Жергілікті мердігер фирма тұрғын үй құрылысын көпке созған жоқ. Қара суыққа қалдырмай, айналасы үш-төрт айдың ішінде салып бітірді. Аудан әкімдігінің шешімімен, жаңа үйдегі пәтерлер бірінші кезекте «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасы бойынша ауданға келген жас мамандарға берілді. Олар аудандық ауруханаға биылғы жылы келген Семей медициналық академиясының түлегі, акушер-гинеколог Мәдина Айтқұлова, хирург Сағади мен оның жұбайы акушер-гинеколог Еркежан Әкімбековтердің отбасы, хирург Айдос Нұрбеков пен онколог-дәрігер Ұлжан Төлебаеваның отбасы. Баян-Өлгей аймағында дүниеге келген Лиза Мұрат Кентаудағы университеттің медицина факультетін бітіріп, қазір терапевт дәрігер болып қызмет етуде. Дәрігерлермен бірге Аққулыдағы «Өнер» мектебіне қызметке келген Мәншүк Қадысоваға, аудандық балалар үйінің тәрбиеленушісі Юрий Сургутановқа да бір бөлмелі пәтер берілді. Жаңа пәтерлер орталық жылу жүйесіне қосылған. Жастар үшін барлық жағдай жасалыпты.
Сонымен бірге «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасы аясында өткен жылы ауруханаға қызмет етуге келген жас маман дәрігерлер Қуат Аулабаев, Ақбота Медешова, Денис Виногоров, Айдос Нұрбеков, Жандос Нұрбеков, Бақытжан Карапчин аудан әкімінің дипломы мен 500 мың теңгелік сертификаттарға ие болды. Ішкі саясат бөлімінің хабарынша, жас мамандарға берілген 3 миллион теңге жергілікті әкімдік тарапынан бөлінген.
Жалпы, өңірде биылғы жылы «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасы аясында 151 жас маман ауылдарға барады деп жоспарланған-ды. Мамандарға әлеуметтік қолдау көрсету шараларын іске асыру бойынша бюджеттен 513,9 миллион теңге бөлу де қарастырылды.
Фарида БЫҚАЙ,
«Егемен Қазақстан»
Павлодар облысы,
Лебяжі ауданы
Суретті түсірген Арай БОТАБАЕВА