ғалымның кейінгі ғылыми ізденістері халықтың ауыз әдебиетін, туысқан түркі халықтары әдебиетін зерт­теуге ұласып, тың пайымдаулар жа­саған ондаған кітаптары жарық көрді. Өмірінің соңғы жылдарында түр­кі халықтарының ортақ әдебиеті, мәдениеті жайлы еңбектенді. Осы саладағы жемісті еңбектері үшін ол халықаралық «Түрік әлеміне сіңірген ерен еңбегі үшін» сыйлығын алды.

Р. Бердібайдың қазақ әдебиетінің сы­ны, тарихы, фольклоры саласын­да жүргізген еңбектері жоғары бағала­нып, оған «Қазақстан ғылымына ең­­бек сіңірген қайраткер» (1983), «Қа­зақ­станның еңбегі сіңген мәдениет қыз­меткері» (1992) атақтары берілген. Ол Қазақстан Ұлттық Ғылым академиясының академигі, Түрік тіл құрылымының (Түркия), Халықаралық Ш.Айтматов академиясының, Ре­сей­­дің халықаралық психология акаде­мия­сының мүшесі, Ш. Уәлиханов атын­дағы сыйлықтың иегері. «Парасат» ор­де­німен, «Еңбектегі ерлігі үшін», «Еңбек ардагері», «Ана тілі», Қырғыз Рес­публикасының «Даңқ» медальдарымен марапатталған.

Түркітанушы, абзал азамат Рахман­құл Бердібайдың бүкіл ғалымдық шы­ғармашылығының басты қасиеті, өзі айт­қандай, «бас тақырыбы – қазақ халқы және оның тағдыры» болды. Ол осы бағытта небір қиындықтарға кез­дескенімен де тура жолдан танбай, халқының рухани тазалығы үшін күресе білген ардагер азаматтың биік тұл­ғасы қазақ халқымен бірге жасай бер­мек.

 

Дандай ЫСҚАҚҰЛЫ
филология ғылымдарының 
докторы, профессор