«Паш» парсы тілінен ауысқан кірме сөз екендігін тіл мамандары жақсы біледі. Кеңес билігіне дейінгі қазақ қаламгерлері бұл сөзді «әшкере, әшкерелеу» мағынасында қолданып келген болатын. Мысал ретінде алар болсақ, Жаяу Мұса атанып кеткен жігерлі ақынның Шорманның Мұстапасы зорлықпен жалғыз атын тартып алып, итжеккенге айдатып жіберген зорлығы мен қорлығына ызаланып, елге оралғанда Шорманның Мұстапасына арнаған өлеңінде:
«Қылығын Мұстапаның паш етемін» дегендегі сөздің мағынасы әшкерелеймін деген парсы сөзінің мағынасын дәл беріп тұр. Ал бұл паш сөзін енді келіп, мағынасын мүлде алмастырып «мадақтау, ұлықтау» деген сөзге неге айналдырып жібердік? Осы тәрізді «абыз» сөзінің тарихи термин екендігіне мән бермей ол сөзді де сан құбылтып, былықтырып жатқан жағдайымыз бар. «Абыз» сөзі жұртшылықты өнерімен тәнті етіп мойындатқан идеологтарға ғана айтылатын термин сөз. Бұл сөз әйелдерге байланысты ешқашанда айтылмайды. Бұл талапқа қарап жатқан біз жоқ. Кейбір ақын әйелдерді де абыз ақын деп айтып жатамыз.
Мақсат – ата-бабадан қалған асыл сөздердің мағынасын бұзбай, сөз табиғатын өз қалпында қолданып дамытуда жатыр. Өйткені әлемдегі ең бай қордалы тіл – қазақ тілі. Өйткені біздің тілдің сөздік қорында 2 400 000 сөз болса, бір жарым миллиард қытай халқының сөздік қоры 400 мыңдай-ақ, ағылшын, орыстардың сөздік қоры бұдан да төмендей береді.
Мекемтас Мырзахметұлы,
профессор