29 Қазан, 2011

Әдебиет – халықтың жүрек сөзі

514 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Египет пен Германияда Немат Келімбетов кітаптарының тұсаукесерлері өткізілді

Фараондар елінде болып... жер бетіндегі жеті ғажайыптың бірі – пирами­даны көзбен көру кім-кімнің де арманы ғой. Сондай арман бізде де болған. Мінеки кәзір... Сол алып ғажайыптың алдында тұрмыз. Каирдің батыс шеті. Сап-сары шөл. Одан әрі – сахара. Сол сары шөлде сарғайып аспан тіреген алып пирамидалар тұр. Ұшар басы кө­гіл­дір көкті түйреп тұр. Жақындай түстік. Жақындаған сайын басыңнан тел­пегің түсердей шалқая бересің. Бұл неткен айлапат! Осындай жобаны осы­дан 5 мың жыл бұрын іске асырған адам баласы неткен жойқын жасампаз! Мына заңғардың әр «кірпіші» 2,5 тонна, ал, іштегі фараон (перғауын) жерлен­ген саркофаг төбесі 60 тонна тақтай-таспен жабылыпты. Техника жоқ, кран жоқ заманда мұндай салмақты кім, қалай көтерген?! Бұл жұмбақтың шешімін әлі ешкім таба алмапты. Бәрі де біз сияқты таң қалумен, бас шайқаумен келеді. Пи­рами­даға келіп бас шайқағандар арасын­да тарих атасы Геродот, Страбондар да бар екен. Беріректе наполеон да болыпты. Каир заманауи алып қала. 20 миллион тұрғыны бар. Екі-үш қабат салынған көшелерді көресің. Яғни, жоғарғы көше­мен келе жатқаныңызда 10 қабатты үй­мен терезеңіз тең келеді. Соған қарамас­тан, Мысыр Африкадағы дамыған жетекші ел екеніне қарамастан, біз кедей­ліктің бұрын-соңды кездеспеген түрін көрдік. Алып шаһар шетін жағалай орап жатқан «өлі қаланы» көрдік. «Өлі қала» аталуы бұл қала емес – зират екен. Сол зираттарды үйге айналдырып, төбесін жауып осынау «өлі қалада» үйсіз 2 миллиондай халық тұрып жатқанын көрдік. Және «өлі қала» бүгін ғана пайда бола салмаған. Бұл жерде үйсіз-күйсіз халық­тың тұрып жатқанына талай замандар болған. Олар осы зиратта туылып, осы зиратта өсіп-өнгендер дейді. Осы ретте біз өзіміз сөгумен келе жатқан социализмді еске алдық. Қылышынан кан тамып жүрсе де жазған социализм бүкіл халықты жаманды-жақсылы баспаналы етіпті. Ал, мына «өлі қалаға» қалай баға беруге болады?! Бұған кім кінәлі?! Әрине, капитализм. Осы ретте осы аймақта болып жатқан «араб көктемі» атты төңкерістер еске түсті. Каирдегі революция ошағы – Тахрир алаңына бет бұрдық. Кешқұрым. Алаңға жақындай бергенімізде сол көшемізді бөгеп қиқу­ласып жатқан бір тобырды көрдік. Бұрыла сап тайып тұрдық. Әлгі жастар, немесе, Мысырдағы көтерілістің қозғау­шы күші осы «өлі қала» тұрғындары болуы мүмкін ғой. Өйткені, өлілермен бірге тұрып жатқан тірілер өлімнен немесе түрмеден қорық­пайтыны аян. Бы­лайша айтқанда, пролетариаттар. Қала­ны қоршап жатқан сол кедейлердің табы­сы күніне 1 доллар шамасында екенін естідік. Бірақ, мысыр кедей ел емес. Байлар тұратын ауданға бардық. Бардық та таң қалғаннан бас шайқай бердік. Жер бетіндегі жәннатты көріп тұрған­дай­сыз. Африканың пальмадан бастап біз көрмеген ағаш, гүлдерінің бәрі көз алдыңызда көз тұндырады. Каир «мың бір түн» қаласы тәрізді. Қазақстан елшілігінің алдында тұрмыз. Еңселі екі қабатты коттедж үй. Төбесінде желбіреген көк ту. Осынау еңселі үй – жас та болса әлеуетті тәуелсіз Қазақстанның күш-жігерін көрсетіп тұрғандай. Жа­ның­ды мақтаныш баурайды. осыдан 20 жыл бұрын әлем картасында жоқ тә­уелсіз Қазақстанның туы, мінеки, ежелгі египет елінде желбіреп тұр. Аздасын Айшамса университетінде Қазақстан тәуел­сіз­дігінің 20 жылдығына арналған салтанатты жиын басталды. Жиынға Каирдің зиялы қауым өкілдері қатысты. Лық толы зал араб тілінде баяндама жасаған Қазақстан елшісі Бақтияр Тасымның аузына қарап қалыпты. Бақтияр шынын­да да араб тіліне ағып тұр. Оны біз сілтідей тұнған аудиторияға қарап сездік. Баян­дамадан кейін тәуелсіз Қазақстан ту­ра­лы деректі фильм көрсетілді. Ж­аным­да отырған жергілікті профессор Қазақ­стан таби­ғатына, Астана, Алма­ты­ға таң қалып тамсанып қарайды. Ағыл­шын­ша­лап «тамаша» деп қояды. Біз де өз елімізді өзіміз тұңғыш көріп отыр­ғандай халдеміз. Шыннан да Қазақстан табиғаты тамаша екен ғой дейміз. Сап-сары шөл емес. Қарлы шыңды тау да бар, буыр­қанған теңіз, жайқалған жасыл орман, егісті алқап – бәрі, бәрі бар. Қа­зақ маң­дайына шынында да ғажайып жер біткен екен-ау дейміз. Каирдегі аз күн ішінде арабтарды ұнатып қалдым. Арабтар бізге кішіпейіл, ашық мінезімен, қонақжай, бауырмашылдығымен ұнады. Айшамса университетінде Қазақстан тәуелсіздігіне арналған жиын аясында көрнекті жазушы Немат Келімбетовтің араб тілінде шыққан «Үміт үзгім келмейді» кітабының арабша басылымы­ның тұсаукесері болды. Араб тілінде бұған дейін қазақ әдебиетінің «Абай жолы», «Қан мен тер» тәрізді жауһар­лары жарық көргенін білеміз. Биыл солардың қатары белгілі жазушы Ра­хым­жан Отарбаевтың, мінеки енді Немат Келімбетовтің мағыналы кітаптары­мен толықты. Ежелгі Египет еліне осылай әдебиетіміздің келе бастауы қол соғып қуанарлық жәйт еді. «Үміт үзгім келмейдіні» ана тілінде оқыған араб ғалымдары кітапқа жоғары баға берді. Басты кейіпкер, ажалмен алысқан адам – осы кітаптың авторы екендігі оларды ерекше толқытты. Немат Келімбетовтің өзі бастан кешкен тауқымет туралы шебер жазылған бұл шығармасының оқыр­мандарға үлгі-өнегесі ұшан-теңіз екені айтылды. Байқап отырғаныңыздай, кітап – елдің рухани елшісі. Бүгінгі әлем Қазақстанды саяси, экономикалық майданда мойындап қалды. Бірақ, қазақты халық ретінде тек мәдениеті мен әдебиеті ғана таныстыра алатыны айғақ. Бұл салада, әсіресе қазақ әдебиетін шетелде насихаттау саласында бізді алда қыруар жұмыстар күтіп тұр екен. Әдебиет – ұлттың рухани айнасы. Сол айнаға үңілгісі келетін шетел оқыр­мандары бар. Қазақты олар рухани тұр­ғыда да танығысы келеді. Ал таныстыру – әдебиет миссиясы. Басқасын былай қойғанда біз әлемге «Абай жолын» таныстыра алдық па? «Абай жолы» советтік «Прогресс» баспасынан кезінде асығыс аударылып, совет елшіліктері арқылы 30-дан аса елге тарады. Бүгінгі әлемдегі ең көп тараған ұлы тіл ағыл­шын тілінде сол асығыс аударманың өзі бес мың-ақ данамен шығыпты. Сондық­тан да Нью-йоркте шығатын «Әлем әдебиеті» аталынатын анықтамалықта қазақ әдебиеті деген ұғым жоқ әлі күнге. Бұл ойлар бізге осы сапарда Франкфуртте өткен дүниежүзілік кітап жәрмең­кесін аралағанымызда келді. Осынау дүбірлі дүниежүзілік жәрмеңкеге 110 ел баспагерлері қатысты. Бір аптада жәр­меңкемен танысуға келгендер саны 2 миллиондай кісі болды. Қазақстаннан «Атамұра», «Фолиант», «Мектеп», «Ал­матыкітап», «Раритет» баспалары өз кітаптарын көрмеге қойды. Қазақ кітап­тары сапасы жөнінен жақсы бағаларға ие болды. Кеңестік кезеңде дүмпуі талай құрлық асқан қазақ әдебиетінің үні неге бүгінде тәуелсіздік тұсында ұлттық шекарадан ұзамай жүр? Өйткені, советтік идеология Жамбылды, «Абай жолы», «Қан мен тер» тәрізді озық үлгілерді мемлекет қаржысымен аударды, мемлекеттік құрылымдар арқылы, яғни елшіліктер арқылы таратты, насихаттады. Тіптен әр совет елшілігі жанында совет әдебиетін насихаттайтын кітапхана жұмыс істеді. Елшіліктердің мәдени атташесі совет әдебиетін шетелде насихаттаумен айналысты. Совет заманынан қалған бұл дәстүрді, кітапханалар жүйесін Ресей иеленгені аян. Тәуелсіз Қазақстан бүгінгі Ресей елшіліктері жалғастырған сол бір кітап насихаттау­дағы осынау тамаша дәстүрді неге жаңғыртпасқа?! Бүгінде бізде кітапты аудару да, шығару да, тарату да жазушы­ның жалғыз басының шаруасы болып қалды. Сондықтан да совет заманында­ғы қазақ әдебиетінің отыздан астам тілге аударылып шетелге шығуы тәрізді әдеби оқиғалар бүгінде ұмытылды. Өйткені, ондай оқиға қол жетпес қиялға айналды. Айтарымыз кітап таратушы жекеменшік баспалар, қоғамдық ұйымдар әлемдік тәжірибені үйренгенше, олар төрт аяғына тұрып кеткенше бұл іске мемлекет мұрындық болуы қажет екен. Онсыз халықтың жүрек сөзі – әдебиеті өзге елдің жүрегіне жетпейді. Яғни, ұлты­мыздың рухы өз дәрежесінде насихатталмай қалмақ. Әзірше жекелеген кітап жанашыр­лары ғана осы сеңді қозғау жолында шыр-пыр болып жүргенін көрдік. Соның бірі қазақ кітабының белгілі насихатшысы Райхан Мәженқызы. Райхан жүгіріп жүріп Франкфурттағы Қа­зақ­стан консулы Ахат Алпысбаевтың жәрдемімен жазушы Немат Келімбе­товтің неміс тілінде шыққан кітабының («Үміт үзгім келмейді») тұсаукесерін өткізді. Адам тағдыры айрықша айшық­талған бұл шығармаға неміс оқырманда­рының ықыласы ерекше болды. Ажалмен қырық жыл алысқан айрықша тағ­дыр иесі, жазушы, ғалым туралы пікірімізді біз де ортаға салдық. Осылайша әдебиетіміздегі жылт еткен жақсы нұсқаны шетелге таныту, сайып келгенде, тәуелсіз Қазақстанды, оның рухани байлығын насихаттау емес пе?! Егер де біздің әдебиетіміз шекара аса алмай жатса, онда біз отанымызды өзіміз ғана сүйіп, өз қазанымызда өзіміз қайнап жатқан болады екенбіз. Егер тәуелсіз Қазақстан әдебиеті өзге құрлықтарға да тарап жатса, онда Отанымызды білетіндер, бағалайтындар саны өзге құрлық­тарда да көбейеді екен. Қазақ кітабын насихаттауға арналған біздің бұл сегіз күндік шетел сапарымыздан түйген тобықтай түйініміз осы болды.

Смағұл ЕЛУБАЙ.