Қазақстан • 16 Қараша, 2017

Құқықтық мемлекетті қалыптастыруға үлес қосқан журналистер марапатталды

614 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бүгін «Егемен Қазақстан» республикалық газетінің ғимаратында Ұлттық интернет ассоциациясы ұйымдастырған «БАҚ қоғамдағы құқық бұзушылыққа «мүлдем төзбеушілікті» қалыптастыру құралы ретінде» атты конкурстың қорытындысы бойынша құттықтау рәсімі өтті. 

Құқықтық мемлекетті қалыптастыруға үлес қосқан журналистер марапатталды

Ғаламтор тілін қазақшалауды, билік пен бұқараның арасын интернет арқылы жақындастыруды көздейтін Ұлттық интернет ассоциациясы биыл 21 шілдеден бастап «БАҚ қоғамдағы құқық бұзушылыққа «мүлдем төзбеушілікті» қалыптастыру құралы ретінде» атты жобаны жүзеге асыра бастаған болатын. Осы жоба аясында аталған ұйым 21 қыркүйек пен 13 қараша аралығында құқықтық сауаттылыққа байланысты өзекті мәселелерді сайтта және әлеуметтік желілерде жариялаған журналистер мен блогерлер арасында конкурс жариялады.

«Ұлттық интернет ассоциациясы» заңды тұлғалар бірлестігінің президенті Серікқазы Кәкібалановтың айтуынша халық құқығының бұзылуына жол бермей, олардың заңдық сауатын арттыруға және қоғамда қылмыстың азаюына үлес қосу мақсатында үш номинация бойынша  ұйымдастырылған байқауға 100-ден аса материал келіп түсіпті.

«Үздік мақала» номинациясы бойынша 1-орынды Айбек Қабдешов жеңіп алса, 2-орынды Ақбота Ахмет иемденді. Ермек Исабаев осы аталымның 3-орын иегері атанды. «Үздік видеоматериал» номинациясының 1-орны Александра Миличкинаға берілсе, 2-орынды Жұлдыз Жасұзақ алды. 3-орын Азамат Ерғалиевқа бұйырды. Ал «Әлеуметтік желідегі үздік жазба» номинациясында 1-орын Серік Ерғалиға, 2-орын Жанар Нұрышеваға, 3-орын Сәтжан Кәріпбаевқа берілді.

Жеңімпаздарға Ұлттық интернет ассоциациясы дипломдармен қоса смартфондар табыс етсе, «Егемен Қазақстан» республикалық газеті Әбіш Кекілбаевтың «Дәуір дауысы» кітабы мен Шерхан Мұртазаның «Намыс найзағай» кітаптарын сыйлады.  

Марапаттау кезінде сөз алған Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы директорының орынбасары Гүлнәр Оралова жеңімпаз журналистер мен блогерлердің еңбегін жоғары бағалап, олардың құқықтық мемлекет құруға үлес қосып жатқанын айтты. Сондай-ақ сыйлық табыстауға қатысқан Ақытбек Шеризатұлы Қытайдағы интернет қауіпсіздігіне тоқталып, ондағы әлеуметтік желілер мен кез келген сайттарға тек қана шынайы атпен және құжат нөмірі арқылы ғана тіркеле алатынын жеткізді.  

Ұлттық интернет ассоциациясы жүргізіп отырған бұл жобаны ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрлігіне қарасты Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы грант арқылы қаржыландырды. 

Майгүл СҰЛТАН,

«Егемен Қазақстан»