01 Қараша, 2011

Жақсы әйел – ырысың...

742 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Ибраһим пайғамбардың ұлы Ысмайыл алыста жүріп үйленіпті. Бұл хабарды естіген әкесі бір күні ұлын іздеп келеді. Келсе, үйінде ұлы жоқ, жас келін бейтаныс ақсақалды есік алдынан қарсы алады. Бірақ ол үйіне келіп тұрған өзінің қайын атасы екенін білмейді. Ыстық күнде шөл қысып, әбден бейнет көрген қарияға келіні «Жолдан шаршап келдіңіз ғой, үйге кіріп шәй ішіңіз» деп ишара-ізет білдірмейді. Көңіліне кірбің ұялаған пайғамбар одан тұрмыс жағдайларының қандай екендігін сұрайды. Келіншек «жоқтан» өзгені аузына алмайды. Сырт көзге сыр білдірмей, үнсіз тыңдаған қария аттанарында: «Күйеуі­ңе айт, үйдің босағасын ауыстырсын, сонда ғана тұрмысы түзеледі», - деп кете барады. Сөз астарын түсінбеген әйел күйеуіне көрген-біл­ген жайдың бірін қалдырмай баяндап береді. Ыс­майыл келіп кеткен өз әкесі екенін, оның келініне көңілі толмай, ренжіп қайтқанын іштей түсінеді. Үйдің босағасын ауыстыр дегені әйеліңді ауыстыр дегені екенін ә, дегеннен ұға қояды. Арада жылға жуық уақыт өтеді. Ибраһим пайғамбар ұлын тағы да іздеп келеді. Баласы тағы да үйінде болмай шығады. Бұл жолы әлгі ақсақалды бейтаныс келіншек күтіп алады. Көрегенділік танытып, өз әкесіндей құрмет көрсетіп, сыйлайды. Жол соғып, қалжырап келген қарияны төріне шығарып, дәм-тұзын ортаға салады. Тұрмыс-тіршілігі жайлы қойылған сұрағына көп ойланбастан: «Құдайға шүкір, Алланың бұйыртқаны болып жатыр»,- деп жауап береді. Күйеуінің қандай адам екенін сұрағанда, оның иманды, еңбекқор, адал азамат екенін айтып, ризалығын білдіреді. Мынадай жауапқа жаны жадыраған Ибраһим пайғамбар ат­та­нарын­да: «Күйеуіңе сәлем айт, үйдің босағасын берік ұстасын»,- деп жүріп кетеді. Діни әдебиеттерде жиі айтылатын бұл аңыз-әңгіменің ғасырлар өтсе де, мәні мен маңыздылығы жойылған емес. Жақсы жар таңдау мәселесі бүгінгі қазақ қоғамында да өзекті мәселеге айналған. Статистикада жыл сайын отбасын құрған қазақ жас­тары­ның 15-16 пайызы ажырасып кететіні айтылады. Бұл әлемдік көрсеткіш бойынша тым көп саналады. Әдеп, иба, тыйым деген ұлттық тәрбиеге тән ұғымдарды алыс-жақын ше­тел­дің азғындатқыш фильмдерінің арсыз тәрбиесі алмас­ты­рып, отбасылық жауапкершілік деген ұғым ойыншыққа айналды. Отау құрғандардың АҚШ-та – 43, Ұлыбританияда – 42, Ресейде – 41 пайызы ажырасып кететінін, ал ең «ажырасқыш» қа­ла­лар қатарына Нью-Йорк (51%) пен Мәскеу (49%) жататы­нын ескерсек, біздің кімдерге қарап көш түзеп отыр­ғаны­мызды бірден ұғасыз. Мамандар бұл жеңіл жүріс пен жар таңдаудағы нем­құрайлылықтың нәтижесі дегенді айтып отыр. Бүгінгі ата-ана жанбағыс, байлық қуумен әлек. Махаббат - жүйкені жаулап алатын ауру екенін, ал осы «кесел» меңдеп, есі кетіп тұрған сәтте үйленгендердің 40 пайызы алғашқы үш-төрт ай ішінде, 30 пайызы бір жылдан соң ажырасып, үш жылға таяғанда, солардың 30 пайызға жетер-жетпесі ғана отбасын сақтап қалатынын айтады. Психологтардың пікіріне сенсек, ең кемі екі-үш жыл бір-бірін жете танып барып, ақ некесін қиғызған отау иелерінің 80 пайызы шаңырағын шайқалтпай ұстап қала алады. Раушан ТӘУІРХАНҚЫЗЫ, журналист.