28 Қазан, 2011

Елбасы және ұлттың рухани әлемі

1867 рет
көрсетілді
33 мин
оқу үшін
Азаттық деген – ұлы сөз. Ардақты сөз. Асыл сөз. Қазақ жұрты үшін бұл сөздің мән-мазмұны тіпті өте терең. Тұңғиық. Адами арманның жөні бір басқа, ал халықтық арманның жөні тіптен басқа. Қилы кезеңдерді бастан кешіп, «Қаратау­дың басынан көш» құлатып, қара көзге мөлді­ре­тіп жас келтіріп, терең күрсініп, тынып өксіп, артта қалып бара жатқан қара орман – қайран далаға алыстан тамағыңды булықтырған жасың­ды жұтып қарау қандай қиын. Бұл сөздің төр­кі­нін іздеген жан болса, байлауын айтайық: түп-төр­кіні – тебінгісін тесе атып, терлігін терге мал­шы­тып, алдаспанын өңгеріп, қара қазақ баласын хан ұлына теңгеріп, тұлпар мініп ту алған, жұр­тын көрсе жұбанған, еңбектеген баласы садаққа қолын созғанда, әкесі тірілгендей қуанған жау­ын­гер жыраулардан жеткен жауынгер жырлар. Ұлы Сыпырадан ұзанға айналып, Махамбетке жетіп, қапыда Қараойға құласа да, қайсар да қуат­ты, шамырқанған шуақты жырлар сәулесі ха­лықтық көкіректе ғасырлар бойы маздап жатты. Міне, бүгінде Қазақстан озық ел, озат мемлекет атанып, әлем картасына өзінің мәңгілік белгісін салды. Тәуелсіздік таңбасын! Жұмыр жердің иен бөлігін иемденіп, жер көлемі жағынан дүние жүзі бойынша тоғыздыққа табан тіреген Қазақ­стан «көшпелі» деген көшіп жүрген ұғымды тапжылтпай басып, түйіндеп тиянақтап, Тәуелсіз Қазақстан Республикасы деген мәртебелі атақты бұдан аттай жиырма жыл бұрын күллі адам­заттың санасына құйды. Сегіз қиыр шартарап енді Қазақстанға қарай өкшесін жиі көтеретін болды. Қайсар жырдың қаһарманы, дауылпаз дарын Қасым Аманжоловтың шалқымасы осындай кезде еске түсіп, жаныңа жауынгерлік рух беріп, кеудеңді керемет бір сазға бөлейді: О, дариға, алтын бесік туған жер, Қадіріңді келсем білмей, кеше гөр. Жата алмас ем топырағыңда тебіренбей, Ақын болмай, тасың болсам мен егер. Осын­дай қуатты жырларды оқығанда Тәуелсіздіктің бағасын біле түсесің. Отаншыл отты сезім мен елшіл жүрек, халықшыл қасиет тұла бойыңдағы алпыс екі тамырыңды иітіп, тал бойыңды жібітіп, көкжиектерден асып, көгілдір көкпен аста­сып, алып таулармен бастасып жатқан Ұлы Да­лаңа қарап, өзіңді бақытты сезінесің. Бұл бақыт­тың алтын тамыры Азаттықта жатыр. Аңсап күткен азаттық. Әке болып тебіреніп, ана болып еміреніп күткен күн. Бесік жырымен бойға тарап, ананың ақ сүтімен қанға сіңген ұлы сөз. Осы ұлы сөзге ХХ ғасырдың соңғы онжыл­дығында елтаңба қадап, жалау желбіреттік. Же­ңіс туы алаш жұртының абзал перзенті, халқы таң­да­ған қаһарман, елі таңдаған ер тұлға Нұр­сұлтан Назарбаевтың қолында желбіреді! Сол күні желтоқсан жазға, жанымыз сазға, әніміз назға айналды. Әз Алматының қысқы аспанын көмкерген көгілдір тұманның өзі кейін көгілдір ту болып, көкке самғады. Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің оттай дуылдаған отырысында Егемендік туралы мәселе тәуелсіздікке ұмтылған еліміз­дің, ел баптаған ерлеріміздің арқасында ұлы жеңіспен аяқталды! Бұдан жиырма жыл бұрын, үш ғасырлық үмітшіл толғақтан кейін заман қазақ жұртына Азаттық атты асыл тарту жасады. Алыстан аңсап күткен аяулы сыйлықты алғаш рет алдынан шығып, ақжолтай ырыммен қарсы алып, төбемізге көтеріп, төрімізге шығарып, ай маңдайы айға ұласып, кең маңдайы күнге ұласып, жанарлары боталап, төбесі көкке жетіп, алақанында от жанған Нұрсұлтан Әбішұлының сол бейнесі көңіл фотоаппаратында өшпестей болып бейнеленіп қалды. Сонда Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың көкейінде тұрған алғашқы сөз: «Отандастарымнан бөлек уайымым да жоқ, олардан бөлек қайғым да жоқ. Нені болса да елмен бірге көремін, елмен бірге төземін, елмен бірге жеңемін», деген сөз екеніне ешкім де шүбә келтірген жоқ. Бұл әрі қарапайым, әрі жан тебірентерлік сөзді Елбасымыз күнде айтып келеді. Ісімен, шешімімен, бастамасымен, қамқорлығымен, қызметімен. Айта да береді. Өйт­кені, бұл сөз оның адамдық, азаматтық, қай­раткерлік кредосы. Елбасылық, Көшбасшылық тұ­жырымы. Перзенттік парызы, Азаматтық қарызы. Осы жиырма жылдың бәрі Елбасы үшін оңай болды деп ешкім де айта алмайды. Тіпті саяси оппоненттері де. Саясатты саудаға салып, ұпай жинаймын деп жүрген азаматтың да Елбасы бітірген ұлан-ғайыр іс, ұлағатты шаруа, ұлы тірлікті мойындамасқа әддісі жоқ. Күншіл күннен де дақ табады, соны мен ғана көріп тұрмын деп мақ­та­на­ды. Келе жатқанның кетпеніне, бара жатқан­ның балтасына, күлшесі бардың қалтасына жа­бы­сып, көрінгенге көзін сатпай, еңбекке терін сатып, жұмысқа жігерін жаныған жандар ғана тәуелсіз мемлекеттің арына да, абыройына да ор­тақпын деп мақтана алады. Елбасымыз жүргізіп келе жатқан сындарлы саясаттың мәні мен мақ­сатын жүрекпен ұғынып, тілекпен түсініп, тізе қосып, Мемлекет басшысымен бір сапта келе жа­тыр­мын деп көңілін бірлей алады. Шын мәнінде еңбеккер Қазақстан онымен бірге, бір сапта келеді. Еңбек ендіктері мен береке бойлықтарында қайнаған қызу еңбек – Тәуелсіздіктің тынымсыз қайнап жатқан қазаны. Ырысы мол, ырыздығы жоғары, ықыласы ашық қазан. Іргетасы мықты ғимараттың қашанда еңсесі биік, түтіні түзу болатыны әлімсақтан белгілі. Қазақстан атты алып ғимараттың іргесін бекітіп, реңін ашып, керегесін жайып, кемелін танытып, түндігін түзіп, табысын көбейтіп, белдеуіне бес құрлықтың көлігін байлаған Елбасымыздың ерен істерін дос қоштап, дұшпан мойындап, алыс-жақын алғау­сыз пікір білдіреді. Әрбір қазақстандық бұл пікірді өзіме айтылған өрелі сөз, өнегелі лебіз, өрісті мадақ деп қабылдауы артық болмайды. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың осынау жиырма жылдық кезеңде атқарған жасампаз іс­тері­нің жылнамасын түзгенде, көбіне экономи­ка­лық, қоғамдық-саяси, ішкі-сыртқы саясаттағы сындарлы табыстары туралы тілге тиек етіледі. Біз ол атқарған тарихи іс-шаралардың жалпы ауқы­мының ішінде аталған мәселелерден маңы­зы әсте кем емес мәдени-рухани саладағы ерен еңбектерін қысқаша екшеп айтуды мақсат тұт­тық. Сөз ыңғайында нақтылай кетейік, Президент қай салада да сұңғыла, салиқалы, терең, талғам­паз, білікті, пайымды, шешімді әрі кесімді. Бұл – кемел көшбасшыларға ғана тән қасиет. Осы замандық көшбасшылық қасиет туралы ұзақ жылдар зерделі зерттеулер жасаған белгілі тарихшы-ғалым Джеймс Мак Грегор көшбас­шы­лықты тұтас бір индустрияға айналдырып қа­рай­ды. Бұл, сайып келгенде, бір адамның бойында жинақталып, тұтас бір тұлғалық категорияны құрайтын философиялық пайым болса керек. Ол «шынайы көшбасшы жұртты аузына қарата білуі керек. Шынайы көшбасшыны жақтастары да таңдауы керек» деген тұжырым ұсынады. Бұл сөз, әрине, бүгінгі заман көшбасшысы­ның толық тұлғасын таныта алмаса керек. Бү­гін­гі көшбасшыны қарсыластарының өзі де таң­дауы, яғни мойындауы керек. Міне, шынайы көш­басшы осы болса керек. Бұл тұрғыдан келгенде, көшбасшыға тән сан алуан қасиеттерді бір бойына жинақтаған Елбасының бой­ын­дағы ең басты қасиеті – халқын сүюі, елін қастерлеуі, Ота­нын құрметтеуі, қыс­қасы, ең ізгі де жақсы қа­сиеттерді бой­ы­на толық сіңіруі. Және соны жар­қы­ратып көрсете алуы. Ол жақсылықтың ба­сын­да тұрады, игіліктің қасында тұрады. Бей­біт­­ші­лік­тің бағасын біледі, демо­кра­тия­ның демаго­гия­ға қосылмас шамасын біледі. Шынайы да адал бәсекелестікке бара алатын, берген сертінде тұра алатын, ең негізгісі, туған халқының жан жүре­гін­дегі ұлы сезімдерді құрметтей алатын жан. Нұрсұлтан Назарбаевты осы қасиеттерді бір бойына жинаған тұлға деп танитынымыз сон­дық­тан. Бұл тіпті бір адамның ғана емес, әлем­дегі алуан-алуан мемлекеттердің көшбасшы­ла­ры­­ның көңілінен шыққан көшелі баға, ортақ пікір. Осынау көшбасшылық қасиетін Елбасымыз мемлекет руханиятының еңсесін тіктеп, ертеңін болжалдаған шағында қапысыз көрсетті. Та­рихымызды түгендеп, өткенімізді саралап, жаңа белеске көтерілер алдында жылдарға жасақтап, жүйелеп қойған жылдар жылнамасын одан әрі таратып, оны ұрпақтар сабақтастығымен жалғас­тыр­ды. Ұлттың рухани әлемін жұтаңдандырып алмай, оның жан дүниесіндегі сәбилік сенгіштік пен саналы салтанатты терең сезініп, бүгінгі күн­нің болмысын барынша байыпты ұғып, байсалды бағалауға жетелеген Мемлекет басшысының әманда қоғамда, соның ішінде ынтымағы мен береке-бірлігі тұтастанған қоғамда табысқа жетуі заңдылық. Бұл ел тізгінін ұстаған тұлғаның шынайы саяси сұңғылалығы мен іскер хариз­масына байланысты. Оксфордтық ағылшын тілінің сөздігіне бақ­сақ, «харизма» деген сөз «құдайдың тарапынан берілген сый немесе игілік, құдырет және да­рын» деген ұғымдарды білдіреді екен. Оның ұғымдық түбірі қайырымдылық атты ғажап сөзбен ұштасады. Қайырымдылық категориясы адамгершіліктің алғашқы элементтері болып табылғанмен, қоғамдық-саяси рең алғанда, ол көшбасшының көрегенділігіне келіп саяды. Жақ­сылық жасаудың әртүрлі шарты бар. Ең басты шарты, жасалған қайырымдылық пен жақсылық­тың қайтарымы жалпы ел мүддесімен тікелей тоғысып жатса, оның арты қайырлы, түбі сүйі­нішті болғаны. Ішкі эгоистік пиғылды жеңіп, бірдің әрекеті мыңның қуанышына жеткізілсе, ол қоғамның ертеңі бүгінгіден де нұрлы болатыны ақиқат. Бұл үшін кең ауқымдағы стратегиялық жоспар қажет еді. «Қазақстан-2030» стратегиясында өзіміз табан тіреп сөз етіп отырған еліміздің руханият әле­мінің бүгіні мен ертеңі тұжырымды зерделеніп, зейінді қамтылған. Оны кезінде Елба­сы­мыздың өзі де талдап, таратып айтып берген-ді: «Бір қарағанда, Стратегияда мәдениет мәселелері сөз болмағандай көрінеді. Ал, шындығында, осында көзделген мақсаттың бәрінің түп-төркіні, айналып келгенде, қоғамның мәдени деңгейін көтеруге тіреледі. Егер экономикамыз нығайса, өнер мекемелерін салуға да мүмкіндік молая­ты­ны, мәдениет қайраткерлерінің жағдайы да жақсаратыны өзінен өзі түсінікті емес пе? Стратегияда «Адам сапасы» деген ұғым әлденеше рет айтылған. Ол ұғымға мәдениет жатпай ма?» деп Елбасымыз «Қалың елім, қазағым» деген ең­бе­гін­де ерекше тоқталып айтып өтеді. Кітаптың атауының өзі-ақ автордың елін қаншама сүйіп, құрметтейтінін көрсетіп тұрса, оның әр бетінде, әр парағында Мемлекет басшысының туған елге деген ыстық ықыласы мен шынайы құрметі құйылып түсіп отырады. Жоғарыда Елбасы тарапынан айтылған сөзге түйінді мысал жасай кетсек, көп нәрсе өзінен-өзі айқындалып шыға келеді. Ең алдымен, «адам сапасы» деген ұғымды алсақ, бұл қазір әлемдік үрдісте, адамзат қоғамының даму үрдісінде «адам факторы» деген аксиомалық ұғымға айналып, көш бастаған көшелі елдердің өзі осы қоғамдық терминнің қордаланған проблема­ла­рын шешуде бастарын қатырып-ақ жатыр. Ал, Нұрсұлтан Әбішұлы бұл аса маңызды мәселені сол тәуелсіздіктің алғашқы кезеңінде-ақ көкейге түйіп, көңілге жүктеп, Қазақстан қоғамының алдында тұрған және болашақта үнемі алдан шығып тұратын басты мәселелердің бірі болатынын алдын ала бағамдап тастаған. Бәрі, соның ішінде мәдениет пен ғылым, әдебиет пен өнер саласының өкілдері, Елбасы­ның ұлттың мәдени деңгейін көтерудегі, сол ар­қылы қоғам мәдениетін көтерудегі ерен еңбегін даусыз мойындайды. Осы жиырма жылдың ішінде Қазақстанда бірнеше ондаған театр мен кино-концерт залдары, мәдениет ошақтары мен клубтар, кітапханалар мен оқу залдары, ғылыми-зерттеу институттары ғимараттары, шығарма­шы­лық одақтардың үйлері мен өнер жайлары, дем­алыс орындары мен шипажайлары, жастар мен балалардың дарыны мен талантын ұштайтын орталықтар мен залдар, стадиондар мен спорт алаңдары салынды. Мәдениет саласына жыл сайын республикалық бюджеттен бөлінетін қаржының көлемі әлденеше есе өсіп, жаңа театр мен өнер жайлары көптеп есік ашты. Соның ішінде Астанамызда салынып, пайдалануға берілген «Тәуелсіздік сарайы», «Бейбітшілік және келісім сарайы», «Қазақстан» атты кино-концерт залы, қайта жөндеуден өткен Оқушылар сарайы, жаңа жобамен салынып жатқан Жастар сарайы, әлемдік үрдіспен са­лын­ған түндікті Спорт арена­сы, қысқасы, адам факторының жаңа дәуірлеу үдерісіне ба­рынша ықпал жасап, тәрбиелейтін тағы­лым­ды орындар қаз-қатар салынып, қанат­тарын жайып келеді. Бұ­лар­дың бәрінде қайнаған қызу еңбек, құлшыныс пен құштарлық, жігер мен серпін, қуат пен шуақ. Елбасы Қазақстан­ды әлемге танытудың, со­­ның нәтижесінде ха­лықтың рухани әлемін оя­ту­дың сан алуан жолдарын үнемі тауып, орайын келтіріп, ортаға салып отырады. Соның бір мы­са­лын айта кетсек, өткен қыста Астана мен Алматыда өткен VII Қысқы Азиада ойындары­ның халықтың жігері мен салауатты салтанатын танытуға ерекше үлес қосқаны белгілі. Бұл дү­бірлі доданы қазақстандықтар асыға күтіп, жоға­ры деңгейде ұйымшылдық пен іскерлік көрсетіп, Ақ Азиаданың ақ парақтарына жеңісті жолдарды жазды. Әсіресе, туған елімізде тұңғыш рет өткелі отырған құрлықтық бәсекенің гимніне бүкіл­ха­лық­тық конкурс жарияланып, оған түскен шы­ғармалар көгілдір экран мен эфир арқылы дауыс беруге түскенде, соған қатысуды өзіме шығар­ма­шылық сын ретінде қабылдадым. Мақтанғаным емес, осы үлкен жарыста бәйгеге түскен 105 шы­ғарманың ішінен менің өлеңіме жазылған белгілі композитор Ескендір Хасанғалиевтің әні бас бәйгені иеленіп, ресми түрде Азиада ойындары гимнінің авторы болғанымды Елбасының тікелей бастамасымен және ол кісінің үлкен беделінің арқасында елімізде өткен әлемдік мәртебелі шараға үлес қосқаным деп қанағаттанған сезіммен көңілімді жайлаймын. «Экономикамыз нығайса, өнер мекемелерін көптеп салуға мүмкіндік болады» деп Елбасы­мыз орынды айтқандай, осы Азиада ойындары өткен екі қаладағы спорт орындары да эконо­ми­камыздың өсімі мен тұрақтылығының тікелей көрінісі. «Әуелі экономика, сосын саясат» деген тұжырым туған халқының тұрмыстық деңгейін жаңа, заманауи сатыға көтергенін мемлекет Басшысы енді ризашылық сезіммен айтады. Оны айтасыз, тіпті тәуелсіздіктің алғашқы ауыр да күрделі жылдарында, экономикалық дағдарыс дендеп, қазанның түбі көрініп, жоқтық пен қатшылық қабырғадан қысып тұрған кездің өзінде Президентіміз тәуекел қадамға барып, еліміздің мәдени-рухани күйзелісіне барынша тосқауыл қойды. Халықтар достығын орнық­тырып, ұлтаралық татулықты қалыптастырып, өзара сыйластық пен ынтымақты ту етіп көтеріп, осының арқасында жұртымыздың мәдени-ру­хани ахуалын сауықтырудың батыл бастамасын жасады. Бұл, әрине, қазір айтуға ғана жеңіл. Әйтпесе, сананы тұрыс билеп, жоқтық қос өк­педен қысқанда, мәдениеттің мәселесін ойлап, маңызды қадам жасау ерлік емей немене? Өзіміз куә болған, әлі күнге дейін осы үрдіс­тің белгілі бір жүйемен, белгілі бір тәртіппен жүріп келе жатуына куә болып келе жатқан бір жәйт – мәдениет және өнер қайраткерлеріне жыл сайын тұрақты түрде беріліп келе жатқан Президент стипендиясы. Елбасының арнаулы сти­пен­диясы 1993 жылдан бері үзбестен беріліп келеді. Мұнда кезінде туған елінің мәдениеті мен өнеріне, әдебиеті мен руханиятына ерекше еңбегі сіңген, бұл күнде құрметті зейнеткерлік дем­алыс­тағы, бірақ елдің ішкі-сыртқы саясатынан мол хабардар, мемлекеттің өркендеп, дамуына шынайы тілектес және осы бағытта тәлімгер-ұстаз болып келе жатқан 50 адам Елбасының өз қолынан осы стипендияны алады. Мұндай үрдіс ТМД мемлекеттерінің баршасында дерлік әлі күнге дейін жоқ. Бұған қоса, қазіргі таңда ел мәдениеті мен өнеріне, әдебиетіне елеулі үлес қосып жүрген, шығармашылық ізденістері әлі бабында тұрған, ел дамуының етене жанкүйерлері – қаламгерлер мен өнер қайраткерлеріне де Мемлекеттік стипендия жыл сайын тұрақты түрде беріліп келеді. Бұлардың ішінде талантты да дарынды, алымды да қарымды жастар, қазақ мәдениеті мен руха­ниятының өрен өкілдері бар. Бұлар да 50 адам. Осы нақты дерек пен дәйекті тілге тиек еткенде, екінші бір мәселе де ойға қатар түседі. Арнаулы стипендияларды тапсырудың жетінші жылдығында Нұрсұлтан Әбішұлы: «Еліміз орасан өзгерістерге түсуде. Қоғам өзгерді. Адам өзгерді. Сана өзгерді. Жақсы да болып жатыр. Жаман да болып жатыр. Осылар көркем образдармен әдебиетте кестеленуі керек пе, керек емес пе? Әрине, роман, повесть дегендер жылдар бой­ғы толғаныстан туады, жылдар бойы жазылады. Оны білемін, түсінемін. Сонда да жаңа қазақ елінің, жаңа қазақ жерінің сөзбен салынған суреті дүниеге келер күн тым кешеуілдеп кеткен жоқ па?» деп салмақты сауал тастағаны есімізде. Елбасы осы сауалыма қазір кім не айтады деп жауап күтіп, қаламгер қауымын тығырыққа тіреген жоқ. Бірақ осы сауалға берілер жауаптың да тым ұзап бара жатқаны көңіл алаңдатады. Әрине, біз бұл жерде ел өмірінде болып жатқан жарқын жаңалықтар мен қоғамдық-саяси оқиғаларға орай тез туып, шапшаң тарап жататын әдебиеттің жүрдек жанрларындағы жазбаларды ұмытып отырған жоқпыз. Әңгіме бұл жерде сүйекті, сүбелі туындылар хақында болып отыр. «Білесің, білген соң айтасың», дейді екен Әлкей Марғұлан ағамыз. Елбасы да бұл мәселені көбімізден артық білмесе, кем білмейді. Нұр­сұлтан Әбішұлының 1995 жылы ұлы Абайдың 150 жылдығында, одан кейінгі жылда Мұхтар Әуезовтің 100 жылдығында жасаған баяндамала­ры әлемдік әдеби процесті жетік біліп, жете тани алатын, әдебиет пен өмірдің арасындағы қалам­герлік шарттылық пен азаматтық қабылдауды толық еңсерген, қажет болатын болса, көркем әдебиетке де қол арта алатын адамның деңгейін көрсетті. Осынау жиырма жылда оның қаламы­нан туған тарихи танымдық, тағылымды публи­цистикалық, қоғамдық-саяси аспектісі әлемдік өркениеттік талаптарға толық жауап беретін он­даған кітаптары қалам ұстаған әрбір қаламгерге жөн сілтеп, жоба көрсететін жинақтар. Ұлттың рухани әлемін танытып, талдауда Елбасы қаламынан туған «Ой бөлістім халқым­мен», «Қалың елім, қазағым», «Нұрсұлтан деп ат қойдым», «Еуразия жүрегінде» деген жинақтары ой көзімен қараған оқырманға «мен ақындық сезімнен тудым» деп сыр жайып жатқандай. Осы кітаптардағы қанатты сөздер мен көркем түйін­дер, кенен қайырымдар мен кемел пайымдар, ой мен образ, сыр мен сымбат жаныңды баурап, көңіл биігін көкжиекке ұмсындырады. Бұл ретте біз, қаламгер қауым, егемен күндердің еменжар­қын таңы атқанда Президенттің перзенттік кө­ңіл­ден төгіліп түскен «Елім менің» шалқымасын шаттық ораториясы деп қабылдасақ, тыңдаған кезде жүректің нәзік қылын шертіп, жаныңды самал боп аймалайтын «Үшқоңырды» туған жерге деген махаббаттың серенадасы деп сезінеміз. Осы жерде айтпай кетуге болмайтын бір жәйт еске түседі. Кешегі желтоқсан көтерілісі кезінде алаңға шыққан алау жастар композитор Шәмші Қалдаяқов пен ақын Жұмекен Нәжімеденовтің «Менің Қазақстаным» әнін халықтық хорға айналдырған болатын. Осы қуатты жырға көзіміздің жасын жұтып тұрып қосылған күндер көз алдымызда. Сол кездің өзінде-ақ қазақ халқы бұл өлмес туындыны ел гимні деп қабылдаған болатын. Гимн десе дегендей ғой, шіркін. Ха­лық­тың көкейіндегі осы ортақ ойды Елбасымыз дәл тауып, тамаша шешім қабылдады. Өткен жылы, жиырма жылдықтың қарсаңында (бұл сыйлық екі жылда бір рет, тақ жылдары беріледі) Президент Нұрсұлтан Назарбаев тарихи шешім қабылдап, гимн авторларына Қазақстанның Әде­биет пен өнер саласындағы мемлекеттік сый­лығын берді. Бұл жөнінде республикалық басы­лымдардың бәрі бірауыздан қуанған, қостаған үнқосулар жариялады. «Егемен Қазақстанда» «Тарихи таңдау, әділетті шешім» деген атпен бір топ мәдениет қайраткерлерінің қостау-үндеу хаттары берілді. Елбасымыз осы мемлекеттік сыйлыққа шығармалар ұсыну кезінде үлкен азаматтық мінез көрсетті, комиссия мүшелеріне алдын-ала рахмет айтып, өзі де осы гимннің бір тең авторы болғанына қарамастан, мемлекеттік сыйлықтан бас тартты. Әйтпесе, оның да авторлық құқығы басқалармен бірдей болатын. Бұл Елбасының ұлттың рухани әлемін жаңа биікке көтеруінің айқын бір сабағындай болды. Шынында да, көптеген елдер мен мемлекеттерде мемлекеттік гимн авторларына әлдеқашан осы сыйлық беріліп, оған қоса олардың ескерткіштері тұрғызыл­ған. Мемлекеттік гимн – мәңгілік туынды. Мәңгілік туынды тудырған адаммен, оның үстіне қайтыс болып кеткен марқұмдармен таласқа түсіп, торсаңдап өкпелегендер мұның мәні мен мақсатын енді жете түсінген болар деп ой­лаймыз. Өмір бойы тарихтағы ұлы тұлғалардың өмірі мен қасиеттері туралы зерттеу жүргізіп, осы са­ла­ның майталман мердігері болған атақты ағыл­шын тарихшысы Джон Мэн жеке тұлғалардың айырықша сипаттарын талдағанда сана-сезім категориясына ерекше мән береді. Ол көшбас­шылықтың ерекше бір қасиеті ретінде оның өз эмоциялық сана-сезімін меңгеруін басты орынға қояды. Екінші орынға «өзінің дәл бағасын білуді» қояды. Гимн туралы ой қорытқанда, біз Елбасының өз сана-сезімін басқару қасиетін азаматтық мықтылық деп қабылдаймыз. Мұның соңында «өзіңе сенімділік» атты ұлы күш тұр. Мақсатқа адалдықты тізгін етіп ұстанып, туған жұртының эмпатиялық белгілерін сезіну, сол арқылы елдің симпатиялық құрметін қалып­тастыру – шынайы көшбасшының даралығын көрсететін ерекше болмыстар. Нұрсұлтан Назарбаевтың әлемдік көшбасшылық деңгейге көтерілуінің де мықты іргетасы осында жатыр деген ортақ пікірдің ешбір артықтығы жоқ. Осы орайда мәдениет саласының мамандары, кадрлары туралы да бірер ой қылаң береді. Руханияттың майданында жүрген, көптің көз алдында таланты мен талабы көрінетін мәдениет тұлғаларының елшіл, халықшыл, отаншыл қа­сиет­тері туралы ойланғанда, Елбасының жалпы жұртшылыққа, оларға айтып жүрген сыни ой-пікірлерінің де жаны бар. Бұл саланың маман­дары Елбасының қазақтың руханият әлемін жаңғыртып, жаңарту тұрғысындағы көшбасшы­лық ұстанымдары мен көзқарастарын әлі де барынша іліп әкетіп, биікке тік көтеріп кете қойған жоқ. Мәдени деңгейдің бойы мен ойы сол қоғамда ғұмыр кешіп отырған адамның жан-жақты жарасымды дамуын да көрсетпегі ләзім. Осы тұрғыдан келгенде, жүріп өткен жиырма жылдық белесте орны толмаған, орайы келмеген, олқылығы айтпай көрініп, жазбай танылып жатқан жәйттер де баршылық. Қазіргі жастардың бойындағы көптеген жақсы қылықтарды, мінез-құлықты, тәрбие мен тәлімді жоққа шығармаймыз, дегенмен, жастар қазір оқуды, көркем әдебиет оқуды, ағымдағы баспасөзді қарауды, өзінің қоғамында болып жатқан маңызды саяси-қоғамдық үдерістерді дер кезінде біліп отыруды атүстілікке айналдырып алғандай. Соның ішінде мемлекеттік тіл мәселесі, дін мәселесі, діл мәселесі көңілді кейде күдікке бұрып әкетеді. Елбасымыздың қоғамның рухани мәдениетін көтеру тұрғысында айтып жүрген аса маңызды ұлағаты мен тапсырма­ларын тиісті мемлекеттік мекемелер мен органдар есеп берудің аясында емес, елге көмек берудің шеңберінде қараса екен деп ойлайсың. Ұлттың рухани әлемі. Бұл бір аса шетін, аса маңызды, аса жауапты және өте қажетті мәселе. Адам санасының жаңаруы, қоғам санасының жаңаруы – ұлттың жаңаруының қайнар көзі. Рухани азаттық қоғам дамуының ең басты өлшемі, ең басты қайнар көзі. Рухың азат болмай, өзің толық азат бола алмайсың. Рухың жаңармай, жаңа заманға ілесе алмайсың. Рухың қайсар болмай, ұлттың ұлы дәстүрлерін жалғастыра алмай­сың. Назарбаев әлемі деген ұғыммен астасып кететін бұл аса маңызды мәселелер ел Көшбас­шысының ерен еңбегінің нәтижесінде мүмкін болды. Ұлттың рухани әлемін қалыптастыру тұрғысында ерлікке тән еңбек етіп, мәңгілік тарихта қалған тарлан тұлғалар шоғыры әр дәуірде жаңа есімдермен толығып отырады. Сол есімдер­дің арасынан, сөз жоқ, әлемдік қоғамдастық Қазақ елінің Тұңғыш Президентінің атын оқитын болады. Рухани әлем – шексіз кеңістік. Біз осы шексіз кеңістікте өз халқымыздың мәдениеті мен өнерін, әдебиеті мен руханиятын дамыту тұрғысында қолдан келгеннің бәрін жасау жолында тыным­сыз еңбек етіп, бел шешпей қимылдап, мігір таппай қозғалып, белсене іскерлік көрсетіп, туған халқын рухани көкжиекке қарай талмай жетелеп келе жатқан Қазақстан Республикасының Тұң­ғыш Президенті – Елбасымыз Нұрсұлтан Әбіш­ұлы Назарбаевтың ұлттың рухани әлемін жаң­ғыртудағы еңбегінің тек кейбір қырларын ғана сөз етуге талпындық. Айтылар сөз бұл бағытта да өте көп. Алда да бұл мәселе көптің аузынан, қалам ұстаған қауымның жазбаларынан талай рет бой көрсететін болар. Бұған ешқандай күмән жоқ. Қазақтың асқар ақыны Ғафу Қайырбеков Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев туралы кезінде: Сынға түскен екіұдай тұста мына, Қарамайды ол бақытқа, бас қамына. Лайық ол, байқасаң, қазақ түгіл, Әлемді де әдемі басқаруға! – деп жазғаны бар еді. Осы бір шумақтың өзінен ақынның ажарлы теңеуі ғана емес, көрегендігі де көзге түседі. «Әлемді де әдемі басқаруға» дегенде ақын алғы күндердегі Елбасының алар биіктері мен шығар асқарларын сезініп, сеніп жазған. Ақынның бұл жарқын теңеуі АҚШ-тың бүгінгі президенті Барак Обаманың: «Сіздің еліңіз егеменді, тұрақты және өркендеген мемлекет ретінде өзінің да­муын­да маңызды табыстарға қол жеткізді», деген шынайы пікірімен үндессе, Қытай көшбасшысы Ху Цзиньтао: «Тәуелсіздік жылдары Сіздің басшылығыңызбен еңбексүйгіш те ақылман Қазақстан халқы өзінің қажырлы да жасампаз еңбегімен дамудың дұрыс жолын таба білді» деген бұл ойды одан әрі ұштай түседі. Ресей президенті: «Мен Сізге алғыс білдіремін», деп ыстық ілипатын көрсетсе, Түркия президенті Абдулла Гүл: «Нұрсұлтан Назарбаев күллі түркі дүние­сінің Көшбасшысы» деп ағынан жарылады. Мұндай марапат түйіндердің өзінен тұтас бір энциклопедия жасақтауға болады. Ал ең басты баға – Мемлекет басшысына өз халқының берген бағасы. Ол бағаның қандай екенін білгіңіз келсе, Елбасы өңірлерді аралаған кездегі халықтың оған деген ықылас-ниетін көріңіз. Қалың жұртты қақ жарып келе жатқанда халықтың көз жанарында тұнған алғыс пен шынайы сенімді көріңіз. Аса ірі халықаралық фо­румдар мен саммиттерде Елбасы көптің алды­на жарқ етіп шыға келгенде алыстың да, жақын­ның да, үлкеннің де, кішінің де орындарынан дүр етіп көтеріліп, ду етіп қол соққанын көріңіз. Ұлттық мәселелерді талқылауға, талдауға, шешім қабылдауға келгенде Мемлекет басшысы­ның жанарындағы жарқыл мен қабағындағы жалтылды көріңіз. Осының бәрін көріп, көңілге пікір түйіңіз. Ол пікір жұртымыздың ортақ пікірімен орайлас, қолайлас, қанаттас, қарымдас келетінін сезініңіз. Сонда адамның көңілінде өз еліне деген мақтаныш пен патриоттық сезім жаныңды шуаққа, іс-қимылыңды қуатқа бөлейді. «Нұр Отан» халықтық-демократиялық пар­тия­сы­ның байырғы мүшесі әрі партия жанын­дағы «Мирас» руханият кеңесінің мүшесі ретінде мен партиямның Төрағасы, тәуелсіз Қазақстан халқын жиырма жыл бойы бейбітшілік пен ынтымақта талмай бастап келе жатқан Ұлт көшбасшысы, Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың халқымыздың, мемлеке­тіміздің рухани әлемін жаңғыртып, жаңартудағы жанқиярлық еңбегін ұлтқа адал қызмет жасаудың айрықша көрінісі деп бағалаймын. «Бұл дүниеде біздің бір ғана Отанымыз бар, ол – тәуелсіз Қазақстан» деген жүрекжарды жақсы сөздің авторы, жаңа тұрпатты мемлекет орнатып, жер жүзіне оны толық мойындатып, әлемдік деңгейдегі көшбасшылық биіктікке көтерілген Тұлға – Сіз бен біздің Елбасымыз – Нұрсұлтан Назарбаев. Әлемде Қазақ елі біреу, оның Көшбасшысы біреу. Бар болсын, баһадүр Тұлғамыз! Өтеген ОРАЛБАЕВ, Қазақстан Республикасы Президентінің БАҚ саласындағы сыйлығының лауреаты, «Нұр Отан» партиясы жанындағы «Мирас» кеңесінің мүшесі.