01 Қараша, 2011

Басты мақсат – шығынды азайту

411 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін
Оңтүстікке де ұзын қылышын сүйреткен қыс­­т­ың алғашқы ызғары жетті. “Қыс келді ме, бә­тір-ау, неге тоңдым?” дегендей-ақ, ҚР Табиғи мо­­нополияларды реттеу агенттігінің төрағасы Нұр­лан Алдабергеновтің Оңтүстік топырағына аяғы ти­ген күні алғаш рет қыламықтап қар жауды. Қа­ла­ны жылумен толық қамтамасыз ететін “3-Энер­го­орталық” қазандықтарын қа­жет­ті жылумен тол­тыру дайындығына кірісті. Агенттік төрағасының Оңтүсікке арнайы келуі­нің өз мақсаты бар. Модернизациялау және жа­ңа турбина қойып, электр энергиясын өндіруді қолға ал­мақ­шы болған “3-Энергоорталық” басшылы­ғы ин­вестиция тарту үшін жылуға бағаны көбейтуді ұсынады. “Онсыз да Оңтүстік халқы тұтынып отыр­ған баға қымбат. 30-40 пайыз көтеруді респуб­ликадағы ең төменгі жалақы алып отырған өңір көтере алмайды” дейді облыс және қала әкімдігі. Нұрлан Алдабергенов осы текетірестің түйінін тарқату үшін “3-Энергоорта­лық­тың” жұмысымен толық танысқаннан кейін, облыс әкімдігінің кіші мәжіліс залында жиын өткізді. Оған әкімдік өкілдері, қоғамдық ұйым­дар­дың, үй иелері кооперативтерінің, таби­ғи мо­нополия субъектілерінің, ардагерлер­дің және тұр­ғындардың өкілдері қатысты. Қазақстан Республикасы Табиғи монопо­лия­ларды реттеу агенттігінің төрағасы Н.Ал­да­бергеновтің іссапарының бір бөлігі «3- Энерго­орталық» АҚ-ға тоқталуы болды. «З-Энерго­ор­та­лық» АҚ бас директоры Р. Турдахунов кәсіпорын­ның инвестициялық міндеттемелерді орындауы туралы баяндады. «3-Энергоорталық» АҚ 1998 жылдан бері қаланы жылумен және ыстық сумен қам­та­масыз етіп келеді. Акционерлік қоғам 2007 жылы – 4094 млн. теңгеге, 2008 жылы – 150,2 млн. теңгеге, 2009 жылы – 206,2 млн. теңгеге, 2010 жылы – 338 млн. теңгеге, 2011 жылы – 535,6 млн.теңгеге инвес­ти­циялық сипаттағы жұмыстарды атқарды. Жабдықтарды модернизациялау және қайта жабдықтау – станция жұмысының сенімділігін және тиімділігін арттыруға, техникалық-эконо­ми­калық көрсеткіштердің жақсаруына алып келеді. Атап айтқанда, электр қуатын өндіруді 2011 жылы 2007 жылдың деңгейімен салыс­тыр­ғанда 62%: 536,4 млн. квтс 870 млн.квт өсірді. Электр қуатын сатуды 2011 жылы 2007 жыл­дың деңгейімен салыстырғанда 72% және 429,8 млн. квтс қарағанда 739,3 млн. квтс көбейді. Жылуқуатын сату 2007 жылдың деңгейімен салыстырғанда 37 пайызға өсті және 2011 жылы 550,4 мың Гкал болды. Электр қуаты бойынша отын шығыны­ның үлесі 2007 жылмен салыстырғанда 17 пайыз, жылу қуаты бойынша 8 пайыз төмендеді. «3-Энергоорталық» АҚ-ның инвестиция­лық бағдарламасы 2012 жылы, станцияның қуа­тын 210 мвт-ға дейін көтеріп, аймақтағы электр қуаты тапшылығы бойынша мәселені жартылай шешетін қосымша қуат көзін іске қосуды немесе қуаттылығы 50 мвт ТФП 6Э-2УЗ генера­торы­мен Т-40/50-1,5 турбина­сын іске қосуды көздейді. Турбинаны іске асы­ру­ға барлығы 4,5 млрд. теңге кетеді. Бағдар­ламаны қаржылан­дыру көздері ретінде өз қаржылары мен шеттен тартылатын қаржылар алынған. Оларды игеру мерзімі 3 жыл. Энергияны үнемдеу шеңберінде тарифтік саясаттың бір аспекті нормативтік ысыраптар­ды төмендету және нормативтен тыс ысырап­тарды жою болып табылады. Республика бойынша 2010 жылы нормативтік ы­сыраптарды төмендетуден алынған үнем 3,2 млрд. теңгені құрады. Ал, нормативтен тыс ысы­рап­тарды жоюдан алынған үнем 1,5 млрд. теңгені құрады. Н.Алдабергенов өз сөзінде: «Өткен жы­лы Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша нормативтік ысыраптарды төмендетуден алын­ған үнем 102,3 млн. теңгені құрады. Оның ішінде: электр энер­гиясы бойынша 50,4 млн. теңге, су шаруа­шы­лығы бойынша 1,9 млн.теңге, жылу жүйелері бойынша 50,0 млн.теңгені құрады. Агент­тік та­ра­пынан жаңа Заң нормаларын орын­дау арқылы тұтыну­шы­лардың ақшалары үнемделді», – деп атап өтті. Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша есептеу құралдарымен қамтылуы: ыстық сумен – 36,3%, суық сумен – 84,2%, жылу энергиясымен – 24,3% болды. Мысалы, Шымкент қаласында 3 адамнан тұратын отбасында 3 бөлмелі пәтерде, суық суға және ыстық суға есептегіш құралдары бар болса тиісінше 106,5 және 470,4 теңге үнем­деледі. Жылу энергиясы бойынша көп­ші­лік тұрғын үйге қойылған есептегіш құрал­дарымен 1972,3 теңге үнемделеді. Электр энергиясына тұтыну көлем­дері­не қарай қол­данылатын тарифтерді қол­дану­дан үнем­деу 34 теңгені құра­ды. Осы 3 адамнан тұратын отбасының бір ай­лық коммуналдық шы­ғын­дары, электр энер­гиясына, су және жылуға жұм­салған жалпы шы­ғындарды қосқанда 2583,2 теңгеге арзан түседі. Ағымдағы жылдан бастап, суды үнемдеу мақсатында тұрғындар үшін сарапталған тарифтер қолданылады. Бүгінгі күні мұндай тарифтер Алматы, Атырау, Жамбыл, Қара­ған­ды, Қызыл­орда, Манғыстау облыс­тарын­да қолда­нылу­да. Жиында осындай жәйттер сөз болды. Алайда, біраз мәселелердің басы ашық қалды. 2010 жылы 338 млн. теңгеге инвести­ция­лық бағдарлама жасаған орталық өз қаржылары есебінен көптеген ақаулардың алдын алды. Бірақ, бү­гінгі белгіленген тарифтік баға электр энергиясы мен жылу энергиясына кеткен шы­ғынды жаба ал­майды дейді “3-Энергоорталық” басшылығы. Өт­кен жылы электр энергиясынан 290 млн. теңге зиян шеккен. Алған жылуы үшін тұрғындардың төлемей отырған қарызы 900 миллионнан асады. Ал, 2011 жылы 2309,4 млн. теңгеге жа­салу­­ға тиісті жұмыстардың анық орындал­ғаны 535,6 млн. теңге ғана. Турбинаға күр­делі жөн­деу жүр­гі­зіліп, жылу жүйелеріне жаң­ғырту жа­салған. 4,4 шақырым жылу жү­йесін­дегі зақым­далған құ­быр­­лар ауыс­ты­рылған. Биылғы қыс үшін қала тұр­ғындарының алаң­дамауына бола­ды деген орта­лық басшы­лары­­ның уәжіне жина­лыс бары­сында күмән­мен қараған­дар болмай қалған жоқ. Шымкенттей алып қалаға жылу беріп отыр­ған Орталықтың бас инженері Қыдыр­әлі Нәсібов кәсіпорын жаз айларында 80 мегаватт, ал қыс ай­ларында 130-140 мегаватқа дейін электр энергия­сын өндіре алатын­ды­ғын айта­ды. Ал, қала қалып­ты өмір сүру үшін 350 мегаватт керек. Бас инженер жаңа турбина қойған жағдайда электр қуатын кә­сіп­орын сағатына 200 мегаватқа көтере ала­тын­дығын айтады. Ал, бұл жұмысқа онсыз да шығынмен жұ­­мыс жасап отырған кәсіпорынның қаржы шы­ға­­ра­тындай мүмкіндігі жоқ. Тарифті көте­ру жағ­­­дайында ғана тығырықтан шы­ғару­­ға болады. - Бұл мүмкін емес,-дейді Шымкент қала­сы әкімінің орынбасары Салқан Полатов. Өйт­кені, орталық бір шаршы метрді 84 тең­геге жылытып отыр. Оны 112 теңгеге көтерсек, халық төлей алмайды. Агенттік төрағасы электр, су және жылу жүйесі бойынша әлемдегі мемле­кет­тердің тарифтік бағамдарына талдау жасап, Қазақ­стан­ның бүгінгі тұтынып отырған тариф­терінің төмен екендігіне тоқталды. Бір Германияның өзінде бір күнде 13 түрлі тариф болатындығын мысалға келтірді. Мәсе­лен, сам жамыраған, адамдар жұмыстан үйіне қайтқанда бір бөлек баға, түн орта­сы­нан таң атқанға дейін бір баға белгіленеді. Бірі қымбат, бірі арзан. Ысырапты жек көретін, өмірінің өзін есепке айналдырған неміс ағайындар осы­ның өзінен қаржысын жақсы үнемдейді екен. Бақтияр ТАЙЖАН, Оңтүстік Қазақстан облысы.